|
|
|
Жамбыл облысындағы жер сiлкінісiнiң салдарларын жою және әлеуметтiк маңызды объектiлердi қалпына келтiру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 ж. 9 маусымдағы N 540 қаулысы 08.08.03 ж. дейін қолданылған редакция Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов атындағы ауданындағы жер сiлкiнiсінен зақымданған азаматтық мақсаттағы объектілердi қалпына келтiру мәселелерiн жедел шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді: 1. Қоса берiлiп отырған Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы жер сiлкiнiсiнен зақымданған объектiлердi қалпына келтiру жөнiндегi ведомствоаралық жұмыс тобы ұсынған 2003-2004 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспары (бұдан әрi - Жоспар) мақұлдансын. 2. Қоса берiлiп отырған Жамбыл облысындағы жер сiлкiнiсi салдарларын жою жөніндегi iс-шараларды қаржыландырудың ережесi бекiтiлсiн. 3. Жамбыл облысының әкiмiне жер сiлкiнiсiнен зардап шеккен объектiлерiн салуға алдын ала ақы төлеуге, зiлзала аймағынан басқа елдi мекендерге көшiрiлетiн азаматтар үшiн тұрғын үйлер сатып алуға және салуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен қаржыландырылатын объектiлер бойынша жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарына 2003 жылға арналған республикалық бюджетте табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және өзге де күтпеген шығыстарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен 2 300 000 000 (екi миллиард үш жүз миллион) теңге бөлiнсiн. 4. Жамбыл облысының әкiмi мен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнің жекелеген сызбалар мен сметалар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру туралы ұсынысына келiсiм берiлсiн. 5. Жамбыл облысының әкiмi, Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгі, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлiктерi 2003 жылғы 15 шiлдеге дейiнгi мерзiмде белгiленген тәртiппен мемлекеттiк сараптама мен бекiтуден өткен жобалау-сметалық құжаттама негiзiнде жүргiзiлетiн жұмыстардың құны бөлiгiнде iс-шаралар жоспарын нақтылау жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн. 6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсiн және тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Үкiметiне есеп берсiн. 7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары А.С.Павловқа жүктелсiн. 8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 9 маусымдағы N 540 қаулысына қосымша Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов атындағы ауданындағы жер сілкінісінен зардап шеккен объектілерді қалпына келтіру жөніндегі 2003-2004 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 9 маусымдағы N 540 қаулысымен бекітілген Жамбыл облысындағы жер сiлкінісi салдарларын жою жөнiндегi iс-шараларды қаржыландырудың ережесi 1. Осы ереже жер сiлкiнiсi салдарларын жоюға арналған Жамбыл облысына қаржылық көмек көрсету мен оны пайдаланудың, сондай-ақ Жамбыл облысы жергiлікті атқарушы органының коммуналдық меншігіндегi немесе республикалық меншiктегi объектілердi және жер сiлкiнiсi салдарларынан зақымданған тұрғын үйлердi сатып алуды, салуды және күрделі жөндеудi қаржыландыру тәртiбiн айқындайды. 2. Жер сiлкiнiсi салдарларын жоюға арналған Жамбыл облысына қаржылық көмек көрсету, сондай-ақ Жамбыл облысы жергілiктi атқарушы органының коммуналдық меншiгiндегi немесе республикалық меншіктегi объектiлердi және жер сiлкінісi салдарларынан зақымданған тұрғын үйлердi сатып алу, салу және күрделі жөндеу мынадай көздердiң есебiнен жүзеге асырылады: 1) Қазақстан Республикасының Үкiметi резервінің қаражаты есебiнен; 2) облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергiлiктi бюджеттерi қаражатының есебінен; 3) Жамбыл облысы жергiлiктi бюджеттерінің қаражаты есебiнен; 4) Жамбыл облыстық қаржы басқармасы мен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның аудандық қаржы бөлiмiне қазынашылық органдарында ашылған демеушiлік және қайырымдылық көмек көрсету шоттарында жинақталған қайырымдылық көмек қаражаты есебiнен; 5) ұлттық компаниялар мен басқа да заңды тұлғалардың өз қаражаты есебiнен. 3. Қазақстан Республикасы Үкiметінің резервiнен бөлiнетiн қаражат Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1999 жылғы 18 қыркүйектегi N 1408 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Yкiметi резервінің қаражатын пайдалану ережесiнде белгiленген тәртіппен пайдаланылады. Жамбыл облысының әкiмi жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын тиiстi атқарушы орган туралы ережеге сәйкес Қазақстан Республикасы Yкіметiнің шешiмiмен белгiленген iс-шараларды қаржыландыру жөнiндегi жергілiктi бюджеттiк бағдарлама әкімшiсiн айқындайды. 4. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергiлiктi бюджеттерінің қаражаты жер сiлкiнiсi салдарларын жоюға арналған Жамбыл облысына қаржылық көмек көрсетуге, сондай-ақ Жамбыл облысы жергiлiктi атқарушы органының коммуналдық меншігіндегi объектілердi және жер сiлкiнiсi салдарларынан зақымданған тұрғын үйлердi салу және күрделi жөндеуге жұмсалуы мүмкiн. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергіліктi бюджеттерiнің есебiнен Жамбыл облысы жергiлiктi атқарушы органының коммуналдық меншiгіндегi объектiлердi және жер сiлкінісi салдарларынан зақымданған тұрғын үйлердi салуды және күрделi жөндеудi қаржыландыру жергiлiктi бюджеттерде бекiтiлген тиiстi бюджеттiк бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады. Осы жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi зардап шеккен аумақтағы құрылыс жұмыстарының тапсырыс берушiлерi болып табылады. Құрылыс аяқталғаннан кейiн салынған объектілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Жамбыл облысының коммуналдық меншiгiне берiледi. 5. Жамбыл облысының облыстық және аудандық бюджеттерiнің қаражаты мәслихаттар мен жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерiне сәйкес пайдаланылады. 6. Заңды және жеке тұлғалардан қайырмалдық және қайырымдылық көмек, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да жергіліктi бюджеттерiнен мақсатты трансферттер түрiнде келiп түскен ақша Жамбыл облыстық қаржы басқармасы мен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның аудандық қаржы бөлiмiне қазынашылық органдарында ашылған демеушiлік және қайырымдылық көмек көрсету шоттарына аударылады. Демеушiлік және қайырымдылық көмек көрсету шоттарына келiп түскен ақша тек қана Тұрар Рысқұлов атындағы аудандағы жер сiлкiнiсi салдарларын жоюға пайдаланылады. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдары тиiстi жергiлiктi бюджеттер есебiнен Жамбыл облысына қаржылық көмек көрсету туралы шешiм қабылдау кезiнде олардың нысаналы мақсатын қаулымен мақұлданған iс-шаралар жоспарына сәйкес айқындайды. Жамбыл облысының әкiмi Жамбыл облыстық қаржы басқармасы мен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның аудандық қаржы бөліміне қазынашылық органдарында ашылған шоттарға келіп түскен қаражат есебінен қаржыландырылатын объектiлерді әрбiр шот бойынша жеке, сондай-ақ олардың пайдаланылуын жүзеге асыруға өкiлеттi жергiлiктi мемлекеттiк органдарды белгiлейдi. 7. Жамбыл облысының жергілiктi атқарушы органы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне осы Ереженiң 2-тармағының 1), 3), 4)-тармақшаларында көрсетiлген қаражатты жұмсаудың және оларды пайдаланудың нәтижесi туралы есептi ұсынады және олар мақсаттан тыс пайдаланылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік тартады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |