|
|
|
Заң күшi бар Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1995 жылғы 7 сәуiр N 2184 Осы редакция 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 13-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдеуге және оларды салауатты өмiр салтына бейiмдеуге бағытталған медициналық, құқықтық және ұйымдық шаралар кешенiн жасау мақсатында осы Жарлықты шығарамын: 1-бап. Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдығудың әлеуметтiк қауiптiлiгi, оларды емдеу Алкоголизм, нашақорлық пен уытқұмарлық азаматтардың денсаулығына, елiмiздiң тектiлiк қорына залал келтiретiн және қылмыстың өсуiне себепшi болатын дерттер болып табылады. Өз еркiмен емделуден жалтарған алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларға денсаулық сақтау жүйесiнiң мамандандырылған емдеу профилактикалық мекемелерiнде, емдеу кезеңiнде оларды еңбекке тарта отырып, ерiксiз стационарлық ем қолданылуға тиiс. Денсаулық сақтау жүйесiнiң наркологиялық мекемелерiне ерiксiз емдеуге жiберу сотты болды деп қаралмайды. 2-бап. Ерiксiз емдеуге жiберiлетiн адамдардың құқықтық жағдайы Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан аурулар ерiксiз емделуге жiберiлген және емделу кезiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын емдеу режимiн сақтау қажеттiгiне байланысты шектеулермен пайдаланады. Олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн оларға сотта қорғау кепiлдiгi берiледi, сондай-ақ құқықтық және әлеуметтiк көмек көрсетiледi. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнде емдеуде болу уақыты еңбек стажын үзбейдi және ол жалпы еңбек стажына қосылып есептеледi. Ерiксiз емделуге жiберiлген адамдардың бұрынғы тұрған жерi бойынша тұрғын жайға құқығы сақталады. 3-бап. Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан деп тану тәртiбi Алкоголизмге, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан деп тану Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлiгi белгiлеген тәртiппен тиiстi медициналық куәландырудан кейiн денсаулық сақтау мекемелерi арқылы жүзеге асырылады. Ерiксiз емдеуге жiберу туралы мәселенi шешу кезiнде медициналық куәландырудан жалтарған адамдарды ерiксiз тексеру үшiн наркологиялық мекемеге iшкi iстер органдары ықтиярсыз алып келедi. Алкоголизмге, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан деп танылған адам мұнымен келiспеген жағдайда бұл шешiмге жоғары тұрған денсаулық сақтау органына немесе сотқа шағым жасауына болады. 4-бап. Мамандандырылған емдеу профилактикалық мекемелерiне ерiксiз емдеуге жiберудiң негiздерi Алкоголизмге, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеуге жiберудi ресiмдеудi аурудың туыстарының, еңбек ұжымдарының, қоғамдық ұйымдардың, iшкi iстер, прокуратура, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының бастамасымен медициналық қорытынды бар болған жағдайда денсаулық сақтау органдары жүзеге асырады. Тұрақты тұрған жайы жоқ ауруларды ерiксiз емдеуге ресiмдеудi өтiнiш берiлген кезде тұрып жатқан жерi бойынша iшкi iстер органдары жүзеге асырады. 5-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiне ерiксiз емдеуге жiберудiң тәртiбi Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiне жiберу туралы мәселенi аурудың тұратын жерi бойынша аудандық (қалалық) халық соты материалдың келiп түскен күнiнен бастап он күн мерзiмнен асырмай оның өзiнiң, сондай-ақ денсаулық сақтау және iшкi iстер органдары өкiлдерiнiң, аурудың туыстарының, еңбек ұжымдары, қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң қатысуымен ашық сот мәжiлiсiнде қарайды. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнде болу мерзiмi екi жылдан аспауға, ал қайтара жiберiлген жағдайда үш жылдан аспауға тиiс. Ауру адамды мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесiне жiберу, егер алдыңғы емделуi аяқталған күннен кейiн үш жылдан асатын уақыт өтсе, қайталанған болып саналмайды. Наркологиялық мекемеге ерiксiз емдеуге жiберу туралы өтiнiш жасалған ауру адам сот мәжiлiсiне келуден жалтарған жағдайда оны iшкi iстер органдары ықтиярсыз алып келедi. Тексеру үшiн ерiксiз ауруханаға жатқызылған уақыт мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесiнде ерiксiз емдеу кезеңiне қоса есептеледi. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiне жiберу кәмелетке толмағандарға, жүктi әйелдерге, белгiленген тәртiппен аналық құқынан айырылмаған, 8 жасқа дейiнгi баласы бар әйелдерге, 60-тан асқан ерлер мен 55-тен асқан әйелдерге, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi бекiткен тiзбедегi жүйке және ағза ауруларымен ауыратындрға қолданылмайды. 6-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнде емдеудi ұйымдастыру Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiне ерiксiз емдеуге жiберiлген ауруларды ұстау режимi, емдеу тәртiбi мен олардың еңбегiн ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiткен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi жүйесiнiң мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнде ерiксiз емдеу туралы Ережемен реттеледi. 7-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнен емделiп шыққан ауруларды ерiксiз емдеудi тоқтатудың негiздерi мен тәртiбi Емдеу-профилактикалық мекемелерiнен аурулар: - сот белгiлеген ерiксiз емдеу мерзiмi бiткен кезде; - ерiксiз емдеу жүргiзуге кедергi жасайтын қосалқы ауыр науқасының анықталуына байланысты - соттың қаулысымен; - дертiнен тез айығуына байланысты мерзiмiнен бұрын, бiрақ 6 айдан ерте емес - соттың қаулысымен шығарылады. Мекемеде жүрген ауру емдеуден жалтарған жағдайда оның емделу мерзiмiн әкiмшiлiктiң медициналық қорытындыға негiзделген ұсынысы бойынша мекеме орналасқан жердегi халық (қалалық) соты бiр жылдан аспайтын мерзiмге ұзартуы мүмкiн. Бұл ретте мекемеде болу уақыты үш жылдан аспауға тиiс. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесiнде немесе оған барар жолда жасалған қылмысы үшiн сотталған ауруды емдеу жазаны өтеу орындарында жүзеге асырылады. Еңбекпен түзеу мекемесiнде емдеу жүргiзiлмеген жағдайда ауру бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын өтегеннен кейiн медициналық қорытынды бар болған жағдайда мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiне жiберiлуге тиiс. 8-бап. Есепке алу және сүйемелдеп емдеу Алкоголизмнен, нашақорлық пен уытқұмарлықпен ерiксiз емделген адамдар осы мекемелерден шығарылған соң тұрғын жайлары бойынша наркологиялық мекемелерге есепке тұруға және оларда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi бекiткен тәртiппен сүйемелдеп емдеуден өтуге тиiс. Есепке тұрудан және сүйемелдеп емдеуден жалтарған адамдарды iшкi iстер органдары ықтиярсыз алып келуi мүмкiн. 9-бап. Наркологиялық мекемелерден емделiп шығарылған адамдардың еңбегi мен тұрмысын жайластыру Емдеу-профилактикалық мекемелерiнен емделiп шығарылған адамдардың еңбегi мен тұрмысын жайластыру тұрғын жерлерi бойынша жүзеге асырылады және жергiлiктi атқару органдарына жүктеледi. 10-бап. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнде заңдылықты сақталуын қадағалау Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнде заңдылықты қадағалауды Қазақстан Республикасының Прокуратурасы жүзеге асырады. 11-бап. Осы Жарлықтың күшiне ену тәртiбi Осы жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының Президентi
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |