|
|
|
«Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2006-2007 жылдарға
"Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 мамырдағы Заңына және "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 қазандағы № 1050 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2006-2007 жылдарға арналған тізбесі бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Қазақстан Республикасының азаматтарына тегін медициналық көмектің кепілді көлемін ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2005 жылғы 28 желтоқсандағы № 1296 қаулысымен бекітілген
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2006-2007 жылдарға арналған тізбесі
1. Жалпы ережелер
1. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесі (бұдан әрі - ТМККК тізбесі) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға (бұдан әрі - азаматтар) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын медициналық көмек көрсетудің түрлерін, көлемі мен шарттарын айқындайды және мейлінше дәлелденген тиімділігі бар медициналық қызметтерді қамтиды. 2. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ұсынылатын ТМККК тізбесі шұғыл көрсетімдер бойынша, сондай-ақ, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмек көрсетуді қамтиды. 3. ТМККК тізбесіне кірмейтін медициналық қызметтерге: 1) халықтың жеке қаражаты; 2) жұмыс берушінің қаражаты; 3) ерікті медициналық сақтандыру жүйесі; 4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен ақы төленеді. 4. ТМККК азаматтарға жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек нысандарында көрсетіледі.
2. Жедел медициналық көмек және санитарлық авиация нысанында ұсынылатын ТМККК тізбесі
5. Жедел медициналық көмек және санитарлық авиация нысандарында көрсетілетін медициналық көмек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, жіті аурулардан, созылмалы аурулардың өршуінен, жазатайым оқиғалардан, жарақаттардан және уланудан, сондай-ақ жүктілік пен босанудан туындаған өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайларда (шұғыл жағдайлар) халықтың барлық санаттары үшін тегін жүзеге асырылады. 6. Жедел медициналық көмек нысанындағы ТМККК тізбесіне емдік-диагностикалық манипуляцияларды орындау және науқастарды медициналық көрсетімдері бойынша шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдарға жеткізу, сондай-ақ көпшілік іс-шараларды медициналық қамтамасыз ету кіреді. 7. Жедел медициналық көмек нысанындағы ТМККК тізбесіне шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін науқастарды, жүкті әйелдерді жоспарлы емдеу мен жоспарлы тасымалдау, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық ұйымдар дәрігерлерінің тағайындауларын орындау, сот-наркологиялық және медициналық сараптаманың басқа түрлерін жүзеге асыру, еңбекке жарамсыздық парақтары мен қорытындыларды беру кірмейді.
3. Амбулаториялық-емханалық көмек нысанында ұсынылатын ТМККК тізбесі
8. Амбулаториялық-емханалық көмек нысанындағы ТМККК азаматтарға амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында бастапқы медициналық-санитарлық, білікті және мамандандырылған медициналық көмек түрінде, оның ішінде стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынылады. 9. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (бұдан әрі - БМСК) азаматтардың тіркелген жері бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) белгілеген тәртіппен терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, фельдшерлер, акушерлер, медбикелер (бұдан әрі - БМСК мамандары) көрсетеді. Білікті медициналық көмекті жоғары медициналық білімі бар БМСК мамандары көрсетеді. 10. Мамандандырылған медициналық көмекті БМСК маманының жолдамасы бойынша бейіндік мамандар көрсетеді. 11. Амбулаториялық-емханалық көмек нысанындағы ТМККК тізбесі уәкілетті орган бекітетін диагностика мен емдеудің стандарттарына (кезеңдік хаттамаларға) (бұдан әрі - хаттамалар1) сәйкес алдын алу, диагностикалық және емдеу қызметтерін қамтиды. __________________ 1 Бұл жерде және бұдан әрі қарай хаттама болмаған кезде диагностикалық және емдеу іс-шараларының көлемі жалпыға бірдей қабылданған көзқарастарға сәйкес медициналық көрсетімдер бойынша айқындалады. 12. Алдын алу қызметтері мыналарды қамтиды: 1) уәкілетті орган белгіленген тәртіпке сәйкес 15 пен қоса алғанда 49 жас аралығындағы әйелдерді, 18 жасқа дейінгі декреттелген жастағы балаларды және халықтың жекелеген топтарын алдын ала тексеру; 2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы егу; 3) санитарлық-гигиеналық, індетке қарсы іс-шаралар мен аурулардың алдын алу, оның ішінде: жұқпалардың ошақтары мен сыртқы ортаның қолайсыз факторларын эпидемиологиялық және санитарлық-гигиеналық тексеру, сондай-ақ оларды жою немесе әсерлерін азайту жөніндегі шаралар; халықты және шаруашылық жүргізуші субъектілерді санитарлық- эпидемиологиялық ахуал мен аумақтың санитарлық-эпидемиологиялық мониторингінің нәтижелері туралы хабардар ету; 4) халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және ұтымды тамақтану жөніндегі түсіндіру жұмысы; 5) негізгі аурулар кезінде қатердің іс-қимыл факторларының алдын алуды қоса алғанда, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар; 6) отбасын жоспарлау мен ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөніндегі түсіндіру жұмысы. 13. Диагностикалық қызметтер мыналарды қамтиды: 1) осы тізбенің 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген халық топтарын алдын ала тексеру кезінде: БМСК маманының жолдамасы бойынша БМСК маманының, стоматологтың, акушер-гинекологтың, хирургтің, офтальмологтың, сондай-ақ басқа да бейін мамандарының тексеруі; зертханалық зерттеулер: қанды жалпы талдау (лейкоциттердің, гемоглобиннің санын, эритроциттердің шөгу жылдамдығын анықтау), зәрді жалпы талдау, копрограмма, қандағы және зәрдегі глюкозаны анықтау, қандағы аспарагинді және аланинді аминотрансферазды, несеп нәрін анықтау, қақырықты талдау, мерезге микрореакция, әйелдердің кынап жағындысы мен онкоцитологияға арналған жағынды, уретральды жағынды-айғақтар бойынша; аспаптық зерттеулер: 40 жастан асқан адамдарға электрокардиография, 40 жастан асқан адамдардың көзі ішінің қан қысымын өлшеу, 35-тен 49 жасқа дейінгі әйелдерге маммография, флюорография; 2) ауруы бойынша есепте тұрған азаматтарды диспансерлеу кезінде: БМСК маманының және/немесе бейін маманының тексеруі; полимеразды тізбекті реакция негізіндегі диагностиканы, иммундық-феномендік типтеуді, компьютерлік томографияны, магниттік-резонанстық томографияны, ангиографияны, медициналық-генетикалық зерттеулерді (бұдан әрі - қымбат тұратын зерттеулер) қоспағанда, БМСК маманы мен бейін мамандарының жолдамасы бойынша азаматтардың барлық санаттарына медициналық көрсетімдері бойынша зертханалық және аспаптық зерттеулер; БМСК маманы мен бейін мамандарының жолдамасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, мүгедектерге, "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге (бұдан әрі - халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына) жұқпалы аурулармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбе бойынша әлеуметтік елеулі аурулармен және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулармен (бұдан әрі - әлеуметтік елеулі аурулар) ауыратын науқастарға медициналық көрсетімдер бойынша қымбат тұратын зерттеулер; 3) ауруы бойынша қаралған кезде: БМСК маманының тексеруі; БМСК маманының жолдамасы бойынша бейін маманның тексеруі; БМСК маманы мен бейін мамандарының жолдамасы бойынша азаматтардың барлық санаттарына медициналық көрсетімдері бойынша, қымбат тұратын зерттеулерді қоспағанда, зертханалық және аспаптық зерттеулер; БМСК маманы мен бейін мамандарының жолдамасы бойынша халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына, әлеуметтік елеулі аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көрсетімдер бойынша қымбат тұратын зерттеулер. 14. Емдеу қызметтері мыналарды қамтиды: 1) емделуші қиын жағдайдан шыққанға және/немесе жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін шұғыл көмек көрсету; 2) емдік манипуляциялар: инъекциялар, дәке, қатайтатын таңғыштар, шендеуіштер салу, медицина ұйымының шығыс материалдарын пайдалана отырып, хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық, офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да амбулаториялық ем-шаралар; 3) 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көрсетімдері бойынша физиоем-шаралар; 4) халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына шұғыл стоматологиялық көмек, сондай-ақ тіс жұлуды, бұрғылауды және химиялық қатайтылған композицияланған материалдардан пломбылар салуды қоса алғанда, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетілетін жоспарлы стоматологиялық (ортодонтикалықтан және ортопедиялықтан басқа) көмек; 5) темір тапшылығы анемиясының және йод тапшылығының алдын алуға арналған препараттармен жүкті әйелдерді, бес жасқа дейінгі балаларды, диспансерлік есепте тұрған балалар мен жасөспірімдерді, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен аурулар түрлерінің тізбесі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарын тегін/жеңілдікті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
4. Стационарлық көмек нысанында көрсетілетін ТМККК тізбесi
15. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының ұсынуы бойынша облыстар, Астана және Алматы қалалары үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалатын емдеуге жатқызу жағдайларының жоспарланған санының (шекті көлемінің) шеңберінде көрсетіледі. 16. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК жоспарлы және шұғыл көрсетімдер бойынша көрсетіледі. 17. Жоспарлы көрсетімдер бойынша ТМККК БМСК маманының, емделушіні басқа медициналық ұйымға ауыстыру кезінде стационарлық көмек көрсететін медицина ұйымының, сондай-ақ уәкілетті орган белгілеген тәртіппен құрылатын жоғары мамандандырылған медициналық көмек жөніндегі комиссиялардың жолдамасы бойынша көрсетіледі. Шұғыл көрсетімдер бойынша ТМККК жолдаманың бар-жоқтығына қарамастан көрсетіледі. 18. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК азаматтарға уәкілетті орган немесе денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, сондай-ақ медициналық мекемелермен тиісті шарттары бар денсаулық сақтау ұйымдары білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрінде, оның ішінде хаттамаларға сәйкес стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынады. 19. Білікті медициналық көмек терапиялық, хирургиялық, педиатриялық және акушерлік-гинекологиялық бейіндер бойынша көрсетіледі. 20. Мамандандырылған медициналық көмек мынадай мамандықтар бойынша көрсетіледі: 1) аллергология, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология (кең көлемде зақымданған аурулардың ауыр рефрактерлі нысандары) иммунология, жұқпалы және паразиттік аурулар, кардиология, кардиоревматология, лепрология, наркология, неврология, нефрология, профпатология, психиатрия, пульмонология, реабилитология (сауықтыру емдеудің ажырамас бөлігі болып табылған жағдайда), ревматология, терапия, фтизиатрия, эндокринология кіретін терапиялық бейін; 2) андрология, анестезиология мен реаниматология, камбустиология, маммология, нейрохирургия, онкология, оториноларингология, офтальмология, проктология, травматология мен ортопедия, жүрек-қан тамырлары хирургиясы, трансплантология, токсикология, урология, хирургия, жақ-бет сүйегі хирургиясы кіретін хирургиялық бейін; 3) балалар аллергологиясы, балалар гастроэнтерологиясы, балалар мен жасөспірімдер гинекологиясы, балалар гематологиясы, балалар дерматовенерологиясы, балалардағы жұқпалы және паразиттік аурулар, балалар иммунологиясы, балалар камбустиологиясы, балалар кардиоревматологиясы, неонатология, балалар неврологиясы, балалар нейрохирургиясы, балалар нефрологиясы, жасөспірімдер наркологиясы, балалар оториноларингологиясы, балалар онкологиясы, балалар офтальмологиясы, педиатрия, балалар психиатриясы, балалар пульмонологиясы, балалар анестезиологиясы мен реаниматологиясы, балалар реабилитологиясы (сауықтыру емдеудің ажырамас бөлігі болып табылған жағдайда), балалар жүрек-қан тамырлары хирургиясы, балалар стоматологиясы, балалар травматологиясы мен ортопедиясы, балалар трансплантологиясы, балалар токсикологиясы, жасөспірімдер терапиясы, балалар урологиясы, фтизиопедиатрия, балалар хирургиясы, балалар жақ-бет сүйегі хирургиясы, балалар эндокринологиясы кіретін педиатриялық бейін; 4) денеден тыс ұрықтандыру мен медициналық генетикадан басқа акушерлікті және гинекологияны қамтитын акушерлік-гинекологиялық бейін. 21. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша көрсетіледі. 22. Стационарлық көмек нысанында көрсетілетін ТМККК тізбесі диагностикалық және емдік қызметтерді қамтиды. 23. Диагностикалық қызметтер мыналарды қамтиды: 1) мамандардың тексерулері, консультациялары; 2) жоспарлы ауруханаға жатқызу кезінде талап етілетіндерді, сондай-ақ қымбат тұратындарды қоспағанда, азаматтардың барлық санаттарына медициналық көрсетімдері бойынша зертханалық және аспаптық зерттеулер; 3) халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына және әлеуметтік елеулі аурулармен ауыратындарға медициналық көрсетімдері бойынша қымбат тұратын зерттеулер. 24. Емдеу қызметтері мыналарды қамтиды: 1) медициналық көрсетімдері бойынша емдік манипуляциялар; 2) уәкілетті орган бекітетін негізгі (өмірлік маңызы бар) дәрі-дәрмек тізімі шегінде медициналық көрсетімдері бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету; 3) медициналық көрсетімдері бойынша қан препараттарымен және компоненттерімен қамтамасыз ету; 4) емдік тамақтандыру. 25. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК көрсету уәкілетті орган белгілеген стандарттағы палаталарда қосымша сервистік қызметтер (теледидар, телефон, тапсырыспен тамақтану және т.б.) ұсынылмастан мыналар болған кезде жүзеге асырылады: 1) емдеуге жатқызуға (жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде) жолдама; 2) жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде жеке басын куәландыратын құжат немесе оны алмастыратын құжат; 3) медициналық көрсетімдер (тәулік бойы медициналық бақылаудың қажеттілігі); 4) диагностика мен емдеу хаттамаларына сәйкес жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде талап етілетін тексерулер.
5. Стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынылатын ТМККК тізбесi 26. Стационарды алмастыратын көмек нысанындағы ТМККК уәкілетті орган белгілеген тәртіппен күндізгі стационарларда, күндіз емделу палаталары мен үйдегі стационарларда ұсынылады. 27. Күндізгі стационарларда және күндіз емделу палаталарында ұсынылатын стационарды алмастыратын көмек диагностикалық, емдік іс-шараларды, оның ішінде медициналық көрсетімдері бойынша уәкілетті орган белгілеген негізгі (өмірлік маңызы бар) дәрі-дәрмек құралдарының тізімі шегінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды. 28. Үйдегі стационарларда ұсынылатын стационарды алмастыратын көмек медициналық көрсетімдері бойынша емдік манипуляцияларды жүргізуді және осы тізбенің 14-тармағының 5) тармақшасында көзделген көлемде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |