|
|
|
Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы
ҚР Үкіметінің 2009.29.06. № 1004 Қаулысымен мақұлданды
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі, халықтар арасында қалыптасқан байланыстарға, достық қарым-қатынастарға және ізгі қатынас дәстүріне сүйене отырып, оларды нығайту халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау ісіне қызмет етеді деп санай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы, Хельсинки Қорытынды актісі және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберінде қабылданған құжаттардың мақсаттары мен принциптеріне, сондай-ақ халықаралық құқықтың басқа да жалпы жұрт таныған нормаларына өздерінің адалдықтарын растай отырып, 2007 жылғы 22 маусымдағы Еуропалық Одақ қабылдаған Стратегияда белгіленген Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы жаңа әріптестікті іске асыруды қолдауға тілек білдіре отырып, 1994 жылғы 23 наурызда Мадридте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы қарым-қатынастардың негіздері туралы декларацияға өздерінің адалдықтарын растай отырып және оны екі мемлекет пен халықтардың жан-жақты байланыстары мен өзара іс-қимылын қазір және кейіннен дамыту мен тереңдетудің құқықтық негізі ретінде қарастыра отырып, екі мемлекеттің экономикалық реформаларының табысты іске асырылуына мүдделілік таныта отырып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуді, оны одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды, барлық меншік нысанындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тікелей байланыстар орнатуды қажет деп санай отырып, 2006 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудың маңыздылығын мойындай отырып, энергетикалық саладағы екі елдің бірлескен қызметінің энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар екендігін сезіне отырып, қосылған құны жоғары өнімнің және жоғары технологиялардың үлес салмағын екі жақты саудада ұлғайтып, екі ел арасындағы тауар айналымын кеңейтуге, сондай-ақ тауар айналымын әртараптандыру жөнінде бірлескен шаралар қабылдауға тілек білдіре отырып, саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдени және басқа да салаларда екі жақты ынтымақтастыққа жаңа сапалы сипат беру және оның құқықтық базасын нығайту мақсатында, төмендегілер туралы уағдаласты:
Тараптар өз қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде құрады.
Тараптар екі Тараптың географиялық кеңістігінде бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында өзара іс-қимыл жасайды. Тараптар келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу принципіне өздерінің адалдықтарын растайды. Тараптар БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның бітімгершілік рөлін күшейтуге және өңірлік жанжалдар мен Тараптардың мүдделерін қозғайтын өзге де ахуалдарды реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыруға жәрдемдеседі. Тараптар халықаралық өзекті мәселелер мен ортақ мүдделер шеңберін белгілеу бойынша тереңдетілген ынтымақтастық орнату мақсатында екі жақты саяси диалогты дамытады.
Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастық пен байланыстарды кеңейтеді. Тараптар, әсіресе, ЕҚЫҰ институттарын күшейту және ЕҚЫҰ кеңістігінде құқық үстемдігін дамыту бойынша, оның ішінде бірлескен бастамаларды іске асыру жолымен тығыз ынтымақтастықты дамытады. Тараптар 2010 жылы Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға, Испания Корольдігінің Еуропалық Одақта төрағалық ету кезеңдерінде түрлі салаларда тығыз ынтымақтасады және екі мемлекеттің іс-қимылын үйлестіреді.
Тараптар құқық, заң шығару және адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларды орындау саласында екі жақты ынтымақтастықты нығайтады. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес бір Тараптың заңды және жеке тұлғаларының заңды құқықтары мен мүдделеріне екінші Тарап аумағында кепілдік беретін тиімді шараларды қабылдайды.
Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және әрқайсысының екі жақты және көп жақты негіздердегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, қауіпсіздіктің қатерлері мен қыр көрсетулеріне қарсы күрес саласында, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауда, тұрлаулы дамуға жәрдем көрсетуде ынтымақтастықты дамытады. Тараптар терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының және прекурсорлардың заңсыз айналымына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігінің аумақтарында заңсыз қару-жарақ сатуға және басқа да қылмыстарға қарсы күрес шеңберінде өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты екі жақты және көп жақты негізде дамытады.
Тараптар өздерінің ұлттық заңнамалары мен өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді, және бұл үшін қажетті қолайлы жағдайлар жасайды. Тараптар шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау, оның ішінде кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саласында: тиісті келісімдерді, меморандумдарды жасасу, Тараптардың тиісті мемлекеттік органдары арасында тәжірибе, ақпарат алмасу арқылы ынтымақтастықты дамытады. Тараптар өзара инвестициялар үшін қолайлы ахуал туғызады және бірлескен кәсіпорындар құруды, Қазақстанда және Испанияда экономикалық және қаржылық, әсіресе, инфрақұрылым, телекоммуникация, энергетика, көлік және туризм салаларындағы форумдарды тұрақты түрде өткізуді көтермелейді. Тараптардың әрқайсысы өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз аумағында екінші Тараптың жеке және заңды тұлғалары үшін кәсіпкерлік қызметке арналған қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге өз күш-жігерлерін жұмсайды.
Тараптар әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтасады, жекелеген келісімдердің негізінде Тараптардың тиісті ведомстволары арасындағы байланыстарға жәрдемдеседі. Тараптар әскери кадрларды даярлау саласында екі жақты ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар энергетика саласындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді және өзара қарым-қатынастарды, сондай-ақ өздерінің кәсіпорындары, ғылыми-зерттеу институттары мен ынтымақтастыққа басқа да әлеуетті қатысушылар арасындағы, атап айтқанда, технологияларды және инженерлік әзірлемелерді беру және өзара алмасу саласындағы, сондай-ақ өндіріс көздері саласындағы қатынастарды нығайтады. Тараптар энергиямен жабдықтау жобалары және шарттары бойынша консультациялар өткізеді, энергия үнемдеу, экологиялық таза көмір және қайта қалпына келтірілетін энергия көздері саласында технологияларды беруді көтермелейді.
Тараптардың тиісті органдары арасында тиісті келісімдер жасасу, тәжірибе, ақпарат алмасу арқылы Тараптар банк, қаржы және салық салаларындағы ынтымақтастықты дамытады. Тараптар өндірістік, инвестициялық, банктік және коммерциялық салаларда ынтымақтастықтың прогрессивті түрлерін дамытуға жәрдем көрсету үшін бірлескен қаржы-өнеркәсіп топтарын, холдингтік және лизингтік компанияларды құруды және одан әрі дамытуды көтермелейді.
Тараптар консультациялар өткізу және ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын іздестіру арқылы телекоммуникациялық және ақпараттың салаларда өзара іс-қимыл жасайды.
Тараптар көлік, оның ішінде, халықаралық автомобиль тасымалдары саласында өзара іс-қимыл жасайды.
Тараптар ұлттық басымдықтарды ескере отырып және зияткерлік меншік құқықтарын сақтай отырып, бірлескен жобалар арқылы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі. Тараптар зерттеу ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарға жәрдемдеседі және тиісті шарттарды жасасу мүмкіндігін немесе бірлескен жұмыс бағдарламаларын әзірлеуді құптайды. Тараптар ғарыш саласында Жерді қашықтықтан зондтау, ғылыми зерттеу, кадрлар даярлау, ғарыш аппараттарын әзірлеу және жасау саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.
Тараптар халық денсаулығын қорғау, медицина ғылымын дамыту, оның материалдық-техникалық базасын нығайту салаларында ынтымақтасады, емделуге және медициналық жәрдемге мұқтаж екінші Тарап азаматтарының өздерінің медициналық мекемелеріне қол жеткізу мүмкіндігін жеңілдетеді.
Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес іс-қимыл жасай отырып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Тараптар қоршаған органы ластауды болдырмау және табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды. Тараптар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою және экологиялық апаттар мен табиғи ортаға антропогендік ықпал ету салдарларымен күрес саласындағы ынтымақтастықты дамытады. Тараптар климаттың өзгеруімен күрес саласында, атап айтқанда БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасында көзделген икемді тетіктер шеңберінде ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар мемлекеттік зерттеу ұйымдары арасында, сондай-ақ зертханалар мен ғылыми қызметкерлер топтары арасында да талыми ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі. Тараптар білім беру мекемелері арқылы лингивистикалық ынтымақтастықты көтермелейді. Тараптар мәдениет, ғылым және техника, спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосады. 1998 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Тараптар жоғары оку орындары, ғылыми және мәдени орталықтар арасындағы тікелей байланыстарды және алмасуларды көтермелейді. Тараптар мемлекеттік қызметшілерді даярлау және мамандандыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды нығайтады.
Тараптар жұмыспен қамту, еңбекке қабілетті халықтың көші-қоны, азаматтардың табысы төмен санаттарын, мүгедектерді әлеуметтік қолдау, әлеуметтік қызметтерді дамыту салаларында ынтымақтасады.
Тараптар бейбітшілік пен халықаралық өзара түсіністікті нығайту мақсатында діндер және мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту саласында ынтымақтасады. Тараптар «Өркениеттер альянсі» бастамасы шеңберінде ынтымақтастық пен байланыстарды кеңейтеді.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер және консультациялар арқылы шешетін болады.
Тараптар қажет болған жағдайда осы Шартты іске асыру мақсатында ынтымақтастық жөніндегі әкімшілік келісімдерді жасаса алады. Бұл әкімшілік келісімдер халықаралық шарттар болып табылмайды.
Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
Осы Шартты кез келген Тарап кез келген уақытта бұза алады, бұл ретте Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптан оның қолданысын тоқтау ниеті туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейін бір жыл өткен соң оның қолданысы тоқтатылады. 2009 жылғы «___» ________ Астана қаласында әрқайсысы қазақ, испан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндерінің бірдей күші бар.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |