|
|
|
Алматы қаласының Бас жоспары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 19 желтоқсандағы N 1330 қаулысы Осы редакция ҚР Үкіметінің 2004 ж. 22 сәуірдегі N 452 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегі Заңына сәйкес және Алматы қаласының кешендi дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді: 1. Алматы қалалық мәслихаты мақұлдаған Алматы қаласының Бас жоспары бекiтілсiн. 2. "Алматы қаласының қала құрылысын дамыту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 16 сәуiрдегi N 343 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1992 ж., N 16, 253-құжат) күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 19 желтоқсандағы N 1330 қаулысымен бекiтiлген АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫ 1. Бас жоспардың мақсаты Алматы қаласының 2020 жылға дейiнгi кезеңге арналған Бас жоспары тiршiлiк етудiң қолайлы ортасын жасау мен қаланы тиянақты дамыту, экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, табиғаты және мәдени мұраларды сақтау мақсатында Алматының қала құрылысын дамытуды жоспарлаудың негiзгi құжаты болып табылады. Бас жоспар Алматы қаласының "Алматы қаласының айрықша мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған функцияларды жүзеге асыруын және Алматы қаласы дамуының Алматы агломерациясымен өзара байланыстылығын ескеру арқылы әзiрлендi. Бас жоспар қалалық инфрақұрылымды дамытудың перспективалы және бiрiншi кезектi бағдарламаларын әзiрлеу мен жүзеге асыруға, табиғи кешен аумақтарын сақтауға және өркендетуге, тұрғын жайлар аумақтарын қайта жаңарту мен өндiрiстiк аумақтарды қайта ұйымдастыруға, қоғамдық, iскерлiк және мәдени орталықтарды, туризм және демалыс нысандарын дамытуға, қалалық ортаны кешендi көрiктендiруге және эстетикалық жағынан ұйымдастыруға, Алматының әкiмшiлiк аудандарының аумақтарын және оның басқа да аумақтық бiрлiктерiн өркендетудiң, қала құрылысы жоспарларын, қаланы жобалау мен салудың жобаларын әзiрлеуге және iске асыруға арналған негiз болып табылады. Алматы қаласын дамытудың бас жоспарының басты мақсаты - экологиялық жағынан қолайлы, қауiпсiз және әлеуметтiк жағынан тиiмдi тiршiлiк ортасын жасауға бағытталған қала құрылысы шараларының кешенiн жүргiзу. Бас жоспардың негiзгi сәулет-қала құрылысы идеясы: Алматы қаласының "қала-бақ" ретiндегi бейнесiн сақтау мен қалыптастыруға саяды. 2. Әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерi Демография 2020 жылға дейiнгi перспективада демографиялық процестердiң серпінi дәстүрлi, ертеден қалыптасқан қоғамдық даму факторларының және қоғам өмiрiндегi үдей түскен әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстер, демек жаңарулардың барысында қалыптасатын жаңа факторлардың бүкiл жиынтығының өзара үйлесiмiмен анықталады. Алматы қаласын демографиялық дамытудың сипаты халықтың табиғи және көшi-қон қозғалысы ретiнде анықталады, олардың ауқымы және бағыт-бағдары әлеуметтiк-экономикалық қайта жаңарулардың нәтижелерiне: қаланың экономикалық әлеуетiнiң дамуына; тұрғын үй рыногының дамуына; жұмыспен қамтылуға және еңбекке ақы төлеу деңгейiне; мемлекеттiк және жергiлiктi әлеуметтiк саясатқа және басқа факторларға тәуелдi болады. Халықтың перспективалы саны болжамдарының нұсқалары бала туудың 1000 адамға шаққанда кезең-кезеңiмен 11,5 баладан 7,8 балаға дейiн кемуi және 15,2 балаға дейiн өсуi, 1000 тұрғынға шаққанда өлiм-жiтiмнiң 11,8 адамның 12,4 адамға дейiн өсуi мен 8,2 адамға дейiн азаюы, халықтың өмiр ұзақтығының артуы мен көшi-қон өсiмi болжамдарын ескеру арқылы есептелдi. Көшi-қонның оң сальдосына 1998-2000 жылдарда қол жеттi және болжамды кезеңнiң соңына дейiн осылай болады деп қарастырылады. Алматы халқының 2020 жылға дейiнгi кезеңдегi болжамды саны Алматыдағы, Алматы аймағындағы және тұтасынан Қазақстан Республикасы бойынша тиянақты да үдемелi демографиялық үрдiстермен анықталады. Алматының тұрақты өз тұрғындарын және уақытша тұрғындарын қамтитын Алматы халқының жиынтық саны болжамдары аса тиянақты болып табылады. Болжамның аса ықтималды нұсқалары бойынша Алматы халқының перспективалы жиынтық саны 1500 мың адамды, соның iшiнде тұрақты тұрғындар - 1300 мың адамды, уақытша тұрушылар - 200 мың адамды құрай алады. Халықтың жұмыспен қамтылу құрылымының есептi көрсеткiштерi 2020 жылға қарай тұрғындардың қаланы қалыптастырушы топтарының 189,5 мың адамнан 327,6 мың адамға және қызмет көрсетушi топтардың - негiзiнен экономиканың салдары бойынша жұмыс iстейтiн адамдардың жалпы санында 354,1 мың адамнан 390,0 мың адамға дейiн өсуiн қарастырады. Қаланың әлеуметтiк және қала құрылысы дамуының негiзгi мақсаты - бұл әлеуметтiк-психологиялық жағдай жасау және осы қаралып отырған аумақта тұрғындардың өмiр сүруiнiң жоғары орта деңгейiн қалыптастыру. Алматының қала құрылысы дамуының негiзгi бағыттарының тиiмдiлiгiнiң экономикалық көрсеткiштерi 2000 жылмен салыстырғанда 2020 жылға қарай: жалпы аймақтық өнiм өндiру көлемiнiң 3 есе; күрделi қаржылар көлемiнiң салыстырмалы бағалармен 2,5 есе; жан басына шаққанда кiрiстiң 2 еседен астам көбеюi. Тұрғын үй-азаматтық құрылыс Тұрғын жайлар ортасын кешендi қалыптастырудың негiзгi бағыттары қаланың бүкiл тұрғын жай қорын 27,5 миллион м2 көбейту арқылы баспанамен қамтамасыз етудi орта есеппен 1 адамға шаққанда 22 м2 жеткiзудi қарастырады. Құрылыс 1,1 мың га (жалпы алаңы 2,42 миллион м2) бос аумақтарда, сондай-ақ ескi үйлердi бұзып алу есебiнен қайта жаңартылатын және бұрыннан бар құрылыстар арасында үйлер тұрғызылатын 1,8 мың га (жалпы алаңы 5,27 миллион м2) аумақтарда жүзеге асырылатын болады. Жеке тұрғын үй құрылысының үлесi бүкiл осы кезең iшiнде тұрғын үй құрылысының жалпы көлемiнiң 37% құрайды. Алматының тұрғын үйлер аумақтарын қайта жаңарту мен дамытудың басым бағдарламалары мыналар: аумақтардың пайдаланылуының жоғары интенсивтiлiгiне қоса қаланың құрылымдық бөлiктерiндегi тығыз салынбаған бұрынғы үйлер (магистральдар бойындағы аумақтар, нақ орталық, қалалық тораптар және т.б.) аймақтарын қайта жаңарту, ол жалпы алаңы 0,2 миллион м2 бiр қабатты құрылыстарды бұзуды және оның өтемi ретiнде осы аумақтарда жалпы алаңы 1,47 миллион м2 көп қабатты құрылыстарды жаңадан салуды қамтиды; құрылысы аяқталмаған нысандарды салып бiтiру және бұрыннан қалыптасқан құрылыстар шегiнде қалалық бос аумақтарда тұрғын үйлер кешендерiн қалыптастыру, сөйтiп 4,2 миллион м2, соның iшiнде өндiрiстiк мақсаттағы аумақтарды қайта ұйымдастыруды ыңғайластыру және бұрыннан бар және қоғамдық үйлер арасында құрылыс салу есебiнен 0,7 миллион м2 үй қорын iске қосу; табиғи-ландшафты сұлбалар мен халық қоныстандырылған аумақтардың түйiскен аймақтарында көлемi 1,02 миллион м2 тұрғын қорына дейiн қалалық және коттедждiк үлгiдегi шағын қабатты тұрғын үйлер салу кешенiн қалыптастыру; тарихи-мәдени тұрғыдан бағалы, XIX ғасырдың және XX ғасырдың басындағы, XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы қала құрылысының үлгiлерi болып табылатын тұрғын үй орамдарын және кешендерiн жаңғырту, қайта жаңарту және көрiктендiру; Алматының дәл орталығындағы тұрғын үй аумақтарын сақтау, үйлер ортасын оңалту мен қалыптастыру; 60-80 жылдары және кейiнгi кездерде жаппай құрылыс салынған аудандардың ықшам аудандарын кезең-кезеңiмен жаңарту, ол қайта жаңартылатын тұрғын үй қорын күрделi жөндеудi, қайта жоспарлауды, үйлерді биiктетудi, ескiрген үй қорларын бұзуды және көркейтiлу кешенiне 1,15 миллион м2 ескi үйлердi бұзуды және жаңадан кешендi жайластырылған 1,41 миллион м2 жалпы алаң көлемiнде жайлы, сейсмикалық жағынан орнықты, биiк (12-16 қабатты) үйлер салуды, сәулеттiк-кеңiстiктiк аяқтауды және қоғамдық аймақтар мен осы аймақтың орталықтары жүйесiн қалыптастыруды қамтиды. Қаланың муниципальдық тұрғын үй қоры қалыптасып жатқан тұрғын үй рыногының маңызды бөлiктерiнiң бiрiне айналады. Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын және оларға теңестiрілген жiктері үшiн муниципальдық үй-жайлар салу, экономикалық тұрғыдан дамыған елдердiң тәжiрибесi бойынша, құрылыстың жалпы көлемiнiң 20-25 пайызын құрауы тиiс. Бұлар - ең арзан және жаппай таралған технологияны қолдану арқылы салынған, заңнамамен кепiлдiк жасалған тұрғын жаймен қамтамасыз етілу деңгейiне бағдарланған пәтерлер болатын көп қабатты үйлер. Жаңа муниципальдық тұрғын үй құрылысының көлемi 2020 жылға дейін салу көзделген пайдалануға берiлетiн баспаналардың жалпы көлемiнiң шамамен 1,9 миллион м2 немесе жылына орта есеппен 90 мың м2 құрайды. Бас жоспарда жаңа әлеуметтiк-экономикалық және қала жағдайларын ескеру арқылы 2020 жылға қарай қызмет көрсетудiң әлеуметтік-кепiлдi минимумында мекемелермен қамтамасыз етiлу және қалалық маңызы бар нысандарды дамытудың нормативтi көрсеткiштерiне жетуiне бағытталған әлеуметтiк саланы дамыту қарастырылады. Сонымен бiрге әлеуметтік салада жаңа құрылыс салу мен қызмет көрсету нысандарын қайта ыңғайластыру есебінен жалпы алаңы 4,77 миллион м2 iске қосу, қаланың қызмет көрсету қорының ауқымын 7,97 миллион м2 жалпы алаңға жеткiзу қарастырылуда. Экономикалық қызмет Алматы қаласы аумағында экономикалық қызметтiң салааралық құрылымын қайта ұйымдастыру, соның iшiнде ғылымның, бiлiмнiң, мәдениеттiң және жоғары технологиялы өнеркәсiптiң рөлiн сақтау, өндiрiстiк, iскерлiк және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, қызмет көрсететiн салаларды, туризмдi және рекреацияны дамытуды ынталандыру, экологиялық жағынан қауiптi және ресурстарды көп қажет ететiн өндiрiстерді тapaту, қайта ұйымдастыру ұсынылады. Материалдық өндiрiс салаларын құрылымсыздандыруды ғылымды қажетсiнетiн және ресурстар үнемдейтiн технологиялардың пайдасына жүзеге асыру ұсынылады. Алматы қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін сақтау болжамында және ғылыми-техникалық, бiлiм, мәдени, әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуеттердi, республикалық және халықаралық маңызы бар рыноктық инфрақұрылымдар институттары тораптарын үдемелi дамыту көзделуде. Экономиканың мемлекеттік және жеке секторларын одан әрі тиімді үйлестіру және олардың өзара іс-әрекеті жоспарлануда. Бас жоспарда өндірістік аумақтарды қайта ұйымдастыру ұсынылады, мұның өзі қаланың даму мүддесі үшін олардың экологиялық қауіпсіздігін арттыру мен осы аумақтардың қала құрылысы әлеуетін аса тиімді пайдалану мақсатын көздейді. Қаланың рекреациялық инфрақұрылымы Туризм қаласының экономикалық қызметiнiң жаңа саласына қызмет көрсетуге арналған рекреациялық инфрақұрылымды дамытудың кешендi қалалық бағдарламасының Алматының тарихи-мәдени мұралары және бiрегей табиғи көрiнiстерi әлеуетiн пайдаланушы және тарихи мұра мен табиғат әлеуетiн сақтаудың, жаңғыртудың және қалпына келтiрудiң қаржы проблемаларын түбегейлi шешуге қабiлетті қала экономикасының жаңа тиiмдi секторын құру мақсаты бар. Бағдарлама жыл сайынғы туристер легiн 253,5 мың адамға, соның iшiнде отандық туристердi - 138,5 мың адамға және шет елдiк туристердi - 115 мың адамға көбейтудi қарастырады, сөйтiп туристiк мекемелерге деген жиынтық орынның қажеттi мөлшерi 24,6 мың орын, олардан отандық ұйымдасқан туризмнiң 14,71 мың орны және шетелдiк туризм лектерiнiң 9,9 мың орны болуын, туристiк тұрғыдан көрсетiлетiн аймақтар мен нысандарды жайластыруды, туризмнiң кешендi инфрақұрылымын жасауды көздейдi, мұның өзi мыналарды қарастырады: "Ұлы Жiбек жолының" Қазақстан Республикасының аумағы және Алматы аймағы бөлiгiнде туризмнiң тораптық кешендi жүйесi ретiнде Алматы қаласының туристiк кешенiн дамыту; Ұлы Жiбек жолының Алматы мемориалдық аймағының туристiк мекемелерiнiң көлемiн 25 мың орынға дейiн, соның iшiнде қаланың қонақ үйлерi тораптарын 5,8 мың орыннан 7,8 мың орынға дейiн жеткiзу белгiленуде; туристерге көрсетiлетiн және олар апарылатын нысандардың осындай аймақтары шегiнде шоғырланған жүргiншiлер маршруттарын бiрiктiретiн қаланың туристiк аймақтарының бiртұтас жүйесiн қалыптастыру, туристiк мекемелердi туристер орналастырылатын, оларға қызмет көрсететiн орындармен қамтамасыз ету, туристiк аймақтарды көлiктік маршруттар жүйесiмен бiрiктiру; туристік көрсетуге және болуға арналған нысандарды дамыту, соның iшiнде демалу және көңiл көтеру нысандарының, спорттық-ойын-сауық және сауықтыру кешендерiнiң адамдарды қабылдау қабiлетiн ұлғайту, халықаралық туристiк орталықты, конгрестер, көрмелер, жәрмеңкелер орталықтарын салу; қонақ үй тораптарын, сауда-тұрмыстық және ақпараттық қызмет көрсету нысандарының тораптарын, туристiк бюролар мен көлiк агенттiктерiн дамыту; әуежайда, темiр жол вокзалдарында туристерге көлiк пен қызмет көрсету жүйесiн, арнаулы көлiктермен қызмет көрсететiн парктер мен кәсiпорындарды және автомобильдердi жалға берудi дамыту, туристiк аймақтардағы автотұрақтардың көлемiн ұлғайту. 3. Алматының қала құрылысын дамытудың мақсаттары Алматының қала құрылысын дамытудың басты мақсаты - қаланы тиянақты дамыту және алматылықтардың қазiргi және болашақ ұрпақтары үшiн тiршiлiк етудiң қолайлы ортасын қалыптастыру. Осы мақсаттарға қол жеткiзу мыналарды сипаттайды: тiршiлiк етудiң экологиялық қауiпсiздiгi және табиғи кешеннiң тұрақтылығы; Қазақстан Республикасының жасыл желекті бақ-қаласын - үлкен және көрiктi қаласын қалыптастыру; қала құрылысы шешiмдерiнiң мәдени сабақтастығы; кеңiстiктiк бiрлiк, эстетикалық айқындылық, қаланың үйлесiмдiлiгi мен ортаға тән әртүрлiлiгi; көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдардың сенiмдiлiгi және қауiпсiздiгi; тұрғын үй проблемасын шешудiң кешендiлiгi, тұрғын үйлер аумақтарын қайта жаңарту мен өркендету және тұрғын үйлер ортасын қалыптастыру; өндiрiстiк аумақтарды пайдаланудың тиiмдiлiгi; қоғамдық орталықтар жүйесiнiң дамытылуы және қол жетiмдiлiгi. Аталған мақсаттарға қол жеткiзу Алматы аумағын қайта ұйымдастыру мен көрiктендiру, салынған құрылыстарды қайта жаңарту, тiршiлiк ететiн ортаның сапалық сипаттамаларын арттыру жолымен жүзеге асырылуға тиiс. Экологиялық талаптар Алматының қала құрылысын дамытуға қойылатын экологиялық талаптарға мыналар жатады: ұдайы экологиялық жайсыздық аймақтарында, ең алдымен қаланың орталық бөлiгiнде, оңтүстiк-шығыс, шығыс және оңтүстiк секторларында тiршiлiк ету ортасын түбегейлi сауықтыру; табиғи кешеннiң қазiргi аумақтарын қолайсыз антропогендiк әсерлерден қорғау, шаруашылық қызметiн жүргiзудiң салдарынан айналымнан шығып қалған шағын өзендердiң арналарын оңалту мен қалпына келтiру, сондай-ақ резервтiк аумақтарда жаңа жасыл желектi алқаптарды қалыптастыру шараларын жүзеге асыру; тiршiлiк ету ортасының жайлылығын, соның iшiнде аумақты көгалдандыру, қаланың тұрғын үйлер және қоғамдық үйлер аймақтарындағы мезоклиматтық, микроклиматтық жағдайларды жақсарту жолымен арттыру. Алматының қала құрылысын дамытуға арналған экологиялық талаптарды орындаудың қажеттi шарттары: тұрғындардың денсаулығына қауiп туғызатын экологиялық қатерлi аймақтарды жою; күштi техногендiк жүктемеге ұшырайтын аумақтарды (рұқсатсыз қоқыс үйiндiлерi төгiлген аумақтарды, үлкен жолдардың бойындағы газды, шулы аймақтарды және т.б.) санациялау, оңалту, қайта ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру; экологиялық қауiптiлiгi басым көздер болып табылатын өндiрiс орындарын тарату; экологиялық таза, қалдықтары аз және қалдықсыз технологияларды, өндiрiстердiң ағынсыз циклын енгiзу, өнеркәсiп, энергетика, қала шаруашылығы нысандарын газды, суды тазарту және шаңсорғыш жабдықтарымен қамтамасыз етудi 100 пайызға жеткiзу; сұйылтылған және қысылған газбен жұмыс iстейтiн автомобильдер санын көбейту есебiнен мотор отынының түрлерiн пайдалану құрылымын өзгерту; ауыз судың сапасы, өндiрiстiк және коммуналдық сарқынды суларды, жердiң үстiңгi қабаттарындағы суларды тазарту стандарттарын сақтауды қамтамасыз ету; толассыз қозғалысқа арналған автомагистральдар салу; жүк көлiктерi мен аралас көлiктердiң қозғалысы басым болатын айналма автомагистральдар салу; өндiрiстiк, тұрмыстық қатты қалдықтарды толығынан қайта ұқсату мен залалсыздандыру. Аумақты қорғау мен қаланың тиянақты дамуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар Аумақты пайдалану сипатына қарай қала құрылысын дамытуды анықтау, атқарымды ұйымдастыру мен саралау барысында, "Сейсмикалық ықшам аудандастыруды ескеру арқылы, Алматы қаласы мен оған iргелес аумақтарда құрылыс салудың ҚР Б 2.2-795 ҚН және "Сейсмикалы аудандардағы құрылыс" В 1.2-4-98 ҚНжЕ нормативтi талаптары негiз ретiнде қабылданды. Алматы қаласының тиянақты атқарымдылығын арттыру және оның халқын табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар ықпалынан қорғау мақсатында жобада мынадай қала құрылысы шаралары қарастырылуда: қала аумағын мейлiнше дәлме-дәлдiкте атқарымдық аймақтарға бөлу; Алматы-1 және Алматы-2 стансаларының темiр жол желiлерi бойында өндiрiстiк аймақтарды қалыптастыру; Рысқұлов, Сүйiмбай және Райымбек даңғылдары бойында көлiктiк-өндiрiстiк аймақтарды қалыптастыру; iрi қоймалық терминалдар мен материалдық-техникалық жабдықтау базаларын халық қоныстанған аймақтардан шығару және Ақсеңгiр ЖЭО-2-нiң темiр жол тармағы бойына орналастыру; халық қоныстанған аймақтарды енi 150-300 метрлiк саялы екпелер тiлкемдерi болатын жоспарлау аудандарына бөлу және өзендердiң жағасын қорғау тiлкемдерiн көгалдандыру, олар төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты көшiру үшiн пайдаланыла алады; көше-жол тораптарын одан әрi дамыта беру мен оның негiзiнде тиянақты атқарымдық жалпы қалалық торапты жасау. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қалпына келтiру талаптары Алматының қала құрылысын дамытудың негiзгi бағыттары қаладағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қалуына келтiрудiң мынадай талаптарын орындауды қамтамасыз етуге тиiс: қаланың бүкiл тарихи табиғи-ландшафтық, жоспарлау, композициялық, археологиялық және орта негiздерiн, жер бедерiнiң, қалалық және табиғи ландшафттың тарихи келбетiн, көшелердiң, алаңдардың, орамдардың тарихи тораптарын, қала салу ансамбльдерiнiң тарихи жүйесiн, қалалық кеңiстiктi сырттай қабылдаудың басты идеяларын, түйiндерiн және танымдық аймақтарын, мәдениеттiң жылжымайтын ескерткiштерiн, үйлер салудың және көрiктендiрудiң тарихи сипатын қоса алғанда, қала құрылысы және сәулет құралдары арқылы сақтауды, анықтауды және баса көңiл бөлудi қамтамасыз ету; тарихи ерекшелiктерiн неғұрлым толық сақтаған орамдарға және көшелерге "қорық аумақтары" мәртебесiн беру; жылжымайтын мәдениет ескерткiштерiнiң аумақтары және оларды қорғау аймақтары үшiн олардың шекараларын және аталған аумақтар мен аймақтар шегiнде қала құрылысы қызметiн реттейтiн режимдердi анықтайтын құқықтық регламенттердi белгiлеу және оның талаптарын сақтау; тарихи-табиғи ландшафттарды қорғау аймақтары үшiн аталған аймақтар шекарасын анықтайтын құқықтық қала құрылысы регламенттерi мен мұндай ландшафттарды қорғауды және шолғындық тамашалаудың оңтайлы жағдайларын қамтамасыз ететiн осы шекаралар шегiнде қала құрылысын реттеу режимдерiн белгiлеу мен сақтау; жылжымайтын мәдениет ескерткiштерiн жаңғырту мен қалпына келтiру, жылжымайтын мәдениет ескерткiштерiн анықтау, есепке алу, төлқұжаттандыру жөнiндегi жұмыс көлемiн ұлғайту. Табиғи кешен аумақтарын сақтау мен дамытудың негiзгi бағыттары Алматының табиғи кешенi табиғат қорғау, рекреациялық, сауықтыру және ландшафтты қалыптастыру функцияларын басым атқаратын, қаланың табиғи-ландшафттық келбетiн қалыптастыратын өсiмдiк және (немесе) су нысандары басым аумақтардың жиынтығын бейнелейдi. Табиғи кешен аумақтарына мыналар жатады: табиғи аумақтар - орманды және орман-саябақтық алқаптар (Баум бағы), өзендер мен жылғалардың құрылыс салынбаған табиғи алқаптары; көгалдандырылған аумақтар - саябақтар, бақтар, бульварлар және гүлзарлар, бақ-саябақ өнерiнiң және ладшафттық сәулеттiң ескерткiштерi, сондай-ақ тұрғын үйлер орналасқан, қоғамдық өндiрiстiк және коммуналдық мақсаттағы нысандардың көгалдандырылған аумақтары; резервтiк аумақтар - бүлiнген табиғи аумақтарды қалпына келтiру, жаңа көгалдандырылған аумақтарды ұйымдастыру үшiн резервте қалдырылған aумақтаp. Табиғи кешен аумақтарын сақтау мен дамытудың негiзгi бағыттары: Алматы қаласының, қала iргесiндегi аймақтың және Алматы агломерациясының табиғи кешенiнiң тұтастығын сақтауды; әртүрлi иерархиялық деңгейдегi рекреациялық аймақтарды қалыптастыруды; табиғи кешеннiң нақты аумақтарын жобалауды және күтiп-ұстауды экологияландыруды; табиғи кешен аумақтары алаңдары көлемiн 4 мың гектардан 14,2 мың гектарға дейiн ұлғайтуды қарастырады. Аумақты сәулеттiк-жоспарлауды ұйымдастыру Бас жоспарда қаланың iшкi аумақтарын интенсивтi пайдалану арқылы қаланы одан әрi дамытуды қала шегi көлемiнде жүзеге асыруды қарастырылады. Қала бас жоспарлау оci бойындағы - батыс, шығыс, солтүстiк және оңтүстiк бағыттағы бос аумақтарды (тау беткейiн-табиғи кешендi) игеру есебiнен аумақтық дамытылады. Бас жоспарда жаңа тұрғын үй құрылысын көп қабатты, сондай-ақ аз қабатты үйлер салу арқылы жүргiзу көзделуде. Kөп қабатты үйлер құрылысы қалыптасқан дәстүр бойынша батыс бағытта Райымбек даңғылы мен Төле би көшесi аралығындағы аумақтарда, Абай даңғылы бойындағы кең жазықта, оның үстiне қаланың оңтүстiк бөлiгiндегi "Самал" тұрғын үйлер алқабында, қаланың орталық бөлiгiн iшiнара қайта ыңғайластыру есебiнен жүргiзiледi. Қаланың негiзгi магистральдарын қалыптастыру, түрлi деңгейде өтпежолдар, жолайрықтар салу, негiзгi қала құрылысы тораптарын дамыту мақсатында магистральдарда: Сейфуллин, Достық, Райымбек, Абай, Төле би даңғылдары, Жансүгіров, Жандосов, Шемякин, Фурманов көшелерi бойындағы, Солтүстiк жартылай айналмадағы және т.б. шағын қабатты тұрғын үйлер қорын бұзу қарастырылуда. Шағын қабатты үйлер құрылысы солтүстiк-батыс бағытта - Рысқұлов даңғылының солтүстiгiнде, Қарғалы және Боралдай өзендерiнiң аралығындағы аумақтарда, шығыста - Шемякин көшесi және Кiшi Алматы өзенiнiң арасында, "ҚазПАС" тоғанының солтүстiгiне қарай, солтүстiкте - Первомайка мұнай базасы төңiрегiнде, сондай-ақ қоныстық аз қабатты үйлер салынып жатқан аудандарда дамытылады, соңғысында басталған құрылыстарды аяқтау қажет. Қаланың перспективалық жоспарлау құрылымын қалыптастырудың негiзi табиғи-экологиялық және көлiк сұлбасын қалыптастыру болып табылады. Меридиональдық бағытта қала арқылы ағып өтетiн тау өзендерi, саябақтар, гүлзарлар, бульварлар және қаланың "сүзгiсi" болып табылатын басқа да көгалдандырылған аумақтар табиғи-экологиялық негiзгi сұлбаны қалыптастырады. Сыртқы ортаны оның қаладағы бөлiктерiмен жалғастыратын негiзгi табиғи шептердiң (Ақсай, Есентай, Қарғалы, Үлкен және Кiшi Алматы өзендерi және т.б.) бойында көгалдандырылған кең алқаптар жасалады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |