|
|
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002-2004 жылдарға арналған 2002 жылғы 28 наурызда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің 2002-2004 жылдарға арналған Бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Әрбір Үкімет әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруды қолға алғанда өзінің Бағдарламасын талдап жасайды, ол Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес алдымен ел Парламентінде мақұлданып, одан кейін Мемлекет басшысының бекітуіне берілуі тиіс. Қазіргі құрамдағы Үкімет те осы мәселені айтарлықтай қысқа мерзімде атқарды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: "Жаңа Үкімет салауатты ой мен нақты жұмыстың Үкіметі болуы керек" деген сөзі Бағдарламаға өзек болып тартылған. Екі айлық қауырт жұмыстың нәтижесінде Бағдарламаның Парламентте мақұлданған тұжырымдамалық негіздері және барлық мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының да сын-ескертпелері мен ұсыныстарын ескерген Бағдарлама әзірленді. Мемлекет басшысы 28 наурызда болған облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері қатысқан Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Бағдарламаның әлдеқайда мақсаткерлік және нақты сипатын ескере отырып, оның бұрынғы үкіметтер бағдарламаларынан ерекшелігін атап көрсетті. Бағдарламаның негізгі бағыттары, оның басымдықтары мен мақсаттары Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына қойған бірінші кезектегі міндеттерден туындайды және 2030 Стратегиясын одан әрі іске асыруды және 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының мақсатты индикаторларына қол жеткізуді көздейді. Үкіметтің Бағдарламасы қоғамдық-саяси тұрақтылықтың, тұрлаулы әлеуметтік-экономикалық дамудың, экономиканың теңдестірілу деңгейін арттырудың, капитал қозғалысын белсенді етудің, экономикалық қауіпсіздікті нығайтудың, жүйелік тәуекелдерді азайтудың, халықаралық ынтымақтастықты дамытудың негізінде халықтың тұрмыс деңгейін арттыруды өзінің басты мақсаты ретінде қойып отыр. Осыны негізге ала отырып Үкімет 2002-2004 жылдарға арналған өзінің Бағдарламасында мына міндеттерді шешуді басым бағыттар деп анықтады: - ел халқының әл-ауқатын жақсарту және оны одан әрі арттыруға алғышарттар жасау; - осы заманғы жаңа өндірістер құру, қазіргіден жоғары техникалық-технологиялық деңгейге көтерілу; - мемлекеттік басқару органдарының функцияларын, өкілеттіктері мен жауапкершілігін нақты анықтай отырып, жұмысының тиімділігін арттыру; - әлеуметтік-экономикалық процестер мен сыртқы факторлардың өзгеруіне сайма-сай үндестік танытуды қоса есептегенде экономиканы мемлекеттік реттеу тетіктерін жасау. Жоғарыда аталған міндеттерді іске асыру ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық 5-7 пайыз нақты өсіміне, оны 2004 жылы 2001 жылмен салыстырғанда 18-20 пайызға ұлғайтуға және оның деңгейін 2004 жылы жан басына шаққанда 1600-1700 АҚШ долларына балама сомаға жеткізуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда Бағдарламада белгіленген шараларды орындау Мемлекет басшысы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында алға қойған және Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында анықталған мақсаттарға қол жеткізуге өскелең де мақсатты сипат береді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |