|
|
|
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 18 маусымдағы № 457 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 ақпандағы № 148 қаулысымен бекітілген
Темір жол көлігінде өрт салдарларын жою (2008.18.11. берілген өзгерістермен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Темір жол көлігінде өрт салдарларын жою ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының темір жол көлігінде өртті сөндіру және өрт салдарларын жою кезіндегі өрт сөндіру-тактикалық жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін белгілейді. 2. Ереже Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі және «Өрт қауіпсіздігі туралы» 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңдарына сәйкес әзірленген. 3. Қазақстан Республикасының темір жол көлігінде өрт салдарларын жою үшін Қазақстан Республикасының темір жол көлігінде салалық өртке қарсы қызмет (бұдан әрі - ТЖ СӨҚҚ) құрылады. 4. ТЖ СӨҚҚ өз қызметінде «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады. 5. Осы Ереже меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан Қазақстан Республикасы темір жол көлігінің барлық ұйымдары және қызметкерлері жұмыста басшылыққа алуы үшін әзірленген. 6. Темір жол көлігінің ұйымдары қызметкерлерінің осы Ережені білуі және орындауы үшін жауапкершілік темір жол көлігі ұйымдарының басшыларына жүктеледі. 7. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады: өрт сөндіру - адамдарды, мүлікті құтқаруға және өртті жоюға бағытталған жауынгерлік іс-қимылдар. Өрт сөндіру өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің негізгі функцияларының бірі болып табылады; жауынгерлік іс-қимылдар - негізгі жауынгерлік міндетті орындау үшін өртке қарсы қызметтің күштері мен құралдарын ұйымдастырылған түрде қолдану; негізгі жауынгерлік міндет - өртке қарсы қызметтің өртті сөндіруге тартылған күштері мен құралдарының мүмкіндіктерімен белгіленетін мерзімдер мен мөлшерлерде өртті оқшаулауға және жоюға қол жеткізу; өртті оқшаулау - қолда бар күштермен және құралдармен адамдарға (жануарларға) қауіп-қатер болмайтын немесе жойылған, өрттің тарауы тоқтатылған және оны жоюға жағдай жасалған өрт сөндіру сатысы; өртті жою - жануы тоқтатылған және оның өздігінен туындауы үшін жағдай жойылған өрт сөндіру сатысы; шешуші бағыт - өртке қарсы қызметтің күштері мен құралдарын пайдалану негізгі жауынгерлік міндетті шешудің ең жақсы жағдайын қамтамасыз ететін жауынгерлік іс-қимылдар бағыты; өртте адамдарды құтқару - қауіпті факторлардың әсер ету ықтималдығы бар өрт аймағын өздігінен тастап кете алмайтын адамдарды құтқару жөніндегі іс-қимылдар.
2. Бөлімшелерді хабардар ету, өрт орнына шақыру және жөнелту
8. ТЖ СӨҚҚ бөлімшелерінің құрамына: 1) темір жол көлігі объектілерінде өртті сөндіру және өрт салдарларын жоюға; 2) шарт негізінде бөгде ұйымдардың объектілерінде және жылжымалы құрамында өрт сөндіру жөніндегі жұмыстарды және қызметтерді орындауға арналған темір жол көлігіндегі өрт сөндіру поездары кіреді. Өрт сөндіру поезын мақсатқа сәйкес емес жұмыстарды орындау үшін тартуға жол берілмейді. ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 9. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет бөлімшелері мен авариялық-құтқару құралымдарын және басқа да ұйымдарын шақыру тәртібін темір жол көлігінің ұйымдары, жол бөлімшелері шегінде ТЖ СӨҚҚ бөлімшелері әзірлейді, мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің тиісті ұйымдарымен және аумақтық органдарымен келісіледі. Темір жол көлігінің барлық ұйымдарында осы Ереже болуы қажет. 10. Өртті байқаған немесе ол жөнінде хабар алған тұлғалар ТЖ СӨҚҚ бөлімшелерін және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерін (бұдан әрі - ҚР ТЖМ) дереу шақырады. ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 11. Темір жол көлігі объектілерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтарда және арнайы көрсеткіштерде (кестешелерде) өрт болған жағдайда телефон шалуға қажетті салалық және аумақтық мемлекеттік өртке қарсы қызметтердің телефон нөмірлері көрсетіледі. 12. Өрт туралы хабар келіп түскен кезде ұйымның кезекші персоналы ақпаратты нақтылайды және ұйым басшысы бекіткен хабардар ету схемасымен белгіленген ұйымның бөлімшесін өрт орнына жібереді. 13. Өрт орнындағы жұмыс басшыларының іс-қимылы Қазақстан Республикасының Өртке қарсы қызметінің жауынгерлік жарғысымен айқындалады. 14. Өрт сөндіру және басқа да бөлімшелерінің өрт орнына шақырылуы, жөнелтілуі және жылжуы ең қысқа мерзім ішінде қамтамасыз етіледі және темір жол көлігі ұйымы белгілеген тәртіппен айқындалады. 15. Өртті сөндіру және салдарын жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру үшін өрт болған ұйымдардың жанынан штаб ұйымдастырылады. Штабты жұмыспен қамтамасыз ету темір жол көлігі ұйымының бірінші басшысына жүктеледі. 16. Бөлімшелердің өртті сөндіру және салдарын жою жөніндегі жұмыс орнындағы үздіксіз жұмысын ұйымдастыру үшін ұйымдар басшылары байланыспен, көлік құралдарымен және басқа да қажетті материалдармен қамтамасыз етеді. 17. Өрт орнына өрт сөндірушілер және ұйымдар бөлімшелерінің уақтылы жөнелтілуі, кедергісіз жылжуына темір жол көлігі ұйымдарының басшылары жауап береді. 18. Өрт сөндіру бөлімшелері жөнелтілген, жылжыған сәттен бастап және орналасқан орнына оралуына дейінгі барлық жылжуы темір жол көлігінің ұйымдары белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Өрт салдарларын жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру
19. Өрт салдарларын жою бойынша алғашқы кезектегі іс-қимылдар темір жол көлігі ұйымының басшысы бекіткен өрт сөндіру және аумақтық авариялық-құтқару қызметінің күші мен құралдарын тарту жоспарына (бұдан әрі - Жоспар) сәйкес ұйымдастырылады. Бірінші кезектегі іс-қимылдар кезінде қажет болған жағдайда қауіпті аймақтан тұрғындардың уақытша көшірілуі, ұйымдардың қажетті материалдық-техникалық ресурстары жұмылдырылуы мүмкін, онда авария, апат болған объектінің жұмысы тоқтатылады, ұйымдарда жұмыс режимі өзгертіледі, адамдар мен жүктердің жылжуына шектеу (карантин) қойылады, мүмкіндігінше құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады, қоғамдық тәртіп пен объектілерді күзету қамтамасыз етіледі. 20. Қауіпті аймақ шекарасын заңнамада белгіленген тәртіппен өрт салдарларын жою және штаб жұмысының басшылары белгілейді. 21. Ұйымдар қорғау іс-шараларын, құтқару, авариялық-қалпына келтіру және өндірістік әрі әлеуметтік мақсаттағы объектілердегі және бекітілген Жоспарға сәйкес оларға жақын орналасқан аумақтарда төтенше жағдайларды жою жөніндегі басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізеді. 22. Ұйымдар өртті сөндіргеннен кейін өрт салдарларын жоюға, поездардың қозғалысын қалпына келтіруге, өндірістің (электр энергиясы мен байланысты, темір жол және энергиямен жабдықтау, байланыс құрылғыларын жөндеуді қамтамасыз ету) тоқтап қалған технологиялық процесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады. 23. Өрт салдарларын жою кезінде пайдаланылған, қауіпті жүктерге байланысты темір жолдың жылжымалы құрамы, өрт сөндіру және көмекші техника, өрт сөндіру-техникалық жабдықтар мен керек-жарақтар жұмыс аяқталған соң жууға және залалсыздандыруға жатады. 24. Өртті сөндіру және салдарларын жою кезінде қажет болған жағдайда медициналық көмек қызметі қолданысқа енгізіледі. 25. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметкерлері залалсыздандыру бойынша жұмыстарды жүргізгеннен кейін, олардың жүргізілу тиімділігі үшін зертханалық бақылау ұйымдастырады, қажет болған жағдайда қайта залалсыздандыруға жібереді. 26. Өрт салдарларын жойғаннан кейін өрт сөндіру поездары мен тартылған техникалар цистерналарға су құюға жіберіледі, олардың техникалық жай-күйі тексеріледі және орналасу орнына қойылады. 27. Ұйымдардың басшылары өрттің туындауы және салдарын жою кезінде әскери емес құралымдардың құрамындағы қызметкерлердің қорғану әдістері мен іс-қимылдарын оқып-үйренуін ұйымдастырады. 28. Өрт оқиғалары Қазақстан Республикасының темір жол саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіпке сәйкес темір жол көлігі ұйымдарында тексеріледі және қаралады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |