|
|
|
Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы
2006.04.07 № 153-III ҚР Заңымен ратификацияланды
Бұдан әрі Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы, өздерінің халықтары арасындағы тарихи қалыптасқан байланысқа, достық қатынас пен ізгі қарым-қатыс дәстүріне сүйене отырып, Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар арасындағы бауырластық, достық және тату көршілік қатынастарды нығайту екі мемлекет халықтарының түбірлі мүдделеріне жауап береді, халықаралық бейбітшілікті және қауіпсіздікті қолдау ісіне қызмет етеді деп есептей отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки Қорытынды актісінің және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның шеңберінде қабылданған басқа да құжаттардың мақсаттары мен принциптеріне өздерінің адалдықтарын қуаттай отырып, мемлекеттік егемендікті және тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты, шекараларының мызғымастығын өзара құрмет тұту, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, дауларды бейбіт жолмен шешу, адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын қадірлеу, міндеттемелерді, сондай-ақ халықаралық құқықтың басқа да жалпы жұрт таныған нормаларын адал ниетпен орындау принциптері негізінде мемлекетаралық қатынастарды жан-жақты нығайтуға бекем бел байлағандықтарын қуаттай отырып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығын тереңдету, оны одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызу, меншіктің барлық нысанындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тікелей байланыстар орнату қажет деп санай отырып, ХХІ ғасырда саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдени және басқа да салаларда екі жақты ынтымақтастыққа жаңа сапалық сипат беру және оның құқықтық базасын нығайту мақсатында, төмендегілер туралы уағдаласты:
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өздерінің қарым-қатынасын теңдік, өзара сенім білдіру, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде құрады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар мемлекетаралық қарым-қатынаста күш қолданудан немесе күш қолдану қаупін төндіруден тартыну міндеттемесін қуаттайды, екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарапқа қарсы бағытталған әскери одақтарға кірмеуге немесе мемлекеттердің қандай да бір топтарына, сондай-ақ іс-қимылдарына қатыспауға міндеттенеді. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың бірінің пікірі бойынша үшінші мемлекеттердің тарапынан қарулы шабуыл қаупін білдіретіндей ахуал туындаған жағдайда, Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар оны бейбіт жолмен реттеуге ықпал ететін шаралар қабылдау мақсатында екі жақты негізде де, сондай-ақ өздері мүшелері болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберінде де бір-бірімен дереу тиісті консультациялар өткізеді. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өздерінің аумақтарын, коммуникациялар жүйесін және басқа да инфрақұрылымын екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарапқа қарсы қарулы шабуылды немесе өзге де дұшпандық қызметті дайындау немесе жүзеге асыру мақсатында үшінші мемлекеттердің пайдалануына жол бермеуге міндеттенеді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өңірдегі бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында өзара ықпалдасады. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар мемлекетаралық қарым-қатынаста күш қолдануға немесе күш қолдану қаупін төндіруге жол берілмейтіндігін қуаттай отырып, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын таниды. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өздерінің тәуелсіздігіне, егемендігіне, аумақтық тұтастығына қауіп төндіруді болдырмау мәселелерінде бір-біріне жан-жақты қолдау және өзара көмек көрсетеді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастықты және байланыстарды кеңейтеді, өзара мүдделілік білдірілетін мәселелер бойынша өздерінің ұстанымдарын келісіп алу үшін консультациялар өткізеді. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның бітімгершілік рөлін күшейтуге және Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың мүдделерін қозғайтын өңірлік жанжалдарды және өзге де жағдайларды реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыруға жәрдем көрсетеді, қажет болған жағдайда бірлескен немесе келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыру мақсатында осы салалардағы өздерінің ұстанымдарын үйлестіреді. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларының және ең алдымен мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын сақтау мен қамтамасыз ету негізінде өңірлік жанжалдарды реттеуге жәрдем көрсету үшін күш-жігер жұмсайтын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өздерінің аумақтарында тұратын екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың азаматтарына олардың ұлттық тегіне, діни сеніміне немесе өзге де айырмашылықтарына қарамастан өздерінің меншікті азаматтарына берілетіні сияқты дәл сондай негіздерде және дәл сондай көлемде құқықтар мен еркіндіктер береді, бұған Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың азаматтығы тиесілілігіне байланысты жағдайлар қосылмайды. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың аумағында тұратын өздерінің азаматтарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті жеке келісімдер жасасады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар экономикалық ынтымақтастықтың барлық салаларында бір-біріне қатысты анағұрлым қолайлы режимді немесе ұлттық режимді қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдайды және осы ынтымақтастықты жүзеге асыру жөніндегі жағдайларды нашарлатуға бағытталған шараларды қабылдамайтын болады. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарапқа оның құқықтары мен заңды мүдделеріне ықпал етуі мүмкін экономикалық шешімдер туралы алдын ала хабарлайды және екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың экономикалық жағдайын тұрақсыздандыратын шараларды жүзеге асырудан тартынады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ұзақмерзімді перспективаларды ескере отырып және өзара тиімді шарттармен екі жақты сауда-экономикалық қатынастарды, ғылым, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, технология, экология және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы байланыстарды дамытуға және нығайтуға жәрдемдесетін болады. Осы мақсатта Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар екі ел арасында тауарлардың, қызмет көрсетулердің және капиталдың еркін айналымына бірте-бірте көшу үшін қажетті құқықтық, экономикалық, қаржылық және сауда-саттық жағдайларды жасайды. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ынтымақтастықты, бірінші кезекте өнеркәсіп, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, байланыс, телекоммуникация және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтатын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар спутниктік байланысты және телекоммуникацияларды қоса алғанда, осы салалардағы кешендер мен бірыңғай жүйелерді дамытуға жәрдем көрсете отырып, энергетика, көлік, информатика және байланыс жүйелерін басқару саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударатын болады. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасында өндірілетін мұнай мен газды халықаралық рыноктарға жеткізу үшін пайдаланылуы мүмкін сенімді әрі қауіпсіз экспорттық бағыттарды құруды қолдайды және осыған байланысты мұнай-газ көліктік жүйелерінің тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен күш-жігер жұмсауды жалғастыратын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарында автомобильмен, теміржолмен, әуемен, құбыржелісімен және көліктің басқа да түрлерімен жолаушыларды және жүктердің барлық түрлерін тасымалдау мен транзит еркіндігі үшін қолайлы жағдайларды өзара қамтамасыз етуге кепілдік береді және аталған салалардағы ынтымақтастық үшін қолайсыз жағдайлар туғызуға бағытталған шараларды қабылдаудан тартынатын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар экономика, ғылым, техника және мәдени салалардағы тұрақты консультацияларды, ақпарат пен тәжірибе алмасуды көтермелейтін болады, сондай-ақ осы мақсаттарда барлық деңгейлердегі байланыстарды кеңейтуді қолдайды. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар бірлескен қаржылық-өнеркәсіптік топтарды, холдингтік және лизингтік компанияларды құру жөніндегі шараларды жүзеге асыруды орынды деп таниды. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өндірістік, инвестициялық, банктік және коммерциялық салалардағы ұлттық капиталдар ынтымақтастығының озық түрлерін дамытуға жәрдемдесетін болады, өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ұлттық заңнамаларына сәйкес өздерінің аумақтарында екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың жеке және заңды тұлғаларының кәсіпкерлік қызметі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін болады. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өзара инвестицияларды көтермелейді және осындай мақсаттар үшін жасалған келісімдер негізінде инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етеді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өзінің аумағында екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың заңды және жеке тұлғаларының меншік құқығы мен мүлкін қорғауға кепілдік береді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ұлттық қауіпсіздік мәселелері мен әскери салада ынтымақтасатын болады, жекелеген келісімдердің негізінде екі мемлекеттің тиісті ведомстволары арасындағы байланыстарға жәрдемдеседі және әскери-техникалық салада өзара ықпалдасатын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар екі елдің мәдени және білім беру мекемелері арасындағы байланыстарды, сондай-ақ мамандар алмасуды көтермелейді. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өзінің азаматтарының, оның ішінде оқу орындарында, екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптың тілін үйренуіне мүмкіндік береді, мәдениетімен, өнер шығармаларымен, әдебиетімен, баспалық басылымдарымен танысуына жәрдемдеседі. Мәртебелі Уағдаласушы Тарап екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарап мамандарының зерделеуі және зерттеуі үшін мұрағаттық, тарихи құжаттармен танысуына құқық береді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар Әзербайжан Республикасының аумағында тұратын қазақтардың және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын әзербайжандардың ұлттық мәдениеті мен тілін сақтау және дамыту құқығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы саладағы ынтымақтастықты дамытады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар ғарыштық саланы қоса алғанда, жекелеген келісімдердің негізінде ғылым мен техника саласындағы, іргелі зерттеулерді жүзеге асырудағы, бірлескен бағдарламалар мен әзірлемелерді іске асырудағы ынтымақтастықты дамытады, бірлескен ғылыми-өндірістік ұжымдарды құруға және олардың қызметіне жәрдем көрсетеді.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар халықтың денсаулығын сақтау, медицина ғылымы мен тәжірибесін дамыту, оның материалдық-техникалық базасын нығайту ісінде тығыз ынтымақтасады, екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тарап тұрғындарының емделуі және консультациялық көмек алуы үшін өздерінің медициналық мекемелеріне рұқсат беруді және оларды пайдалану құқығын жолға қояды.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар осы саладағы халықаралық шарттарға сәйкес іс-қимыл жасай отырып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдықты маңыз береді. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар қоршаған ортаның ластануын болдырмауды және табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар экологиялық апаттардың және табиғи ортаға, оның ішінде трансшекаралық аспектіде антропогендік ықпал етудің салдарларымен күрес саласында ынтымақтастықты дамытады. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің экологиялық жүйесін қалпына келтіру ісінде күш-жігерін біріктіреді және үйлестіреді, осы саладағы халықаралық және әсіресе өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда өзара ықпалдасатын болады.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар өздерінің заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының арасындағы, оның ішінде қалалардың, облыстардың, аудандардың және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердің арасындағы ынтымақтастықты көтермелейді, екі мемлекеттің азаматтары арасындағы байланыстарға жан-жақты жәрдемдеседі.
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі заттарының, психотроптық және осы тақылеттес заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, қару-жарақ контрабандасына, мәдени құндылықтарды заңсыз саудалауға және оларды шекара арқылы өткізуге, экономикалық және қаржылық қызмет саласындағы қылмыстарға, заңға қайшы қызметпен айналысудың нәтижесінде алынған кірістерге жариялылық сипат беруге, қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күрес саласында ынтымақтасатын болады. Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын негізге ала отырып, азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу жағдайларын болдырмау жөнінде жұмыс жүргізетін болады.
Осы Шарт үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталмаған және Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың қандай да болсын құқықтарына және міндеттемелеріне қандай да бір нысанда ықпал етпейді.
БҰҰ Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Шарт БҰҰ Хатшылығында тіркелуге жатады.
Осы Шарттың ережелерін іске асыру мақсатында Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар қажет болған жағдайда жекелеген келісімдер жасасатын болады.
Осы Шарттың ережелерін іске асыру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар келіссөздер және консультациялар арқылы шешетін болады.
Өзара келісім бойынша Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар осы Шартқа толықтырулар мен өзгерістер енгізуі мүмкін, олар осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Шарттың 26-бабына сәйкес күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы қарым-қатынаста осы Шарт күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Қарым-қатынастардың негіздері туралы 1996 жылғы 16 қыркүйектегі шарт өзінің күшін жояды.
Осы Шарт бекітілуге жатады және бекіту грамоталарын алмасқан күннен бастап күшіне енеді. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Шарт Мәртебелі Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Мәртебелі Уағдаласушы Тараптан оның шарт қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өтісімен өзінің қолданысын тоқтатады.
Баку қаласында 2005 жылғы 24 мамырда әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіру мақсатында Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |