| ||||||||||||||||||||
|
|
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2025 жылғы 12 тамыздағы № 128-ө Өкімін қараныз
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне: 1) 24-бапта: 2-тармақтың алтыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын: «Соңғы үш жылдағы жылдық жиынтық кірістердің немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлік субъектілері кірістерінің үшке бөлінген сомасы жылдық орташа кіріс деп есептеледі.»; 4-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ойын бизнесі салығын төлеушілер болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыскерлердің саны бойынша өлшемшарт пайдаланылады.»; 2) 35-баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде: 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: «2) жеке тұлғаның өз бетінше салық салуына жататын кірістері;»; 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшалар алып тасталсын; 9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: «9) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимдерінде салық салуға жататын кірістер.»; 3) 274-бапта: 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «1. Лизинг шартын жасасқан кезден бастап қаржы лизингі нысанасын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына немесе ұзақ мерзімді активтерді ұлғайтуға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру үшін инвестор салатын мүліктің барлық түрлері (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа) инвестициялар болып табылады. Осы тараудың мақсаттары үшін ұзақ мерзімді активтер деп халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес инвестордың бухгалтерлік есебіне кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер түрінде түсуі кезінде ескерілген активтер түсініледі.»; 3-тармақтағы «кәсіпкерлік қызмет үшін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін пайдаланылатын тіркелген активтерді құру немесе ұлғайту жөніндегі» деген сөздер «ұзақ мерзімді активтерді құру немесе ұлғайту жөніндегі, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға арналған» деген сөздермен ауыстырылсын; 4) 276-баптың 3-тармағының екінші бөлігі 2) тармақшасындағы «толықтыруларға қолданылмайды.» деген сөздер «толықтыруларға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын: «3) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, шарттары осы тарауда және Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген Қазақстан Республикасының салық заңнамасының тұрақтылығына қолданылмайды.»; 5) 277-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «1) Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналарды төлегеннен кейін өзінің қызметінен алынған кірістерді өз қалауы бойынша пайдалануға;»; 6) 281-бапта: 2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын: «2. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау мынадай шаралардың біреуін немесе бірнешеуін беруді білдіреді: 1) «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды қолдап отыру; 2) осы Кодекстің 282-бабында көзделген тәртіппен инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның инвесторға жәрдем көрсетуі; 3) аумағында инвестордың қызметі жүзеге асырылатын жергілікті атқарушы органдардың инвесторға жәрдем көрсетуі; 4) инвестор жүзеге асыратын қызмет құзыретіне жататын уәкілетті мемлекеттік органның инвесторға жәрдем көрсетуі; 5) осы тарауда көзделген инвестициялық преференцияларды беру.»; мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын: «3. Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген мемлекеттік қолдау шаралары инвестордың қарсы міндеттемелерін белгілеу ескеріліп жүзеге асырылады. Қарсы міндеттемелер инвестициялық жобада көзделген қызмет түріне қарай: егер инвестициялық жобада көзделген қызмет түрі осы Заңмен реттелсе, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезінде қарсы міндеттемелерді айқындау және қолдану жөніндегі қағидаларға сәйкес; «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге де қызмет түрлері бойынша - инвестициялар тарту жөніндегі саясат саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде белгіленеді.»; 7) 282-бапта: 1-тармақтағы «, арнайы инвестициялық келісімшарттарды қоспағанда,» деген сөздер алып тасталсын; 8-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «8-1. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін жобаны инвестициялық деп айқындау тәртібін белгілейді.»; 8) 283-бапта: 1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын: «1. Мыналарға: 1) инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына; 2) инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде технологиялық жабдықты инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде импорттайтын лизингтік компанияларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін атаулы сипаттағы артықшылықтар инвестициялық преференциялар болып табылады.»; 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын: «2. Инвестициялық преференциялар мынадай инвестициялық келісімшарттардың: 1) инвестициялар туралы келісімнің; 2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің; 3) оңайлатылған инвестициялық келісімшарттың талаптарына сәйкес жобаның мазмұнына қарай беріледі. 3. Салықтар бойынша инвестициялық преференциялар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен салықтар бойынша инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімдерді қарау негізінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша беріледі. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның өтінім бойынша шешімі осы Кодекстің 292-бабына сәйкес өтінімге берілген материалдарды қарау, сондай-ақ құзыретіне өтінімде көзделген қызметтің басым түрі жататын уәкілетті органның қорытындысы ескеріле отырып қабылданады.»; мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын: «3-1. Инвестициялық преференциялар осы баптың 2-тармағында көзделген инвестициялық келісімшарттардың біреуі бойынша ғана беріледі.»; 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «5. Инвестициялық келісімшарттар жасасқан тұлғаларды инвестициялық келісімшарттардың талаптары шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемесін орындаудан толық босатуға жол берілмейді.»; 9) мынадай мазмұндағы 283-1, 283-2, 283-3, 283-4 және 283-5-баптармен толықтырылсын: «283-1-бап. Инвестициялар туралы келісім 1. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының инвестициялық жобаны іске асыратын заңды тұлғасы арасында инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялар туралы келісім болып табылады, онда мыналар көзделеді: 1) кемінде айлық есептік көрсеткіштің екі жүз мың еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған басым туристік аумақтарда ұзақ мерзімді активтер түрінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді құру; 2) кемінде айлық есептік көрсеткіштің бір миллион еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңа объектілерді құру; 3) кемінде айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - жаңа өндірістік объектілер салу үшін жаңа өндірістерді құру; 4) кемінде айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшеріндегі инвестициялармен - негізгі құралдарды өзгертуді көздейтін жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту; 5) бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде: жоба республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан тыс жерде іске асырылса; ұсынылатын қызметтер халықаралық стандарттарға сай «үш», «төрт», «бес» жұлдыз санаттарына сәйкес болса; он және одан көп шет елде кем дегенде бір мың қонақүйі бар халықаралық қонақ үй желісімен кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) немесе франшиза шарты жасалса, заңды тұлғаның кемінде айлық есептік көрсеткіштің бір миллион еселенген мөлшеріндегі инвестицияларымен - жаңа қонақүйлерді салу, жұмыс істеп тұрған қонақүйлерді кеңейту және (немесе) жаңарту (реконструкциялау). Осы баптың мақсатында айлық есептік көрсеткіш деп республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференциялар беруге өтінім берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш түсініледі. 2. Инвестициялар туралы келісімде инвестициялар туралы келісім жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген преференцияларды беру шарттары мен тәртібі айқындалады, сондай-ақ инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғалар үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді. Инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғалар үшін қарсы міндеттемелер болмаған кезде инвестициялық преференциялар берілмейді. 3. Инвестициялар туралы келісім тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қызметтің белгілі бір басым түрлері бойынша жүзеге асырылады. 4. Инвестициялар туралы келісім шеңберінде инвестициялық преференциялар мынадай шарттар сақталған кезде беріледі: 1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы алушы болып табылады; 2) заңды тұлға инвестицияларды осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлерде жүзеге асырады; 3) заңды тұлға: Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымы; Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қызметін арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыратын ұйым; «Астана Хаб» қатысушысы; «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысы; спирттің, алкоголь өнімінің, темекі бұйымдарының барлық түрлерін өндіруші; Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес арнаулы салық режимдерін қолданатын салық төлеуші болып табылмайды; 4) құйма өнім өндіруді қоса алғанда, машина жасау саласындағы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасын қоспағанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі жиырма алты пайыздан аспайды; құйма өнім өндіруді қоса алғанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - машина жасау саласындағы Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан аспайды. Мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды, бұған құйма өнім өндіруді қоса алғанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап жиырма жылдан аспайтын мерзімді құрайтын машина жасау саласындағы инвестициялық басым жобалар кірмейді. Мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуға міндетті. Бұл шарт орындалмаған жағдайда инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан толық шыққанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады. Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығу туралы шартты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға алып келеді. Осы тармақшаның ережелері мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан кем болатын квазимемлекеттік сектор субъектісі өз қызметін көмір қабаттарындағы метанды өндіру жөніндегі инвестициялық басым жобаны іске асыру шеңберінде жүзеге асыратын жағдайда қолданылмайды; 5) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессиялық жоба шеңберінен тыс жүзеге асырылады. 5. Қызметтің мынадай түрлері бойынша инвестициялар туралы келісімдер жасасуға тыйым салынады: 1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет; 2) акцизделетін өнімді өндіру және (немесе) көтерме саудада өткізу; 3) лотерея өткізу; 4) ойын бизнесі саласындағы қызмет; 5) радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызмет; 6) банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа) қоса алғанда, қаржы саласындағы қызмет; 7) аудиторлық қызмет; 8) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіптік қызмет; 9) цифрлық майнинг бойынша қызмет; 10) кредиттік бюролардың қызметі; 11) күзет қызметі; 12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызмет; 13) жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет, оның ішінде кен іздеушілердің қызметі. Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды; 14) пайдалы қазбаларды өткізу, оның ішінде трейдерлердің қызметі, көмір, мұнай өткізу жөніндегі қызмет. 6. Инвестициялар туралы келісімнің мерзімі, оны өзгертудің және бұзудың тәртібі мен шарттары инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган бекіткен инвестициялар туралы келісімдерді жасасу, өзгерту және бұзу қағидаларында белгіленген. 7. Инвестициялар туралы келісімде: 1) осы Кодекстің 283-4-бабында және Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген салықтар бойынша преференциялар; 2) мемлекеттік заттай гранттар; 3) шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы түрінде инвестициялық преференциялар беру көзделеді. Инвестициялар туралы келісімнің шеңберінде салықтар бойынша инвестициялық преференцияларды қолдану мерзімі жобаның құнына және инвестициялау санаттары бойынша жүзеге асырылатын қызмет түріне қарай, бірақ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органмен, салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен және салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісу бойынша инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес он жылдан аспайтындай болып көзделеді. 283-2-бап. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім 1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен заңды тұлға арасында жасалатын, заңды тұлғаның мұндай келісімді жасасуға өтінім берілген жылды қоса алғанда, сегіз жыл ішінде, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және оны жасасуға өтінім берілген жылдың 1 қаңтарына қолданыста болатын кемінде айлық есептік көрсеткіштің жетпіс бес миллион еселенген жиынтық мөлшерінде, капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) жаңа ұзақ мерзімді активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыру жөніндегі, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұзақ мерзімді активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздейтін шарт инвестициялық міндеттемелер туралы келісім болып табылады. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру және (немесе) қайта өңдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғамен инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан жағдайда мұндай келісім тек қана пайдалы қатты қазбаларды өндіру және (немесе) қайта өңдеу саласындағы қызмет бойынша жасалады. 2. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін заңды тұлғамен жасалады: 1) көмірсутекті пайдалы қазбаларды өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда, заңды тұлға тауар өндіруші болып табылады. Осы баптың мақсаттары үшін тауар өндіруші деп инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім берілген жылдың алдындағы жылдағы жиынтық жылдық кірісінің кемінде жетпіс пайызын өз өндірісінің тауарларын өткізуден не осындай тұлға өндірген пайдалы қазбаларды және (немесе) осындай тұлғаның пайдалы қазбаларды қайта өңдеуі нәтижесінде алынған өнімді өткізуден түсетін кіріс құрайтын заңды тұлға түсініледі; 2) заңды тұлға осы Кодекске сәйкес ірі немесе орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылады; 3) акцизделетін тауарларды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асырмайды; 4) арнаулы салық режимдерін қолданбайды. 3. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан заңды тұлғаның осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді орындауы инвестициялық міндеттемелер туралы келісімге қосымша болып табылатын инвестициялар салу графигіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген соманың кемінде елу пайызын қаржыландыру инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім берілген жылды қоса алғанда, алғашқы төрт жыл ішінде жүзеге асырылуға тиіс. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан заңды тұлға осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді орындаған кезде: 1) өзара байланысты тараппен жасалған шарттар бойынша тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны іс жүзінде шеккен шығыстар мөлшерінде, бірақ осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелер сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде есепке алынады; 2) өзара байланысты тараппен құны іс жүзінде шеккен шығыстар мөлшерінде есепке алынатын тауарларды сатып алуға, жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге шарттар жасасқан кезде мұндай өзара байланысты тарап Қазақстан Республикасының резиденті болуға тиіс. 4. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім қолданылатын мерзім ішінде, ол жасалған күннен екінші жылдан бастап, жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайтын заңды тұлға жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осындай қаржыландыру жүзеге асырылатын жылдың 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен кем емес сомада қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға да міндетті. Жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шығыстарды қаржыландыруды Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. 5. Осы Кодекстің 295-2-бабына сәйкес инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес он жыл мерзімге Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі. 283-3-бап. Оңайлатылған инвестициялық келісімшарт 1. Оңайлатылған инвестициялық келісімшартта: 1) мемлекеттік заттай гранттар; 2) кедендік баждар салудан босату түрінде инвестициялық преференциялар беру көзделеді. Инвестициялық жоба оңайлатылған инвестициялық келісімшарттың шеңберінде тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін белгілі бір басым қызмет түрлері бойынша жүзеге асырылады. 2. Мемлекеттік заттай гранттар Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны іске асыру үшін уақытша өтеусіз пайдалануға беріле отырып не уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейіннен меншікке не жер пайдалануға өтеусіз берілетін мүлікті білдіреді. Мемлекеттік заттай гранттарды осы Кодексте белгіленген тәртіппен инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша, оңайлатылған инвестициялық келісімшартқа сәйкес инвестициялық міндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусіз пайдалануға не уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейіннен меншікке не жер пайдалануға өтеусіз береді. Инвестор мен инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалған оңайлатылған инвестициялық келісімшартқа сәйкес инвестордың инвестициялық міндеттемелерді орындауын көздейтін аудиторлық есеп алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей қабылданатын инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның шешімі берілген мемлекеттік заттай грантты инвесторға меншігіне не өтеусіз ұзақ мерзімді жер пайдалануына өтеусіз беру үшін жергілікті атқарушы органға негіз болып табылады. 3. Мемлекеттік заттай гранттар ретінде: жер учаскелері, ғимараттар, құрылысжайлар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтін және реттейтін аспаптар мен құрылғылар, көлік құралдары (жеңіл автокөлікті қоспағанда), өндірістік және шаруашылық мүкәммал берілуі мүмкін. 4. Мемлекеттік заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады. 5. Мемлекеттік заттай гранттың ең жоғары мөлшері Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының ұзақ мерзімді активтеріне салынатын инвестициялар көлемінің отыз пайызынан аспайды. Егер сұрау салынатын мемлекеттік заттай гранттың бағаланған құны көрсетілген ең жоғары мөлшерден асып түскен жағдайда, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынатын мүлікті оның бағаланған құны мен мемлекеттік заттай гранттың ең жоғары мөлшері арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар. 283-4-бап. Салықтар бойынша преференциялар 1. Салықтар бойынша преференциялар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген тәртіппен және шарттармен беріледі. 2. Салықтар бойынша преференциялардың түрлері: 1) инвестициялар туралы келісім үшін: есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту; жер салығының мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану; мүлік салығын салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу; келісімшарт жасалған күннен бастап инвестициялық жоба шеңберінде салықтар бойынша преференциялардың мерзімдері аяқталған күнге дейінгі кезеңге осы тармақшада көзделген коэффициент мөлшерінің, мөлшерлемелердің және салықтарды азайту мөлшерінің тұрақтылығы; 2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісім үшін - Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес келісімнің шарттарына сай Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығы. 3. Салықтар бойынша преференциялар осы баптың 2-тармағында көзделген келісімшарттардың бірінің негізінде беріледі. Салықтар бойынша преференциялар, егер жобаны жүзеге асырудың басым нәтижесі мыналар болып табылса: 1) инвестициялар туралы келісім негізінде - егер ұзақ мерзімді актив деп танылған жаңа немесе реконструкцияланған жылжымайтын мүлікті қолданысқа енгізу көзделсе; 2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісім негізінде - егер келісімшартта жаңа ұзақ мерзімді активтерді сатып алу, өндіру, салу не оларды республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде жетпіс бес миллион еселенген мөлшерінде күрделі реконструкциялау көзделсе, жобалар жөніндегі жұмыс бағдарламаларын қарау қорытындылары бойынша беріледі. 4. Инвестициялық келісімшартта салықтар бойынша преференциялардың әрбір түрінің қолданылу мерзімі белгіленеді, бірақ Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес айқындалған оларды қолданудың шекті мерзімінен аспайды. 5. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен инвестициялық келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда салықтар бойынша преференциялардың қолданылуы күшін жояды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |