«Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамын құрудың кейбір мәселелері туралы
Осы редакция 2009 жылғы 9 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - қоғам) құрылсын. 2. Қоғам қызметінің мәні екінші деңгейдегі банктердің жіктелген активтерін, олар бойынша кепілдік қамтамасыз етуді сатып алу және активтерді басқару болып белгіленсін. 3. Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыру 2008 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен 52040168000 (елу екі миллиард қырық миллион бір жүз алпыс сегіз мың) теңге мөлшерінде жүзеге асырылады. 4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) қоғамның жарғысын бекітуді және оны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін; 2) негізгі шарттардың бірі қоғамның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету деп белгілей отырып, қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына сенімді басқаруға беруді; 3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін. 5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін: 1) «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде: «Астана қаласы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-110-жолмен толықтырылсын: «21-110. «Стресті активтер қоры» АҚ»; 2) «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 12, 214-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген Жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде: «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 27-1-жолмен толықтырылсын: «27-1. «Стресті активтер қоры» АҚ». 6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|