|
|
|
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 30 маусымдағы № 656 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 114-ІV ҚР Заңы қабылданды
Осы Заң өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға (отбасыларға) арналған әлеуметтік қызметтер көрсету саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) ақылы арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі - тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемінің үстіне ақылы негізде ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің көлемі; 2) әлеуметтік бейімсіздену - жеке адамның мінез-құлқының және оның әлеуметтік ортамен өзара әрекет етуінің бұзылуы, нормалар мен құндылықтарды игеруге қабілетсіздігі; 3) әлеуметтік депривация - адамның (отбасының) негізгі өмірлік қажеттіліктерін өздігінен қанағаттандыру мүмкіндігінің қысқару және/немесе айрылу процесі; 4) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік стандарттар - халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп бекітілетін әлеуметтік қызметтерге қойылатын талаптарды, көрсету мерзімдері мен көлемін белгілейтін нормативтік құқықтық актілер; 5) әлеуметтік қызмет - жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің өмірлік қиын жағдайда жүрген адамның (отбасының) белгілі бір әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру жөніндегі қызметі; 6) әлеуметтік қызметкер - кәсіби, ортадан кейінгі немесе жоғары білімі бар, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік қызметтердің қажеттілігін бағалауды, айқындауды жүзеге асыру немесе қызметтер көрсету жөніндегі ақысы төленетін лауазыммен заңнамада белгіленген тәртіппен айналысатын жеке тұлға; 7) әлеуметтік орта - адамның (отбасының) өмір сүру, қалыптасу және қызмет ету жағдайларының материалдық, экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани жиынтығы; 8) жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер - әлеуметтік қызметтердің мемлекеттік немесе мемлекеттік емес секторында жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалар; 9) өмірлік қиын жағдай - адамның тыныс-тіршілігін шынайы бұзатын, ол оны өздігінен еңсере алмайтын ахуал. 2-бап. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады. 3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. 4-бап. Әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері 1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаты: 1) адамның құқықтарын сақтау; 2) әлеуметтік қызметтер көрсетудің адамгершілік, еріктілік, құпиялылық, атаулылық және қол жетімділік; 3) әлеуметтік теңдік және әлеуметтік әділеттілік; 4) мемлекеттік органдардың әлеуметтік қызметтерді көрсететін жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы; 5) әлеуметтік кіріктіру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту қағидаттарына негізделеді. 2. Әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері: 1) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, оны еңсеру үшін жағдай жасау; 2) тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемімен қамтамасыз ету; 3) арнаулы әлеуметтік қызметтердің ақылы көлемін көрсетуді ұйымдастыру; 4) мониторинг және көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын бағалау жүйесін дамыту; 5) әлеуметтік қызметтер жүйесінің дамуын қамтамасыз ету; 6) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; 7) әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
2-тарау. Әлеуметтік қызметтер көрсетудің түрлері мен негіздемелері
5-бап. Әлеуметтік қызметтердің түрлері 1. Өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) көрсетілетін әлеуметтік қызметтер: 1) жалпы әлеуметтік қызметтерге; 2) арнаулы әлеуметтік қызметтерге бөлінеді. 2. Жалпы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайдағы адамға (отбасына) ақпараттық, консультациялық, делдалдық қызметтер түрінде көрсетіледі. Жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін және мемлекеттік секторда жұмыс істейтін субъектілер жалпы әлеуметтік қызметтерді тегін көрсетеді. 3. Арнаулы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайды өздігінен еңсеруге қабілетсіз және мамандардың және/немесе мамандандырылған мекемелердің қызметтеріне мұқтаж адамға (отбасына) көрсетіледі. 4. Жалпы және арнаулы әлеуметтік қызметтерді халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар бірлесіп бекітеді. 5. Тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді тізбесі мен көлемін халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар бірлесіп әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 6-бап. Адам (отбасы) өмірлік қиын жағдайда деп танылуы мүмкін негіздер Адам (отбасы) мынадай негіздер бойынша өмірлік қиын жағдайда деп танылуы мүмкін: 1) баланың жетім болуы; 2) ата-ана қамқорлығының болмауы; 3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девианттық мінез-құлық; 4) үш жасқа дейінгі балалардың бастапқы психо-физикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі; 5) дене және ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты, ағза функцияларының тұрақты бұзылулары; 6) әлеуметтік маңызы бар аурудың және айналасындағыларға қауіптілік тудыратын аурудың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі; 7) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне өзі қызмет көрсетуге қабілетсіздігі; 8) қатігездік көруі; 9) белгілі бір тұрғылықты жерінің болмауы (баспанасыздық); 10) бас бостандығынан айыру орындарынан босау.
3-тарау. Әлеуметтік қызметтер көрсетуді мемлекеттік реттеу
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді; 2) тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді тізбесі мен көлемін бекітеді; 3) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін субъектілердің қызметін лицензиялау ережесін бекітеді, сондай-ақ оларға қойылатын біліктілік талаптарды белгілейді. 4) Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес осы саладағы өзге де функцияларды жүзеге асырады. 8-бап. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде: 1) әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік стандарттарды әзірлейді және бекітеді; 3) мыналарды: арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі ведомстволық есептілікті жүргізуді; халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне талдау жүргізуді; жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін, өз қарамағындағы субъектілерді құруды және олардың қызметін; әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қамтамасыз етеді; 4) мыналарды: жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік қызметтер көрсету саласында қабылдайтын шешімдердің заңдылығын бақылауды; жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіруді; жеке және заңды тұлғалармен, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдармен әлеуметтік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады. 9-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыреті Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде: 1) әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) халықты әлеуметтік қорғау және білім беру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік стандарттарды әзірлейді және бекітеді; 3) мыналарды: халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне талдау жүргізуді; жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін, өз қарамағындағы субъектілерді құруды және олардың қызметін қамтамасыз етеді; 4) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі есепке алу-есеп беру нысандарын бекітеді; 5) мыналарды: жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік қызметтер көрсету саласында қабылдайтын шешімдердің заңдылығын бақылауды; әлеуметтік қызметтерді көрсету саласындағы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіруді; жеке және заңды тұлғалармен, халықты әлеуметтік қорғау және білім беру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады. 10-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті Білім беру саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде: 1) әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік стандарттарды әзірлейді және бекітеді; 3) мыналарды: арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі ведомстволық есептілікті жүргізуді; халықтың білім беру саласындағы әлеуметтік қажеттіліктеріне талдау жүргізуді; жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін, өз қарамағындағы субъектілерді құруды және олардың қызметін; әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қамтамасыз етеді; 4) мыналарды: жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік қызметтер көрсету саласында қабылдайтын шешімдердің заңдылығын бақылауды; жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін субъектілерді ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіруді; әлеуметтік қызметтерді көрсету саласындағы білім беру ұйымдарының қызметін үйлестіруді; жеке және заңды тұлғалармен, халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады. 11-бап. Облыстың, (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), аудандардың, (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының құзыреті 1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде: 1) жекелеген әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) мыналарды: арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялауды; жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің әлеуметтік қызметтер көрсету туралы заңнаманы сақтауын бақылауды; жеке және заңды тұлғалармен, мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдармен әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады. 3) мыналарды: жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін, өз қарамағындағы субъектілерді құруды және олардың қызметін; халыққа тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемін көрсетуді; халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз етеді; 4) жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді кадрмен қамтамасыз етуді және әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырады; 5) әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылдайды; 6) жергілікті атқарушы органдар тегін және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемінен тыс көрсететін тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қосымша көлемін көрсетудің тізбесі мен тәртібін әзірлейді және облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) жергілікті өкілді органдарына бекітуге ұсынады; 7) әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, мемлекеттік емес әлеуметтік қызметтер секторында жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырады. 2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде: 1) әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, өз қарамағындағы субъектілерді құруды және олардың қызметін қамтамасыз етеді; 3) мемлекеттік секторда жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді кадрмен қамтамасыз етуді және әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырады; 4) жергілікті атқарушы органдар кепілді көлемнен тыс көрсететін тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қосымша көлемін көрсетудің тізбесі мен тәртібін әзірлейді және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті өкілді органдарына бекітуге ұсынады; 5) әлеуметтік қажеттіліктерге талдау жүргізуді қамтамасыз етеді; 6) әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады және мемлекеттік емес секторда жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырады; 7) әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылдайды; 8) жеке және заңды тұлғалармен, мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдармен әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
4-тарау. Өмірлік қиын жағдайдағы адамға (отбасына) әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру
12-бап. Өмірлік қиын жағдайдағы адамның (отбасының) құқықтары мен міндеттері 1. Өмірлік қиын жағдайдағы адамның (отбасының): 1) өзінің құқықтары, міндеттері мен әлеуметтік қызметтерді көрсетудің шарттары туралы ақпарат алуға; 2) әлеуметтік қызметтерге қажеттілігіне бағалау жүргізу мен айқындауға өтініш беруге; 3) әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктерін тексеру, бағалау және айқындау процесіне қатысуға; 4) ақылы негізде жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді таңдауға; 5) әлеуметтік қызметтерді алуға немесе олардан бас тартуға; 6) лауазымды адамдардың немесе жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін өзге де субъектілердің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға және сотқа шағымдануға; 7) лауазымды адамдарға немесе жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін өзге де субъектілерге мәлім болған жеке сипаттағы ақпараттың құпиялылығына құқығы бар. 2. Өмірлік қиын жағдайдағы адам (отбасы): 1) әлеуметтік қызметтерге қажеттілігін айқындау және оларды көрсетуге шешім қабылдау үшін толық және дұрыс ақпарат ұсынуға; 2) әлеуметтік қызметтерге қажеттілікке бағалау жүргізу мен айқындау процесіне кедергі келтірмеуге; 3) жергілікті атқарушы органдарды немесе жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін өзге де субъектілерді оларды көрсетуге әсер ететін мән-жайлардың өзгерісі туралы уақтылы хабардар етуге міндетті. 13-бап. Өмірлік қиын жағдайдағы адамның (отбасының) әлеуметтік қызметтерді көрсетуге өтініш беруі 1. Әлеуметтік қызметтерді көрсетуге өтініш беру осы Заңның 6-бабында көзделген негіздемелер туындаған кезде жүзеге асырылады. 2. Адам (отбасы) жазбаша өтініш беру арқылы жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуға жергілікті атқарушы органдарға не жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектіге өтініш береді. 3. Адамның (отбасының) мүддесі үшін адамға (отбасына) әлеуметтік қызметтерді тағайындау туралы өтінішті, адам (отбасының ересек мүшелерінің біреуі) немесе оның қамқоршысының, қорғаншысының өздігінен өтініш бере алмау себебін көрсете отырып, өзге де мүдделі адамдар бере алады. 14-бап. Әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау 1. Өмірлік қиын жағдайдағы адамның (отбасының) әлеуметтік қызметтерге бағалауын және қажеттілігін әлеуметтік қызметкерлер белгілейді. 2. Қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүргізу кезіндегі өлшемдер: 1) тыныс-тіршілігінің шектелуі; 2) әлеуметтік бейімсіздену; 3) әлеуметтік депривация; 4) әлеуметтік орта болып табылады. 3. Қажеттілікті бағалау мен айқындау негізінде қызметтің түрі, алушының санаты, қызмет көрсетілетін жер, қызметтің көрсетілу ұзақтығы, қызметтің мазмұны, жеке ерекшеліктері, әлеуметтік қызметті көрсететін маман/мекеме айқындалады. 4. Әлеуметтік қызметкер өмірлік қиын жағдайдағы адамның (отбасының) тұрғылықты жері бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілігін бағалауды және айқындауды халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар бірлесіп бекіткен тәртіппен жүргізеді. 15-бап. Әлеуметтік қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері 1. Әлеуметтік қызметкер: 1) әлеуметтік қызметтердің қажеттілігін дұрыс айқындау үшін мемлекеттік органдардан және өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдардан (отбасылардан) қажетті құжаттарды сұратуға; 2) әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалауды жүргізу үшін қажетті мамандарды тартуға құқылы. 2. Әлеуметтік қызметкер: 1) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен оларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге; 2) еңбек (қызметтік) міндеттемелеріне сәйкес әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалауды жүргізуге және айқындауға немесе әлеуметтік қызметтер көрсетуге; 3) әлеуметтік қызметтер көрсету жөнінде шаралар қабылдауға; 4) әлеуметтік қызметтерге мұқтаждықты бағалау мен айқындау нәтижелері бойынша қорытынды (бұдан әрі - қорытынды) дайындауға міндетті. 3. Әлеуметтік қызметкерлер мамандықтарының тізбесін, оларды даярлау және біліктілігін арттыру стандарттарын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді. 4. Әлеуметтік қызметкерлердің әлеуметтік қызметтердің қажеттілігін бағалау мен айқындау жөніндегі қызметі халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар бірлесіп бекітетін тәртіпке сәйкес аттестатталуға тиіс. 16-бап. Әлеуметтік қызметтер көрсету 1. Әлеуметтік қызметтер көрсетуді әлеуметтік қызметтерді көрсететін субъектілер жүзеге асырады. 2. Әлеуметтік қызметкер дайындаған қорытындының негізінде жергілікті атқарушы орган тегін арнаулы әлеуметтік қызметтің кепілді көлемін көрсету туралы немесе көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Шешім қорытынды алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданады және мәлімет үшін әлеуметтік қызметтер көрсетуге өтініш берген адамға (отбасына) жіберіледі. Тегін арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемін көрсетуден бас тартылған жағдайда қажеттілікті бағалау мен айқындау жүргізу үшін ұсынылған құжаттар қайтарылады. 3. Әлеуметтік қызметтерді көрсетуден бас тарту үшін: 1) осы Заңның 6-бабында көрсетілген негіздерге сәйкессіздігі; 2) ұсынылған мәліметтер мен құжаттардың жалғандығы негіздеме болып табылады. 4. Тегін арнаулы әлеуметтік қызметтің кепілді көлемі әлеуметтік қызметтерді көрсету туралы шешім қабылданған күннен бастап көрсетіледі. 5. Әлеуметтік қызметтерді көрсететін субъектілердің мемлекеттік емес секторда ақылы әлеуметтік қызметтерді көрсетуінің шарттары мен тәртібін олар өздері белгілейді. 17-бап. Жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің құқықтары мен міндеттері 1. Жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер: 1) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған конкурстарға Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес қатысуға; 2) ақылы негізде әлеуметтік қызметтер көрсетуге; 3) қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындауды жүргізу үшін қажетті ақпаратты барлық органдар мен ұйымдардан сұратуға және алуға құқылы. 2. Жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер: 1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік стандарттарды сақтауға; 2) қызметтер көрсету үшін қажетті жағдай жасауға; 3) қызметтерді тұтынушылар мен олардың отбасылары мүшелерінің абырой-беделін сыйлауға; 4) қызметтерді тұтынушылар мен олардың отбасыларына қатысты адамгершілік көрсетуге және кемсітушілік іс-әрекеттерге жол бермеуге; 5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуметтік қызметтер көрсету кезіндегі құпиялылықты қамтамасыз етуге; 6) әлеуметтік қызметкерлерді даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге міндетті. 18-бап. Әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау Жекелеген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға тиіс. 19-бап. Жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді қаржыландыру 1. Жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді мемлекеттік секторда қаржылық қамтамасыз ету: 1) бюджет қаражатының; 2) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады. 2. Мемлекеттік емес секторда жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді қаржылық қамтамасыз ету: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражатының; 2) ақылы негізде әлеуметтік қызметтер көрсеткені үшін алынған қаражаттың; 3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
20-бап. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасының сақталуын бақылау 1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жалпы және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік органның тексеруді тағайындау туралы шешімі өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есептер саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркеледі. 2. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді. Жоспарлы - мемлекеттік орган жоспарлаған алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралығын ескере отырып жүргізетін тексеру. Бір жеке немесе заңды тұлғаға қатысты жоспарлы тексеру, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кемінде бір жылда бір рет, ал шағын кәсіпкерлік субъектісіне - кемінде үш жылда бір рет жүргізілуі мүмкін. Жоспарлы тексеруді белгілеген кезде бақылаушы орган тексерілетін субъектіге тиісті тексеру туралы екі аптадан кешіктірмей хабарлауға міндетті. Жоспардан тыс тексерулер жеке немесе заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасының міндетті талаптарын бұзғандығы туралы шағымданғанда, сондай-ақ құжаттармен және осындай заң бұзушылық белгілері бар екенін куәландыратын өзге де дәлелдемелермен расталған өзге ақпарат алынған жағдайларда жүргізіледі. Домалақ арыздар жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алмайды. 3. Бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектінің әлеуметтік қызметтер туралы заңнаманы бұзғаны анықталған кезде бақылаушы органдар әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектіге орындалуға міндетті ұйғарымдар жібереді не әлеуметтік қызметтер туралы заңнаманы бұза отырып көрсетілген әлеуметтік қызметтерді жарамсыз деп тану туралы талаппен сот органдарына өтініш береді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |