|
|
|
Ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiн сайлау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2001 жылғы 23 маусым N 633 Осы редакция ҚР Президентінің 2004 ж. 6 желтоқсандағы N 1484 Жарлығымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Қазақстан Республикасының Конституциясы 87-бабының 4-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы жергілiктi мемлекеттiк басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-тармағына сәйкес қаулы етемін: 1. Қоса берiлiп отырған Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу ережелерi бекiтiлсiн. 2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы: 2001 жылдың IV тоқсанында жекелеген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде тәжiрибе ретiнде әкiмдер сайлауын тағайындасын, ұйымдастырсын және өткiзсiн; сайлау өткiзiлетiн бiрыңғай күндi және сайлау өтетiн әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң тiзбесiн облыстардың әкiмдерiмен келiссiн. 3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, облыстардың әкiмдерi тәжiрибе ретiнде әкiмдер сайлауын ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдансын. 4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 23 маусымдағы N 633 Жарлығымен БЕКIТIЛГЕН Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiнiң сайлауын өткiзудiң ережелерi Осы Ережелер Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтерi, ауылдары (селолары), кенттерi әкiмдерiнiң сайлауын өткiзудiң тәртiбiн айқындайды. 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiн сайлау тиiстi ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер аумақтарында жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзiледi. Жанама сайлау құқығы аталған әкiмдердi азаматтардың өз өкiлдерi - таңдаушылар арқылы сайлауы болып табылады. 2. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiн сайлауға тиiстi аумақтарда тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қатысуға құқылы. 3. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiнiң сайлауын облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң ұсынысы бойынша облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссиялары тағайындайды. 4. Кандидаттардың осы Ережелерде белгiленген шекте сайлауға қатысуға тең құқығы бар. 5. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiн сайлауда жасырын дауыс берiледi, әрi таңдаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi. 2-тарау. Сайлау жүйесі 6. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiн сайлау кезiнде дауыс санаудың мынадай жүйесi қолданылады: басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн алған кандидат сайланған болып саналады. 7. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiнiң сайлауын өткiзгенде тиiстi ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер аумақтары сайлау округтерi болып табылады. 8. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiнiң сайлауын дайындау мен өткiзудi ұйымдастыратын сайлау органдары тиiстi аудандық (қалалық) және учаскелiк сайлау комиссиялары болып табылады. 9. Әкiмдердi сайлау жөнiндегi округтiк сайлау комиссияларының қызметiн атқаратын учаскелiк сайлау комиссиялары тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының шешiмiмен белгiленедi. 10. Округтiк сайлау комиссиясы: 1) жиналыс (жиылыс) өткiзу үшiн елдi мекен, көше, махалла тұрғындарының қажеттi санын белгiлейдi; 2) таңдаушыларды сайлау үшiн тұрғындардың жиналыстарын (жиылыстарын) өткiзудi ұйымдастырады; 3) әкiмдiкке ұсынылған кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi; 4) дауыс беруге арналған бюллетеньнің мәтiнiн бекiтедi; 5) дауыс беруге арналған үй-жай дайындайды, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшiктердiң жасалуын қамтамасыз етедi; 6) әкiмдi сайлаудағы дауыс беру нәтижелерiн белгiлейдi, дауыс беру нәтижелерi туралы хаттаманы әкiмдi тiркеу үшiн аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына тапсырады; 7) қайта сайлау өткiзедi; 8) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға және осы Ережелерге сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 3-тарау. Таңдаушыларды сайлау және таңдаушылардың тiзiмiн жасау 11. 18 жасқа жеткен және асқан, тиiстi ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер аумағында тұрғылықты тұратын және белсендi сайлау құқығы бар азаматтар таңдаушылар бола алады. 12. Тиiстi аумаққа таңдаушыларды сайлау үшiн тұрғылықты жерi бойынша азаматтардың жиналысы (жиылысы) өткiзіледi. 13. Жиналыстарды (жиылыстарды) елдi мекендердiң аумақтары, көшелерi, махаллалары бойынша округтiк сайлау комиссиялары шақырады. 14. Жиналыстардың (жиылыстардың) жұмысына 18 жасқа жеткен және сол аумақта тұратын азаматтар қатысады. 15. Жиналысқа (жиылысқа) тұрғындардың округтiк сайлау комиссиясы белгiлеген санына сәйкес, елдi мекеннiң, көшенiң, махалланың тұрғындарының көпшiлiгi қатысса, заңды болып табылады. 16. Округтiк сайлау комиссиясы, тиiстi округ үшiн белгiленген таңдаушылардың санына байланысты, бәрiнен бiр таңдаушы сайланатын тұрғындардың қажеттi санын дербес белгiлейдi. 17. Елдi мекендер үшiн таңдаушылардың санын тұрғындардың санына байланысты 15-тен 50-ге дейiн таңдаушылар шегiнде Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. 18. Жиналыста (жиылыста) таңдаушыны сайлау ашық дауыс берумен жүргiзiледi және тұрғындар жиналысының (жиылысының) төрағасы мен хатшысының қолдары қойылған хаттамамен ресiмделедi. 19. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдерiнiң сайлауын өткiзген кезде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады. 20. Таңдаушылардың тiзiмдерi, сайлау тағайындалғаннан кейiнгi он күннен кешiктiрiлмей округтiк сайлау комиссиясына тапсырылатын, таңдаушыларды сайлау туралы хаттамалардың негiзiнде жасалады. 21. Таңдаушылардың тiзiмдерi жалпы жұрттың танысуы үшiн округтiк сайлау комиссиясында дауыс берiлу күнiне он күн қалғанда шығарылып қойылады. 22. Азаматтарға тиiстi округтiк сайлау комиссияларының үй-жайларында таңдаушылардың тiзiмдерiмен танысу мүмкiндiгi қамтамасыз етiледi. 23. Тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ таңдаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн әрбiр таңдаушыға шағымдану құқығы берiледi. Тiзiмдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы үш күн мерзiмнен кешiктiрмей, ал дауыс беру қарсаңында және дауыс беретiн күнi дереу қарайды. Округтiк сайлау комиссиясының шешiмiне жоғары тұрған сайлау комиссиясына шағымдануға болады. 24. Таңдаушылардың тiзiмдерiне дауыс беретiн күнi өзгерiстер енгiзуге тыйым салынады. 4-тарау. Ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкiмдiгiне кандидаттар ұсыну және тiркеу 25. Сайлау күнi туралы хабарды ауылдық (селолық) округ, ауыл (село), кент тұрғындары назарына округтiк сайлау комиссиясы жеткiзедi. 26. Ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмi болып сайлану үшiн азаматтың Қазақстан Республикасы Конституцияның 33-бабына сәйкес белсендi сайлау құқығы болуға тиiс. 27. Ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмдiгiне 25 жастан асқан, жоғары бiлiмi бар және тиiстi аудан (қала) аумағында тұратын азамат кандидат бола алады. 28. Әкiмдiкке кандидаттар ұсыну тиiстi округтiк сайлау комиссиясына тиiстi ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң аумағында әкiмдiкке кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiш беру арқылы iске асырылады. 29. Ұсынылатын кандидаттар саны шектелмейдi. 30. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан кейiнгi келесi күннен басталып, сайлау күнiнен он бес күн бұрын аяқталады. 31. Бiрде-бiр кандидат ұсынылмаған не барлық ұсынылған кандидаттар өздерiн тiркегенге дейiн кандидатураларын алып тастаған жағдайда, округтiк сайлау комиссиясы кандидаттар ұсынуды жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады. 32. Округтiк сайлау комиссиясы кандидаттың оған қойылатын талаптарға сәйкестiгiн анықтайды, ол туралы тиiстi хаттама жасалады. 33. Кандидаттарды тiркеу мына құжаттар: 1) ауылдық (селолық) округ, ауыл (село), кент әкiмдiгiне кандидат болып дауысқа түсуге ниетi туралы өтiнiшi; 2) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер; 3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басының куәлiгi болған жағдайда жүзеге асырылады. 34. Округтiк сайлау комиссиясы кандидаттарды тiркеу туралы хаттама жасайды. 35. Округтiк сайлау комиссиясы: 1) кандидаттарды тiркегеннен кейiн төртiншi күннен кешiктiрмей әрбiр кандидаттың аты-жөнiн, туған жылын, атқаратын қызметiн, жұмыс орны (оқу орны) мен тұрғылықты жерiн, кандидаттың өз қалауына орай, оның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы мен ұлты туралы мәлiметтердi көрсете отырып, жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе басқа тәсілмен хабарлайды; 2) тiркелген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiктер бередi; 3) мына жағдайларда: кандидатты ұсыну ережелерi бұзылғанда; кандидат лауазымдық немесе қызметтiк жағдайларының артықшылықтарын пайдаланғанда; сайлау комиссиясы кандидатты тiркегенге дейiн оның сайлау алдындағы үгiт жүргiзу фактiлерi анықталғанда; сайлаушыларды сатып алу фактілері анықталғанда, кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды. 36. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшi жойылуына кандидаттың өзi үш күн мерзiм iшiнде жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым бере алады. Бұл ретте жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясы немесе сот шағым берiлген күннен бастап бес күн мерзiм iшiнде шағым жөнiнде шешiм шығарады. 37. Кандидатты тiркеу дауыс беру күнiнен жиырма күн бұрын басталып, оған он күн қалғанда аяқталады. 38. Кандидат тiркеуге дейiнгi уақытта және одан кейiн дауыс беру күнiнен кемiнде үш тәулiктен кешiктiрмей, бұл жөнiнде округтік сайлау комиссиясына жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады. 39. Мұндай жағдайларда округтiк сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi не кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды. 40. Тiркеу мерзiмi бiткеннен кейiн барлық кандидаттар шығып қалған жағдайда, сайлау мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары шешедi. 5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт және сайлауды қаржыландыру 41. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген күннен басталып, сайлау қарсаңындағы күнi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. 42. Сайлау алдындағы үгiт: 1) сайлау алдындағы iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен, таңдаушылармен кездесулердi) жария түрде өткiзу жолымен; 2) баспа дыбысты-көрiнiстi және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады. 43. Мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына, сайлау комиссияларының мүшелерiне сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге, сайлау алдындағы кез келген үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа, соның iшiнде көркемдеушi материалдарды, сондай-ақ омырау белгiлердi, жалаулар мен жалаушыларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тауарларды, қызмет көрсетудi, бағалы қағаздарды тегiн беруге, сондай-ақ ақша төлеу арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады. 44. Белсендi сайлау құқығы бар азаматтар осы Ережелерге сәйкес белгiлi бiр кандидатты жақтап және оған қарсы кедергiсiз үгiт жүргiзуге құқылы. 45. Кандидаттардың әкiмдердi сайлау жөнiндегi тиiстi округтiк сайлау комиссиясында тiркелген кезден бастап үгiт науқаны аяқталғанға дейiн өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар. 46. Кандидаттар сенiм білдiрген адамдары болуына құқылы, олар сайлау науқанын жүргiзуге көмектеседi, сайлау алдындағы үгіттi жүргiзедi, кандидаттардың мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, қоғамдық бiрлестiктермен, сайлау комиссияларымен қарым-қатынастарында мүдделерiн бiлдiредi. 47. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдарын өз қалаулары бойынша белгілейдi және оларды тiркеу үшiн әкімдердi сайлау жөнiндегi округтiк сайлау комиссиясына хабарлайды. 48. Әкiмдердi сайлау жөнiндегi округтiк сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiктер бередi. 49. Сенiм бiлдiрiлген адам қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi бола алмайды. 50. Сенiм бiлдiрiлген адамдар өздерiне кандидат берген өкiлеттiктер шегiнде жұмыс iстейдi. 51. Сенiм білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн немесе өз бастамасы бойынша не кандидаттың шешiмiмен өз мәртебесiнен айырылады. 52. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады. 53. Сайлау комиссиялары орналасқан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарын сол орнында қалдыруға болады. 54. Ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады. 55. Ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң әкiмдерiн сайлауда дауыс беру мен қорытындыларын анықтау "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда белгіленген сайлау ресiмдерiне сәйкес жүзеге асырылады. 6-тарау. Қазақстан Республикасының ауылдық (селолық) округтерiнің, ауылдарының (селоларының), кенттерiнiң әкiмдерiн сайлау 56. Ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмiн сайлау таңдаушылардың бiрлескен отырысында өткiзiледi. 57. Бiрлескен отырыс осы ауылдық (селолық) округ, ауыл (село), кент үшiн белгiленген таңдаушылардың санының кемiнде үштен екiсi қатысқанда заңды болып табылады. 58. Таңдаушылардың бiрлескен отырысына округтiк сайлау комиссиясының төрағасы төрағалық етедi. Таңдаушылардың бiрлескен отырысының өткiзiлгендiгiн куәландыратын құжат бiрлескен отырыстың хаттамасы болып табылады. 59. Таңдаушылардың бiрлескен отырысы өтетiн үй-жайда округтiк сайлау комиссиясы әкiмдi сайлау жөнiнде дауыс беру пунктiн ұйымдастырады. 60. Округтiк сайлау комиссиясының төрағасы әкiмдi сайлау жөнiндегi дауыс берудiң нәтижелерiн жариялағаннан кейiн бiрлескен отырыс жабылады. 61. Округтiк сайлау комиссиясы дауыс берудiң қорытындылары бойынша аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына дереу жiберiлетiн дауыс беру хаттамасын жасайды. 62. Егер сайлау жарамсыз деп танылса, облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары қайта сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдайды. Қайта сайлау өткiзген кезде дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде және бастапқы сайлауды өткiзу барысында дайындалған таңдаушылар тiзiмдерi бойынша жүзеге асырылады. 63. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзіледi. Қайта сайлау кезiнде жүзеге асыру көзделген сайлау шаралары осы Ережелерге және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес жүргiзiледi. 64. Қайта сайлау өткiзу туралы жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. 65. Бастапқы сайлауда осы Ережелердi бұзған кандидаттар қайта сайлауға қатыспайды. 66. Сайлау қорытындылары аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының мәжiлiсiнде округтiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде анықталады. Сайлау қорытындылары туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қойған хаттама жасалады. Сайлау қорытындылары туралы жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. 7-тарау. Ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң әкiмдерiн тiркеу 67. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiм ішінде ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң сайланған әкiмдерiн тiркейдi. Сайланған әкiмдi тiркеу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының шешiмi аудан (қала) әкiмiне ұсынылады, ол ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкімiн бiр тәулiк iшiнде тағайындайды. 68. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы сайланған әкiмдi тiркегеннен кейiн төртiншi күннен кешiктiрмей тiркеу туралы хабарламаны, әкiмнiң аты-жөнiн, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны (кәсiбi) мен әкiмнiң тұрғылықты жерiн, әкiмнiң өз қалауына орай оның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы мен ұлты туралы мәлiметтердi көрсете отырып, жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. 69. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы таңдаушылардың тiзiмдерiн жасау ережелерi, дауыс беру мен дауыстарды санау, сайлау нәтижелерiн анықтау тәртiбi бұзылған, осы Ережелердi басқаша бұзушылықтар орын алған жағдайда, егер бұл әрекеттер сайлаушылардың еркiн бiлдiруiнiң нәтижелерiн дәл анықтауға мүмкiндiк бермейтiн болса, ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң әкiмдерiн сайлау жарамсыз деп тануы мүмкiн. Бұл ретте кандидаттар осы шешiмге ол қабылданған күннен бастап он күн iшiнде сотқа шағымдана алады. 70. Тиiстi ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмi 2 жыл мерзiмге сайланады. 8-тарау. Ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың), кенттердiң әкiмдерiнiң қызметiнен босатылуы және өкілеттiктерiн тоқтатуы 71. Ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмi өкiлеттiктерiн мерзiмiнен бұрын: 1) өзi әкiм болып табылатын әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен сырт жерге тұрғылықты тұру үшiн көшуiне орай; 2) тұлғаны iс-әрекетке қабiлетсiз, хабар-ошарсыз кеттi немесе қайтыс болды деп тану туралы сот шешiмi заңды күшiне енгiзілген; 3) оған қатысты соттың айыптау үкiмi күшiне енгiзiлген; 4) Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған; 5) қайтыс болған; 6) орнынан түсу жөнiнде жеке өтiнiш берген жағдайда өкілеттілігi тоқтатылады. 72. Ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмiнiң өкiлеттiктерiн тоқтату 71-тармақтың 1)-5) тармақшаларында көрсетілген негiздер бойынша, оларда аталған жағдайлардың басталу сәтiнен жүредi және тиiстi ауданның әкiмiнiң шешiмiмен ресiмделедi. Ауылдық (селолық) округтің, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмiнiң өкiлеттiктерi 71-тармақтың 6-тармақшасында көрсетiлген негiз бойынша, орнынан түсу жөнiнде өтiнiш берген соң, тиiстi ауданның әкiмiнiң шешiмiмен бiр айдан кешiктiрiлмей тоқтатылады. 73. Ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкімi: 1) өз қызметiнде Қазақстан Республикасы Конституциясын, заңдарын, Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiн жүйелi түрде бұзған; 2) өз мiндеттерiн тиiсiнше орындамаған; 3) оның ұзаққа созылған (қатарынан үш айдан артық немесе күнтiзбелiк жыл iшiнде алты айда) еңбекке жарамсыздығына байланысты жағдайларда атқаратын қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. 74. Ауылдық (селолық) округтiң, ауылдың (селоның), кенттiң әкiмi 73-бапта көрсетілген негiздер бойынша тиiстi аудандық (қалалық) мәслихаттың депутаттарының жалпы санының үштен екiсiнiң келiсiмiн алған, жоғары тұрған әкiмнiң шешiмiмен атқаратын қызметiнен босатылады. Егер мәслихат жоғарыда аталған негiздер бойынша әкiмдi атқаратын қызметiнен босатуға келiсiм бермеген жағдайда, бұл мәселенi 6 айдан кейiн ғана қайталап қойылуы мүмкiн. 75. Осы Ережелердiң орындалуын бақылауды, олардың бiрыңғай үлгiде қолданылуын қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |