|
|
|
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 533 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 1240 қаулысымен Бекітілген
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін жайластыруға және оларды техникамен жарақтандыруға қойылатын осы үлгі талаптар (бұдан әрі - Үлгі талаптар) транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуға, халықаралық қатынас жолдарын кеңейтуге, жаңғыртуға, қайта құруға байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің (бұдан әрі - өткізу пункті) құрылысын салу (қайта құру) және жайластыру кезінде есепке алу үшін арналған.
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті деп шекара арқылы адамдардың, көлік құралдарының, жүктердің және өзге мүліктердің шекаралық, кедендік және өзге де бақылау мен өткізу түрлері жүзеге асырылатын көп жақты немесе екіжақты қатынастар үшін ашылған темір жол және автомобиль станциясының, теңіз және өзен кемежайларының, әуежайлар мен әуе айлақтарының аумағы немесе аумақтың бөлігі танылады. Өткізу пункттері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік, теңіз, кеме қатынасы қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін бірыңғай кешен ретінде құрылысын салуға (қайта құруға) жоспарланады. 2. Егер үкіметаралық келісімге сәйкес автомобильдік өткізу пункттерін бірлесіп шекаралас тараптармен құру көзделген жағдайда, бақылау жүргізудің жекелеген түрлері мен нысандары тараптардың құзыретті органдарының келісімі бойынша белгіленеді. Мұндай бірлескен өткізу пункттерінің жобалары екі тараптың құзыретті органдарының өзара келісулеріне жатады.
2. Өткізу пункттерінің ғимараттары мен имараттарына қойылатын талаптар
3. Өткізу пункттерінің ғимараттары мен имараттары (әуежайлардың, теңіз кемежайларының және темір жол станцияларының өткізу пункттері үшін бөлінген қызметтік үй-жайлары) жүргізілетін бақылаудың сипатына және жолаушылар мен көлік құралдарының құжаттарын ресімдеу бойынша өткізілетін операцияларға жауап беруге және мемлекеттік шекарадан өтетін адамдар мен бақылаушы органдар қызметкерлері үшін жағдайларды қамтамасыз етуі тиіс. 4. Ғимараттар мен имараттарды жобалау әрбір өткізу пункті үшін мыналар негізге алына отырып жүзеге асырылуға тиіс: оның жұмысының санаты мен режимі; көлік құралдары қозғалысының қарқындылығы; жолаушылар ағымының, оның ішінде жаяу жүргінші қозғалысының қарқындылығы; қозғалыс сипаты (транзит, көпжақты, екіжақты); транзиттік немесе екі жақты қозғалыс кезінде тиісінше визалық немесе визасыз режимде осы қатынас түрі көлік құралының бір бірлігін ресімдеу уақыты; көлік ағыны мен адамдардың кіруін және шығуын бөлу бойынша, көлік құралдарының түрлері бойынша (жеңіл, жүк, автобустар, жаяу бағыттағы), өткізу пунктінде режим сақтау, көлік құралдарын тексеру аумақтары мен орындарын қоршау және жарықтандыру бойынша шекара қызметтерінің арнайы талаптары. 5. Өткізу пункттері жолаушыларға қозғалыстың екі бағытында бір уақытта қызмет көрсету жағдайын қамтамасыз ететіндей жобаланады, онда: қозғалыстың екі бағытында жолаушыларды ресімдеу үшін оқшауланған «кіру» (келу, қону), «шығу» (кету, ұшу) залдары; аса маңызды тұлғаларға қызмет көрсету залдары (VІР) және бизнес-зал (СІР) (тек авиациялық және теңіз өткізу пункттері үшін); транзиттік (трансферлік) бағыттағы жолаушылар үшін күту залдары (үй-жайлары); Қазақстан Республикасына келуіне бас тартылған адамдарды, ұсталған адамдарды уақытша орналастыру үшін санитарлық-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген оқшауланған үй-жайлар; арнайы қызметтік жануарларды ұстау үшін үй-жайлар болуы көзделеді. 6. Өткізу пункттерінің екі функциональдық бөлімі бар: барлық бақылау түрлері тікелей жүзеге асырылатын қызметтік бөлім; бақылау органдары бөлімшелерін орналастыру және олардың қызметтік іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін қызмет ететін әкімшілік бөлім. Екі бөлім де бір-бірінен бөлінуі және дербес пайдаланылуы тиіс. 7. Өткізу пунктінің әкімшілік ғимараты бірнеше қабатты болған жағдайда, шетелге қатынайтын жолаушыларды ресімдеу үшін залдары бар қызметтік бөлім көлік алаңы (көлік құралдарынан шығатын жер) деңгейіне жақын қабатта орналасуы тиіс. 8. Қызметтік бөлім кіруге және шығуға арналған қозғалыс бағыты бойынша екі бөлімге бөлінеді және жолаушыларды ресімдеуге немесе қызмет көрсетуге байланысты барлық үй-жайларды қамтиды. Әрбір бөлімде: жолаушылар үшін бақылау кезеңінде уақытша болуға (отыруға арналған орындар, дәретхана бөлмелері) санитарлық-тұрмыстық жағдайлары бар залдар; паспорттық бақылау кабинасы (паспорттарды тексеруге арналған орындар); қажетті құжаттамаларды толтыруға арналған тұрынтағы бар кедендік бақылау аймағы; жолаушыларды жеке тексеруден өткізуге арналған үй-жайлар (шекаралық және кедендік бақылау органдарымен бірлесіп пайдалану үшін); Сыртқы істер министрлігінің консулдық пункттерін орналастыруға арналған үй-жайлар; басқа да бақылау түрлерін өткізу орындары көзделеді. 9. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде шекарадан өтуші адамдарға ыңғайлы болу үшін шекаралық, кедендік режим аймағынан тыс қосымша: валюта айырбастау пункті; дәмхана (буфет); әртүрлі туристік, көліктік және басқа ұйымдардың кеңселері; почта бөлімшелері, сөйлесу пункті; изоляторы бар медициналық пункт орналастырылуы мүмкін. 10. Жолаушылар ағыны қарқынды өткізу пункттерінде жолаушылар мен бақылау органдарының қызметкерлері үшін кіретін жер оқшауландырылуы мүмкін.
3. Өткізу пункттерін техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптар
11. Өткізу пункттерінде мынадай жүйелер құрылады: паспорттық бақылау; көлік құралдарын тексеру; жүктерді және қол жүктерді тексеру; радиациялық бақылау; қаруды табу; телефон, радио және өзге де байланыс; телевизиялық (бейне) қадағалау; өрт-күзет дабылы. Автомобильдік өткізу пункттері көлік құралдарының салмағын және габариттік параметрлерін өлшеу үшін орнықты бақылау-өлшеу жабдығымен, бағдарламалық қамтамасыз етумен және дезинфекциялық тосқауылдармен қосымша жарақталады. 12. Паспорттық бақылау жүйесі «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесіне біріктірілген құжаттарды, құжаттардың түпнұсқалылығын бақылайтын приборларды, көмекші жабдықтарды (дактилоскопиялық сканерлер, спектральды люминесцентті лупалар), арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді тексеру жөніндегі техникалық құралдар негізінде құрылады. Осы жүйені құру кезінде паспорттарды және шетелдік бағыттағы басқа құжаттарды, оның ішінде биометриялық параметрлері бар (құжаттың магнитті жолағынан ақпаратты оқу, саусақ ізі, көздің түсті қабығы, құжат иесінің бетін бейнелеу бойынша сәйкестендіру құрылғылары) автоматты өңдеуге арналған приборларды, аппаратураларды түрлендіру мүмкіндігі көзделеді. Шекара маңындағы аудан тұрғындарының белсенді қатынасы (тек автомобильдік) жүзеге асырылатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі паспортты бақылау жүйесін құру барысында Қазақстан Республикасы азаматтарын және шектес мемлекеттердің азаматтарын өткізу кезінде жеңілдетілген бақылауды енгізу мүмкіндігін ескерген жөн. 13. Шетел бағытындағы жолаушылардың жүктерін және қол жүктерін тексеруді кеден қызметкерлері рентгеноскопиялық және басқа аппаратураларды пайдалана отырып, жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеруді шекаралық наряд құрамына кіретін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері, сондай-ақ әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жүзеге асыруы мүмкін. Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеру үшін Қазақстан Республикасына (нан) әкелуге (әкетуге) тыйым салынатын заттар мен материалдарды табуға мүмкіндік беретін озық технологияларды пайдалану жұмыстары негізінде әртүрлі түрлендірілген приборлар пайдаланылады. 14. Радиациялық бақылау жүйесі аз мөлшерде иондайтын сәулелену көздерін табуға, радиацияның табиғи аясы деңгейінің артуын салыстыруға және анықталған көздерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін стационарлық аппаратуралар немесе тасымалданатын жабдықтар базасында құрылады. 15. Қаруды табу жүйесі стационарлық металл іздеу және рентгеноскопиялық қондырғылар базасында құрылады және шекаралық және кедендік органдармен бірлесіп пайдаланылады. Авиациялық өткізу пункттерінде осы жүйені авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері де қолданады. 16. Радиобайланыстың ультрақысқа толқынды жүйесі стационарлық және тасымалданатын радиостансалар базасында құрылады. 17. Ішкі телефон байланысының жүйесі елу абонентке дейін (паспорттық бақылау кабиналарының, көлік құралдары бақылау павильондарының, қызметтік үй-жайларының санына байланысты) сыйымдылығы бар директорлық байланыс коммутаторларының автоматтандырылған телефон станциялары базасында құрылады. Шекаралық бақылау бөлімшелерінің қызметтік үй-жайларында қалааралық байланысқа шыға отырып телефондардың қажетті санын орнату мүмкіндігі көзделеді. Шекаралық бақылау және кедендік органдардың бөлімшелері үшін осы ведомствоаралық және ведомстволық автоматтандырылған жүйелерді беруді қамтамасыз ететін аппараттарды орнату көзделеді. 18. Телевизиялық (бейне) қадағалау жүйесі әртүрлі үлгідегі өнеркәсіптік телевизиялық қондырғыларды қолданылып, құрылады. Телекамералар жүйесі автокөлікті тексеру алаңдарындағы ғимаратта орналасады, сондай-ақ өткізу пункті аумағының периметрі бойынша, бұл ретте олардың бір бөлігі ашық немесе жасырын орналастырылады. Осы жүйе шекаралық бақылау және кедендік органдар бөлімшелерінің пайдалануына арналған. 19. Күзет сигнализациясының жүйесі күзет сигнализациясы датчиктерінің қажетті санын оларға қосуға мүмкіндік беретін стационарлық аппаратураны қолдана отырып, жабдықталады. 20. Өрт сигнализациясының жүйесі өткізу пункттерінің барлық үй-жайларында орнатылған түтіндік, температуралық датчиктерді пайдалана отырып құрылады. 21. Үй-жайға енуге рұқсат ету жүйесі магниттік (электрондық) санағышты пайдалана отырып, құрылады. Авиациялық өткізу пункттерінде авиациялық қауіпсіздік қызметінің бөлімшелері осы рұқсат беру жүйесінің әкімшісі болып табылады, қалғандарында - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелері.
4. Бақылау органдарының қызметтік үй-жайларына қойылатын талаптар
22. Әкімшілік сектор мемлекеттік шекара арқылы өткізуге қатысатын бақылау органдарының қажеттілігінен бас ғимаратта жобаланатын мынадай үй-жайларды көздейді: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бақылау-өткізу пункті бастығының кабинеті; шекаралық бақылау бөлімшелері офицерлерінің кеңсесі; кеден бастығының кабинетімен қоса кеден қызметінің кеңсесі; кеденнің қызметтік үй-жайлары; ресми кездесуге арналған зал; оқу-жаттығу үй-жайлары; санитарлық-карантиндік пункттің, көліктік, ветеринарлық, фитосанитарлық, бақылау постылары қызметкерлерінің арнайы үй-жайлары және кабинеттері; санитарлық-карантиндік пункттердің, ветеринарлық, фитосанитарлық бақылау зертханалары және изоляторлары; қару сақтау бөлмесін, серверлік, байланыс тораптарын орналастыруға арналған үй-жайлар; демалуға арналған үй-жайлар; санитарлық тораптар; тұрмыстық үй-жайлар. 23. Әрбір қызметтер үшін үй-жайлардың саны, олардың алаңы және арнайы талаптардың болуы тиісті мемлекеттік органдармен жобалау кезеңінде келісіледі.
5. Тексеру алаңдарына қойылатын талаптар
24. Авиациялық, теңіз және темір жол өткізу пункттерінде шетелге қатынайтын көлік құралдарының тұрақ орны осы өткізу пункттерінде бақылауды жүзеге асыратын шекаралық бақылау және кеден органдарының бөлімшелерімен келісім бойынша, тиісті көлік ұйымдары басшыларының бұйрықтарымен белгіленеді. 25. Шетелге қатынайтын көлік құралдарын ресімдеу орындарына бөгде адамдардың енуін болдырмау мақсатында тұрақ орны қоршаумен және жарықпен жабдықталады. Бұл ретте тексеру алаңдарында, кіру және шығу, жүкті қайта тиейтін орындарда және көлік құралдарын тереңдетілген тексеру павильондарында барынша қарқынды жарық түсіру көзделеді. 26. Автомобильдік өткізу пункттерінің аумағы адамдардың енуіне рұқсат етудің айрықша ережелері орнатылған режимдік аймаққа толығымен қосылуы мүмкін. 27. Автокөлікке арналған тексеру алаңдары барлық бақылау түрлерін тікелей қозғалыс жолақтарында жүзеге асыруға, ал арнайы бақылауды жүргізу қажет болған кезде көлік құралдарының жалпы лектен шығу мүмкіндіктері қамтамасыз етілетіндей болып, орналасуы тиіс. 28. Қозғалыс қарқындылығына негізделе отырып, автокөлікті ресімдеу алаңы автокөліктің бір немесе бірнеше түріне қызмет көрсетуге арналған бақылау секцияларының қажетті саны болуы тиіс. Әрбір бақылау секциясы екі тарап бойынша қозғалыстың екі бақылау жолағы бар бір бағыттаушы шағын аралдан тұрады. Бағыттаушы шағын аралда шекаралық, кедендік қызметтердің және басқа да бақылау органдарының арнайы бақылау павильондары орналасады. 29. Бағыттаушы шағын аралдың ені 3 метрден кем болмауы тиіс. Олар қозғалыстың бақылау жолақтарының барлық ұзындығы бойынша олардан бөлектеніп көрінетін жиектастың биіктігі кемінде 0,12-0,15 метр тротуарлар түрінде ресімделуі тиіс. 30. Қозғалыстың бақылау жолақтарының ені автокөлік түрлеріне негізделе отырып, оларға арналған қозғалыс үшін мынадай болып белгіленеді: жеңіл машиналар - 3-3,5 м; жүк машиналары және автобустар 3,5 м. 31. Габаритті емес және арнайы жүктерді тасымалдауды ескере отырып, әрбір бағыт үшін ені 4,5 м болатын қозғалыстың шеткі жолақтарын орындау қажет. 32. Бақылау секциялары мен қозғалыс жолақтарының саны болжанған қозғалысқа қарай анықталады. 33. Бақылау павильондары автокөліктерге бір уақытта бақылау жүргізуді қамтамасыз ету үшін бағыттаушы шағын аралдардың екі жағы бойынша орналастырылады. Онда бақылау органдардың қызметкерлері үшін оқшауланған үй-жайлар көзделеді. 34. Автокөлікті ресімдеу алаңдары атмосфералық жауын-шашындардан қорғауға арналған қалқалармен жабдықталады. Габариттік емес жүктерді өткізуді қамтамасыз ету үшін қозғалыстың шеткі жолағын ашық қалдыру қажет. 35. Көлік құралдарын терең (толық) тексеруді өткізу үшін қозғалыстың әр бағытында осы көлік құралдарын жалпы лектен шығару және басқа көлік құралдарына қарамастан оларды бақылаудан өткізу үшін жағдайды қамтамасыз етуге тиісті арнайы ангарлар, павильондарды жабдықтау көзделеді. Онда мыналар көзделеді: жеңіл, жүк машиналарына арналған бокстар, тексеру үшін жабдықталған көтергіштер және басқа да құралдар; бақылаушы органдар қызметкерлеріне арналған үй-жайлар; тәркіленген заттар қоймасы. 36. Тексеру алаңына кіреберіс алдында таразы жабдықтарымен және габариттерді өлшеуге арналған басқа да құрылғылармен жарақтандырылған көліктерді бақылау посты жабдықталады. 37. Өткізу пункттеріндегі жол коммуникациялық жүйесі өткізу пункттерінің даму перспективасын және көлік құралдарының шоғырланар уақытында барынша көп санын өткізуді қамтамасыз ете отырып, көлік құралдарының қозғалу бағытын өзгерту мүмкіндігін де ескере отырып құрылады. 38. Жүру бөлігінің жеткілікті ені болуы және өткізу пункттері аумағына кіреберіске дейінгі көлік құралдарын қайта қою жағдайын қамтамасыз етуі тиіс. 39. Қажет болған жағдайда, тауарлар тек өткізу пункттеріне дейін жеткізілген қажетті жағдайда, тексеру алаңына тікелей жақындықта, оларға қабыстырылып, жүк түсіруге арналған рампалармен, көтеру тетіктерімен, қоймалармен жабдықталуы тиіс қайта тиеу терминалдары құрылады. Алаңдар мен оларға кіретін жерлер негізгі қозғалысқа кедергі келтірмеуі тиіс. 40. Өткізу пункттерінің ауданында көлбеу таңбалауды, жолдың тік белгілерін, бағдаршамдарды және басқа да сілтемелерді пайдалану жолымен қозғалысты тиімді басқару қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері мемлекеттік нышандармен жабдықталады. 41. Қызмет көрсету объектілерінен өткізу пунктінің кешені құрамына қозғалыстың халықаралық сипатына байланыстылары және пайдаланылуы көп уақыт алмайтындар және барлық бақылау түрлерін өткізуге қиындық келтірмейтіндері ғана қамтылады. 42. Қызмет көрсету объектілері (мейрамханалар, қонақ үйлер, автожанармай құю станциялары, техникалық қызмет көрсету стансалары, техникалық көмек көрсету пункттері) мүдделі мемлекеттік органдардың келісімі бойынша өткізу пунктінен жеткілікті қашықтықта дербес оқшауланған қызмет көрсету аймағында салынады. Қызмет көрсету объектілерін өткізу пунктінен шекара сызығына дейінгі жол учаскілерінде орналастыруға жол берілмейді. 43. Қозғалыс қауіпсіздігін және оны бақылауды қамтамасыз ету мақсатында өткізу пункттерінде шекаралық бақылау бөлімшесі бойынша кезекшінің пультінен іске қосылатын арнайы тосқауыл, кедергілер мен басқа да құрылғылар жүйесі құрылады. Осы жүйе көлік құралының бақылаудың тиісті түрлерінен өтпей өткізу пунктінен тыс рұқсатсыз кетіп қалу мүмкіндігінің жолын кесуге негізделген. Функциональдық мақсатына қарай тосқауылдар сақтандыратын және жұмыс істеу түрінде болып келеді. Сақтандыратын тосқауылдар өткізу пунктінің режимдік аумағына кіру және шығу кезінде қозғалысты тежеу үшін қызмет етеді. Жұмыс бабындағы тосқауылдар көлік құралдарының тексеру алаңдарының бақылау жолақтарындағы қозғалыстарына бақылау жасау үшін қызмет етеді. Олардың өлшемдері мен құрастырмасы жүру бөлігінің еніне немесе ол жабатын жол жолағына сәйкес белгіленеді. Тосқауылдар әкімшілік ғимараты мен шекара қызметінің бақылау павильондарынан дистанциялық басқару құрылғысымен жабдықталуы тиіс.
6. Өткізу пункттерінің орналасуына қойылатын талаптар
44. Әуежайлардағы, теңіз кемежайларындағы және темір жол станцияларындағы өткізу пункттері осы кемежайлардың (станциялардың) тікелей аумақтары шегінде орналасады. Өткізу пункттерінің қызметтік және әкімшілік бөлімдері кемежайдың (станциясының) бірыңғай кешенінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Бақылаушы органдардың осындай өткізу пункттерінде орналасуы кемежайлар (станциялар) шегінен тыс жерлерде жүзеге асырылуы мүмкін. Өткізу пункттерінде шетелге баратын жолаушыларға қызмет көрсетуге байланысты емес Шекара қызметінің және кеден органдарының әкімшілік басқару органдары және қамтамасыз ету бөлімшелерін орналастыруға жол берілмейді. 45. Темір жол өткізу пункттерінің ерекшелігі барлық бақылау түрлерін тікелей көлік құралында оның шекара темір жол станциясында тұратын уақытында да, оның мемлекеттік шекара сызығынан (сызығына) қозғалу уақытында да жүргізу болып табылады. Темір жол өткізу пункттері үшін бақылаудың технологиялық схемалары өткізу пункттері болып жарияланған станцияларда барлық бақылау түрлерін жүргізу үшін қажетті уақытта поезд тұрақтары көзделетін қозғалыс кестесін ескере отырып, әзірленеді. Темір жол құрамына бақылау жүргізуге бөлінетін уақытты қысқартуға жол берілмейді. 46. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының сызығынан (сызығына) жолаушылар поезының қозғалысы барысында бақылау жүргізу кезінде режимді қамтамасыз ету поездардың қызмет көрсететін қызметкеріне жүктеледі, бұл ретте өткізу пункті болып табылатын шекара сызығынан теміржол станциясына дейінгі учаскеде поездарды тоқтатуға тек шекара және кеден нарядтарын отырғызу және түсіру үшін рұқсат беріледі. 47. Шекара темір жол станциясында бақылаудың шекаралық және басқа да түрлерін өткізу кезінде өткізу пунктеріне қойылатын талаптар (режимдік аумақты оқшаулау, шекаралық, кедендік және басқа да бақылау түрлерін, жүргізу орындарын жарықтандыру, өткізу режимі) сақталуы тиіс. 48. Автокөлік өткізу пункттерінің орналасқан жері қолданыстағы жол желісіне негізделе отырып белгіленеді. Жол жүрудің өзгеруіне (жол трассасының ауысуымен) байланысты қайта жөндеу кезінде өткізу пункттерінің орналасқан жері шекаралас жақтың құзыретті органдарымен нақтыланады және келісіледі. 49. Автомобильдік өткізу пункттері мемлекеттік шекараға тікелей жақын салынады. Жердің бедерлік жағдайына байланысты өткізу пункттері мемлекеттік шекараның желісінен қажетті қашықтықта орналасуы мүмкін. 50. Өткізу пункттерінің объектілерін кеңейту және олардың шағын арал етіп орналастырылуы симметриялы болуы ескеріле отырып, мемлекеттік шекара арқылы өтетін өткізу пункттері жол төсемін кеңейту арқылы тікелей жолдарда орналастырылады. Бұл ретте өткізу пункттерінен көлік құралдарының айналып өтуін болдырмау үшін жағдай жасалады. 51. Қызметтік аумақтың мөлшерлері өткізу пунктінің санатына және жергілікті жердің бедерлік жағдайына байланысты белгіленеді және перспективада инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етуі тиіс. 52. Өткізу пункттерінің инфрақұрылымы және олардың аумақтық құрылғысы мыналарды қамтамасыз етуі тиіс: адамдарды және көлік құралдарын өткізу бойынша бақылау операцияларын бір-біріне тәуелсіз, қозғалыстың екі бағытында (кіру және шығу) бөлек өткізуді; арнайы (тереңдетілген) шекаралық, кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында жолаушылар мен көлік құралдарының негізгі легіне кедергі жасамай, адамдарды және жекелеген көлік құралдарын жалпы лектен шығару мүмкіндігін; шекаралық және кедендік бақылаудан жеке және тәуелсіз қосымша бақылау операцияларын (таразы жүктемесін бақылау, санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық) өткізуді; өткізу пунктінде режим және шетелге қатынайтын адамдарға қызмет көрсетуге байланысты емес сервистік қызметтерді өткізу пункттерінің аумағынан тыс орналастыру талаптарын орындауды. 53. Жоғарыда аталған талаптар жобалау және құрылысты салу кезеңінде мынадай жолмен іске асырылады: лектерді кіретін және шығатын жолаушылар мен көлік құралдары үшін дербес қызмет көрсету аймақтарына бөлу; көлік құралдарын бірыңғай тоқтатуға жағдай жасау және көліктің тұру уақытын қысқарту бойынша талаптарды сақтай отырып, шекаралық және кедендік бақылау аймақтарын құру; арнайы (тереңдетілген) шекаралық және кедендік бақылау өткізу туралы шешім қабылданған жекелеген жолаушылар мен автокөлікке қатысты, оларды жалпы лектен шығару мүмкіндігін қамтамасыз ету; басқа бақылау түрлерін жүргізу үшін аймақтарды құру. 54. Өткізу пунктінде үй-жайлар мен ғимараттар орындарын белгілеу мынадай қағидаттарға негізделеді: бақылау органдары ойға қонымды штаттарының жеткіліктілігін және мемлекеттің қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуде бақылаудың жоғары дәрежелі сенімділігін қамтамасыз ету; автокөлік легінен тәуелсіз жолаушыларды бақылауды бөлу және өткізу; бақылаудың техникалық құралдарын тиімді пайдалану және барлық бақылау түрлерін рәсімдеуде жаңа технологияларды енгізу.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |