«Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2009 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 — 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 383 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған «Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2009 жылғы 8 мамырдағы № 674 қаулысымен бекітілген
«Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Нұрлы кеш» бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 383 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы № 1126 қаулысымен бекітілген 2009 - 2011 жылдарға арналған «Нұрлы кеш» бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленді және «Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату тәртібін айқындайды. 2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) тұрғын үй комиссиясы - тұрғын үй алуға үміткер, «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылардың тізімін қалыптастыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен құрылатын комиссия; 2) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің аумақтық органдары (бұдан әрі - көші-қон жөніндегі уәкілетті орган); 3) облыстың уәкілетті органы - өңірлік деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін облыстың жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі - облыстың уәкілетті органы); 4) қаланың, ауданның уәкілетті органы - өңірлік деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі - қаланың, ауданның уәкілетті органы); 5) «Нұрлы кеш» бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушылар (бұдан әрі - Бағдарламаға қатысушылар) - Ақмола облысы Көкшетау қаласының Красный Яр ауылына және Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласына келген оралмандар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығын алған немесе ресімдеп жүрген, Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында меншік немесе жер пайдалану құқығындағы жер учаскелері бар көшіп келушілер; 6) пилоттық жобалар - «Сарыарқа», «Ертіс» және «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларына (бұдан әрі - ӘКК) республикалық бюджеттен қайтарымды негізде бөлінген қаражаттың есебінен Ақмола облысы Көкшетау қаласының Красный Яр ауылында, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында тұрғын үй салу және қайта жаңарту, Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында тұрғын үй мен жылыжай салу; 7) оператор компания - әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 100 % қатысатын оның еншілес ұйымы.
2. Тұрғын үй алуға үміткер Бағдарламаға қатысушылардың тізімін қалыптастыру тәртібі
3. «Нұрлы кеш» бағдарламасына қатысушыларға тұрғын үй сату үшін тұрғын үй комиссиясы құрылады. Тұрғын үй комиссиясының құрамына мәслихат депутаттары, көші-қон жөніндегі және облыстың уәкілетті органдарының, өзге де мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Тұрғын үй комиссиясының құрамын және ол туралы ережені облыстың жергілікті атқарушы органы бекітеді. 4. Ақмола облысы Көкшетау қаласының Красный Яр ауылындағы және Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласындағы Бағдарламаға қатысушылар қаланың, ауданның уәкілетті органына осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысаны бойынша жазбаша өтінішті және мынадай құжаттарды: 1) паспорттың немесе азаматтығы жоқ тұлға куәлігінің, неке туралы куәліктің, баланың туу туралы куәлігінің, білімі туралы дипломдардың және мамандығының болуын растайтын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін; 2) оралман куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесін; 3) Халықты тіркеу кітабының нотариалды куәландырылған көшірмесін немесе тиісті елді мекенде тіркелгенін растайтын анықтаманы ұсынады. 5. Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданындағы Бағдарламаға қатысушылар қаланың, ауданның уәкілетті органына осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішті және мынадай құжаттарды: 1) жеке басын куәландыратын құжаттардың, неке туралы куәліктің, баланың туу туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмелерін; 2) Халықты тіркеу кітабының нотариалды куәландырылған көшірмесін немесе тиісті елді мекенде тіркелгенін растайтын анықтаманы; 3) Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданындағы жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді ұсынады. 6. Облыстың және көші-қон жөніндегі уәкілетті органдар әр елді мекен бойынша қажет мамандықтардың тізімін жасайды (бұдан әрі - қажет мамандықтардың тізімі) және оны үйге үміткерлердің тізімін қалыптастыру үшін тұрғын үй комиссиясына жібереді. 7. Тұрғын үй комиссиясы тұрғын үймен қамтамасыз етуге өтініш берген Бағдарламаға қатысушылардың ішінен қажет мамандықтарды ескере отырып: Бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен көзделген қаражатты ескере отырып, тұрғын үй алуға үміткерлердің тізімін (бұдан әрі - тізім); тұрғын үй алу үшін үміткерлердің резервтік тізімін жасайды.
3. Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сату тәртібі
8. Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сату Облыстың жергілікті атқарушы органдары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк) арасындағы Ынтымақтастық туралы үш жақты келісімнің (бұдан әрі - Келісім) негізінде жүзеге асырылады, ол тараптардың құқықтары мен міндеттерін пилоттық жобаның іске асырылуы шеңберінде регламенттейді. 9. Облыстың уәкілетті органы бұқаралық ақпарат құралдарында құжаттарды қабылдау орнын, құжаттарды қабылдаудың басталу және аяқталу күндерін көрсете отырып, Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сату кезеңінің басталғаны туралы хабарлайды.
