|
|
|
Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы N 331 қаулысы (ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328; 02.09.02 ж. N 361 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 ж. 27 қазандағы N 370 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының айналысын реттейтiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етеді: 1. Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесi бекiтiлсiн және осы аталған Ереже күшiне енгiзiлген күннен бастап үш айлық мерзiм өткен соң күшiне енгiзiлетiн 35-тармақтан басқасы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап екi апталық мерзiм өткеннен кейiн күшiне енгiзiлсiн. 2. Төлем жүйесi басқармасы (Мұсаев Р.Н.): 1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны және Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қарастырсын; 2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап екi апталық мерзiмде осы қаулыны және Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының мүдделi бөлiмшелерiне және аумақтық филиалдарына жiберсiн. 3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң аумақтық филиалдары осы қаулыны және Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесiн екiншi деңгейдегi банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға жiберсiн. 4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Е.Т. Жанкелдинге жүктелсiн. Ұлттық Банк
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы N 331 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесi 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару талаптарын белгілейді және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасау кезінде төлем құжаттарын ресімдеу мен пайдалану тәртiбiн белгiлейдi. 2. Осы Ереже тек аталмыш заңды тұлғаның қызметкерлерiне қызмет көрсетуге арналған заңды тұлғаның төлем карточкалары жүйесiне қолданылмайды. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328 қаулысымен 3-тармақ толықтырылды 3. Осы Ережеде "Ақша төлемi мен аударымы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында көзделген негiзгi ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар қолданылады: 1) авторизация - эмитенттiң төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасауға рұқсат беруi. Авторизацияны алу рәсiмi төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiне және/немесе төлем карточкалары жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес белгiленедi; 2) төлем карточкасын доғару - төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасауға толық немесе уақытша тыйым салу; 3) төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерi - осы ережеге сәйкес төлем карточкалары шығарылады және оларды пайдалану арқылы төлем карточкалары жүйесiнде төлем жасалады; 4) төлем карточкаларын шығару - ұстаушыларға төлем карточкасын беру туралы шарт негiзiнде төлем карточкаларын берудi көздейтiн банктiк операция; 5) дебеттiк карточка - ұстаушыға клиенттiң карт-есепшотындағы ақша сомасы шегiнде төлем жасауға мүмкiндiк беретiн төлем карточкасы. Сондай-ақ дебеттік карточка ұстаушыға эмитент берген заем сомасы шегінде төлем жасауға мүмкіндік береді; 6) төлем карточкасын ұстаушы - төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес төлем карточкасын пайдалануға құқығы бар жеке тұлға; 7) төлем карточкасын беру туралы шарт - эмитент пен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалатын шарт, оның негізінде төлем карточкасы беріледі; 8) карт-есепшот - төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлем көрсетілетін ағымдағы есепшот; 9) клиент - эмитентпен төлем карточкасын беру туралы шарт жасаушы және карт-есепшоттың иесi болып табылатын жеке немесе заңды тұлға; 10) корпоративтi төлем карточкасы - ұстаушыға эмитент пен заңды тұлға-карт-есепшот иесiнiң арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарт негiзiнде берiлетiн төлем карточкасы. Корпоративтi төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау заңды тұлғаның карт-есепшотындағы ақша сомасы және/немесе аталмыш заңды тұлғаға берiлген заем сомасы шегiнде жүзеге асырылады. Корпоративтi төлем карточкасын ұстаушы заңды тұлғаның-карт-есепшот иесiнiң уәкiлеттi өкiлi болып табылады; 11) кредиттiк карточка - ұстаушыға эмитент пен клиент арасында жасалған банктiк заем шартының талаптарына сәйкес эмитент берген заем сомасы шегiнде төлем жасауға мүмкiндiк беретiн төлем карточкасы; 12) дербес бiрегейлендiру нөмiрi - төлем карточкасын ұстаушыға берiлетiн және төлем карточкасын ұстаушыны бiрегейлендiру үшiн берiлетiн құпия код; 13) төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткiзу құралы, онда карточканы ұстаушыға төлем жасауға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитентi белгiлеген әрi соның шарттары бойынша басқа операцияларды жүргiзуге мүмкiндiк беретiн ақпарат болады. Төлем карточкасы дебеттiк карточка және кредиттiк карточка болып екiге бөлiнедi; 14) кәсiпкер - заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлға немесе өзi жеткiзетiн тауарларына және/немесе қызметіне төлемді ақша аудару арқылы жасау үшін төлем карточкаларын қабылдайтын заңды тұлға; 15) процесс жүргізуші ұйым - төлем карточкалары жүйесіне төлемді төлем карточкаларын пайдалана отырып жасау кезінде құралатын ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ төлем карточкалары жүйесіне қатысушылармен жасалған шарттарда көзделген өзге де міндеттерді орындайтын қатысушы. Процесс жүргізуші ұйымның қызметін эмитент және эквайер атқара алады; 16) төлем карточкасының деректемелерi - төлем карточкасының ұстаушыға, эмитентке және төлем карточкаларының жүйесiне тиесiлiгiн айқындауға мүмкiндiк беретiн төлем карточкасындағы және/немесе онда сақталатын ақпарат; 17) төлем карточкаларының жүйесi - төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдi аталмыш төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiне сәйкес жасауды қамтамасыз ететiн бағдарламалық-техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдастыру-техникалық iс-шаралардың жиынтығы; Микропроцессорлық карточкалар негiзiнде Төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесiн дамыту бағдарламасын бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 2 шілдедегі N 713 қаулысын қараңыз 18) слип - кәсiпкердiң немесе эквайердiң төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау кезiнде қағазға шығарылған төлем құжаты; 19) сауда чегi - төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау фактiсiн растайтын құжат; 20) төлем карточкалары жүйесiне қатысушы - төлем, карточкалары белгiлi жүйесiнiң төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған шарттарға сәйкес ақы төлеу кезiнде жасалған төлем құжатын беру, өңдеу және/немесе орындау бойынша мiндеттемелер пайда болатын жеке немесе заңды тұлға; 21) эквайер - төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған кезде кәсiпкермен жасалған шарт талаптарына және/немесе кәсiпкер жасаған төлем құжаты талаптарына сәйкес кәсiпкердiң пайдасына келiп түскен ақшаны қабылдауға және/немесе кәсiпкермен жасалған шартта көзделген өзге де iс-әрекеттердi орындауға тиiстi банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын банк немесе ұйым (бұдан әрi - банк). Сондай-ақ төлем карточкасы бойынша қолма-қол ақша беретiн банкте эквайер болып табылады; 22) эмитент - төлем карточкаларын шығаратын банк. 22-1) банкомат - төлем карточкаларын ұстаушыларға қолма-қол ақшаны алуға және төлем карточкаларын пайдалана отырып банктiң басқа да қызметiн пайдалануға мүмкiндiк беретiн электронды-механикалық құрылғы. 2-тарау. Төлем карточкаларын шығару 4. Банктің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрi - Ұлттық Банк) берген төлем карточкаларын шығаруға лицензиясы (бұдан әрі лицензия) болған жағдайда ғана төлем карточкаларын шығаруға құқығы бар. 5. Лицензия беру, тоқтата тұру немесе күшiн жою тәртiбi Ұлттық Банктiң жекелеген нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi. 6. Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын тек қана Қазақстан Республикасының резиденттерi шығарады. 7. Төлем карточкасын беру туралы шартта мынадай мiндеттi талаптар болуы тиiс: 1) төлем карточкасын беру талаптары; 2) төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау талаптары; 3) қосымша карточкалар берiлетiн тұлғалардың тiзiмi немесе тұлғалардың тiзiмiне сiлтеме жасау (төлем карточкасын беру туралы шарт негiзiнде әр түрлi ұстаушыларға бiрнеше төлем карточкаларын берген жағдайда); 4) төлем карточкасын алып қою және доғару талаптары; 5) төлем карточкасының және/немесе төлем карточкасын беру туралы шарттың қолданылу мерзiмi; 6) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi; 7) тараптардың жауапкершiлiгi. Төлем карточкасын беру туралы шартта тараптар келiсiлген өзге де талаптар көзделуi мүмкiн. 8. Төлем карточкасын берген кезде эмитент төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалану ережелерiмен таныстыруға мiндеттi. 9. Жеке тұлға төлем карточкасын алған күннен бастап төлем карточкасының ұстаушысы болып табылады. Ұстаушының төлем карточкасын алуын оны алғанын куәландыратын құжаттағы төлем карточкасын ұстаушының қолы немесе ұстаушының төлем карточкасын алу фактiсiн растайтын өзге де айғақтама растайды. 10. Төлем карточкасын беру туралы эмитент пен клиент арасында жасалған шарт негiзiнде жеке тұлғаларға бiрнеше қосымша төлем карточкаларын беруге рұқсат етiледі. 11. Әр түрлі жеке тұлғаларға қосымша төлем карточкаларын берген кезде қосымша төлем карточкасын ұстаушы мен клиент арасындағы өзара қарым-қатынастар егер өзгедей төлем карточкасын беру туралы шартта белгіленбесе, аталмыш клиенттің талаптарына сәйкес белгіленеді. 12. Эмитент айналыстағы төлем карточкаларының деректемелері бар өзі берген төлем карточкалардың тізілімін жүргізуі тиіс. Берілген карточкалардың тізілімінде қосымша ақпараттың болуын және аталмыш тізілімді жүргізу нысанын эмитент өзінше белгілейді. 3-тарау. Карт-есепшот 13. Карт-есепшоттарды ашу, жүргiзу және жабу Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. 14. Карт-есепшоттар теңгемен, сол сияқты шетел валютасымен де ашылуы және жүргiзiлуi мүмкiн. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын барлық төлемдер (карт-есепшоттағы клиенттiң ақша сомасы шегiнде, сол сияқты эмитент берген заем сомасы шегiнде де) карт-есепшоттарда көрiнедi. 15. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасау үшiн заем эмитент пен клиент арасында жасалған банктiк заем шартының негiзiнде берiледi. 16. Төлем карточкасын берген және карт-есепшотты ашқан кезде төлем карточкасын беру туралы шарттың, банктiк есепшот шартының және/немесе банктiк заем шартының бөлiктерi бар аралас шартты жасауға жол берiледi. 17. Төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау үшiн заем беру Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. 18. Заем берудiң тәртiбi мен мерзiмi эмитент пен клиент арасында жасалған банктiк заем шартымен белгiленедi. 19. Эмитент пен клиент арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарттың негiзiнде берiлген бiр немесе әр түрлi төлем карточкалары жүйелерiнiң бiрнеше төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған төлемдердiң бiр карт-есепшотта көрiнуiне жол берiледi. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328 қаулысымен 20-тармақ жаңа редакцияда 20. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасы резидентiнiң карт-есепшотқа/карт-есепшоттан (бұдан әрi - заңды тұлғаның карт-есепшоты) шетел валютасындағы ақшаны есептеуге/алуға тек қана Қазақстан Республикасынан тыс iссапар және өкiлдiк шығыстарды жүзеге асыру және резидент еместерге жалақы төлеу мақсатында рұқсат етiледi. Сонымен бiрге заңды тұлғаның карт-есепшотына шетел валютасындағы ақшаны есептеуге оның корпоративтi төлем карточкасын пайдалану кезiнде туындаған берешегiн өтеу мақсатында рұқсат етiледi. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328 қаулысымен 21-тармақ өзгертілді 21. Заңды тұлғаның карт-есепшотына шетел валютасындағы ақша аталмыш заңды тұлғаның уәкілетті банкте ашылған валюта есепшотынан ғана аударылады. Заңды тұлға - Қазақстан Республикасының резиденті өзінің карт-есепшотына ақша аудару үшін ақша жіберуші банкке корпоративтi төлем карточкасын ұстаушыны Қазақстан Республикасынан тыс iссапарға жiберу туралы бұйрықты және өзге де растайтын құжаттарды немесе резидент еместерге жалақының төленгенiн растайтын құжаттарды, немесе корпоративтi төлем карточкасын пайдалану кезiнде туындаған берешектiң болуын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті. 22. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасы резидентінің өзінің карт-есепшотын толықтыру үшін шетел валютасын сатып алуына осы Ереженің 20-тармағында белгіленген мақсаттарға ғана рұқсат етіледі. 4-тарау. Төлем құжаттарын жасау 23. Төлем құжаты сатылған тауарлар немесе көрсетiлген қызмет үшiн ақша төлеу туралы кәсiпкердiң эквайерге берген нұсқауы болып табылады. Қолма-қол ақшаны алған кезде төлем құжаты ұстаушыға төлем карточкасы бойынша берiлген қолма-қол ақша сомасын өтеу туралы эквайердiң эмитентке немесе делдал банкке берген нұсқауын бiлдiредi. 24. Төлем құжаты төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасында электронды түрде, сол сияқты қағазға да шығарылып жасалуы және берiлуi мүмкiн. Қағазға шығарылатын төлем құжатының негiзiнде жасалған электронды төлем құжатында қағазға шығарылған құжаттар үшiн мiндеттi болып саналатын деректемелердi есепке алмағанда, қағазға шығарылған төлем құжатында көрсетiлген барлық деректемелер болуы тиiс. 25. Төлем құжаттарын электронды түрде жасауға және ұсынуға төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiмен және/немесе төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасында жасалған шарттармен белгiленген санкцияланбаған төлемдерден қорғау iс-әрекеттерi тәртiбiн сақтаған кезде ғана рұқсат берiледi. 26. Төлем құжаттары мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiнде жасалады. Төлем құжаттарын жасау кезiнде өзге тiлдердi пайдалану мүмкiндiгi төлем карточкаларының төлем жасалатын жүйесiнiң iшкi ережелерiмен белгiленедi. 27. Төлем құжатында мынадай деректемелер болуы тиіс: 1) төлем құжатының нөмірі, оны жазу күні, айы және жылы; 2) кәсіпкердің және/немесе эквайердің толық атауы (коды); 3) төлем карточкасының деректемелері; 4) төлем сомасы; 5) төлем валютасы; 6) төлем карточкасын ұстаушының қолы (қағазда шығарылған төлем құжаттары үшін); 7) кәсіпкердің немесе эквайердің уәкілетті тұлғасының қолы (қағазда шығарылған төлем құжаттары үшін); 8) төлем белгілеу коды. 28. Төлем құжатында төлем карточкалары жүйесінiң iшкi ережелерi және/немесе төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасында жасалған шарттар белгiлеген қосымша деректемелер болуы мүмкiн. 29. Қағазда шығарылатын төлем құжаты кемiнде үш данада жасалады. Төлем құжатының бiр данасы кәсiпкерде қалады, екiншi данасы төлем карточкасын ұстаушыға берiледi, үшiншiсi эквайерге берiледi. Қолма-қол ақшаны берген кезде эквайерде төлем құжатының екi данасы қалады. 30. Слиптi үш данада жасаған кезде, оның екi данасы көшiрме қағаз арқылы жасалады, слиптiң бiрiншi данасына оның қалған екi данасында көрiнетiн қол қоюға рұқсат етiледi. Сонымен бiрге слиптiң барлық үш данасында жеке қол қою талап етiлмейдi. Эквайерге ақша аудару үшiн слиптiң бiрiншi данасы қойылған қолдардың түпнұсқасымен берiледi. 31. Егер ол төлем карточкасын ұстаушының тiкелей қатысуынсыз жасалған болса, кәсiпкердiң төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип жасауына жол берiледi. Төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип төлем карточкасын ұстаушының жеке басын анықтауға мүмкiндiк беретiн электронды құжаттың негiзiнде жасалады. 32. Төлем карточкасын ұстаушының қолы қойылмаған слип жасауға телекоммуникация желiлерi бойынша, телефонмен берiлген хабар негiзiнде немесе төлем карточкасы жүйесiнiң iшкi ережелерiне және/немесе мұндай слип жасау мүмкiндiгiн көздейтiн, кәсiпкер мен клиент арасында жасалған шартқа сәйкес жол берiледi. Мұндай жағдайда, егер жоғарыда аталған хабарды кiмнiң бергендiгiн нақты анықтау мүмкiн болмаса, мұндай жолмен жасалған төлем үшiн жауап беру кәсiпкердiң авторизация алған-алмағандығына қарамастан, кәсiпкерге жүктеледi. 33. Қағазға шығарылған төлем құжатына кез келген түзету енгізуге жол берілмейді. 5-тарау. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасау ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328 қаулысымен 34-тармақ жаңа редакцияда 34. Ұстаушы төлем карточкасын тауарды, қызметтi сатып алу, сондай-ақ қолма-қол ақша алу, валюта айырбастау және оның эмитентi белгiлеген Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн талаптарда басқа да операциялар кезiнде төлем жасау мақсатында қолданады. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасау тауар және қызметтi сатып алу кезiнде төлем карточкасын немесе оның деректемелерiн пайдалана отырып төлем құжатын жасау арқылы жүзеге асырылады. 35-тармақ Ереже күшiне енгiзiлген күннен бастап үш айлық мерзiм өткен соң күшiне енгiзiледі. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328 қаулысымен 35-тармақтың қолданылуы 2002 жылғы 1 қаңтарға дейiн тоқтатылды 35. Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын төлем тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жасалады. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328 қаулысымен ереже 35-1-тармақпен толықтырылды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 02.09.02 ж. N 361 қаулысымен 35-1-тармақ алынып тасталды 35-1. 36. Төлем құжатын орындау үшiн беру немесе көрсету тәртiбi төлем жасалған төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiнде және/немесе төлем карточкалары жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгiленедi. Алушы банк төлем құжатын алғаннан кейiн үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей орындайды. 37. Егер төлем бiр валютамен жасалып, ал карт-есепшот басқа валютада жүргiзiлетiн болса, карт-есепшоттан ақша алу төлем валютасын есепшот валютасына айырбастағаннан кейiн жүзеге асырылады. Төлем валютасын есепшот валютасына айырбастау төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiне және/немесе төлем карточкалары жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес жасалады. 38. Егер мұндай талап эмитент пен клиент арасында жасалған шартта айтылған болса, эмитент карт-есепшотта амортизация сомасына ақша доғаруға құқылы. Мұндай жағдайда шартта карт-есепшотта ақша доғару талаптары мен мерзiмi болуы тиiс. 39. Амортизация берiлгеннен кейiн эмитенттiң төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған жағдайда жазылған төлем құжатына ақы төлеу бойынша мiндеттеме пайда болады. 40. Клиент өзiнiң карт-есепшотында төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау кезiнде жазылған төлем құжатын орындау үшiн қажеттi ақша сомасының болуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Қажеттi ақша сомасының болуын қамтамасыз ету, егер олардың арасында жасалған шартта бұлар көзделген болса, эмитенттiң клиентке берген заемы есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн. 41. Төлем карточкасын ұстаушыны дербес бірегейлендіру нөмірінің көмегімен бірегейлендіргеннен кейін ол төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған жағдайда сатып алынған тауар, көрсетілген қызмет немесе қолма-қол ақша алғаны үшін жұмсалған ақшаның орнын толтыру бойынша міндеттеме пайда болады. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.09.01 ж. N 328 қаулысымен 42-тармақ өзгертілді 42. Төлем карточкасын пайдалана отырып шетел валютасын алу шетел валютасын өткізетін банктің бағамы бойынша алынатын шетел валютасы сомасына теңгемен төлем жасау арқылы жүргізіледі. 43. Эмитент оларға берiлген төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын төлем сомасына Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына қайшы келмейтiн шектеулер белгiлеуге құқылы. 44. Төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасағаннан кейiн сауда чегi немесе төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем жасаған жағдайда жасалған төлем құжатының (слиптiң) данасы берiлуi тиiс. 45. Сауда чегiнде мынадай мiндеттi деректемелер болуы тиiс: 1) құжат нөмiрi, оны жазған күнi, айы, жылы; 2) кәсiпкердiң немесе эквайердiң атауы (коды); 3) төлем сомасы; 4) төлем валютасы; 5) төлем карточкасының деректемелерi. Сауда чегiнде қосымша деректемелер болуы мүмкiн. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 02.09.02 ж. N 361 қаулысымен 46-тармақ өзгертілді 46. Төлем карточкаларын пайдалана отырып Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиялауына жататын валюта операциялары бойынша төлемдерді, сондай-ақ тиісті құжаттар (шарт, келісім-шарт, келісім және басқалар) негізінде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар алмастыру көзделген экспорт-импорт операциялары бойынша баламасы бес мың американдық доллардан асатын сомаға төлемдерді жүзеге асыруға жол берілмейді. Осы тармақта белгiленген талаптардың сақталуын бақылау уәкiлеттi банктерге жүктеледi. ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 02.09.02 ж. N 361 қаулысымен 47-тармақ өзгертілді 47. Клиент уәкiлеттi банктiң талап етуi бойынша оған төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған валюталық төлемдер бойынша растаушы құжаттарды ұсынуы тиiс. Растаушы құжаттарды ұсыну мерзiмiн уәкiлеттi банк белгiлейдi, бiрақ 30 күнтiзбелiк күннен аспауы тиiс. Уәкiлеттi банк төлем карточкаларын пайдалана отырып операцияларын жасау кезiнде Қазақстан Республикасының валюталық заңдарын бұзу фактiлерiн анықтаған жағдайда, уәкiлеттi банк мұндай заң бұзушылықты анықтаған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде тиiстi материалдарды қоса бере отырып мұндай заң бұзушылық туралы Ұлттық Банкке хабарлауға міндетті. 6-тарау. Төлем құжаттарын орындаудан бас тарту және ақша қайтаруды жүзеге асыру 48. Төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған жағдайда жасалған төлем құжаты мынадай жағдайларда: 1) төлем құжаты осы Ережеде белгіленген талаптарды және/немесе төлем құжаттарын жасау және ұсыну тәртібінің тиісті шарттарының талаптарын бұза отырып жасалса; 2) төлем құжатының жалған құжат белгісі болса; 3) төлем заңсыз болса; 4) төлем заңды бола тұрып, бірақ төлем құжаты эмитентке төлем құжаты жүйесінің ішкі ережелерін бұза отырып берілсе, орындауға қабылданбауы мүмкін. 49. Эмитент немесе эквайер төлем құжатын алған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей төлем құжатын орындаудан бас тартады. 50. Төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын пайдалана отырып сатып алынған тауардан немесе қызметтен бас тартқан жағдайда кәсiпкер төлем карточкасын ұстаушыға ақшаны төлем карточкасын ұстаушының пайдасына қолма-қол төлем жасау арқылы қайтарады. Мұндай төлем жасаудың нысаны мен тәсiлiн төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерi бекiтедi. 51. Егер төлем карточкалары жүйесiнiң iшкi ережелерiнде кәсiпкердiң ақшаны төлем карточкасын ұстаушыға қолма-қол төлем жасау арқылы қайтару мүмкiндiгi көзделмеген жағдайда ақшаны қайтару қолма-қол ақшаны пайдалану арқылы жүзеге асырылады. 52. Карт-есепшоттан ақшаның қате алынғаны немесе есептелгенi анықталған немесе заңсыз төлем жасалған жағдайда клиент бұл туралы эмитентке дереу хабарлауға мiндеттi. 53. Төлем карточкалары жүйесiнiң қатысушылары арасындағы төлем жасауға және төлем құжатын орындауға байланысты шағым талабы Қазақстан Республикасының заңдарында және төлем карточкасы жүйесiне қатысушылар арасында жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жасалады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |