Қазақстан Республикасының Заңы (2008.05.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2008 жылғы 20 қарашадағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің арасында мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті олардың жүзеге асыруы процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар 1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың аффилиирленген тұлғалары - акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы тікелей не жанама түрде тиесілі болатын заңды тұлғалар. Жанама тиесілілік әрбір келесі аффилиирленген тұлғаға өзге заңды тұлғаның акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы тиесілі болатынын білдіреді; 2) әлеуетті өнім беруші - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум). Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға осы Заңның 41-бабы 3-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда әлеуетті өнім беруші болуы мүмкін; 3) әлеуетті өнім берушінің аффилиирленген тұлғасы - аталған әлеуетті өнім берушінің шешімдерін айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде жазбаша нысанда жасалған мәміленің күшіне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзіне қатысты аталған әлеуетті өнім берушінің осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға; 4) біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер - бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауына және өзара алмастырушы болуына мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрамдас бөліктерден тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер; 5) демпингтік баға - конкурсқа қатысушының тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұсынған бағасы, ол мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында ұқсас тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қолданылып жүрген бағалармен салыстырғанда көрінеу төмен баға болып табылады; 6) жұмыстар - құрылыспен, заттық нәтижесі бар шикізат кен орындарын жайластырумен байланысты қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмысқа жатқызылған өзге де қызмет; 7) конкурстық комиссия - осы Заңда көзделген конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін орындау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы құратын алқалы орган; 8) конкурстық құжаттама - конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізудің шарттары мен тәртібі қамтылатын, конкурсқа қатысуға өтінім әзірлеу үшін әлеуетті өнім берушіге табыс етілетін құжаттама; 9) көрсетілетін қызметтер - тапсырыс берушінің заттық нәтижесі жоқ қажеттерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет; 10) қаулы - Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындыларын жарамсыз деп тану, оларды қайта қарау не жою туралы, осы Заңға сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жасасуды не тіркеуді тоқтата тұру туралы шешім ресімделетін уәкілетті органның актісі; 11) мемлекеттік кәсіпорынның аффилиирленген тұлғалары - еншілес мемлекеттік кәсіпорындар; 12) мемлекеттік сатып алу - жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша не кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтемді қызмет көрсету шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жарналар (салымдар) енгізуді, оның ішінде жаңадан құрылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына жарналар (салымдар) енгізуді қоспағанда, тапсырыс берушінің жұмыс істеуін, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не осы Заңда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын жарғылық қызметін орындауын қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тапсырыс берушілердің ақылы негізде сатып алуы; 13) Мемлекеттік сатып алу бюллетені (бұдан әрі - Бюллетень) -мемлекеттік сатып алудың өткізілуге дайындалып жатқаны және өткізілгені туралы мәліметтер жарияланатын мерзімді баспа басылымы; 14) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімі - әлеуетті өнім берушімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, тиісті комиссия осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын өзара байланысты, дәйекті іс-шаралар кешені; 15) мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - мемлекеттік сатып алу жүйесін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган; 16) мемлекеттік сатып алу жүйесі - мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің және олардың мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті жүзеге асыру процесінде біртұтастық және өзара байланыс арқылы айқындалатын қатынастарының жиынтығы; 17) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілері - мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар; 18) мемлекеттік сатып алу саласындағы қызмет - тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер номенклатурасын жоспарлау, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлеу және бекіту, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу, мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды орындау, осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу саласында мамандар даярлау және (немесе) олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметтер көрсету, мемлекеттік сатып алу жүйелерінің субъектілеріне консультациялық, ақпараттық қызметтер көрсету; 19) мемлекеттік сатып алу туралы шарт - осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес, тапсырыс беруші мен өнім берушінің арасында тапсырыс берушінің жұмыс істеуін, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметін орындауын қамтамасыз ету үшін тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету туралы жасалған азаматтық-құқықтық шарт; 20) нұсқама - Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына қатысты анықталған бұзушылықтарды жою және осы заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қолдану туралы талап ресімделетін мемлекеттік қаржылық бақылау органының актісі; 21) өнім беруші - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, тапсырыс берушімен мемлекеттік сатып алу туралы жасасқан шартта оның келісім-шарт жасаушы агенті ретінде әрекет ететін заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум). Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға осы Заңның 41-бабы 3-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда өнім беруші болуы мүмкін; 22) сараптама комиссиясы - сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге қатысу, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшеліктеріне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды әзірлеу үшін тартылатын, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы құратын алқалы орган; 23) сарапшы - сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге қатысу, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшеліктеріне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды әзірлеу үшін тартылатын, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы айқындаған жеке тұлға; 24) тапсырыс берушілер - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша ауылдық елді мекендерде орналасқан әлеуметтік саланың мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарын қоспағанда, осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар; 25) тауарлар - нәрселер (заттар), оның ішінде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәріздес күйдегі шикізат, электр және жылу энергиясы, шығармашылық зияткерлік қызметтің объектіленген нәтижелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу-сату мәмілелерін жасасуға болатын заттық құқықтар; 26) шартты баға - конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысына конкурстық құжаттамада көзделген критерийлердің салыстырмалы мәнін қолдануды ескере отырып есептелген және конкурстың жеңімпазын айқындау мақсатында конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру кезінде ғана пайдаланылатын баға.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеу принциптері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы: 1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау; 2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін теңдей мүмкіндік беру; 3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік; 4) мемлекеттік сатып алу процесінің жариялылығы мен ашықтығы принциптеріне негізделеді.
4-бап. Осы Заңның өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу 1. Осы Заңның өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормалары қолданылмай мемлекеттік сатып алу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады: 1) егер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында көзделген жалпы жылдық сома тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспайтын болса, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бағалар, тарифтер, алымдар және төлемдер бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 3) жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыруға уәкілетті органдардың оларды жүзеге асыру үшін: жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға құпия түрде жәрдем көрсетуге келісім берген адамдар көрсететін қызметтерді; қызметтік үй-жайларды, көліктік және өзге де техникалық құралдарды, мүлікті; жасырын ұйымдар құру үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді; қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнайы білімі бар лауазымды адамдар мен мамандар көрсететін қызметтерді сатып алу; 4) табиғат пайдалану құқығын сатып алу; 5) стратегиялық маңызы бар өнеркәсіптер үшін шикізат ресурсы болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тауарлар тізбесі бойынша шетелден сатып алынатын тауарларды сатып алу; 6) мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбе бойынша тауарларды кейіннен өңдеу мақсатында сатып алуы; 7) өкілдік ету шығыстарына байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 8) көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың, симпозиумдардың, тренингтердің материалдарын сатып алу, сондай-ақ аталған іс-шараларға қатысқаны үшін ақы төлеу; 9) қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі мерзімді баспа басылымдарын, ақпаратты шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру жөнінде көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ веб-сайттарда орналастырылған ақпаратты сатып алу; 10) қызметкерлерді шетелде даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 11) рейтингтік агенттіктер көрсететін қызметтерді, қаржылық қызметтерді сатып алу; 12) мамандандырылған кітапханалардың қызметтерін сатып алу; 13) лизинг қызметін жүзеге асыру кезінде тауарларды кейіннен лизингке беру үшін сатып алу; 14) заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы бағалы қағаздарды, үлестерді сатып алу; 15) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасында көзделген көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 16) мемлекеттік наградаларды және олардың құжаттарын, Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының омырауға тағатын белгісін және оның құжатын, мемлекеттік сенім таңбаларын, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары (оның ішінде қызметтік және дипломатиялық) және жеке куәліктерін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді дайындау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өнім берушілерден Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша арнайы дәрежеде қорғауды талап ететін баспа өнімдерін сатып алу; 17) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық қаржы ұйымдары қаржыландыратын инвестициялық жобалар шеңберінде жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 18) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының дизайны, оларды жасау, сақтау, жеткізіп беру жөніндегі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ олардың дизайны мен дайындалуына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 19) мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері, халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, қызметтері қайырымдылық және халықаралық сипаттағы шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өтемсіз негізде ұсынатын грант ақшаларын, сондай-ақ оларды беру туралы келісімдерде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алудың өзге рәсімдері көзделген жағдайларда осы гранттарды бірлесіп қаржыландыруға бөлінген ақшаны пайдалануға байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 20) мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 21) тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесіне кіретін медициналық қызметтерді сатып алу; 22) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелде емдеу, сондай-ақ оларды тасымалдау әрі олармен бірге жүру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 23) іссапар шығыстарын жүзеге асыруға байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 24) тарих және мәдениет ескерткіштері ретінде мемлекет қорғауына алған және мемлекеттік мұражай, кітапхана, мұрағат қорларын, кино, фотосурет қорын және өзге де осыған ұқсас қорларды толықтыруға арналған тарихи, көркемдік немесе өзге де мәдени маңызы бар мәдени құндылықтар болып табылатын тауарларды, оның ішінде мұражай заттары мен мұражай коллекцияларын, сондай-ақ көшірмелерін қоса алғанда, сирек кездесетін және құнды басылымдарды, қолжазбаларды, мұрағат құжаттарын сатып алу; 25) сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты ерекше құқықтары бар тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 26) табиғи монополия субъектілерінен реттелетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 27) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынатын белгілі бір нарықта үстем (монополиялық) жағдайға ие, осындай нарықта үлесі жүз процентке тең болатын тұлғадан не нарық субъектісінен олардың қызметінің негізгі нысанасы бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 28) төтенше жағдай салдарларын оқшаулау және (немесе) жою үшін, электр энергетикасы объектілеріндегі, тіршілікті қамтамасыз ететін коммуникациялық жүйелердегі, темір жол, әуе, автомобиль, теңіз көлігі объектілеріндегі, тазарту құрылыстарындағы, мұнай құбырларындағы, газ құбырларындағы аварияларды жою үшін, сондай-ақ коммуникациялардың, тетіктердің, агрегаттардың, қосалқы бөлшектердің және материалдардың тасымал жолында тез арада қалпына келтіруді талап ететін сынуы, істен шығуы туындаған кезде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 29) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің, сондай-ақ тапсырыс берушілердің оқшауланған бөлімшелерінің шет мемлекеттің аумағында өз қызметін қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы; 30) халықаралық ақпарат ұйымдарының ақпарат ұсыну жөніндегі қызметтерін сатып алу; 31) мемлекеттік органдардың оларға қатысты өздері осындай кәсіпорындардың негізгі қызмет нысанасы бойынша басқару функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы; 32) монетарлық қызметті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 33) Қазақстан Республикасы Президентін, өзге де күзетілетін тұлғаларды және күзетілетін тұлғалардың келуіне арналған объектілерді күзетуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне бейне мұрағат қалыптастыру және ақпараттық қызмет көрсету жөніндегі қызметтерді сатып алу; 34) халықаралық коммерциялық төреліктерде және шетелдік сот органдарында мемлекеттің не тапсырыс берушінің мүдделерін қорғау мен білдіру жөніндегі консультациялық және заң қызметтерін сатып алу; 35) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тұлғадан мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 36) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 37) акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесінің мүшелеріне, жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің бақылау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу; 38) мамандандырылған ұйымының (агенттің) отандық өнім өндірушілерден ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ оларды сақтау, өңдеу және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу. Мамандандырылған ұйымдардың (агенттердің) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді; 39) мемлекеттік статистикалық бақылаулар деректерін өңдеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 40) мыналарды: Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына сәйкес сот орындаушылары өткізетін; Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін; Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өткізілетін; мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезіндегі сауда-саттықта (аукциондарда) сатылатын мүліктерді (активтерді) сатып алу; 41) адвокаттардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оған ақы төлеуден босатылған адамдарға көрсететін қызметтерін сатып алу; 42) түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындары өндіретін, орындайтын, көрсететін тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен көлемін, сондай-ақ осындай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынатын түзеу мекемелері кәсіпорындарының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді; 43) Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген отандық өндірушілерден және (немесе) ұйымдардан қорғаныс тапсырысының құрамына енетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 44) мүгедектердің республикалық қоғамдық бірлестіктері құрған және сатып алынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіретін ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу. Мүгедектердің республикалық қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардың тізбесін, осындай сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін, сондай-ақ осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алудың көлемі мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітіп, айқындайды; 45) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 46) теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу; 47) акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және корпоративтік басқару рейтингі бар, олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың тауарларын, жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін сатып алу. Рейтингтік ұйымдардың тізбесін және аталған рейтингтердің мәндеріне қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 48) акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың табиғи газды, уранды және оның қосылыстарын сатып алуы; 2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес осы Заңның 3-бабының 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеу принциптері сақтала отырып, жүзеге асырылады.
5-бап. Мемлекеттік сатып алу процесі 1. Мемлекеттік сатып алу процесі: 1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасын жоспарлауды; 2) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлеуді және бекітуді; 3) өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды; 4) мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтиды. 2. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасын тапсырыс беруші жыл сайын әзірлеп, бекітеді және онда мынадай мәліметтер: 1) Қазақстан Республикасының тиісті стандарты болған кезде осындай стандартқа, сондай-ақ қажет болған жағдайда басқа да елдердің стандарттарына сілтеме жасай отырып, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы; 2) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлемі, бірлік үшін бағасы, сондай-ақ жоспарланатын ақша сомасы қамтылуға тиіс. 3. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланып бекітілген номенклатурасының және тиісті бюджеттің (бизнес-жоспардың, кірістер мен шығыстар сметасының) негізінде тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын тапсырыс беруші тиісті бюджет (бизнес жоспар, кірістер мен шығыстар сметасы) бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде бекітеді және онда мынадай мәліметтер: 1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген соманы қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасы; 2) осы Заңның 4-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілі мен мерзімі; 3) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің жоспарланған мерзімі мен орны қамтылуға тиіс. 4. Тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекіткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға жібереді не табыс етеді. |