|
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң тұтынушылар
Осы редакция 2011 жылғы 19 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 4 тамыздағы № 1197 Қаулысымен бекітілді 2000 ж. 17 тамызда күшіне енді
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi, бұдан әрi - Тараптар, Тәуелсiз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда байланыстарын жандандыру қажеттiгiн ескере отырып, Достастыққа қатысушы мемлекеттердiң экономикалық интеграциясын дамыту мақсатында, Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісім мен оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 1999 жылғы 2 сәуірдегі Хаттаманы iске асыру бағытында iс-қимыл жасай отырып, өз мемлекеттерi халқының тiршiлiк деңгейiн ұдайы арттыруға ұмтыла отырып, Достастыққа қатысушы мемлекеттердiң тұтынушылардың құқықтарын сапасыз тауарлардан, жұмыстардан, қызмет көрсетулерден қорғауды қамтамасыз етудегі өзара ықпалдастығының маңыздылығын түсiне отырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бiрлестiктер қызметiнiң маңыздылығын назарға ала отырып, халықаралық құқықтың қолданылып жүрген нормаларын, атап айтқанда, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылғы 9 сәуірдегі «Тұтынушылар мүдделерiн қорғауға арналған басшылық қағидаттары» туралы Қарарын мойындай және ескере отырып, тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы келісілген саясатты жүргiзу мақсатында мыналар туралы келiстi:
Осы Келісімнiң мақсаттары үшiн мынадай айқындамалар қолданылады: тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ұлттық заң - тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекетте қолданылып жүрген және қатынастарды реттейтiн құқықтық нормалар жиынтығы; тұтынушы - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға байланысты емес, тек жеке (тұрмыстық) мұқтаждықтарына арналған тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетулерге) тапсырыс беруге немесе сатып алуға ниетi бар тапсырыс берушi, сатып алушы немесе пайдаланушы азамат; жасаушы - тұтынушыларға, меншiк нысанына қарамастан, өткізу үшiн тауарлар өндiретiн ұйым, сондай-ақ жеке кәсiпкер; атқарушы - тұтынушыларға, меншік нысанына қарамастан, қызмет көрсететiн немесе жұмыстар орындайтын ұйым, сондай-ақ жеке кәсiпкер; сатушы - тұтынушыларға, меншік нысанына қарамастан тауарларды сату-сатып алу шарты бойынша өткiзетiн ұйым, сондай-ақ жеке кәсiпкер; терiс пиғылды шаруашылық жүргізуші субъектілер - өз қызметiнде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы зиянды, iскерлiк айналым салттарын бұзушылықтарға жол берген, егер бұл тәртiп бұзушылықтар тұтынушы азаматтарға және/немесе қоршаған ортаға мүлiктiк немесе мүлiктiк емес нұқсан келтiрсе немесе келтiруi мүмкiн болса сатушылар, жасаушылар, атқарушылар; тұтынушылардың қоғамдық бiрлестiктерi - тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында құрылған осы Келісімге қатысушы мемлекеттердiң ұлттық заңдарына сәйкес тiркелген азаматтар мен/немесе заңды тұлғалардың коммерциялық емес бiрлестiктерi (ұйымдары), сондай-ақ осы Келісімге қатысушы барлық немесе бiрнеше мемлекеттердiң аумақтарында қолданылып жүрген халықаралық үкiметтiк емес ұйымдар.
Осы Келісімнiң мақсаты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында қолданылатын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң терiс пиғылды қызметiнен Достастыққа қатысушы мемлекеттер азаматтарының мүдделерiн қорғау жөнiнде олар үшiн бiрдей жағдайларды қалыптастыруға бағытталған, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы келісілген саясатты жүргiзу жөніндегі Тараптардың ынтымақтастығының құқықтық және ұйымдастырушылық негiздерiн құру болып табылады.
Тұтынушылардың құқықтары мен оларды қорғау тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ұлттық заңмен, сондай-ақ осы Келісіммен кепiлдендiрiледi. ТМД әрбiр қатысушы мемлекетiнiң азаматтары, сондай-ақ оның аумағында тұратын өзге тұлғалар Достастыққа қатысушы басқа мемлекеттердiң аумақтарында өздерiнiң тұтынушылық құқықтарына қатысты сол мемлекеттердiң азаматтары сияқты құқықтық қорғауды пайдаланады, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға, басқа ұйымдарға жүгiнуге, соттарға талап-арыз беруге және сол мемлекеттердiң азаматтары сияқты, өзге де iс жүргiзу iс-қимылдарын жүзеге асыруға құқылы.
Тараптар тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастықты тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ұлттық заңды, осы саладағы халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей қабылданған нормаларын ескере отырып, мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырады: тұтынушыларды, мемлекеттік органдарды және тұтынушылардың қоғамдық бiрлестiктерiн тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер), жасаушылар (сатушылар, атқарушылар) туралы жедел және анық ақпаратпен қамтамасыз ету; терiс пиғылды шаруашылық жүргiзушi субъектiлер қызметiнiң және сапасыз тауарлардың (қызмет көрсетулердiң) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердiң аумақтарына түсуін болдырмау жөнiнде шаралар қолдану; тұтынушы үшiн оң пиғылды бәсекелестiктi дамыту арқылы тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) еркiн таңдалуына мүмкіндік беретін жағдайлар жасау; мемлекеттердiң жалпы білім беретiн жүйелерiнде азаматтарды оқытудың ажырамас бөлiгi ретiнде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында ағарту бағдарламасын жүзеге асыру; тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерiн насихаттау мен жүйелi түрде жария етуге бұқаралық ақпарат құралдарын, оның iшiнде радио мен теледидарды тарту; тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердiң ұлттық заңдарын осы Келісімдi жүзеге асыру қалай қажет болса, солай жақындату арқылы жүзеге асырады.
Тараптар тұтынушылардың тәуелсiз қоғамдық бiрлестiктерiнiң қызметi үшiн жағдайлар жасауға, оның iшiнде олардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы саясатты қалыптастыруға тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актілерін және тұтынушылардың шағымдарын қарау рәсiмдерiн әзiрлеуге, сондай-ақ Тараптар арасында тұтынушылық ақпарат алмасу жүйелерiн құруға қатысуына жәрдемдеседi.
Осы Келісімдi iске асыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердiң тиiстi ұлттық органдары олардың ұлттық заңдарымен белгіленген құзыретiнiң шегiнде жүзеге асырады. Тараптардың осы Келісімдi iске асыру жөніндегі қызметiн үйлестiрудi Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңес жүзеге асырады. Монополияға қарсы мемлекетаралық кеңес осы Келісімдi iске асыру процесiнде тұтынушылардың қоғамдық бiрлестiктерiмен өзара iс-қимыл жасайды. Тұтынушылардың қоғамдық бiрлестiктерi өздерiнiң жарғыларына және ұлттық заңдарға сәйкес осы Келісімдi iске асыруға қатыса алады.
Осы Келісімнiң ережелерi Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылданған құқықтар мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.
Осы Келісім қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi, ал оның күшiне енуiне қажеттi мемлекет iшіндегі рәсiмдердi орындауды талап ететiн заңдары бар мемлекеттер үшiн тиiстi құжаттарды депозитарийге сақтауға өткiзген күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келісімге Тараптардың ортақ келісімiмен Келісімнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын, жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Осы Келісімдi қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулы мәселелер мүдделi Тараптардың кеңестерi мен келiссөздерi арқылы шешiледi.
Осы Келісім күшiне енген күнiнен бастап, бес жыл бойы қолданылады. Бұл мерзiм аяқталғанда, Тараптар өзге шешiм қабылдамаса, осы Келісім үнемi бесжылдық кезеңге өздiгiнен ұзартылады.
Әр Тарап осы Келісімнен шығу күнiнен алты ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып, шыға алады.
Осы Келісім оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлiсетiн басқа мемлекеттердiң қосылуы үшiн, депозитарийге мұндай қосылу туралы құжаттарды беру арқылы қосылуы үшiн ашық.
2000 жылдың 25 қаңтарында Мәскеу қаласында орыс тілінде бiр түпнұсқа дана болып жасалды. Түпнұсқа дана осы Шартқа қол қойған әрбiр мемлекетке расталған көшiрмесiн жiберетiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетiнде сақтаулы.
Осы арқылы қоса берiлiп отырған мәтiн 2000 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында болған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы үкiметтерiнiң басшылары Кеңесiнiң отырысында қабылданған Келісілген монополияға қарсы саясат жүргiзу туралы шарттың ұқсас көшiрмесi болып табылатынына сендiремiн. Жоғарыда аталған Шарттың түпнұсқа данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақтаулы.
|