Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің
Осы редакция 2011 жылғы 24 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 - 2014 жылдарға арналған стратегиясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1678 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009 - 2011 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін. 2. Орталық атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісім бойынша), облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Бағдарламада көзделген іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етсін және жыл сайын 30 маусымға және 30 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне олардың орындалуы жөнінде ақпарат берсін. 3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жыл сайын 20 шілдеге және 20 қаңтарға қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2009 жылғы 27 мамырдағы № 784 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009 - 2011 жылдарға арналған бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009 - 2011 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1678 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 — 2014 жылдарға арналған стратегиясының екінші кезеңін іске асыру мақсатында, сондай-ақ нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» атты ұзақ мерзімді 4-басымдықтың құрамдасы болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан - 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді.
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1678 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006 - 2014 жылдарға арналған стратегиясының (бұдан әрі - Стратегия) бірінші кезеңі аяқталды, оның қорытындысы елімізде есірткіге қарсы жүйенің негізгі буындарының құрылуы болды. Наркологиялық, психотерапевтік, медициналық-әлеуметтік көмек жүйесінде наркология, психотерапия, клиникалық және консультативтік психология, әлеуметтік жұмыс бейіндері бойынша мамандарды диплом алды және дипломнан кейін даярлаудың жаңа біліктілік және білім беру стандарттары бекітілді. Наркологиялық емдеу-профилактикалық мекемелердің құрылымын, технологиясын, штаттық кестесін және материалдық-техникалық базасын қазіргі заманғы наркологиялық көмекті ұйымдастырудың заңнамамен бекітілген стандарттарына сәйкес келтіру жөніндегі жұмыс басталды. Есірткіге тәуелділер профилактикасының, диагностикасының, оларды емдеудің, оңалтудың, әлеуметтендірудің қазіргі заманғы технологиялары әзірленді. Бастапқы профилактикалық бағытта: әрбір тестіленетін адамның химиялық және психологиялық тәуелділікке тартылу қаупінің дәрежесін анықтай отырып, автоматтандырылған психологиялық тестілеудің компьютерлік бағдарламасын енгізу басталды, онда осы қауіптерді төмендету жөнінде неғұрлым оңтайлы ұсынымдар беріледі; есірткіге қарсы мектептік және отбасылық бейнеханалар, қағаз және магниттік тасығыштарда мектептік есірткіге қарсы кітапхана құрылды; «Тиімді отбасының өз бетімен үйрену құралы» және «Тиімді ата-ананың өз бетімен үйрену құралы» дайындалды. Екінші профилактикалық бағытта есірткіге тәуелділерді диагностикалаудың, емдеудің, оңалтудың бірқатар клиникалық хаттамалары (стандарттары), сондай-ақ наркологиялық көмектің және наркологиялық қызметтердің түр-түрінің әртүрлі бағдарламалары әзірленді. Үшінші профилактикалық бағытта: «нашақорлық» диагнозы бар адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтуға бағытталған бағдарламалар және қызметтердің тиісті түр-түрі әзірленді; Павлодар және Теміртау қалаларында «метадондық» алмастыру терапиясын енгізудің пилоттық жобалары басталды. Жастарды және үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік органдардың есірткіге қарсы қызметін үйлестіру жөніндегі жұмыс басталды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемалары республикалық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі - РҒПО) Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (бұдан әрі - БҰҰ ЕҚБ) Treatnet наркологиялық ауытқу саласындағы наркология және психотерапия проблемалары жөніндегі ресурстық орталықтарының әлемдік желісіне қосылды. Білім беру циклдары, оқу семинарлары, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өтінімдер бойынша және БҰҰ ЕҚБ-ның қаржыландыруымен РҒПО-ның базасында өткізіледі. Республиканың және шекаралас мемлекеттердің есірткіге қарсы құрылымдары арасында уақтылы ақпарат алмасуға және талдауға ықпал ететін есірткі жөніндегі ведомствоаралық деректер банкі құрылды. Кейіннен жақын және алыс шетелдердің қатысушы мемлекеттерінің осыған ұқсас жүйелерімен ықпалдасу мақсатында: Ресейдің Есірткіні бақылау жөніндегі федералдық қызметінің мамандары әзірлеген бағдарламалық тұғырнама тұрғысынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі - ҰҚШҰ) қатысушы елдердің Есірткі жөніндегі біріккен деректер банкін құру бойынша іс-шаралар жалғастырылуда; БҰҰ ЕҚБ-ның қолдауымен Алматы қаласында құрылған Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен (бұдан әрі - ОАӨАҮО) өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Стратегияның бірінші кезеңін іске асыру нәтижелерін талдау тұтастай алғанда алға қойылған міндеттердің орындалғаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Стратегияның бірінші кезеңінің негізгі бағыттарының бірі - шекарадағы бақылауды күшейту жөніндегі міндет шешілген жоқ. Есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді заңдастыруға қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл мен қабылданған шаралар жеткіліксіз болып қалды. Қазақстандағы заңсыз есірткі нарығының серпінін үш негізгі келеңсіз фактор негіздейді: «ауғандық» опиаттардың есірткілік экспансиясының қарқын алуы. Халықаралық мамандардың бағалауы бойынша соңғы жылдары Ауғанстандағы апиын-шикізат өндірісі 3 есеге жуық өсті (2002 жылғы 3,4 мың тоннадан 2008 жылы 10 мың тоннаға дейін) және оның көлемі бұдан әрі де өсе түседі; құрамында есірткі бар өсімдіктердің шикізат базасының өзімізде болуы. Тек Жамбыл облысының Шу алқабында ғана сораның өсу ошағы шамамен 145 мың гектар жерді алып жатыр. Осы алқаптардан жылына 140 мың тонна марихуана немесе 5-6 мың тонна гашиш алуға болады; еуропалық мемлекеттерден және Ресейден синтетикалық есірткілердің (экстази, ЛСД және т.б.) әкелінуі, мұны олардың тәркілену фактілері айғақтайды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды теріс пайдаланатын (бұдан әрі - есірткі тұтынушылар) 54669 адам, оның ішінде 4743-і әйел, 3836-ы кәмелетке толмағандар, олардың ішінде 723 он төрт жасқа дейінгі жасты қоса алғандағылар есепте тұрған. Соңғы үш жылда есірткі тұтынушылардың саны 2 %-ға, 2005 жылғы 53,6 мыңнан 2008 жылы 54,7 мың адамға дейін өсті. Сонымен бірге, 100 мың тұрғынға шаққандағы есірткі тұтынушылар санының көрсеткіші 2,7 %-ға төмендеп, 352-ні құрады. Кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі тұтынушылар санының жыл сайын 6,5 - 9 %-ға төмендеу үрдісі сақталуда. Көрсетілген кезең ішінде есепте тұрған героин тұтынушылардың саны 24,2 %-ға өсті (22991-ден 28559-ға дейін), ал апиын қолданатын адамдардың саны керісінше 2,2 есе (11936-дан 5416-ға дейін) азайды. Каннабистік топтың есірткілерін теріс пайдаланушылардың саны шамалы өскенімен, жалпы бұрынғы деңгейінде қалды. Нашақорлық пен уытқұмарлық бойынша: 2006 жылы - 9 816 (немесе тіркелген есірткі тұтынушылардың жалпы санының 18,4 %), 2007 жылы - 9 728 (немесе 17,6 %), 2008 жылы - 8 360 (немесе 15,3 %) адам емдеуден өтті. Бақылаудағы адамдар қатарындағы тұрақты ремиссия көрсеткіштері (2 жылдан жоғары) 2006 - 2008 жылдары 5,6 % - 6,5 %-ды құрады. Ресми есепте тұрған есірткі тұтынушылардың өлімі жыл сайын 2,2 - 2,3 %-ды құрайды. 2009 жылғы 1 қаңтарда республикада ЖҚТБ жұқтырған 11 709 адам тіркелді. Үш жылда ЖҚТБ жұқтырудың барлық тіркелген жағдайларының арасында инъекциялық есірткі тұтынушылардың үлесі 4,3 %-ға төмендеді және 70 %-ды құрады. Соңғы үш жыл ішінде есірткі құралдарын және психотроптық заттарды теріс пайдаланудың салдарынан қылмыс жасаған адамдардың саны шамамен бір деңгейде қалып тұр (2006 жылы - 259, 2007 жылы - 247, 2008 жылы - 269). Осы қылмыстардың құрылымында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 259-бабында көзделген (2006 жылы - 74,1 %, 2007 жылы - 77,7 %, 2008 жылы - 83,6 %) қылмыстар және жеке меншікке қарсы қылмыстар (2006 жылы - 15,8 %, 2007 жылы - 14,2 %, 2008 жылы - 7,4 %) басым. 2006 - 2008 жылдары құқық қорғау органдары есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы саласындағы 30 990 қылмысты, оның ішінде 14 535 есірткі өткізу фактісін, 1 191 контрабанда фактісін анықтады. 27 ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Осы кезеңде заңсыз айналымнан 76,5 тонна, оның ішінде 70,3 тонна марихуана, 2 715,7 кг героин, 989,7 кг апиын тәркіленді. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы есірткі ахуалы мыналармен: есірткіні заңсыз таратуға байланысты қылмыстар санының ұлғаюымен; заңсыз айналымнан алынатын героин көлемінің және осы есірткіні тұтынатын есірткіге тәуелділер санының ұлғаюымен; кәмелетке толмағандар арасында есірткі тұтынушылардың азаюымен қатар, героинге тәуелді адамдар санының ұлғаюымен сипатталады. Мемлекеттік және қоғамдық институттар тарапынан нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жасау шаралары мыналармен: есірткіні әкелу мен транзиттеуге, сондай-ақ есірткі қылмысының ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес тиімділігінің жеткіліксіздігімен; құзыретіне есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді заңдастыру фактілерінің жолын кесу кіретін мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігінің бастапқы қалыптасу сатысымен; есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға емдеу және оңалту көмегінің жеткіліксіз дамуымен; есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік-психологиялық оңалту жүйесін дамытудың бастапқы сатысымен; есірткіге тәуелді адамдарды, оның ішінде бас бостандығынан айыруға сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды әлеуметтік-психологиялық оңалту және әлеуметтендіру жүйесінің болмауымен; өңірлік деңгейде есірткіге қарсы саясатты тиімді іске асырудың жеткіліксіздігімен сипатталады.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасы тұрғындарының арасында психикалық белсенді заттарға тәуелділіктің таралуының әлеуметтік қауіпті өсу үрдісін құрсаулау және кері бағыттау жөніндегі іс-шараларды іске асыру болып табылады. Бағдарламаның міндеттері: өңірлік деңгейде есірткіге қарсы қызметті үйлестіруді және оның тиімділігін арттыру, нашақорлықтың бастапқы алдын алу және халықтың салауатты демалу жүйелерін дамыту; нашақорлыққа қарсы насихатты күшейту; Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және әлеуметтік саласына есірткіге қарсы инновациялық технологияларды кең көлемде енгізу; нашақорлық саласындағы профилактикалық қызмет тиімділігінің мониторингі; екінші профилактикалық және үшінші профилактикалық бағыттарда халыққа наркологиялық көмек көрсету жүйесін жаңғырту және дамыту, оларды тиімді нормативтік құқықтық ғылыми-ақпараттық сүйемелдеу, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне және әлеуметтік саласына профилактиканың, диагностиканың, емдеудің, оңалтудың және әлеуметтендірудің инновациялық технологияларын енгізу, есірткіге тәуелді контингентті медициналық-әлеуметтік оңалтудың тиімді бағдарламаларымен толық қамтуды қамтамасыз ету; денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік сала мамандарының біліктілігін арттыру және қазіргі заманғы есірткіге қарсы технологиялар бейіні бойынша кең көлемде оқыту, ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау, тәрбие және білім беру жүйелерінің қызметкерлері үшін есірткіге қарсы тақырып бойынша арнайы білім беру циклдарын өткізу; заңнамалық базаны жетілдіру, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған ұлттық заңнаманы халықаралық құқықтық актілердің ережелерімен және қоғамдық ұйымдардың ұсынымдарымен одан әрі үйлестіру; уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алуға және емдеуге мамандандырылған медициналық мекемелердің материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетін нығайту; есірткі бизнесіне қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасасуды нығайту, елдің оңтүстік шекараларын нығайту арқылы есірткі трафигінің арналарын жабудың, есірткі бизнесінен түсетін кірістерді заңдастыруға қарсы күрестің тиімділігін арттыру; нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты кеңейту; Орталық Азия өңіріндегі Ресурстық ғылыми-ақпарат орталығының белсенді қызметі; Қазақстан Республикасында есірткіге қарсы халықаралық жобаларды іске асыру, Қазақстанның және Орталық Азия өңірлерінің мүдделерін ескере отырып, БҰҰ-ның есірткіге қарсы күрес саласындағы шешімдерін әзірлеуге қатысу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясында және оның қосалқы органдарында Қазақстанның жұмысын жандандыру.
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және басым міндеттерді шешу үшін Бағдарламада есірткіге қарсы жұмыстың тиімділігін арттыруға және республикалық және өңірлік деңгейлерде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасасуды жақсартуға бағытталған кешенді шараларды мына бағыттар бойынша іске асыру көзделеді: 5.1. Ұйымдастыру және талдамалық сипаттағы іс-шаралар орталық және жергілікті атқарушы органдардың есірткіге қарсы қызметін әртүрлі бағыттар бойынша талдауды жүзеге асыру және қалыптасқан есірткі ахуалын ескере отырып, оны жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу; тиісті комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру арқылы республикалық және жергілікті деңгейлерде ведомствоаралық іс-қимыл жасасуды жақсарту; 5.2. Нашақорлықтың бастапқы профилактикасы мен қоғамдық есірткі иммунитетін қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар есірткіге қарсы ақпараттық жұмыстың шоғырландырылған жоспарын әзірлеу және іске асыру, бейнероликтерді, аудиороликтерді, деректі, көркем және анимациялық фильмдерді жасау және трансляциялау арқылы халықтың әртүрлі топтары арасында есірткіге қарсы белсенді насихат жургізу; студенттер мен мектеп оқушыларының «Есірткісіз болашақ» республикалық қозғалысын дамыту; балалар мен жастарды қоса алғанда, халықтың әртүрлі топтары үшін жоспарлы негізде есірткіге қарсы іс-шаралар жүргізу; оқу орындарын есірткіге қарсы бағыттағы оқу бағдарламаларымен және оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету; психикалық белсенді заттарға тәуелділікке тартылу қаупін психологиялық тестілеудің әзірленген диагностикалық компьютерлік бағдарламасын сынау, оны оқу орындарына енгізу; нашақорлық профилактикасы және қиын тәрбиеленетін жасөспірімдермен жұмыс саласында еңбек ететін білім беру қызметкерлерінің есірткіге қарсы тақырып бойынша біліктіліктерін арттыру және оларды оқыту циклдарын жүргізу; халықтың әртүрлі топтарын спортпен айналысуға тарту, өңірлік деңгейде тегін аулалық және бос уақытты өткізу клубтарының желісін кеңейту, спорт алаңдарын салу және белсенді спортшыларды, қоғамшылдарды аулаларда спорттық жұмыстарды ұйымдастыруға тарту жөнінде кезең-кезеңге арналған бағдарлама әзірлеу; девиантты мінез-құлқы бар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру; нашақорлық профилактикасы саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету; білім беру мекемелеріндегі профилактикалық жұмысты ұйымдастырудың, оқу орындарындағы есірткі тұтынуға байланысты ахуалдың мониторингілерін жүргізу; халықтың түрлі топтары арасында нашақорлық проблемалары бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу; 5.3. Есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар есірткіге тәуелді адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту қызметтерін нығайту, наркологиялық ұйымдардың штаттарын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нормативтерге сәйкес келтіру; наркологиялық көмекті ұйымдастырудың жаңартылған стандарттарын әзірлеу және енгізу; пенитенциарлық жүйе мекемелерінде есірткіге тәуелділерді емдеу мен оңалтудың хаттамаларын әзірлеу және енгізу; үшінші профилактика бағдарламаларын енгізу (залалды азайту); денсаулық сақтау жүйесінің мамандарын (нарколог-дәрігерлер, психотерапевтер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және т.б.) даярлау және олардың біліктіліктерін арттыру; балалар, жасөспірімдер, жастар контингентін қамти отырып, Қазақстан Республикасындағы наркологиялық ахуалдың мониторингін жүргізу. 5.4. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау және құқық қорғау органдарының есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшелерінің кадрлық әлеуетін күшейту жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасының аумағы арқылы есірткіні әкелу және транзиттеу арналарын анықтау және олардың жолын кесу мақсатында оңтүстік шекараларды нығайту (мемлекеттік шекараны бұзушыларды уақтылы анықтау үшін қажетті жағдайларды жасау, шекараны бұзушылардың әрекетін қиындату үшін кедендік бекеттерді қазіргі заманғы тексеру техникасымен және автоматтандырылған бақылау жүйелерімен жарақтандыру, оңтүстік өңірлердегі ішкі істер органдарының есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру); есірткі трафигінің арналарын жоюға, есірткі қылмысына қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар кешені; есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді заңдастыруға қарсы күреске бағытталған іс-шаралар; «Көкнәр», «Арна», «Есірткі қалқаны», «Допинг», «Кедергі» және тағы басқа арнайы жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу; құқық қорғау органдарының кинологиялық қызметтерін дамыту; есірткінің заңсыз айналымына байланысты оқиғалар, жеке және заңды тұлғалар туралы жедел ақпараттың ведомствоаралық деректер банкін дамыту; құқық қорғау органдарының есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі бөлімшелерінің қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру; мемлекеттік органдардың есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін реттейтін нормативтік актілерді әзірлеу және жетілдіру; арнайы операциялар жүргізу, тиісті заңнамалық актілердің сақталуын тексеру, нормативтік құқықтық базаны жетілдіру арқылы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы бақылауды күшейту. |