|
|
|
Қазақстан Республикасының Бухгалтерлiк есеп жөнiндегi Ұлттық комиссиясының 1996 жылғы 13 қарашадағы N 3 қаулысымен бекiтiлдi Осы редакция ҚР Қаржы министрлігінің 2003 жылғы 28 қаңтардағы N 27 бұйрығымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Бухгалтерлiк есепке алудың 8 стандарты Қаржы инвестицияларын есепке алу Мақсаты мен қолданылу өрiсi 1. Осы стандарттың мақсаты қаржы инвестицияларын есепке алу және субъектiлердiң қаржы есептемелерiндегi инвестициялар туралы ақпаратты ашып көрсету тәртiбiн айқындау болып табылады. 2. Қаржы инвестицияларын есепке алу тәртiбi мына мәселелердi қамтиды: 1) қаржы инвестицияларын санаттарға сыныптау (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi); 2) қаржы инвестицияларының құнын анықтау және қаржы есептерiнде көрсету; 3) инвестицияларды санаттан санатқа аудару; 4) қаржы инвестициялары құнының сөзсiз төмендеуi. 3. Бұл стандарт мыналарды қарастырмайды: 1) инвестициялардан алынған проценттер, роялти, дивидендтер және жалақысы түрiндегi табыстарды тану негiздерi; 2) еншiлес заңды тұлғаларға салынған инвестициялар; 3) гудвилл, патенттер, сауда таңбалары және басқа да осындай активтер; 4) ұзақ мерзiмдi жалға беру; 5) зейнетақымен қамтамасыз ету бағдарламаларына және қызметкерлердiң өмiрiн сақтандыру жөнiндегi субъектiлерге салынған инвестициялар. Айқындамалар 4. Қаржы инвестициялары табыс табу (мәселен, проценттер, роялти, дивидендтер және жал ақысы), инвестицияланған капиталды арттыру немесе өзге де (мәселен, коммерциялық қатынастардың нәтижесiнде) пайда табу мақсатында субъект ие болып отырған актив. Қаржы инвестицияларына сондай-ақ пайдаланылмай тұрған жылжымайтын мүлiкке салынған инвестиция да жатады. 5. Өткiзу құны - актив айырбасталатын немесе мәмiледен хабардар және оны жасауға дайын тәуелсiз тараптар арасындағы мiндеттемеге төленетiн құн. 6. Ағымдағы құн - активтердiң белгiлi бiр уақытқа арналған, қолданылып жүрген нарықтық баға бойынша құны. Жiктеу 7. Қаржы инвестициялары иелену мерзiмiне қарай мынадай санаттарға жiктеледi: 1) қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары - иелену мерзiмi бiр жылға дейiн; 2) ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары - иелену мерзiмi бiр жылдан артық. Жылжымайтын мүлiкке салынған инвестицияларға ие субъектiлер бұл инвестицияларды ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары ретiнде есепке алады. Бағалау 8. Қаржы инвестицияларын сатып алу кезiнде олар сатып алу құны бойынша бағаланады, оның iшiне делдалдық сыйақы және банк қызметтерi үшiн сыйақылар сатып алуға тiкелей байланысты шығындар кiредi. 9. Қаржы инвестицияларын оны сатып алған сәтке дейiнгi кезең үшiн есептелген проценттер, дивидендтер қосылған құны бойынша сатып алуды есепке алғанда ол сатып алушының сатушыға төлеген процентiнiң мөлшерiне азайтылған сатып алу құны бойынша көрсетiледi. 10. Инвестицияның сатып алу құны мен оны бағалы қағаздармен өтеу (сатып алу кезiнде туындайтын жеңiлдiк немесе сыйақы) арасындағы айырманы инвестор оны иелену мерзiмi iшiнде өтейдi. 11. Қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары бухгалтерлiк баланста: 1) ағымдағы құны бойынша; 2) сатып алу құны мен ағымдағы құнның ең төмен бағалануы бойынша есепке алынады. Егер қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары сатып алу құны мен ағымдағы құнның ең төмен бағалануы бойынша есепке алынса, баланстық құн не бiрiккен қоржын негiзiнде тұтастай, немесе инвестиция түрлерi бойынша, не жеке инвестиция негiзiнде айқындалады. 12. Қысқа мерзiмдi қаржы инвестицияларының ағымдағы құнының өзгеруiнен болған табыс немесе залал олар туындаған есептi кезеңде танылады. 13. Ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары бухгалтерлiк баланста: 1) сатып алу құны бойынша; 2) қайта бағалау есепке алынған құны бойынша; 3) қоржын негiзiнде айқындалатын сатып алу құны мен ағымдағы құнның ең төмен бағалануы бойынша есепке алынады. 14. Ұзақ мерзiмдi қаржы инвестицияларын қайта бағалау үшiн: 1) қайта бағалаудың қайталану жиiлiгiн айқындау; 2) бiр тектi ұзақ мерзiмдi инвестицияларды бiр мезгiлде қайта бағалау қажет. 15. Ұзақ мерзiмдi қаржы инвестицияларын қосымша бағалау сомасы меншiктi капиталды ұлғайтады. Инвестиция құны төмендеген кезде кемiту сол инвестицияны қосымша бағалау сомасының есебiнен жүргiзiледi. Бiр инвестицияның қосымша бағалау сомасы жоқ болған (жетiспеген) жағдайда оның құнының төмендеуi залалға жатады. Құны бұрын кемiтiлген инвестицияны қосымша бағалау сомасы нақ сол инвестициядан болған залалды өтегеннен кейiн меншiктi капиталды ұлғайтуға жатқызылады. 16. Ұзақ мерзiмдi қаржы инвестицияларының құны сөзсiз төмендеген жағдайда бұл инвестициялардың баланстық құны қайта қаралуы керек. Құнның бұлайша төмендеуi әрбiр инвестиция үшiн бөлек айқындалып, есепке алынады. Бұл ретте инвестицияланған субъектiдегi инвестор тәуекелiнiң түрлерi және үлесiнiң көлемi ескерiледi. Қаржы инвестицияларының шығып қалуы және басқа санатқа аударылуы 17. Қаржы инвестициялары шығып қалған кезде сатудан алынған табыс пен баланстық құнның арасындағы шығындар (делдалдың немесе дилердiң қызметi) алып тасталған айырма табыс немесе шығын ретiнде танылады. Егер инвестиция бұрын қайта бағаланған немесе ағымдағы баға бойынша бағаланған болса, онда қайта бағалау сомасы қабылданған есеп саясатына сәйкес табысқа немесе бөлiнбеген табысқа жатады. 18. Ұзақ мерзiмдi қаржы инвестицияларын қысқа мерзiмдi инвестициялар санатына ауыстыру: 1) егер қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары сатып алу құны мен ағымдағы құнның ең төмен бағалануы бойынша есептелетiн болса, сатып алу құны мен баланстық құнның ең төмен бағалануы бойынша жүзеге асырылады. Егер инвестициялар бұрын қайта бағаланған болса, ауыстыру кезiнде оларды қайта бағалаудан түскен сома есептен шығарылу керек. 2) егер қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары ағымдағы баға бойынша есептелетiн болса, онда баланстық құны бойынша жүзеге асырылады. Осы инвестициялар бойынша бұдан бұрын жасалған қайта бағалаудың сомасы табыс ретiнде танылады. 19. Қысқа мерзiмдi қаржы инвестицияларын ұзақ мерзiмдi инвестициялар санатына аудару: 1) сатып алу құны мен ағымдағы құнның ең төмен бағалануы; 2) егер олар осы құны бойынша бұрын көрсетiлген болса, ағымдағы баға бойынша жүзеге асырылады. Қаржы инвестицияларымен жасалатын операциялардың нәтижелерiн қалыптастыру 20. Табысқа мыналар кiредi: 1) инвестициялардан алынған табыстың мынадай түрлерi: ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары бойынша проценттер, роялти, дивидендтер және жал ақылары; қысқа мерзiмдi қаржы инвестицияларының шығып қалуынан болған қаржы нәтижелерi; ағымдағы құны бойынша есептелетiн қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары бойынша өткiзiлмеген табыс пен залал; ағымдағы құнға дейiн төмендеу және қысқа мерзiмдi қаржы инвестицияларын сатып алу құны мен ағымдағы құнның ең төмен бағалануы бойынша көрсетуге қажеттi құнның керi өзгерiсi; 2) 15-параға сәйкес ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары құнының төмендеуi; 3) ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары құнының сөзсiз төмендеуi; 4) 17-параға сәйкес ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары шығып қалған кезде туындайтын қаржы нәтижелерi. Ашылым 21. Қаржы есептемелерiнде мыналарды ашып көрсету керек: 1) мыналарды айқындаудағы есеп саясатын: қаржы инвестицияларының баланстық құнын; қайта бағаланған ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары шығып қалғаннан кейiнгi қайта бағалаудан түскен табысты; 2) мыналар бойынша табысқа енгiзiлген елеулi сомаларды: ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi қаржы инвестициялары бойынша проценттер, роялти, дивидендтер және жалақылары; қысқа мерзiмдi қаржы инвестицияларының шығып қалуынан болған табыс пен залал және осындай инвестициялар құнының төмендеуi; 3) егер олар ағымдағы құны бойынша есепке алынбаған болса, жылжымайтын мүлiкке салынған инвестицияның ағымдағы құнын; 4) мыналарға: инвестицияларды өткiзуге; табыс салуға; оларды сатудан табыс алуға елеулi шектеулердi; 5) есептi кезең iшiнде қайта бағалаудан алынған соманың қозғалысын және мұндай қозғалыстың сипатын; 6) қайта бағалау есепке алынған құны бойынша есепке алынатын ұзақ мерзiмдi қаржы инвестициялары бойынша: қайта бағалаудың қайталану жиiлiгiн; соңғы қайта бағалаудың мерзiмiн; қайта бағалаудың негiздемесiн ашып көрсету керек. Күшiне ену мерзiмi 22. Осы бухгалтерлiк есепке алу стандарты 1997 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |