|
|
|
Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы Қазақстан Республикасының 1999 ж. 13 шілдедегі N 414-I Заңы (ҚР 2002 ж. 31 мамырдағы N 326-II Заңымен енгізілген өзгерістерiмен) Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы заң 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда осы Заңда белгіленген стажы бар азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған. 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) мемлекеттік арнайы жәрдемақы (бұдан әрі - жәрдемақы) - 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда осы Заңда белгіленген жұмыс стажы бар адамдарға ақшалай берілетін төлем; 2) орталық атқарушы орган - халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ететін және жәрдемақы тағайындауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. 2-бап. Жәрдемақы төлеуге арналған қаражат Осы Заңға сәйкес жәрдемақы төлеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2-тарау. Жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртібі 3-бап. Азаматтардың жәрдемақыға құқығы 1. Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңда көзделген тәртіппен жәрдемақы алуға құқығы бар. 2. Жәрдемақы ай сайын төленеді. 3. Жәрдемақы алатын жалақысына қарамастан төленеді. 4-бап. Жәрдемақы құқығы бар азаматтар Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін N 1 Тізіміне орай 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда жұмыс стажы бар азаматтар: еркектер - 53 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыстарда істегенде; әйелдер - 48 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 15 жыл болып, оның кемінде 7 жыл 6 айын аталған жұмыстарда істегенде, жәрдемақы тағайындалуға құқығы бар. Жәрдемақыға құқық 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтарға қолданылмайды. 5-бап. Жәрдемақы тағайындауға өтініш жасау 1. Жәрдемақы тағайындауға өтініш жасау жәрдемақыға құқығы пайда болғаннан кейін кез келген уақытта қандай болса да мерзімі шектелмей жүзеге асырылады. Бұл орайда жәрдемақы тағайындауға өтініш жасалған уақытқа дейін жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғастырылып жатқанына қарамастан жәрдемақы тағайындалады. 2. Жәрдемақы тағайындау туралы арызды оны алуға құқығы бар адам жәрдемақы тағайындау жөніндегі органға береді. 3. Жәрдемақы тағайындауға арналған құжаттарды табыс етілген күннен бастап он күн мерзімде жүзеге асырады, ол құжаттың тізбесін орталық атқарушы орган белгілейді. 4. Орталық атқарушы орган тиісті шешім шығарылғаннан кейін арыз берушіге ол туралы бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде хабарлайды. 5. Жәрдемақы, барлық қажетті құжаттар қоса тіркеліп, арыз берілген күннен бастап тағайындалады. 6-бап. Жәрдемақы мөлшері 1. Жәрдемақы сегіз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады. 2. Жәрдемақы алушыға зейнеткерлік жасқа жеткен кезде осы заңға сәйкес жәрдемақы алу немесе зейнетақы заңдарына сәйкес Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан зейнетақы төлеуді тағайындау арасында таңдау жасауға құқық беріледі. ҚР 31.05.02 ж. N 326 Заңымен 7-бап өзгертілді 7-бап. Жәрдемақы төлеу Жәрдемақы төлеуді Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық өткен ай үшін жүргізеді. Мемлекеттік арнайы жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне не жерлеуді жүзеге асырған адамға он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы төленеді. 3-тарау. Қорытынды ереже 8-бап. Осы заңды күшіне енгізу тәртібі Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі. Қазақстан Республикасының
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |