|
|
|
Кәсiптiк бастауыш білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесін бекіту туралы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 Қаулысымен күші жойылды
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса берiліп отырған Кәсiптiк бастауыш білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi бекітілсiн. 2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледi.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 28 ақпандағы № 174 қаулысымен бекiтілген
Кәсiптiк бастауыш білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кәсiптiк бастауыш білiмнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсіптік бастауыш білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң тәртібін айқындайды. 2. Кәсiптік бастауыш білім кәсiптiк мектептер мен кәсіптік лицейлерде негізгi жалпы білім беру базасында алынады, жалпы орта білім алумен ұштастырылады және еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша біліктi еңбек қызметкерлерiн (жұмысшыларды, қызметшілердi) даярлауға бағытталған. Жекелеген кәсiптер бойынша кәсiптiк бастауыш білім беру қысқартылған оқыту мерзiмiмен жалпы орта білім беруге негiзделуi мүмкiн. 3. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына өздерiнiң мүдделерiне, қабілеттерiне, денсаулық жағдайына сәйкес кәсiп, мамандық және білiктілiк алуда тең мүмкiндiктер бередi. 4. Кәсiптік оқыту білім беру қызметiн жүзеге асыру құқығына белгіленген тәртiппен берiлген лицензиясы болған кезде тікелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарда, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлайтын басқа да оқу-өндiрiстiк құрылымдарда жүзеге асырылуы мүмкiн. 5. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдарының алдында мынадай мiндеттер тұр: 1) кәсiптiк бастауыш және жалпы орта білімнiң білім беру бағдарламаларын игеру үшiн жағдайлар жасау; 2) еңбек рыногында бәсекеге қабілеттi, жоғарғы білікті жұмысшылар мен мамандар даярлауды, қайта даярлауды және олардың білiктілігін арттыруды қамтамасыз ету; 3) кәсiпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға, жұмыс берушілерге жұмыстан босатылған қызметкерлердi және жұмыспен қамтылмаған халықты қайта оқыту, қайта даярлау және олардың білiктілігін арттыру жөніндегі қызметтерді шарттық негізде көрсету; 4) оқытудың жаңа технологияларын енгізу, кәсіптік бастауыш білім беру ұйымдарының қызметiн ақпараттандыру. 6. Кәсіптік бастауыш білім беру ұйымдары: 1) мемлекеттік; 2) жеке меншiк болуы мүмкiн. 7. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық кесімдерiне, сондай-ақ осы Ережеге және олардың негiзiнде әзiрленген жарғыға сәйкес жүзеге асырады.
2. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру
8. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесiн, ғылыми-педагогикалық қызметтi өз бетінше ұйымдастырады. Кәсiптер бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұны, оларды игерудiң нормативтiк мерзімдерi мемлекеттік жалпыға мiндеттi білім беру стандарттарымен айқындалады және кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары әзiрлейтiн жұмыс оқу жоспарларына және бағдарламаларына сәйкес iске асырылады. 9. Ұйымдардың білім алушыларының үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау білім беру саласындағы орталық атқарушы орган бекіткен тәртiппен жүзеге асырылады. 10. Кәсіптік бастауыш білім беру ұйымдарында техникалық және қызмет көрсету еңбегінiң білiктi кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың білiктiлігін арттыру оқу орны жұмыс берушілермен, жұмыспен қамту қызметiмен және жеке азаматтармен бiрлесiп айқындалатын кәсiптер (мамандықтар) мен кәсiптер топтары бойынша жүзеге асырылады. 11. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдарында оқыту мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкiн: күндiзгі, кешкі, қашықтықтан оқыту. Кәсiптiк бастауыш білім алу үшiн әр түрлi нысандарда оқытуды ұштастыруға рұқсат беріледі. Кәсiп топтары бойынша филиалдар, кадрлардың біліктiлігін арттыру және оларды қайта даярлау курстары, кешкі (ауысымдық) бөлiмдер (топтар), оқу шаруашылықтары, полигондар мен басқа да құрылымдық бөлімшелер құрылуы мүмкін. Құрылымдық бөлiмшелердi ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы әзiрлейдi және бекiтеді. 12. Кәсiптік бастауыш білiм беру ұйымдарында тiлдер бойынша оқыту Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жүргiзiледi. 13. Оқушылардың жекелеген санаттары үшін сабақтың басталуы оқу топтарының жинақталуына қарай жұмыс берушiлермен шарт негiзiнде белгiленедi. 14. Теориялық және өндiрiстiк оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысаны сабақ болып табылады. Оқу сабақтары дәрістер, практикалық сабақтар, әңгiмелесу, зертханалық, бақылау және өз бетiмен жасалатын жұмыстар, консультациялар, факультативтiк сабақтар, курстық және дипломдық жобалар түрінде өткiзiлуi мүмкiн. 15. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдарында білім алушылармен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу үшiн оқу топтары құрылады. Кәсіптік бастауыш білім беру ұйымдарының оқу топтары санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес жинақталады. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдарында кәсіп бейiнiнiң ерекшелiктерiне қарай, жекелеген оқушылармен жеке сабақтар өткiзiлуi мүмкін. 16. Оқу топтары өндiрiстiк оқыту сабақтарында, жекелеген пәндер бойынша, оның iшiнде дене тәрбиесi бойынша теориялық және зертханалық-практикалық сабақтарда тілдердi оқыту кезiнде кішi топтарға бөлiне алады. Топтардың кiшi топтарға бөлiнiп оқытылуы кезiнде оқу пәндерiнiң тiзбесi оқу жоспарымен және бағдарламаларымен белгiленедi. Теориялық, практикалық сабақтардың кезектесуi оқу жоспарымен және оқу процесiнiң кестесiмен белгiленедi. 17. Оқушыларды өндiрiстік оқыту оқу орындарының оқу-өндiрiстiк шеберханаларында, зертханаларында, полигондарында, оқу шаруашылықтарында, құрылыс объектiлерiнiң үйрену орындарында, егіс далаларында, фермаларда, тапсырыс берушілердің, яғни жұмыс берушiлердiң кәсiпорындарында жүзеге асырылады. Өндiрiстiк оқыту процесінде оқу бағдарламаларына сәйкес, сондай-ақ сабақтан тыс уақытта өнеркәсiп және ауыл шаруашылығы өнiмдерін, халық тұтынатын тауарлар шығаруды ұйымдастыру көзделеді. 18. Кәсіп бойынша кәсiптiк практика ұйымдарда (кәсiпорындарда, мекемелерде) кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары мен ұйымдар (кәсiпорындар, мекемелер) арасында жасалған шарттар негiзiнде өткiзiледi. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмi мен мазмұны білiм берудің мемлекеттік жалпыға міндеттi стандарттарының талаптарына сәйкес жұмыс оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен белгіленедi. 19. Білiм алушыларды оқыту және тәрбиелеу сапасын, оқытушылардың педагогикалық шеберлiгiн арттыру және әдiстемелiк жұмысты жетiлдiру мақсатында кәсiптік бастауыш білім беру ұйымдарында педагогикалық, оқу-әдiстемелiк кеңестер құрылады. 20. Кәсіптік бастауыш білiм беру ұйымдары оқушыларының құрамынан білім алушылар: 1) өз еркімен; 2) денсаулық жағдайы бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қорытынды-анықтамасы негiзiнде; 3) басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты; 4) және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге жағдайларда да шығарылуы мүмкiн.
21. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдарындағы басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады. Алқалы басқару нысандары педагогикалық, оқу-әдiстемелiк және қамқоршылық кеңестер болып табылады. Білім беру ұйымын тiкелей басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен құрылтайшы тағайындайтын директор жүзеге асырады. 22. Кәсiптiк бастауыш білім беру ұйымдары кадрларды iрiктеуде және орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектерде өзге де қызметтердi өз бетінше жүзеге асырады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |