|
|
|
Қазақстан Республикасының Заңы
1-бап. «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 3, 18-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1) 1-бап мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын: «6) Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия - төтенше жағдай енгізу кезеңіне Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылатын арнаулы мемлекеттік басқару органы.»; 2) 11-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын: «2. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайлар Қазақстан Республикасының екі және одан да көп әкімшілік-аумақтық бірліктерінің аумағында туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылады.»; 3) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын: «12-бап. Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары 1. Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері мыналар болып табылады: 1) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөнінде шаралар әзірлеу; 2) төтенше жағдай енгізілген аумақтың қызметін басқару мен қамтамасыз ету жөнінде жедел іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру; 3) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларды уақытша тұруға арналған тұрғын үй-жайларға орналастыруды, оларға қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыру; 4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі қызметін үйлестіру; 5) төтенше жағдай кезеңінде жүргізілетін іс-шаралардың орындалуын бақылау. 2. Негізгі міндеттерін орындау үшін Мемлекеттік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады: 1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлейді; 2) Мемлекеттік комиссияға жүктелген міндеттерді орындау мәселелері бойынша орталық, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарын және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің коменданттарын тыңдайды; 3) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан Мемлекеттік комиссияның қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады және алады; 4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі іс-шараларды орындауын бақылайды; 5) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларды жою мәселелерін шешу үшін талдамалық, сараптау және басқа да қажетті жұмыстарды орындауға тартады; 6) осы Заңның 15, 16-баптарында көрсетілген қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді енгізудің тиімділігін қарайды. Төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайлар толық немесе ішінара жойылған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне қосымша шаралардың, уақытша шектеулердің немесе төтенше жағдайдың толық немесе ішінара күшін жою туралы тиісті ұсыныстар енгізеді.»; 4) мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын: «12-1-бап. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру 1. Мемлекеттік комиссия орталық, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің коменданттарынан құрылады. Мемлекеттік комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді және ол төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларға байланысты болады. Мемлекеттік комиссия төрағадан, мүшелерден және хатшыдан тұрады. Мемлекеттік комиссиянын төрағасы Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді. Мемлекеттік комиссия мүшелерінің және комиссия жұмысын қамтамасыз ету үшін тартылатын мамандардың жұмыс орындары мен негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сақталады. 2. Мемлекеттік комиссияның отырыстарын қажеттілігіне қарай оның төрағасы шақырады, ал оның шешімдері хаттамалармен ресімделеді. Мемлекеттік комиссияның мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады. Отырыстың күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер Мемлекеттік комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі шешімді жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Мемлекеттік комиссия өз құзыретіне сәйкес қабылдайтын шешімдер орталық, жергілікті атқарушы органдардың және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болады. 3. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жарлықтар мен өкімдердің тиісті жобаларын енгізеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министрі өкімдерінің тиісті жобаларын енгізеді.»; 5) 13-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын: «1. Төтенше жағдай енгізілген жергілікті жердің комендатурасы өзінің төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асырады. Жергілікті жердің комендатурасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын комендант және жергілікті жер комендатурасының аппараты құрайды, оның құрамы төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайлар негізге алына отырып айқындалады. Комендант - Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Мемлекеттік комиссия құрылған кезде - Мемлекеттік комиссияның төрағасына бағынады.». 2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы қаңтардың 14-і. № 117-III ҚРЗ
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |