2005 ж. 14 қазандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған 18-баптың мәтіні 18-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету 1. Экономикалық қауiпсiздiк мемлекеттік органдардың, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың: 1) Қазақстанның экономикалық тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге; 2) Қазақстанның дүниежүзiлiк экономикалық жүйеден экономикалық тұйықталуына жол бермеуге; 3) ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiзiн сақтау мен нығайтуға; 4) Қазақстанның геосаяси төңiрегiнде туындайтын ықтимал терiс факторлардың әсерiне байланысты мемлекет экономикасының шетiндiк дәрежесiн барынша азайтуға; 5) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы қалпына келтiру мен дамытуға арналған iшкi, сыртқы несие ресурстары мен инвестициялық мүмкiндiктер бағытының басымдығына; 6) мемлекеттік бюджет тапшылығының мүмкiн болатын шектi деңгейiнен асып кетпеуге және оның кiрiс бөлiгiн нығайтуға; 7) бюджет қаражаты мен мемлекеттік ресурстардың нысанасыз пайдаланылмауына жол бермеуге; 8) сыртқы қарыздың республикалық бюджет туралы заңда белгiленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуiне жол бермеуге; 9) Қазақстан аймақтарының әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы қатерлi теңдессiздiкке жол бермеуге; 10) бәсекенi көтермелеу және монополизмдi шектеу жағдайында ел экономикасында қазақстандық тауар өндiрушiлердiң үлесiн арттыруға; 11) экономикалық өсудi қамтамасыз етуге бағытталған шешiмдерiмен және iс-әрекеттерiмен қамтамасыз етiледi. 2. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде мемлекеттің өнеркәсiп әлеуетiн сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдiк инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, Қазақстан экономикасының шетелдiк ұйымдар мен шетел қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгіндегі объектiлердiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады. 3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарын пайдалану жөніндегі келісім-шарттар жасалған кезде осы келісім-шарттардың орындалуы мен олардың орындалуын бақылау кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi. 4. Мыналарға: 1) шегiнде еңбек, қаржы ресурстары мен өзге де ресурстардың еркiн орын ауыстыруы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының рынок кеңiстiгiнiң; 2) Қазақстан Республикасының бiртұтас және дербес қаржы жүйесiнiң, соның iшiнде елдiң бүкiл аумағында ұлттық валюта-теңге айналысының; 3) Қазақстан Республикасының бiртұтас және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерiнiң қалыптасуы мен iркiлiссiз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн қандай да болсын шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi. 5. Мыналарға: 1) Қазақстан экономикасына инвестициялардың құйылуына кедергi жасайтын; 2) теңге бағамының күрт құлдырауына, мемлекеттің алтын-валюта активтерiнiң сарқылуына, елдiң экономикасы мен ақша айналысын тұралатып тастауы мүмкiн мемлекеттік қарыз көлемiнiң өсуiне ұрындыратын; 3) капиталдың елден сыртқа бақылаусыз әкетiлуiне ықпал ететiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимылға тыйым салынады және бұл жауаптылыққа әкеп соғады. |