Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыру ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2009 жылғы 30 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыру ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 13 шілдедегі 598 қаулысымен бекітілген
Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыру тәртібін айқындайды. 2. Осы Ережеде мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады: мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар серпінді және статистикалық ақпаратқа бөлінеді: 1) серпінді ақпарат - бұл мемлекеттік органның ағымдағы қызметін көрсететін уақытша сипаттағы ақпарат (перспективалық даму, өзекті оқиғалар, басым бағыттар және басқалары); 2) статистикалық ақпарат - бұл мемлекеттік органның ішкі қызметін көрсететін тұрақты (анықтамалық) сипаттағы ақпарат (мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілері, құрылымы, ережесі және басқалары); 3) веб-сайт - ақпараттық-телекоммуникациялық желіде бір домендік атаумен біріктірілген және ортақ навигациясы бар деректер мен бағдарламалық-техникалық құралдар жиынтығы.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыру тәртібі
3. Мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшелері электрондық ақпараттық ресурстар дайындайды және оларды мемлекеттік органдардың веб-сайтарына орналастыруға аппарат басшысымен, жауапты хатшымен, жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған лауазымды тұлғамен келіседі. 4. Келісілгеннен кейін электрондық ақпараттық ресурстар оларды мемлекеттік органның веб-сайтына орналастыру үшін жауапты құрылымдық бөлімшеге жібереді. 5. Серпінді ақпарат жаңа ақпараттың түсу шамасына қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жаңартылады. 6. Статистикалық ақпарат мемлекеттік органдардың веб-сайттарында қажеттілігіне қарай жаңартылады. Мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар: 1) Word, Excel, HTML және басқа мәтіндік форматтарда; 2) JPG, GІF және басқа форматтардағы графиктік файлдар түрінде беріледі. 7. Мемлекеттік құпияларды құрайтын, жариялануы шектеулі, сондай-ақ басылымдық жариялануы Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған өзге де мәліметтер электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың веб-сайттарына орналастыруға рұқсат етілмейді.
8. Мемлекеттік органның веб-сайттарының ақпараттық көздері: тиісті мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері; тиісті мемлекеттік органның ведомстволары; тиісті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері; тиісті мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдары; басқа ұйымдар берген мәліметтерді құрайды.
|