Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы 12 желтоқсандағы
№ 471 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ДОМИНИКАН РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ
ШАРТ
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы
Тараптар арасында егемендік пен тең құқықтылықты өзара құрметтеу негізінде қылмыскерлікке қарсы іс-қимыл мәселелерінде тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуді қалай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-БАП
ҰСТАП БЕРУ МІНДЕТТЕМЕСІ
Тараптар осы Шарттың талаптарына сәйкес ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан, өздерінің аумағында жүрген кез келген адамды өзара ұстап беруге міндеттенеді.
2-БАП
ҰСТАП БЕРУГЕ ӘКЕП СОҒАТЫН ҚЫЛМЫСТАР
1. Осы Шарттың мақсатында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп екі Тараптың ұлттық қылмыстық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып танылатын және жасалғаны үшін бір (1) жыл немесе одан көп мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделетін іс-әрекеттер танылады.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмысы үшін өзіне қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, адам өтелуге жататын бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімі алты (6) немесе одан көп айды құраған жағдайда ғана ұстап берілуі мүмкін.
3. Ұстап беру, егер тіпті қылмыстың саралануы мен санкциясы Тараптардың құқықтық жүйелерінде өзара ұқсас болып табылмаса да, оны құрайтын әрекет немесе әрекетсіздік нысанындағы қылмыс үшін жүзеге асырылады.
4. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған болса, ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында дәл сондай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін қылмыстық қудалау көзделетін жағдайда жүзеге асырылады.