Ақмола облысы Көкшетау қаласының Красный Яр ауылындағы және Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласындағы Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сату тәртібі
10. Тұрғын үй комиссиясы ай сайын, келесі айдың 5-күнінен кешіктірмей Бағдарламаға қатысушылардың тізімін Банк пен ӘКК-ге бір мезгілде жібереді. 11. ӘКК Келісімге сәйкес тізімді алған күнінен бастап он жұмыс күнінің ішінде Бағдарламаға қатысушының әрқайсысымен міндеттеме-шарт жасасады, онда Бағдарламаға қатысушының мынадай міндеттемелері көзделеді: 1) Банкпен тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт жасасу: тұрғын үйді салу (қайта жаңарту) аяқталғаннан кейін тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарттың талаптарына сәйкес тұрғын үй құнының 5 %-ы сомасында Банкке бастапқы жарнаны енгізу туралы; тұрғын үй қарызын алу және тұрғын үйді кепіл ретінде беру мақсатында тұрғын үйді салу (қайта жаңарту) аяқталғаннан кейін тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарттың талаптарына сәйкес 5,5 жылдан асырмай Банктегі шотта жинақтауды жүзеге асыру туралы; 2) тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шартта көзделген жинақтау шарттарын ол бұзған жағдайда құқықтары мен міндеттемелерін Бағдарламаның басқа қатысушысына беру. 12. ӘКК тұрғын үйдің құны туралы ақпаратты және міндеттеме-шарттар жасасқан Бағдарламаға қатысушылардың тізімдерін олар жасалған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей Банкке жібереді. 13. Банк осы Ереженің 12-тармағында көзделген ақпаратты ӘКК алған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасасады. 14. Банк тоқсан сайын, жинақтау басталған күнінен бастап есепті тоқсаннан кейінгі айдың бесінші жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде ӘКК-ге және облыстың уәкілетті органына Бағдарламаға қатысушылардың Келісімге сәйкес Шарт бойынша жинақтау шарттарын орындауы туралы ақпарат жібереді. 15. Тұрғын үй комиссиясы облыстың уәкілетті органы берген қаражат жинақтаудың қатарынан екі немесе одан да көп бұзылуы туралы ақпараттың негізінде бір ай ішінде резервтік тізімге енгізілген адамдарға тұрғын үйді сату туралы шешім қабылдайды және жаңартылған тізімді Банк пен ӘКК-ге жібереді. 16. ӘКК жаңартылған тізімнің негізінде тізімнен алып тасталған Бағдарламаға қатысушылармен міндеттеме-шарттарды бұзуды жүзеге асырады, Бағдарламаға жаңадан қатысушылармен міндеттеме-шарттар жасасады және жаңартылған тізімді алған сәттен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей оны Банкке жібереді. 17. Банк жаңартылған тізімді алған сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде тізімнен алып тасталған Бағдарламаға қатысушылармен Шарт бойынша құқықтары мен міндеттемелерін жаңа қатысушыға беру не Банк шотындағы ақша қалдығына тең сомадағы соманы қайтара отырып, «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Заңына сәйкес Шартты бұзу рәсімін жүргізеді. 18. Банк жинақтау мерзімі аяқталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей облыстың уәкілетті органы мен ӘКК-ге тұрғын үй қарызын алу үшін Шарттың талаптарын орындаған Бағдарламаға қатысушылар туралы ақпарат ұсынады. 19. ӘКК алынған ақпараттың негізінде Бағдарламаға қатысушымен салынған (қайта жаңартылған) тұрғын үйге сатып алу-сату шартын ресімдейді. 20. Бағдарламаға қатысушы Банкке қарыз алу үшін қажетті құжаттарды ұсынады. 21. Банк банктік қарыз шарты жасалған және кепілдікті қамтамасыз ету ресімделген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарыз сомасын ӘКК шотына аударады. 22. Егер тұрғын үйді салуды (қайта жаңартуды) аяқтау мерзімі Шарт бойынша жинақтау мерзімі аяқталған күннен бұрын басталған жағдайда ӘКК тұрғызылған (қайта жаңартылған) тұрғын үйді кейіннен жинақтау мерзімінің аяқталуына қарай Банктің кредит қаражаты есебінен сатып алу құқығымен жалға беру шартымен Бағдарламаға қатысушыларға береді. Тұрғын үйді жалдау құны ӘКК мен Бағдарламаға қатысушы арасындағы келісім бойынша айқындалады, ол Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік пен жер учаскесінен алынатын салықтық алымдардың жылдық сомасынан аспауға тиіс.
Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданындағы Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сату тәртібі
23. ӘКК Бағдарламаға қатысушы үшін қарыз беру жөніндегі және Бағдарламаға қатысушыға берілген қарыз қаражатының нысаналы пайдаланылуын және құрылысты бақылау міндеттерін оған жүктей отырып, оператор компанияны айқындайды, сондай-ақ қарыздар беру үшін оператор компанияға ақшалай қаражат бөледі. 24. ӘКК оператор компания мен Бағдарламаға қатысушылар арасында тұрғын үй мен жылыжай құрылысына ақшалай қаражат беру туралы қарыз шарттарының жасалуын қамтамасыз етеді. Тұрғын үйдің белгіленген алаңынан тыс құрылысы Бағдарламаға қатысушының меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылады. 25. Облыстың уәкілетті органы берген тізімнің негізінде оператор-компания он жұмыс күні ішінде әрбір Бағдарламаға қатысушымен тұрғын үй және жылыжай құрылысына қарыз шартын жасасады, онда Бағдарламаға қатысушының Банкпен: тұрғын үйді салу аяқталғаннан кейін тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарттың талаптарына сәйкес тұрғын үй мен жылыжай құнының 5 %-ы сомасында Банкке бастапқы жарнаны енгізу туралы; тұрғын үй қарызын алу және тұрғын үй мен жылыжайды кепіл ретінде беру мақсатында тұрғын үй мен жылыжай салу аяқталғаннан кейін тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарттың талаптарына сәйкес 5,5 жылдан асырмай Банктегі шотта жинақтауды жүзеге асыру туралы шарт жасасу жөніндегі міндеттемелерін көздейді. 26. Бағдарламаға қатысушы оператор компаниямен қарыз шартын жасасады және жер учаскесіне кепілді қамтамасыз етуді ресімдейді. 27. Бағдарламаға қатысушы оператор компаниямен және құрылыс салушымен тұрғын үй мен жылыжай құрылысына шарт жасасады. Құрылыс салушыны Бағдарламаға қатысушы айқындайды. 28. Оператор компания тұрғын үй мен жылыжай құрылысын салу шартының негізінде Бағдарламаға қатысушыға берілген қарыз сомасын құрылыс салушының шотына аударуды қамтамасыз етеді. 29. Бағдарламаға қатысушы құрылыс аяқталғаннан кейін тұрғын үйге және жылыжайға меншік құқығын тіркейді, қарыз шарты бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй мен жылыжайды оператор-компанияға кепілге береді. 30. ӘКК тұрғын үй мен жылыжай құрылысы аяқталғаннан кейін тұрғын үй мен жылыжайдың сметалық құны туралы ақпаратты, Бағдарламаға қатысушылардың тізімін он жұмыс күнінен кешіктірмей Банкке жібереді. 31. Банк ӘКК-ден осы Ереженің 30-тармағында көзделген ақпаратты алған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей Шарт жасасады. 32. Банк тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың бесінші жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде ӘКК мен облыстың уәкілетті органына Келісімге сәйкес Бағдарламаға қатысушылардың шарт бойынша жинақ талаптарын орындағаны туралы ақпарат жібереді. 33. Қаражат жинақтау жөніндегі талаптар бұзылған жағдайда оператор компания қарыз шартын бұзу және тұрғын үй комиссиясы ұсынатын резервтік тізімдегі Бағдарламаға қатысушылармен жаңа қарыз шартын жасау жөнінде шаралар қабылдайды. 34. Банк жаңартылған тізімді алған сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде тізімнен алып тасталған Бағдарламаға қатысушылармен Банк шотындағы ақша қалдығына тең сомадағы соманы қайтара отырып, «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Заңына сәйкес Шартты бұзу рәсімін жүргізеді. 35. Банк жинақтау аяқталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде облыстың уәкілетті органы мен ӘКК-ге тұрғын үй қарызын алуға арналған шарт талаптарын орындаған Бағдарламаға қатысушылар туралы ақпарат ұсынады. 36. Бағдарламаға қатысушы Банкке тұрғын үй қарызын алу үшін қажетті құжаттарды ұсынады. 37. ӘКК оператор компания мен Банк арасында Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне сәйкес талап етуді беру шартының жасалуын қамтамасыз етеді. Банк талап етуді беру шарты жасалғаннан кейін қарыз сомасын оператор компанияның шотына аударады.
пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату ережесіне қосымша
«Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушылардың тұрғын үй алуға арналған өтініші
«Нұрлы көш» бағдарламасына сәйкес маған _________________________________________________________________________________________________________ (Т. А. Ә. туған күнін көрсетіп) мынадай сипаттамаларға сәйкес: _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ __________________________________________________________________________________________________________ (қабат, бөлме саны және басқалары)
алаңы _______ ш.м тұрғын үй салуды (беруді) сұраймын.
Отбасы құрамы ______ адам: _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________________________________ ___________________________________________________________________________________________________________
20 ___ ж. «____» _______________ __________________ (қолы)
Өтінішті қабылдаған: ________________________________________________ (Т.А.Ә., лауазымы)
|