| ||||||||||||||||||||
|
|
|
Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Тәжікстан Республикасының Yкіметі арасындағы Еңбекші-мигранттар -
Осы редакция 2015 жылғы 14 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы № 1248 Қаулысымен бекітілді 2007 ж. 25 қаңтарда күшіне енді
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары саласындағы негіз қалаушы құжаттарының және Халықаралық Еңбек Ұйымы шеңберінде әзірленген қағидаттардың жолын ұстана отырып; Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қатысушы-мемлекеттер арасындағы 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау туралы келісімде жазылған қағидаттарды негізге ала отырып; 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының арасындағы өзара қатынастардың негіздері туралы шартқа сілтеме жасай отырып; екі мемлекеттің аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының және Тәжікстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен оларды әлеуметтік қорғау саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін дамыту мақсатында; заңды еңбек көші-қоны процестерін дамытуға жәрдемдесуге ұмтыла отырып; төмендегі туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде көрсетілген терминдер мынаны білдіреді: "еңбекші-мигрант" - кету Тарабының аумағында тұрақты тұратын, жұмысқа орналастыру Тарабы мемлекетінің аумағында ақылы еңбек қызметімен заңды негізде айналысатын адам; "кету Тарабы" - еңбекші-мигранттар аумағында тұрақты тұратын және ақылы еңбек қызметімен айналысу үшін жұмысқа орналастыру Тарабына қоныс аударатын мемлекет; "жұмысқа орналастыру Тарабы" - аумағында кету Тарабынан келген еңбекші-мигранттар ақылы еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекет; "жұмыс беруші (жалдаушы)" - еңбекші-мигрант еңбек қатынастарында болатын жұмысқа орналастыру Тарабының заңды немесе жеке тұлғасы.
Осы Келісімнің қолданылуы еңбекші-мигранттарға таралады. Осы Келісім мыналарға: босқындарға және мәжбүрлі қоныс аударушыларға; жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдарға, артистерге және спортшыларға қолданылмайды.
Адам құқықтары саласындағы халықаралық нормаларға сәйкес Тараптар еңбекші-мигранттарды құрметтеуге және олардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге, жыныс, жас, нәсіл, тіл, этникалық және әлеуметтік ата-тегінің, азаматтық, отбасылық және мүліктік жағдайының белгісі бойынша, сондай-ақ кез келген басқа да белгі бойынша кемсітудің кез келген нысандарына жол бермеуге міндеттенеді.
Осы Келісімді орындау кезінде: Қазақстан Республикасынан - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Тәжікстан Республикасынан - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тараптарды білдіретін уәкілетті органдар болып табылады. Уәкілетті органдар осы Келісімге байланысты мәселелерді шешу үшін Тараптардың басқа құзыретті органдарын тартуға құқылы. Тәжікстан Республикасының Үкіметі осы Келісім нормаларының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қажет болған жағдайда уәкілетті органның Тәжікстан Республикасы елшілігінің жанындағы өкілдігін құра алады.
Еңбекші-мигранттардың жұмысқа орналастыру Тарабының аумағына кіруі, олардың еңбек қызметі, тұруы және кетуі жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Еңбекші-мигрант жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасын бұзған жағдайда Тараптар еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтатуды және оның кету Тарабына қайтуын талап етуге құқылы.
Еңбекші-мигранттың еңбек қызметі жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес жұмыс берушімен бір немесе одан да көп тілде жасалған жеке еңбек шартының (келісім-шарты) негізінде жүзеге асырылады. Жеке еңбек шарты (келісім-шарты) жұмыс беруші мен еңбекші-мигранттың міндеттері туралы деректерді, жұмыс беруші мен еңбекші-мигрант, соңғысы жұмысқа орналасып жатқан кәсібi/мамандығы туралы негізгі деректерді, жұмыстардың сипаты, біліктілігін арттыру, еңбек жағдайлары мен жалақы, негізгі жұмыс уақытының және демалыс уақытының ұзақтығы, тұру жағдайлары туралы, көлік шығыстарын өтеудің тәртібі туралы, медициналық қызмет көрсету және өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру, еңбек дауларын шешу, жеке еңбек шартын (келісім-шартын) қолдану мерзімі және оны тоқтату жағдайлары туралы ақпаратты қамтуға тиіс. Еңбекші-мигранттың талабы бойынша еңбек қатынастары тоқтатылған кезде жұмыс беруші оған жұмыс ұзақтығы және ай сайынғы жалақысы туралы мөрмен расталған анықтама береді.
Еңбекші-мигранттарға еңбек қызметін жүзеге асыру үшін қолайлы және өзара лайықты жағдай жасау мақсатында Тараптар: өз мемлекетінің еңбек көші-қоны саласындағы ұлттық заңнамасы және Тараптардың еңбек нарығының жұмыс күшіне қажеттіліктері туралы бір бірін хабардар етеді; шетелдік жұмыс күшін тартумен және шетелге шығарумен байланысты қызметке лицензиясы бар заңды және тұлғалардың тізімдерімен алмасады; Тараптардың құзыретті органдарының тиісті лицензиялары жоқ делдалдардың еңбекші-мигранттарды жұмысқа орналастыруын болдырмау мақсатында қажетті шараларды қабылдайды; Тараптар өңірлеріне тиісті өкілдіктерді бере отырып, еңбек көші-қоны саласында өңірлік ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі; - осы Келісім күшіне енгеннен кейін қысқа мерзімде Маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарындағы еңбек қызметі үшін еңбекші-мигранттарды тартудың оңайлатылған тәртібі туралы келісімді әзірлейді және оған қол қояды.
Еңбекші-мигранттар жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес әлеуметтік сақтандыруды пайдаланады. Егер еңбек шартында (келісім-шартында) көзделген болса, еңбекші-мигранттарға медициналық қызмет көрсету жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Тараптар дипломдарды, білім туралы куәліктерді, атақ, разряд, біліктілік беру туралы тиісті құжаттар мен еңбек қызметін жүзеге асыру үшін қажетті басқа да құжаттарды және олардың кету Тарабының аумағында белгіленген тәртіппен куәландырылған жұмысқа орналастыру Тарабының мемлекеттік тіліне немесе орыс тіліне аудармасын заңдастырусыз мойындайды.
Осы Келісім негізінде еңбек қызметін жүзеге асыратын еңбекші-мигранттар жұмысқа орналастыру Тарабының ішкі валюталық нарығында шетелдік валюта сатып алуға, сондай-ақ тапқан қаражатын шетелдік валютамен тұрақты тұратын мемлекетіне жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес аударуға және әкетуге құқылы. Жұмыскерлердің табысына салық салу жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жүзеге асырылады.
Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастыру Тарабының аумағына қажет жабдықтар мен техникалық қондырғыларды әкелуі және оларды кету Тарабының аумағына әкетуі, сондай-ақ еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастыру Тарабының аумағында сатып алған тауарларды әкетуі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
Еңбекші-мигрант жұмысқа орналастыру Тарабының азаматтарымен бірдей: еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға; шұғыл медициналық жәрдемге; еңбек міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеуге құқылы. Еңбекші-мигрант мертігу немесе денсаулығына келтірілген қандай да бір залал нәтижесінде еңбек қабілетін жоғалтқан немесе қайтыс болған жағдайда жұмыс беруші зардап шеккен немесе қайтыс болған адамды кету Тарабының аумағына тасымалдауды, осыған байланысты барлық шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді, егер еңбек шартында (келісім-шартында) өзгеше көзделмесе, осы Тараптың дипломатиялық немесе консулдық өкілдіктерін қайтыс болу, жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру фактісі жөніндегі материалдарды ұсына отырып хабардар етеді.
Егер бұл еңбек шартында (келісім-шартында) көзделген болса, еңбекші-мигранттың тұрақты тұратын жерінен жұмыс берушіге және кері жол жүруі жөніндегі шығыстар, сондай-ақ жолда жүрген уақытта ауыруына немесе қажетті стационарлық емделуіне байланысты шығыстар жұмыс берушінің қаражаты есебінен төленуі мүмкін. Егер жеке еңбек шартында (келісім-шартында) өзгеше көзделмесе, жеке еңбек шарты (келісім-шарты) еңбекші-мигранттың бастамасы бойынша бұзылған жағдайда жоғарыда айтылған барлық шығыстарды соңғысы өтейді.
Мемлекеттердің бірінің аумағында тұратын еңбекші-мигранттар осы Келісімнен туындайтын кез келген мәселелер бойынша басқа мемлекеттің құзыретті органдарына тікелей немесе тұратын жеріндегі тиісті билік органдары арқылы өтініш бере алады. Тараптардың бірінің құзыретті органдарының сұрауы бойынша басқа Тараптың құзыретті органдары өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімді орындауға байланысты мәселелер бойынша мұрағаттық материалдарды қоса алғанда, қажетті құжаттарды ұсынады.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 16-бабының ережелерінде көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты туындауы мүмкін барлық даулар мен келіспеушіліктер Уәкілетті органдар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
Осы Келісім дипломатиялық арналар бойынша оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың біреуі екінші Тарапқа тиісті мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданылу мерзімін өзінің тоқтату ниеті туралы хабарлама жібермесе, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Мұндай жағдайда осы Келісім бір Тарап екінші Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын алғаннан кейін алты ай өткен соң өзінің қолданылуын тоқтатады. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда оның ережелері жұмыскерлер жұмыс берушімен (жалдаушымен) жасасқан еңбек шартына (келісім-шартына) қатысты олар жасалған мерзім аяқталғанға дейін күшінде қалады.
Астана қаласында 2006жылғы «4» мамырда әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндерінің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |