|
|
|
"Қазақстанның Даму Банкi" акционерлік қоғамының таяу шетел рыноктарына шығу тұжырымдамасы туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің (2006.17.08. берілген өзгерістермен )
"Қазақстанның Даму Банкi" акционерлік қоғамының (бұдан әрi - Қазақстанның Даму Банкi) қызмет аясын Қазақстан Республикасынан тысқары кеңейту жолымен таяу шетелдердiң экономикасын ықпалдастырудың басымдылығы базасында Қазақстан Республикасы экономикасының ұзақ уақыт тұрақты өсуiн қамтамасыз ету мiндетiн iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса берiлiп отырған "Қазақстанның Даму Банкi" акционерлік қоғамының таяу шетел рыноктарына шығу тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын. 2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда, Сыртқы iстер, Қаржы, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Энергетика және минералдық ресурстар, Көлiк және коммуникация, Ауыл шаруашылығы министрлiктерi, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiктерi (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсіздiк комитетi (келісім бойынша) өздерiнiң құзыретiне сәйкес: 1) Қазақстанның Даму Банкiне екi ай мерзiмде: саяси, экономикалық, қаржы және әлеуметтiк ахуалды талдауды, сондай-ақ таяу шетелдердегі ықтимал пайдалар мен қауiптер және қазақстан бизнесiнiң шетелге шығуы, қызмет салалары мен ықтимал әрiптестер туралы ақпаратты; таяу шетелдердiң нормативтiк құқықтық базасын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын талдауды, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкi өзiнiң инвестициялық қызметiн шетелде жүзеге асыру үшiн ұсыныстар мен ұсынымдар берсiн; 2) тұрақты негiзде, бірақ жылына кемiнде бір рет Қазақстанның Даму Банкiн саяси, экономикалық, қаржы және әлеуметтiк ахуалда болған өзгерістер мен Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі табысты қызметiне әсер ететiн реципиент - елдердегі жұмысы жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдар туралы хабардар етудi ұйымдастырсын; 3) Тұжырымдама ережелерiн iске асыру мақсатында өзге де жәрдем көрсетсiн. 3. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстанның Даму Банкi (келісім бойынша) жарты жылдықтың қорытындылары бойынша әр жылдың 1 ақпанынан және 1 тамызынан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Тұжырымдаманың iске асырылуы туралы ақпарат ұсынсын. 4. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда, Мәдениет, ақпарат және спорт, Сыртқы iстер министрлiктерi Қазақстанның Даму Банкiмен бірлесiп, Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі тиiстi тұсау кесер және беделдiк сүйемелдеу жұмыстарын өткiзудi қамтамасыз етсiн. 5. ҚР Үкіметінің 2006.17.08. № 776 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара) 6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi С.М.Мыңбаевқа жүктелсін. 7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Үкіметiнің 2005 жылғы 17 ақпандағы № 147 қаулысымен мақұлданған
"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКI" АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ТАЯУ ШЕТЕЛ РЫНОКТАРЫНА ШЫҒУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Астана, 2005 жыл
1. Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығу мүмкiндiктерiн талдау 2. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi 3. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығуын қамтамасыз ету жөніндегi ic-қимылдардың 1. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығу процесінде мүдделi мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдарының негiзгi нысандары 2. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығу жөніндегі 2. Қызметтің негiзгі бағыттары 3. Инвестициялық жобаларды iріктеу өлшемдерi 4. Қазақстанның Даму Банкінің инвестициялық 3. Тәуекелдердi бағалау жөніндегі негiзгi тәсiлдер 4. Тұжырымдаманы iске асыру тетiктерi 5. Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздерi 6. Тұжырымдаманы iске асырудан күтiлетiн нәтижелер
"Қазақстанның Даму Банкi" акционерлік қоғамының таяу шетел рыноктарына шығу тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің "Бәсекеге қабiлетті Қазақстан үшiн, бәсекеге қабiлетті экономика үшiн, бәсекеге қабiлетті ұлт үшiн" Қазақстан халқына 2004 жылғы 19 наурыздағы Жолдауында берiлген тапсырмаларына, Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөнiндегі іс-шаралар жоспарының 2.6.13-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын, Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын (бұдан әрi - Стратегия) және Қазақстан Республикасы Yкіметінiң басқа да негіз қалаушы бағдарламалық құжаттарын iске асыру мақсатында әзірленген. Тұжырымдаманың белгiленген сипаты бар және Қазақстанның Даму Банкi 2007 жылға дейiнгi кезеңде оның таяу шетелдер (Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай Халық Республикасы және басқа да реципиент - елдер) рыноктарына шығуы кезiнде сыртқы кредиттік саясатты айқындау үшiн негіз болып табылады және отандық тауар өндiрушiлердi нығайтуға, сонымен бірге Қазақстанның әлемдiк экономикаға ықпалдасу жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзуге ықпал ете отырып, оның сыртқы рынокқа шығуына жәрдемдесу, экономика салаларын әртараптандыру және дамудың шикiзат бағытынан бас тарту көзделген. Тұжырымдамада белгіленген басымдықтар мен шектеулер Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын, елдегі және әлемдiк рыноктардағы экономикалық жағдайдың өзгерулерін ескере отырып түзетулер енгiзiлуi мүмкiн.
1. Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығу мүмкiндiктерiн талдау
1. Мүмкіндіктер
Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығу мүмкіндіктері: ортамерзімді кезеңiнде қонымды қаржы саясаты және жақсы экономикалық перспективалар аясында Қазақстан экономикасының дамуында болып жатқан жақсарулар және осыған байланысты Standard & Poor's рейтингтiк агенттiкпен Қазақстанның егемендi кредиттiк рейтингi шетел валютасындағы мiндеттемелер бойынша BBB-/А-3 дейiн және ұлттық валютадағы мiндеттемелер бойынша ВВВ/А-3-ке дейiн арттыру; елдегi қаржы ресурстарының елеулi көлемi; қазақстандық бизнестiң шетелге шығу процесiнiң үдей түскен қарқыны; елдiң iшiнде де одан тысқары да мемлекет тарапынан отандық бизнеске көмектесу және оны қолдау; несие капиталының әлемдiк рыноктардағы қолайлы ахуалы; "Орталық азиялық ынтымақтастық" (ОАЫ), Бiрыңғай Экономикалық кеңiстiк (БЭК) сияқты мемлекетаралық ұйымдар шеңберіндегі экономикалық ықпалдастықты тереңдету; сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы екi және көп жақты халықаралық шарттар жасасу; елде инвестициялық қолдау құралдарының әртүрлi жиынтығы бар мамандандырылған даму институттарының жүйелерiн құру; Қазақстанның Даму Банкінің инвестициялық институт ретіндегі бәсекелiк артықшылығы болып табылады.
Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуына қауiптер: экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы және болжамсыздығы, өндiрiс қаражатына меншiк проблемаларын, қаржы, банктiк және басқа да жүйелер мен өзгелерiнiң жұмыс iстеуiн қоса алғанда, осы елдердегi рыноктық қатынастарды қалыптастыру процесiнiң аяқталмауы және күнi бұрын болжанбауы; реципиент - елдердегі саяси тұрақсыздық, заңнаманың және шетел инвестицияларын қорғау практикасының дамымауы; Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегi филиалдарының және өкiлдiктерiнiң, шетелдегi жобаларды iс-жүзiнде қаржыландыру тәжiрбиесiнiң болмауы болып табылады.
3. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi
Тұжырымдаманың мақсаты Қазақстан Республикасынан тыс Қазақстанның Даму Банкi қызметiнiң аясын кеңейту жолымен таяу шетел экономикаларын ықпалдастыру артықшылығы базасында елдiң орнықты дамуына қол жеткiзуге жәрдемдесу болып табылады. Тұжырымдаманың мiндеттерi Қазақстанның Даму Банкi қызметiнiң негiзгi бағыттарын және Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығу процесiне қатысатын мүдделi органдармен және ұйымдармен оның өзара iс-әрекетiнiң нысандарын, Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуы мен қызметiн жүзеге асыруды қамтамасыз ететiн шарттарды, оларды қамтамасыз ету жөнiндегі қажетті шараларды белгілеу болып табылады.
4. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығуын қамтамасыз ету жөніндегi ic-қимылдардың негізгі бағыттары
Қазақстанның Даму Банкінің рыноктарға шығуы Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатындағы жаңа элемент болып табылады және мүдделi мемлекеттік органдардың тараптарынан осы процестi лайықты ұйымдастыруды және қолдауды болжайды.
1. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығу процесінде мүдделi мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдарының негiзгi нысандары
Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығу процесiнiң кешендi сипатын ескере отырып, оның тиiмдi қызметiн қамтамасыз ету мақсатында мүдделi мемлекеттік органдар өз құзыретiнiң шеңберiнде оған саяси, ұйымдық, құқықтық, ақпараттық және өзге қолдау көрсетедi. Мүдделi мемлекеттік органдар өз құзыреттерiне сәйкес Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығу процесiнде Қазақстанның Даму Банкiне мыналарды қоса ала отырып, өз құзыретiнiң шеңберiнде жан-жақты қолдау көрсетуi тиiс: Қазақстанның Даму Банкiне болжамды реципиент - елдердегі саяси, экономикалық, қаржы және әлеуметтік ахуалдар, перспективалар, мүмкiндiктер, пайдалар және қауiптер туралы кезеңдiк негізде талдамалы ақпарат, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкi қазақстандық мемлекеттік инвестициялық институттардың шетелдегі мейлiнше тиiмдi қызметiн ұйымдастыру және жүргізу үшiн олардың негізіндегі нақты елдер, салалар, нысандар, мүмкiн болатын серіктестіктер және өзгелердi айқындау мақсатында қолда бар ұсыныстар мен ұсынымдар беру. Бұл тәуекелдi азайтуға, қазақстандық бизнес пен Қазақстанның Даму Банкінің мүмкiн болатын экономикалық шығындардың алдын алуға, Қазақстан Республикасының басқа да елдермен тиiмдi экономикалық ынтымақтастығына келеңсіз әсер ететiн даулы жағдайларды болдырмауға мүмкiндiк бередi. Осы зерттеулер үшiн "Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы" АҚ сияқты мамандандырылған ұйымдар тартылатын болады. Болжамды реципиент - елдерiнiң тиiстi заңнамалық базасына талдау жүргізудi қоса алғанда, Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуы мен қызметiнiң құқықтық қолдауын қамтамасыз ету, заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi жетілдiру арқылы оларды шешудiң проблемалары мен жолдарын айқындау, екi жақты және көп жақты халықаралық шарттар мен соған ұқсас нормаларды нақтылау нысанында жұмыс жүргізiлуi тиiс. Таяу шетелде Қазақстанның Даму Банкінің тиiмдi қызметi үшiн тиiстi қаражаттар мен технологияларды пайдалана отырып, процестің ақпараттық iлесуiн қамтамасыз ету қажет. Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуы мен қызметiн қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органдар мен даму институттарының қызметiн тiкелей үйлестiрудi, олардың Қазақстанның Даму Банкiмен тиiстi өзара iс-қимыл жасасуын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстанның Даму Банкінің акциялардың мемлекеттік пакетiн иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік уәкiлеттi орган (бұдан әрi - Уәкiлеттi орган) жүргізуi тиiс.
2. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарына шығу жөніндегі қызметiнiң негiзгi бағыттары
1. Ықпал ету факторлары
Қазақстанның Даму банкінің таяу шетел рыноктарына шығу ауқымына және мерзiмдерiне мыналар ықпал ететiн болады: Қазақстанның Даму Банкiне заңнамаға сәйкес айқындалған қаржы құралдарының жиынтығы; Қазақстан мен реципиент-елдерiнiң мүдделерiне инвестицияларды жүзеге асыру үшiн рыноктың қол жетiмділiгi; Қазақстанның Даму Банкінің мақсаттарына, басымдылықтарына және талаптарына сәйкес келетiн елдердегi төлемге қабiлеттi инвестициялық сұраныстардың көлемi, оның iшiнде қазақстандық бизнестiң қажеттi үлес бойынша меншiкке қатысуы, инвестицияланатын өндiрiстердiң Қазақстандағы өндiрiстермен технологиялық байланыстылығы, өнiмдердiң бәсекеге қабiлеттілігі, өндiрiстiң және өнiм сапасы, қарыз алушының ашықтығы және өзгелерi; Қазақстанның Даму Банкінің, оны инвестициялық қолдаудың мүмкiн болатын ауқымын айқындайтын капиталдандыру деңгейi; инвестицияларды жүзеге асыру кезіндегі мүмкiн болатын қаржылық тәуекелдер деңгейi; Қазақстанның Даму Банкінің басқа да қатысушылармен қаржылық тәуекелдердi жабу және бөлу көлемi. Халықаралық деңгейдегi қызмет Қазақстанның Даму Банкi менеджментiнiң кәсiбилігіне қойылатын талаптардың барынша жоғары тұғырын, олардың халықаралық стандарттар мен рәсiмдердi сақтауын көздейдi. Қазақстанның Даму Банкінің жаңа жағдайлардағы жұмысына тиiстi функционалдық және ұйымдастырушылық бейiмделуi қажет болады. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетелге шығу процесiн жеңілдету мақсатында оның өкілдіктерiн құру көзделедi. Осы өкілдiктердiң мiндеттерi ақпарат iздеу, жергілiктi шаруашылық жүргiзушi субъектілерiмен, екiншi деңгейдегi банктермен, елдiң мемлекеттік билiк органдарымен ынтымақтастық орнату және жобаларды iске асырудың мониторингі болып табылады. Олар арқылы алынған ақпарат қазақстандық инвестициялардың шетелге шығуын одан әрi жүзеге асыру үшiн ынтымақтастық схемасын жасау мақсатында пайдаланылатын болады.
2. Қызметтің негiзгі бағыттары
Қазақстанның Даму Банкінің шетелдегі қызметiнiң негізгi инвестициялық басымдықтары Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысымен бекітілетiн Даму Банкінің кредиттiк саясаты туралы меморандумда (бұдан әрi - Меморандум) айқындалады. Қазақстанның Даму банкi өз қызметiн таяу шетел рыноктарында жүзеге асыру кезiнде мыналарға: өңдеушi өнеркәсiптiң немесе олардың дамуын, оларды шикiзатпен және шала өнiмдермен қамтамасыз етудi, қазақстандық тауар өндiрушілердiң өндiрiстiк объектiлердi шетелден сатып алуын қоса алғанда қамтамасыз ететiн қазақстандық кәсiпорындармен технологиялық байланысты жобаларға; Қазақстан Республикасының транзиттiк әлеуетiн дамытуға, қазақстандық өнiмнiң экспортын жылжыту мен кеңейтуге ықпал ететiн инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударуы тиiс. Қазақстанның Даму Банкiне Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсыным берген, олар бойынша Қазақстанның Даму банкінің кредиттерiн қамтамасыз етуде қарыз алушы елдердiң мемлекеттік кепiлдiктерi берiлетін Қазақстан Республикасының резиденттерi емес жобаларға; Осыны ескере отырып, Қазақстанның Даму Банкiмен шетелде инвестициялаудың мүмкiн болатын бағыттары ретiнде мыналар ұсынылады: таяу шетелдердегi өндiрiс, оның iшiнде қазақстандық өнiмдi тұтынушылар, сондай-ақ Қазақстандағы өңдеушi өндiрiстермен технологиялық байланыстағы, қазақстандық өндiрушiлердiң қосымша құнын жасау және көтеру тiзбегiн ұзартуды қамтамасыз ететiн, аумақтық-өндiрiстiк кластерлердi құруға ықпал ететiн шикiзат немесе шала өнiмдердi жеткiзушiлер (ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, химия және мұнай-химия және тағы басқалары); жоғары технологиялық өндiрiстер секторы, атап айтқанда қазақстандық кәсiпорындарға ғылымды қажетсiнетiн жоғары технологияларды енгiзуге ықпал ететiн ғарыштық прибор құрылысы; Қазақстандағы қолда бар өңдеушi қуаттарды қазақстандық өнiмдердiң Қазақстанға қарағанда сыйымдылығы үлкен таяу маңдағы және әлемдiк рыноктарға (мысалы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кәсiпорындарын - ресей кәсiпорындарының немесе таяу шетелдiң басқа да елдерiнiң кәсiпорындарының технологиялық тiзбегіне) шығуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн бұрыннан қолданыстағы және кеңейiп келе жатқан технологиялық тiзбектерге қамтуды көздейтiн бірлескен өндiрiстер; әлемдiк экономиканы жаһандандыру жағдайында Қазақстан Республикасының транзиттiк әлеуетiн дамытуға ықпал ететiн инфрақұрылымдық жобалар; Қазақстан экономикасын дамытудың стратегиялық мiндеттерiн шешудi қамтамасыз ететiн объектiлер мен өндiрiстер, өндiрiс пен бөлудi өңiрлiк және әлемдiк жүйелерге ықпалдастыру (гидроресурстарды, электр энергетикасы және басқаларын пайдалану); қазақстандық өнiмдердiң экспортын ілгерiлету және кеңейту үшiн инфрақұрылым (терминалдар, қоймалар, порттар, сервистiк өндiрiстер және тағы басқалары); қазақстандық тауар өндiрушiлердiң өнiмiн сатып алатын резидент еместерге экспорттық кредит беру. Жобалармен одан әрi жұмыс барысында таяу шет елдерi экономикасының перспективалық секторларының тiзбесi жаңа рыноктық факторларды ескере отырып, түзетiлуi мүмкiн.
3. Инвестициялық жобаларды iріктеу өлшемдерi
Таяу шетел рыноктарында Қазақстанның Даму Банкiн қаржылық қолдауы үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеудiң мыналарды қоса алғандағы негiзгi өлшемдерi Меморандумға сәйкес болуы тиiс: инвестициялық жобалардың Меморандуммен айқындалған басымдықтарға сәйкестігі; жобаның тиiмділiгi мен өтелiмділігі; жобаны iске асыру нәтижесiнде жасалған өнiмдердiң өткiзiлуiн қамтамасыз ету және шикiзаттық базаның жеткiлiктiлігі; жобалық шешiмдердiң технологиялық және техникалық негiздiлiгі; экологиялық талаптарды сақтау; жобалық құжаттаманың сапасы мен толықтығы; институционалдық пысықтылық, білікті менеджменттің болуы; кредиттi қамтамасыз етудiң болуы; қарыз алушыға ұсынылған талаптарды орындау (кредитке қабiлеттiлiк, төлем қабілеттігі, қаржылық тұрақтылық және тағы басқалары). Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетел рыноктарындағы қызметi өңдеушi салалардағы отандық кәсiпорындармен, өндiрiстiк және көлiктiк инфрақұрылымдармен, реципиент-елдерiн рыноктарында арқа сүйейтiн мемлекеттің қатысуымен ұлттық компаниялармен және басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектілермен, сондай-ақ Қазақстандағы да, шетелдегi де жеке қазақстандық бизнес өкiлдерiмен өзара iс қимыл жасасу арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ екi жақты және көп жақты ынтымақтастық негiзiнде қазақстандық даму институттарының әлеуетi мен мүмкiндігі пайдаланылатын болады.
4. Қазақстанның Даму Банкінің инвестициялық қызметiнiң нысандары
Қазақстанның Даму Банкi шетелде қызметтiң мынадай түрлерiн жүзеге асыратын болады: Меморандумға сәйкес инвестициялық жобаларға орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдiк кредит беру, оның iшiнде оларды басқа да қаржы институттарымен ортақ қаржыландыру; инвестициялық жобаларға басқа қаржы институттарының кредит беруiн қамтамасыз етуде Меморандумға сәйкес кепiлдiктер беру; капиталдың сыртқы рыногына қаржылық ресурстарды тарту; инвестициялық банкинг, консалтинг; Қазақстанның Даму Банкi туралы заңнамада және реципиент-елiнiң заңнамасында көзделген өзге де қызмет түрлерi.
3. Тәуекелдердi бағалау жөніндегі негiзгi тәсiлдер
Таяу шығыс елдерiнiң рыноктарына шығу кезiнде болжамды реципиенттер-елдерiндегі саяси, экономикалық және әлеуметтiк ахуалды кешендi ескеру қажет. Қазақстанның Даму Банкi инвестицияларды жүзеге асыру кезiнде тәуекелдердi басқа да қатысушылармен бірге жабатын және бөлетiн болады. Ол қарызгерлер, iске асырылатын жобалар, отандық инвестициялардың таяу шетел рыноктарына шығуын сәттi жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн басқа да қатысушылармен қатысу жоспарларының келісілгендігі туралы даму институттары арасында ақпарат алмасуды жүзеге асыруға ықпал ететiн болады. Жобаларды iске асырумен байланысты саяси және өзге де тәуекелдердi сақтандыру мақсатында таяу шетелдердегi экспорттық операцияларға және инвестициялық жобаларға кредит беру кезiнде "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" АҚ, сондай-ақ өзге де шетел және отандық сақтандыру ұйымдары белсендi тартылатын болады. Қазақстанның Даму Банкi тәуекелдердi халықаралық даму институттары мен, жергілiктi коммерциялық банктермен, сондай-ақ қазақстандық коммерциялық банктермен немесе олардың таяу шетелдегi еншiлес құрылымдарымен бірлесiп кредит беру жолымен бөлетiн болады. Қазақстанның Даму Банкінің таяу шетелдерде осы немесе өзге де инвестициялық жобаларға қатысуы туралы шешiм қабылдау кезiнде, сонымен қатар елдiң экономикалық тұрақтылығын және кредиттiк қабiлеттiгiн өлшеудiң халықаралық стандарты болып табылатын халықаралық рейтингтiк агенттiк беретiн егемендi кредиттiк рейтингтер, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкінің әлеуетті қарыз алушыларының - жобаны iске асыратын шаруашылық жүргізушi субъектiлерiнiң рейтингтерi ескерiлетiн болады.
4. Тұжырымдаманы iске асыру тетiктерi
Тұжырымдаманы iске асырудың тетiктерi ретiнде мыналар көзделедi: - Қазақстанның Даму банкi туралы қолданыстағы заңнамада, Меморандумда, Қазақстанның Даму Банкінің iшкi құжаттарында жазылған тетiктердi пайдалану; - Қазақстанның Даму банкінің мүдделi мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен Қазақстанның Даму Банкінің шетелге шығуға дайындығы процесiндегі мемлекет тарапынан Даму Банкінің шетелдегі қызметiне саяси, экономикалы,қ қаржылық және ақпараттық қолдауды қоса алғандағы өзара iс-қимылы; - шетел заңнамасын, рыноктарын зерделеу, Меморандумға сәйкес серiктестер мен жобаларды мұқият iрiктеу (тиiстi ұлттық мемлекеттік және өзге де реттеушi органдармен және ұйымдармен өзара iс-қимылды iздестiру және орнату, рұқсат берушiлiк, тiркеу және өзге де ресiмдердi орындау); - сыртқы рыноктарға сүйенетiн, өз өнiмдерiнiң өндiрiсiн шетелде кеңейтушi қазақстандық шаруашылық жүргізушi субъектiлерiмен серіктестік қатынастарды орнату және қолдау; - халықаралық және ұлттық қаржылық ұйымдармен және даму институттарымен ынтымақтастық; - Қазақстанның Даму Банкi туралы заңнаманы, Қазақстанның Даму Банкінің оның таяу шетел рыноктарындағы тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған iшкi нормативтiк кесiмдерiн жетiлдiру; - реципиенттер-елдерiнiң ерекшелiктерiн, заңнамалық және экономикалық шарттарын ескере отырып, Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық құралдары мен қызметтерiн бейiмдеу. Осы тетiктер мен шараларды кешендi iске асыру, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкiнің қызметiн мүдделi мемлекеттік органдармен үйлестiрудiң тиiстi деңгейi Қазақстанның Даму Банкінің сыртқы рыноктарға шығу процесiне барлық қатысушылардың әлеуетi мен мүмкiндiктерiн оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етуге және оның қызметiн реципиенттер-елдерiнде тиiмдi жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
5. Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздерi
Қазақстанның Даму Банкінің сыртқы рыноктарға шығу мiндеттерiн шешу үшiн Қазақстанның Даму Банкiн Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005 жылға және кейiнгі жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспарларында көзделуi тиiс одан әрi капиталдандыру болжанып отыр.
6. Тұжырымдаманы iске асырудан күтiлетiн нәтижелер
Тұжырымдаманы сәттi iске асыру Қазақстанның Даму Банкінің Қазақстаннан тысқары қызметi аясының кеңеюiне, қазақстандық капиталдың шетелде iлгерiлеуiне, олардың сыртқы рыноктарды игеруiне, қазақстандық өңдеушi кәсiпорындардың қатысуымен қосымша құнның технологиялық және экономикалық тiзбегін құруға және дамытуға және сонымен қатар экономиканың салаларын әртараптандыруға және ел дамуының шикiзаттық бағыттылықтан ауытқуына ықпал етуi тиiс.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |