«Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану ережесін бекіту туралы»
Осы редакция 2008 жылғы 22 қыркүйектегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса беріліп отырған Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану ережесі бекітілсін. 2. «Жол шаруашылығын құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 5 қыркүйектегі № 845 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1998 ж., № 31, 269-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін: 1-тармақтың үшінші абзацы алынып тасталсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 30 қаңтардағы № 71 қаулысымен Бекітілген
Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану ережесi
1. Осы Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібін айқындайды. 2. Осы Ережеде «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңында көзделген ұғымдар және мынадай ұғымдар пайдаланылады: ақылы автомобиль жолын және көпір өткелін пайдалану - автомобильдердің және басқа көлік құралдарының белгіленген жүктемелерімен, габариттерімен үздіксіз, қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру және автомобиль жолдарының және көпір өткелдерінің пайдалану кезеңінде талап етілетін техникалық деңгейі мен көліктік-пайдалану жай күйін ұстау; пайдаланушы - ақылы автомобиль жолдарын және (немесе) көпір өткелдерін пайдаланатын концессионер; уәкілетті орган - автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган. 3. Ақылы автомобиль жолын немесе көпір өткелін пайдалану пайдаланушының көгалдандыруды, ағымдағы, орташа және күрделі жөндеуді қоса алғанда, оларды жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды уақтылы жүргізуін, сондай-ақ автомобиль көлігінің толассыз және қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуді көздейді. 4. Ақылы автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін пайдалану жөніндегі барлық іс-шаралар уәкілетті органмен бекітілген Автомобиль жолдарын және жол құрылыстарын пайдалану кезіндегі жұмыстарды жіктеу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі. 5. Ақылы автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін пайдалануды бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады. 6. Ақылы автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін пайдалану кезінде пайдаланушы көлік құралдары қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында: қысқы кезеңде жолдарды және жол құрылыстарын қардан тазартады және төсемнің тайғақтығына қарсы шаралар қабылдайды; автомобиль жолдарын пайдаланушыларды қауіпті метеорологиялық құбылыстар (көктайғақ, тұман, күшті жел, бұрқасын, қар көшкіні), табиғи (жер сілкінісі, сел тасқыны, су басу, көшкін, дауыл және т.б.), сондай-ақ техногендік (көлік авариялары, апаттар, жарылыстар, өрт, улы заттар тараған авариялар және т.б.) сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабардар етеді; қауіпті метеорологиялық құбылыстар, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған, автомобиль жолдарының немесе олардағы құрылыстардың көтеру қабілеті жоғалған кезде, жол-жөндеу жұмыстарын, бұқаралық және спорттық іс-шараларды жүргізу кезінде қозғалысты шектейді немесе тоқтатады; қауіпті метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жояды; жол полициясы органдарымен өзара іс-әрекет ете отырып оларды жою жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мақсатында жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізеді, олардың пайда болуына ықпал ететін себептер мен жағдайларға талдау жасайды; байланыс желілері мен жол бойындағы автосервис пункттері желісінің дамуына ықпал етеді; авариялар, автомобиль апаттары, табиғи зілзалалар жағдайында мүмкін болатын дәрігерге дейінгі медициналық жәрдемді қамтамасыз етеді және қозғалысқа қатысушыларды құтқару жөніндегі шараларды жүзеге асырады; жол полициясы бөлімшелеріне жол-көлік оқиғаларын тексеруге жәрдем көрсетеді, сондай-ақ егер жол-көлік оқиғасы жол жағдайына байланысты болса, қызметтік тексеру жүргізеді; көлік ағыны құрамының, жүйелілігінің және жүк тасу қауырттылығының есебін жүргізеді. 7. Жүріп өту үшін төлемді пайдаланушы ақылы автомобиль жолдарына және көпір өткелдеріне кіру немесе одан шығу кезінде автомобиль көлігінің ең аз кідірісін қамтамасыз ететін жүріп өту үшін төлем жасауға арналған арнайы құрылғылармен жарақталған арнайы жабдықталған пункттерде алады. 8. Жүріп өту үшін төлем бақылаушы-кассирге немесе автоматты құрылғы арқылы қолма-қол ақшамен, сондай-ақ кредиттік немесе абонементтік карточкалардың көмегімен жүргізілуі мүмкін. Жүріп өту үшін төлемді қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша алуға жол беріледі. 9. Ақылы автомобиль жолдарымен және көпір өткелдерімен жүріп өту үшін төлем әрбір автомобиль жолы участкесі және (немесе) көпір өткелі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілетін ставкалар бойынша алынады. Ақылы автомобиль жолдарымен және көпір өткелдерімен жүріп өту үшін ақы төлеуден заңнамаға сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың көлік құралдары босатылады.
|