|
|
|
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексі 2001 жылғы 12 маусым N 209-II Осы редакция ҚР N 358-II Заңына сәйкес 2003 ж. 1 қаңтарына дейін қолданылды 1. ЖАЛПЫ БӨЛIМ 1-БӨЛIМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Осы Кодекспен реттелетiн қатынастар Осы Кодекс салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi белгілеу, енгізу және есептеу мен төлеу тәртiбi жөніндегі билiк қатынастарын, сондай-ақ мемлекет пен салық төлеуші арасындағы салық міндеттемелерін орындауға байланысты қатынастарды реттейдi. 2-бап. Қазақстан Республикасының салық заңдары 1. Қазақстан Республикасының салық заңдары осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 2. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу жөніндегі осы Кодексте көзделмеген мiндет ешкiмге жүктелуге тиiс емес. 3. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер осы Кодексте белгiленген тәртiпте және жағдайларда белгіленедi, енгiзiледi, өзгертiледi немесе күшiн жояды. 4. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерiнiң арасында қайшылықтар болған кезде, салық салу мақсатында осы Кодекстiң нормалары қолданылады. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, салық қатынастарын реттейтiн нормаларды салықтық емес заңдарға енгiзуге тыйым салынады. 5. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартпен осы Кодекстегіден өзге ережелер белгiленсе, аталған шарттың ережелерi қолданылады. 3-бап. Салық заңдарының қолданылуы 1. Салық заңдары Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады және жеке тұлғаларға, заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерiне қолданылады. 2. Осы Кодекске жаңа салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер белгiлеу, қолданыстағы салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер ставкалары мен салық базасын өзгерту бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетін Қазақстан Республикасының заң актілері ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қана қолданысқа енгізiлуi мүмкін. 4-бап. Қазақстан Республикасындағы салық салу принциптері 1. Қазақстан Республикасының салық заңдары салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді төлеудің міндеттілігі, салық салудың айқындығы, әділдігі, салық жүйесінің біртұтастығы және салық заңдарының жариялылығы принциптеріне негізделеді. 2. Қазақстан Республикасының салық заңдарының ережелері осы Кодексте белгіленген салық салу принциптеріне қайшы келмеуге тиіс. 5-бап. Салық салудың міндеттілігі принципі Салық төлеуші салық заңдарына сәйкес салық міндеттемелерін толық көлемінде және белгіленген мерзімдерде орындауға міндетті. 6-бап. Салық салудың айқындығы принципі Қазақстан Республикасының салықтары және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерi айқын болуға тиіс. Салық салу айқындығы салық төлеушінің салық міндеттемелері туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібін салық заңдарында белгілеу мүмкіндігін білдіреді. 7-бап. Салық салудың әдiлдiгi принципi 1. Қазақстан Республикасында салық салу жалпыға бiрдей және мiндеттi болып табылады. 2. Жеке сипаттағы салық жеңiлдiктерiн беруге тыйым салынады. 8-бап. Салық жүйесiнiң бiртұтастығы принципi Қазақстан Республикасының салық жүйесi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында барлық салық төлеушiлерге қатысты бiртұтас болып табылады. 9-бап. Салық заңдарының жариялылығы принципi Салық салу мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер ресми басылымдарда мiндеттi түрде жариялануға тиiс. 10-бап. Осы Кодексте қолданылатын негiзгi ұғымдар 1. Салық салу мақсатында осы Кодексте қолданылатын негiзгi ұғымдар: 1) қайырымдылық көмек - жеке тұлғаларға әлеуметтiк қолдау көрсету мақсатымен және коммерциялық емес ұйымдарға олардың жарғылық қызметiн қолдау мақсатымен өтеусiз негiзде берiлетiн мүлiк; 2) сыйақы - кредиттер үшiн; қаржы лизингi бойынша немесе сенiмгерлiк басқаруға берiлген (алынған) мүлiк үшiн; депозиттер бойынша; жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша; жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша; борыштық бағалы қағаздар бойынша төлемдер - дисконт не купон (бастапқы орналастыру құнынан және (немесе) сатып алу құнынан дисконтты не сыйлықақыны ескере отырып); 3) ұтыстар - конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар бойынша, салымдар мен борыштық бағалы қағаздар бойынша ойындарды қоса, ұтыс ойындары бойынша салық төлеушiлер алатын заттай және ақшалай түрдегi табыстардың кез келген түрлерi; 4) грант - мемлекеттер, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық және мемлекеттiк ұйымдар, қызметi қайырымдылық және халықаралық сипатта болатын және Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтiн, мемлекеттiк органдардың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тiзбеге енгiзiлген шетелдiк үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар - Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкiметiне, заңды тұлғаларға, сондай-ақ жеке адамдарға; шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар - Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасының Үкiметiне белгiлi бiр мақсаттарға (мiндеттерге) жету үшiн өтеусiз негiзде беретiн мүлiк; 5) iзгілік көмек - халықтың өмiрi мен тұрмыс жағдайларын жақсарту үшiн, сондай-ақ әскери, экологиялық, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшiн шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жiберiлген азық-түлiк, халық тұтынатын тауарлар, техника, құрал-жарақтар, жабдықтар, медициналық құралдар және дәрi-дәрмектер, өзге де заттар түрiнде Қазақстан Республикасына өтеусiз берiлетiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттi ұйымдар арқылы бөлетiн мүлiк; 6) дивидендтер - акциялар бойынша төленуге тиiстi табыс; заңды тұлға өз қатысушылары, құрылтайшылары арасында бөлетiн таза табыстың бiр бөлiгi; заңды тұлғаны тарату кезiнде, сондай-ақ құрылтайшының, қатысушының заңды тұлғаға қатысу үлесiн алып қойған кезде, құрылтайшының, қатысушының жарғылық капиталға салым ретiнде енгiзген мүлкiн қоспағанда, мүлiктi бөлуден түсетiн табыстар; 7) борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт - борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құны мен бастапқы орналастырылу құны немесе оларды сатып алу құны арасындағы айырма; 8) борыштық бағалы қағаздар - заем қатынастарын куәландыратын қаржы құралдары. Борыштық бағалы қағаздарға мемлекеттiк бағалы қағаздар, облигациялар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес борыштық бағалы қағаздар деп танылған басқа да бағалы қағаздар жатады; 9) қатысу үлесi - жеке және заңды тұлғалардың бiрлесiп құратын ұйымдарға, консорциумдарға, акционерлiк қоғамдарды қоспағанда, мүлкiмен қатысу үлесi; 10) басқа да мiндеттi төлемдер - бюджетке белгiлi бiр мөлшерде жүргiзiлетiн мiндеттi ақша аударымдары (алымдар, баждар, төлемақылар мен төлемдер); 11) жеке кәсiпкер - заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыратын резидент немесе резидент емес жеке тұлға; 12) заңды тұлғаның өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшесi - орналасқан жерi бойынша стационарлық жұмыс орындарымен жабдықталған, тұлғаның заңды функцияларының бiр бөлiгiн орындайтын кез келген аумақтық оқшауланған бөлiмшесi. Жұмыс орны бiр айдан артық мерзiмге құрылса, стационарлық болып саналады; 13) бағамдық айырма (оң, терiс) - шетелдiк валютамен жасалған операциялар бойынша пайда болатын айырма. Бұл айырма бухгалтерлiк есепте ұлттық валютамен жасалған операцияны көрсету нәтижесiнде операция жасалған күн мен осы операция бойынша есеп айырысқан күн арасында пайда болады; 14) борыштық бағалы қағаздар бойынша купон - эмитенттiң шығарылым шарттарына сәйкес борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құнынан тыс төлейтiн (төлеуге тиiс) сомасы; 15) тұлға - жеке тұлға және заңды тұлға; жеке тұлға - Қазақстан Республикасының азаматы, шет мемлекеттің азаматы, азаматтығы жоқ адам; заңды тұлға - Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған ұйым (шетелдiк заңды тұлға). Шет мемлекеттің заңдарына сәйкес құрылған компания, ұйым немесе басқа да корпорациялық құралым осы Кодекстiң мақсаттары үшiн олар құрылған шет мемлекеттің заңды тұлғасы мәртебесiне ие ме, жоқ па - оған қарамастан дербес заңды тұлғалар ретiнде қарастырылады; 16) есептеу әдiсi - салық есебiнің әдiсi, оған сәйкес табыстар мен шығыстарды төлеу уақытына қарамастан жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарларды өткiзу және мүлікті кірiске алу мақсатымен тиеп жiберу кезiнен бастап есептеледi; 17) салықтар - мемлекет бiржақты тәртiппен заң жүзiнде белгiлеген, белгiлi бiр мөлшерде жүргiзетiн, қайтарымсыз және өтеусiз сипатта болатын бюджетке төленетiн мiндеттi ақшалай төлемдер; 18) салық берешегi - бересi сомасы, сондай-ақ өсiмпұлдар мен айыппұлдардың төленбеген сомалары; 19) салық төлеушi - салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеушi болып табылатын тұлға; 20) салық агентi - осы Кодекске сәйкес төлем көздерiнен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөнiндегi мiндет жүктелген заңды тұлға, жеке кәсiпкер; 21) салық режимi - осы Кодексте белгiленген салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу жөнiндегi барлық салық мiндеттемелерiн есептеу кезiнде салық төлеушi қолданатын салық заңдары нормаларының жиынтығы; 22) бересi - есептелген және мерзiмiнде төленбеген салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомалары; 23) негiзгi құралдар - қызмет ету мерзiмi бiр жылдан асатын материалдық активтер; 24) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйлықақы - шығарылым шарттары бойынша купон төлеу көзделетiн борыштық бағалы қағаздардың бастапқы орналастыру құны немесе сатып алу құны мен номиналдық құнының арасындағы айырма; 25) туынды бағалы қағаздар - осы туынды бағалы қағаздардың базалық активiне қатысты құқықты куәландыратын бағалы қағаздар. Туынды бағалы қағаздарға опциондар, форвардтар, фьючерстер, депозитарийлiк қолхаттар, варранттар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес туынды бағалы қағаздар деп танылған басқа да бағалы қағаздар жатады. Тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта және қаржы құралдары базалық активтер болуы мүмкiн; 26) өткiзу - сату, айырбастау, өтеусiз беру мақсатында тауарларды тиеп жiберу, жұмыстарды орындау және қызметтер ұсыну, сондай-ақ кепiлге берiлген тауарларды кепiл ұстаушыға беру; 27) роялти - мыналар үшiн: пайдалы қазбаларды өндiру және техногендiк құралымдарды қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін; авторлық құқықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етудi, патенттердi, сызбаларды немесе модельдердi, тауар белгiлерiн немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; өнеркәсiп, сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; "ноу-хауды" пайдаланғаны үшiн; кинофильмдердi, бейнефильмдердi, дыбыс жазу немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; осыған байланысты техникалық көмек көрсету үшiн төленетiн төлем; 28) арнаулы салық режимi - салық төлеушiлердің жекелеген санаттары үшiн белгiленетiн және жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң, сондай-ақ олар бойынша салық есептiлiгiн берудiң оңайлатылған тәртiбiн қолдануды көздейтiн бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртiбi; 29) заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi - филиал, өкiлдiк және өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмше; 30) сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасы - тауар сыныптамасының тауарларды сипаттау мен олардың кодын белгiлеудiң үйлестiрiлген жүйесiне негiзделген кодтары жүйесi; 31) уәкiлеттi мемлекеттiк орган - мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы; 32) уәкiлеттi органдар - бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдердi есептеудi және (немесе) жинауды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Yкiметi уәкiлеттiк берген салық органдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары; 33) салық төлеушiнің электрондық құжаты - белгiленген электрондық форматта жасалған және берiлген, шифрленген және электрондық қолтаңбамен куәландырылған, ол қабылданып, бiрдейлiгi расталғаннан кейiн есептiлiк күшi бар құжат; 34) салық төлеушiнің электрондық қолтаңбасы - электрондық құжаттардың түпнұсқалылығын, тұтастығын және авторлығын қамтамасыз ететiн арнаулы криптографиялық құрал; 35) бағалы қағаздар - акциялар, борыштық бағалы қағаздар, туынды бағалы қағаздар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар деп танылған мүлiктiк құқықтың өзге де объектiлерi. 2. Салық заңдарының басқа арнаулы ұғымдары мен терминдерi осы Кодекстiң тиiстi баптарында айқындалатын мағынада пайдаланылады. 3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңдары салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, заңдардың сол салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады. 2-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШIНIҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТIНIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI. САЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ ӨКIЛДIК 11-бап. Салық төлеушiнiң құқықтары 1. Салық төлеушi: 1) қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы, салық заңдарындағы өзгерiстер туралы салық қызметi органдарынан ақпарат алуға; 2) салық қатынастары мәселелерi бойынша өз мүдделерiн жеке өзi не өз өкiлi арқылы бiлдiруге; 3) салық бақылауы нәтижелерiн алуға; 4) салық бақылауы нәтижелерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеу жөнiнде салық қызметi органдарына түсiндiрме табыс етуге; 5) жеке шотынан салық мiндеттемелерiнiң орындалуы бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйi туралы көшiрме алуға; 6) осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен салықтық тексеру актiлерi бойынша хабарламаға және салық қызметi органдары лауазымды адамдарының әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасауға; 7) салық құпиясының сақталуын талап етуге; 8) салық салуға қатысы жоқ ақпарат пен құжаттар табыс етпеуге құқылы. 2. Салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар. 12-бап. Салық төлеушiнiң мiндеттерi 1. Салық төлеушi: 1) осы Кодекске сәйкес салық мiндеттемелерiн дер кезiнде және толық көлемiнде орындауға; 2) салық қызметi органдарының анықталған салық заңдарын бұзушылықтарды жою туралы заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ қызметтiк мiндеттерiн атқаруы кезiндегi заңды қызметiне кедергi жасамауға; 3) нұсқама негiзiнде салық қызметi органдары лауазымды адамдарының салық салу объектiсi және салық салумен байланысты объект болып табылатын мүлiктi тексеруiне жол беруге; 4) салық есептiлiгi мен құжаттарды осы Кодексте көзделген тәртiппен табыс етуге; 5) осы Кодекске сәйкес қолма-қол ақшамен, төлемдiк банк карточкаларымен, чектермен сауда операцияларын жасаған немесе қызметтер көрсеткен кезде тұтынушылармен ақшалай есеп айырысуды фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын мiндеттi түрде пайдалана және тұтынушының қолына бақылау чегiн бере отырып жүргiзуге мiндеттi. 2. Салық төлеушi осы Кодексте көзделген өзге де мiндеттердi орындайды. 13-бап. Салық агентiнiң құқықтары мен мiндеттерi 1. Салық агентiнiң, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеушi сияқты құқықтары бар және сондай мiндеттерi болады. 2. Салық агентi сондай-ақ: 1) осы Кодекстiң ерекше бөлiмiне сәйкес төлем көзiнен ұсталатын салықтарды дұрыс және дер кезiнде есептеуге; 2) салық төлеушiден тиiстi салықтарды ұстап қалуға және осы Кодексте көзделген тәртiппен және мерзiмде оларды бюджетке аударуға; 3) салық төлеушiлерге төленген табыстардың, сондай-ақ ұсталған және бюджетке аударылған салықтар сомасының есебiн, соның iшiнде әрбiр салық төлеушi бойынша жеке-жеке жүргiзуге; 4) тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша салық органына осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде белгiленген тәртiппен салық есептiлiгiн табыс етуге мiндеттi. 14-бап. Осы Кодекспен реттелетiн салық қатынастарындағы өкiлдiк 1. Салық төлеушi салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға заңды немесе уәкiлеттi өкiлi арқылы қатысуға құқылы. 2. Салық төлеушiнiң атынан заң негiзiнде уәкiлеттi болатын тұлға салық төлеушiнiң заңды өкiлi болып танылады. 3. Салық төлеушi салық қызметi органдарымен қатынастарда өз мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi болатын жеке немесе заңды тұлға салық төлеушiнің уәкiлеттi өкiлi болып танылады. Салық төлеушiнiң уәкiлеттi өкілi салық төлеушi беретiн сенiмхат (құрылтай құжаттары) негiзiнде әрекет етедi, сенiмхатта оның өкiлеттiктерiнің нақты тiзбесi көрсетiледi. 4. Салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға салық төлеушiнiң өзiнiң қатысуы оны өкiл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкiлдiң қатысуы салық төлеушiнi аталған қатынастарға өзiнiң қатысу құқығынан айырмайды. 5. Салық төлеушi өкiлдерiнiң салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға сол салық төлеушiнiң қатысуына байланысты жасаған әрекеттерi (әрекетсiздiгi) салық төлеушiнiң әрекеттерi (әрекетсiздiгi) болып танылады. 3-тарау. САЛЫҚ ҚЫЗМЕТI ОРГАНДАРЫ. КЕДЕН ОРГАНДАРЫ. САЛЫҚ ҚЫЗМЕТI ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСҚА МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРМЕН ӨЗАРА IС-ҚИМЫЛЫ 15-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi мен құрылымы 1. Салық қызметi органдарына салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің толық түсуiн, мiндеттi зейнетақы жарналарының толық және дер кезiнде аударылуын қамтамасыз ету жөнiндегi, сондай-ақ салық төлеушiлердiң салық мiндеттемелерiн орындауына салық бақылауын жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттер жүктеледi. 2. Салық қызметi органдары уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен салық органдарынан тұрады. 3. Салық органдарына облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерi, ауданаралық салық комитеттерi, аудандар, балалар және қалалардағы аудандар бойынша салық комитеттерi жатады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда бұл аймақтардың аумағында салық комитеттері құрылуы мүмкін. 4. Салық органдары тиiстi жоғары тұрған салық қызметi органына төменнен жоғары қарай тiкелей бағынады және жергiлiктi атқарушы органдарға жатпайды. 5. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган салық органдарына басшылық жасауды жүзеге асырады. 6. Салық органдарының бiрiншi басшыларын қызметке уәкiлеттi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы тағайындайды. Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 21.03.2002 N 312 Заңымен. 16-бап. Салық қызметi органдарының құқықтары 1. Салық қызметi органдары: 1) осы Кодексте көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге және бекiтуге; 2) өз құзыретi шегiнде салық мiндеттемелерiнiң туындауы, орындалуы мен тоқтатылуы жөнiнде түсіндiрудi жүзеге асыруға және түсiнiктеме беруге; 3) осы Кодексте белгiленген тәртiппен салық бақылауын жүзеге асыруға; 4) салық төлеушiнің ақша құжаттарына, бухгалтерлiк кiтаптарына, есептерiне, сметаларына, ақшасының бар-жоғына, бағалы қағаздарына, есеп айырысуларына, декларацияларына және салық мiндеттемелерiн орындауға байланысты өзге де құжаттарына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген талаптарды сақтай отырып, тексеру жүргiзуге; 5) салық төлеушiден уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысандар бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеу (ұстау мен аудару) жөнiнде құжаттар, оларды толтыру жөнiнде түсiндiрмелер, сондай-ақ салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының дұрыс есептелгендiгiн және дер кезiнде төленгендiгiн (ұсталғандығын және аударылғандығын) растайтын құжаттар берудi талап етуге; 6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен салық тексеруiн жүзеге асыру барысында салықтық құқық бұзушылықтар жасалғанын айғақтайтын құжаттарды салық төлеушiден алып қоюға; 7) орналасқан жерiне қарамастан табыс табу үшiн пайдаланылатын кез келген салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi тексеруге, салық төлеушiнiң мүлiктерiне (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеу жүргiзуге; 8) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбе бойынша уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен салық төлеушiден электрондық құжаттар түрiндегi ақпарат алуға; 9) тексерiлетiн салық төлеушiге - заңды тұлға мен жеке кәсiпкерге салық салуға байланысты мәселелер бойынша коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген талаптарды сақтай отырып, банктерден немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан оның банк лоттарының бар-жоғы және олардың нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы мәлiметтер алуға; 10) осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде көзделген жағдайларда салық төлеушiнің салық мiндеттемесiн жанама әдiспен айқындауға; 11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соттарға талаптар қоюға құқылы. 2. Салық қызметi органдарының Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген өзге де құқықтары бар. 17-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi 1. Салық қызметi органдары: 1) салық төлеушiнiң құқықтарын сақтауға; 2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғауға; 3) салық төлеушiнiң салық мiндеттемелерiн орындауына, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының дер кезiнде ұсталуына және аударылуына салық бақылауын жүзеге асыруға; 4) салық төлеушiлердiң, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердің есебiн, есептелген және төленген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есебiн белгiленген тәртiппен жүргiзуге; 5) белгiленген салық есептiлiгiнiң нысандарын толтыру тәртiбiн түсiндiруге; 6) салық тексеруiн қатаң нұсқамалар бойынша жүргiзуге; 7) осы Кодекс ережелерiне сәйкес салық құпиясын сақтауға; 8) осы Кодексте көзделген мерзiмдер мен жағдайларда салық төлеушiге салық мiндеттемелерiнiң орындалуы жөнiнде хабарлама тапсыруға; 9) салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша үш күн мерзiмнен кешiктiрмей салық мiндеттемелерiн орындауы жөнiндегi бюджетпен есеп айырысуларының жай-күйi туралы оның жеке шотынан көшiрменi беруге; 10) салық төлеушiге берiлетiн, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық мiндеттемелерiнің орындалу фактiсiн растайтын квитанциялар көшiрмесiнiң бес жыл бойы сақталуын қамтамасыз етуге; 11) мемлекет меншiгiне айналған мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және өткiзу тәртiбiнiң сақталуын, сондай-ақ оны сатудан түскен ақшаның бюджетке толық және дер кезiнде түсуiн бақылауды жүзеге асыруға; 12) салық мiндеттемелерiнің орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерiн қолдануға және салық төлеушiден салық берешегiн осы Кодекске сәйкес мәжбүрлеп өндiрiп алуға; 13) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес салық төлеушiге әкiмшiлiк айыппұлдар салуға мiндеттi. 2. Салық тексеруi барысында салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден қасақана жалтару фактiлерi, сондай-ақ қылмыс белгiлерiн көрсететiн әдейi, жалған банкроттық фактiлерi анықталған кезде, салық органдары Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн тиiстi құқық қорғау органдарының тергеуiне жататын материалдарды жiбередi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |