Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы № 1139 Қаулысы (2009.20.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2009 жылғы 30 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мұнай туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 маусымдағы Заңының 5-бабына, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы Заңының 63-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесі бекітілсін. 2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын: 1) «Мұнай операцияларын жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді сатып алу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 7 маусымдағы № 612 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 17, 180-құжат); 2) «Отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 қарашадағы № 1204 қаулысының 2-тармағы және 5-тармағының 3) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 40, 408-құжат); 3) «Отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды күшейту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 19 қыркүйектегі № 955 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 38, 387-құжат). 4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы № 1139 қаулысымен Бекітілген
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мұнай туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 маусымдағы Заңының 5-бабына, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы Заңының 63-1-бабына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді (бұдан әрі - ТЖҚ) сатып алу тәртібін айқындайды. 1) кең таралған пайдалы қазбалар бойынша операциялар жүргізу кезінде; 2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алуды реттейтін заңнамасына сәйкес ТЖҚ сатып алуды жүзеге асыратын ТЖҚ сатып алуды ұйымдастырушыларға қолданылмайды. 3. Осы Ереженің мақсаты үшін мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады: конкурстық құжаттама - конкурс өткізудің шарттары мен тәртібі бар конкурстық өтінімді дайындау үшін әлеуетті жеткізушіге берілетін құжаттама; сатып алу - осы Ережеде белгіленген тәртіппен және тәсілдермен ТЖҚ сатып алу; сатып алуды ұйымдастырушы - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін ТЖҚ сатып алуды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы немесе жер қойнауын пайдаланушы уәкілеттік берген тұлға; біртекті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер - бірдей болмаса да, ұқсас сипатқа ие және өздеріне бірдей функцияларды орындауға мүмкіндік беретін және бірін-бірі өзара алмастыратын ұқсас құрамдас бөліктерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер; уәкілетті орган - сауда және индустриялық саясатты мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті орган; құзыретті орган - келісім-шарттарды жасасуға және орындауға байланысты құқықтарды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын және Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететін мемлекеттік орган; әлеуетті өнім беруші - шарт жасасу мақсатында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын ТЖҚ сатып алу процесіне қатысатын жеке немесе заңды тұлға. 4. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ТЖҚ сатып алу Қазақстан Республикасының аумағында жүргізіледі. 5. Сатып алу рәсімдерін өткізу және сатып алу жөніндегі құжаттама тілі Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңнаманың талаптарына сәйкес айқындалады. 6. ТЖҚ сатып алу біртекті түрлер бойынша және тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету орны бойынша бөліктерге (лоттарға) бөлінеді. ТЖҚ жеткізуші әрбір лот бойынша бөлек анықталады. ҚР Үкіметінің 2009.20.12. № 2138 Қаулысымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 7. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ТЖҚ сатып алу мына тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады: 1) конкурс (ашық немесе жабық) өткізу; 2) бір көзден сатып алу тәсілімен ТЖҚ сатып алу; 3) бағалық ұсыныстарға сұрау салу тәсілімен ТЖҚ сатып алу; 4) электронды сатып алу жүйесі арқылы ТЖҚ сатып алу; 5) тауар биржалары арқылы тауарлар сатып алу. 8. Сатып алуды ұйымдастырушы ашықтық пен айқындылық қағидаттарында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын ТЖҚ сатып алуды жүзеге асырады.
2. ТЖҚ сатып алудың жылдық бағдарламасын ұсыну тәртібі
9. Жер қойнауын пайдаланушылар жылдық жұмыс бағдарламасын келіскен күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша уәкілетті органға алдағы жылға арналған жылдық ТЖҚ сатып алу бағдарламасын ұсынады. Сатып алынған ТЖҚ бойынша есепті жер қойнауын пайдаланушы тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың он бесі күнінен кешіктірмей уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша уәкілетті органға береді. 10. ТЖҚ сатып алудың жылдық бағдарламасында жылдық жұмыс бағдарламасына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге қажетті сатып алынатын ТЖҚ-ның әр түрі бойынша сатып алудың жоспарланатын номенклатурасы, көлемі, сомалары, сондай-ақ мерзімдері мен тәсілдері көрсетіледі. ТЖҚ сатып алудың жылдық бағдарламасында тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер біртекті түрлері бойынша бөлінеді.
3. ТЖҚ сатып алуды конкурс арқылы жүзеге асыру
11. Конкурс оған қатысушылар тобына қарай ашық немесе жабық болуы мүмкін. Ашық конкурс әлеуетті жеткізушілердің шек қойылмайтын тобында жүргізіледі. Жабық конкурс сатып алынатын ТЖҚ әлеуетті жеткізушілердің шектеулі санында болған жағдайларда ғана өткізіледі. 12. Конкурсты ұйымдастырушы мынадай жағдайларда екі кезеңдік рәсімді қолдану арқылы конкурс өткізуі мүмкін: 1) тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің егжей-тегжейлі ерекшеліктерін тұжырымдау және олардың техникалық және өзге де сипаттамаларын анықтау қиын және әлеуетті жеткізушілердің конкурстық ұсыныстарын сұрау немесе олармен келіссөздер жүргізу қажет болғанда; 2) ғылыми зерттеулер, эксперименттер, іздестірулер немесе әзірлемелер жүргізу қажет болғанда. 13. Екі кезеңдік рәсімдер қолданылатын конкурс мынадай кезеңдердің жиынтығын білдіреді: 1) әлеуетті жеткізушілерден конкурстық өтінімнің бағасын көрсетпей, ТЖҚ-ның техникалық, сапалық немесе өзге де сипаттамаларына қатысты ұсыныстар сұрату, берілген ұсыныстарға талдау жүргізу және қажет болған кезде әлеуетті қатысушылармен келіссөздер жүргізу; 2) ТЖҚ-ның берілген техникалық, сапалық немесе өзге де сипаттамаларына сәйкес деп танылған әлеуетті қатысушылардың алдын ала іріктелген ұсыныстарының бағасын көрсете отырып, конкурстық өтінімдерді қарау.
Параграф 1. Конкурсты ақпараттық қамтамасыз ету
14. Сатып алуды ұйымдастырушы ашық конкурс өткізу кезінде аптасына кемінде үш рет жарияланатын және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялайды, сондай-ақ уәкілетті органның веб-сайтында жариялау үшін конкурстық өтінімдер берудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін кемінде отыз күнтізбелік күн бұрын хабарландырудың мәтінін мемлекеттік және орыс тілдерінде жолдайды. Сатып алуды ұйымдастырушы қайтадан ашық конкурс өткізген жағдайда тиісті хабарландырудың конкурстық өтінімдер берудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін кемінде он бес күнтізбелік күн бұрын жариялануын қамтамасыз етеді. 15. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды: 1) сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жері; 2) әрбір лот бойынша сатып алынатын тауардың, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көлемі, сапасы, номенклатурасы; 3) әрбір лот бойынша тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың және қызметтерді көрсетудің талап етілетін мерзімдері мен орны; 4) конкурстық құжаттаманы алу орны мен тәсілдері; 5) конкурстық өтінім берудің орны мен түпкілікті мерзімі, сондай-ақ конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын орын, күн мен уақыт; 6) сатып алуды ұйымдастырушы белгілеген өзге де қажетті ақпарат. 16. ТЖҚ-ны жабық конкурс тәсілімен сатып алуды жүргізген кезде сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді берудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін кемінде отыз күнтізбелік күн бұрын жабық конкурсқа қатысу үшін олар шақыратын әлеуетті жеткізушілердің мекен-жайына әлеуетті жеткізушілердің мұндай хабарлама алғанын растау шартымен жазбаша хабарламалар жібереді. Қайтадан жабық конкурс өткізілген жағдайда сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық өтінімдер берудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін кемінде он бес күнтізбелік күн бұрын жабық конкурсқа қатысу үшін олар шақыратын әлеуетті жеткізушілердің мекен-жайына әлеуетті жеткізушілердің мұндай хабарлама алғанын растау шартымен тиісті жазбаша хабарлама жібереді. 17. Осы Ереженің 15-тармағының талаптарына сәйкес жабық конкурсты өткізу туралы жазбаша хабарламалар жасалады. 18. Сатып алуды ұйымдастырушы жабық конкурс өткізу кезінде уәкілетті органға электрондық және қағаз жеткізгіштерде хабарлама жібереді, ол хабарламаны алған күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде конкурсқа қатысуға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланатын тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер тізілімінен конкурс шарттарына сәйкес келетін қазақстандық өндірушілерді ұсынады. 19. Сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін ТЖҚ сатып алуды жүзеге асырудан бас тарта алады. Сатып алуды ұйымдастырушы конкурсты өткізуден бас тартқаны туралы осы Ереженің 14 және 16-тармақтарында көрсетілген хабарлау тәсілдерін қолданып хабарлайды және конкурстық өтінімдер салынған, келіп түскен конверттерді ашылмаған күйде қайтарады. 20. Сатып алуды ұйымдастырушы ашық конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде конкурс нәтижелерін аптасына кемінде үш рет жарияланатын және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялау арқылы барлық қатысқан әлеуетті жеткізушілерді хабардар етеді, сондай-ақ конкурс нәтижелерін уәкілетті органның веб-сайтына жариялау үшін жібереді. Конкурс нәтижелері оның атауын, жеңімпазды және оның мекен-жайын, конкурс жеңімпазы ұсынған ТЖҚ атауын қамтиды.
Параграф 2. Конкурстық комиссия
21. Сатып алуды ұйымдастырушы ТЖҚ сатып алу жөніндегі әрбір конкурсқа конкурстық комиссия құрады. 22. Конкурстық комиссияның құрамына конкурстық комиссияның төрағасы, төрағасының орынбасары және мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды, бірақ кемінде үш адамды құрайды. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның мүшесі болып табылмайды және оның конкурстық комиссия шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ. 23. Конкурстық комиссияның төрағасы оның жұмысын басқарады, комиссияның отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады. 24. Конкурстық комиссияның хатшысы ТЖҚ сатып алу жөніндегі конкурстың рәсімдерін өткізуді ұйымдастырады. Конкурстық комиссияның хатшысы әлеуетті жеткізушілерге конкурстық құжаттаманы ұсынады, ТЖҚ-ның әлеуетті жеткізушілерін тіркеу журналын жүргізеді, конкурстық комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар дайындайды.
Параграф 3. Конкурстық құжаттама
25. Конкурстық құжаттама әлеуетті өнім берушілерге ТЖҚ-ны сатып алудың талаптары мен шарттары туралы ақпарат беруге арналған. Конкурстық құжаттаманы сатып алуды ұйымдастырушы әзірлейді және бекітеді. 26. Конкурстық құжаттама өзіне мынадай мәліметтерді қамтиды: 1) конкурсқа қатысу үшін әлеуетті жеткізушілерге қойылатын біліктілік талаптары, сондай-ақ әлеуетті жеткізушінің осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі; 2) сатып алынатын ТЖҚ-ның қажет болған жағдайда техникалық ерекшеліктерін, жоспарларын, сызбалары мен нобайларын қоса алғанда, функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары, сондай-ақ ТЖҚ-ның осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі; 3) конкурстық өтінімнің бағасын қалыптастыру тәртібі мен төлем шарттары; 4) сатып алынатын тауардың саны, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көлемі; 5) тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету орны; 6) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың немесе қызметтер көрсетудің талап етілетін мерзімі; 7) конкурстық өтінімдерді берудің тәсілі, орны және түпкілікті мерзімі, олардың қолданылу мерзімі, сондай-ақ конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын орын, күн және уақыт; 8) осы Ереженің 31-34-тармақтарына сәйкес конкурстық өтінімді ресімдеуге қойылатын талаптар; 9) жеңімпазды анықтау кезінде конкурстық комиссия ескеретін өлшемдердің тізбесі; 10) тиісті нұсқау мен бағалау тәсілін сипаттау және егер ТЖҚ-ның балама сипаттамаларына жол берілсе, балама конкурстық өтінімдерді салыстыру; 11) конкурс жеңімпазымен жасасатын шарттың жобасы; 12) оның көмегімен конкурсқа қатысушылар конкурстық құжаттамаға байланысты түсіндірмеге сұрау сала алатын тәсілдер; 13) конкурсты дайындауға және өткізуге жауапты лауазымды тұлғаға нұсқау; 14) сатып алуды ұйымдастырушыға қажетті өзге де мәліметтер және/немесе құжаттама. Конкурстық құжаттама сондай-ақ осы конкурстың заты болып табылатын ТЖҚ сатып алу үшін бөлінген сомалар туралы мәліметтерді қамтуы мүмкін. 27. Сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы конкурсқа қатысуға өтінім берген барлық әлеуетті жеткізушілерге қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіште, сондай-ақ уәкілетті органға тиісті сұрауы бойынша береді. 28. Әлеуетті жеткізуші конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы, бірақ конкурстық өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін он күннен кешіктірмей сұрау салып жүгіне алады. Сатып алуды ұйымдастырушы сұрау салу тіркелген сәттен бастап үш күн мерзімде оған жауап береді және сұрау салу кімнен түскенін көрсетпестен, сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттама берген барлық әлеуетті жеткізушілерге түсіндірме береді. 29. Сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді берудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін бес күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде өзінің жеке бастамасымен не қандай да бір әлеуетті жеткізуші тарапынан түсіндіру туралы сауалға жауап ретінде конкурстық құжаттамаға тиісті өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуі мүмкін. Өзгерістер енгізілген жағдайда сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы қайтадан бекітуі тиіс. Енгізілген өзгерістердің және/немесе толықтырулардың міндетті күші болады және сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттама берген барлық әлеуетті жеткізушілерге шұғыл түрде хабарланады. Бұл ретте конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімін сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті жеткізушілер конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерде осы өзгерістерді есепке алу үшін кемінде он күнтізбелік күн мерзімге ұзартады.
30. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті жеткізуші сатып алуды ұйымдастырушыға конкурстық құжаттамаға сәйкес белгіленген мерзімде және конвертке салынып жапсырылған конкурстық өтінімді береді. 31. Конкурстық өтінім нөмірленген беттерімен тігілген түрде беріледі, соңғы беті конкурсқа қатысушы - жеке тұлғаның қолымен, ал заңды тұлға үшін - уәкілетті тұлғаның қолымен және мөрімен куәландырылады. 32. Конкурсқа қатысушы конкурстық өтінімнің түпнұсқасын және конкурстық құжаттамада көрсетілген санда көшірмелерін береді. 33. Конкурстық өтінімнің түпнұсқасы «Түпнұсқа» деген жазуы бар мөрленген жеке пакетте беріледі. Конкурстық өтінімнің көшірмелері «Көшірмесі» деген жазуы бар мөрленген жеке пакеттерде беріледі. Көрсетілген пакеттер бір сыртқы пакетке салынып мөрленеді. 34. Ішкі және сыртқы конверттер: 1) сатып алуды ұйымдастырушыға конкурстық құжаттамада көрсетілген деректемелер бойынша жіберіледі; 2) «________________ сатып алу жөніндегі конкурс № ___ лот» (конкурстың атауы және лоттың нөмірі) және «________ға дейін ашуға болмайды» (конверттерді ашудың конкурстық құжаттамада көрсетілген күні мен уақыты) деген сөздерді қамтиды. 35. Конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімнен кем болмауы тиіс. 36. Конкурстық өтінімдердің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті жеткізушілерге осы мерзімді қосымша уақыт кезеңіне ұзарту туралы сұрау салу жібере алады. Әлеуетті жеткізуші сұрау салуды қабылдамауы мүмкін және оның конкурстық өтінімінің қолданылу мерзімі ұзартылмаған қолданылу мерзімі өткен соң аяқталады. 37. Әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімі өзгертуге немесе кері қайтаруға жатпайды.
Параграф 5. Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімі
38. Конкурстық комиссия конкурстың әлеуетті жеткізушілерінің тиісті конкурстық құжаттамада көрсетілген конкурстық өтінімдер берудің түпкілікті мерзімі аяқталғаннан кейін, сондай-ақ осы Ереженің 31-34-тармақтарының талаптарын бұзып берілген өтінімдерін қарамайды. Конкурстық комиссияның конкурс жарияланған күннің алдындағы бір күнтізбелік жыл ішінде конкурсты ұйымдастырушымен шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамау немесе тиісті орындамау жағдайларына жол берген тұлға ұсынған конкурстық өтінімді қарамауына болады. 39. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын орын, күн және уақыт туралы конкурстық құжаттаманың ережелеріне сәйкес конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашады. 40. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді ашу хаттамасын олар ашылатын күннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей жасайды. Конкурстық өтінімдерді ашу хаттамасына конкурстық комиссияның төрағасы, хатшысы және конверттерді ашу рәсімі кезінде қатысқан барлық мүшелері қол қояды. 41. Конкурстық өтінімдерді ашу хаттамасының көшірмесі конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде уәкілетті органға беріледі. 42. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімді, егер онда елеулі түрде өзгерте алмайтын немесе конкурстық құжаттамада жазылған сипаттамалардан, шарттар мен өзге де талаптардан елеулі ауытқу болып табылмайтын аздаған ауытқулар болса немесе егер онда конкурстық өтінімнің мәніне тиіспей түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, талаптарға сай келетіндігі ретінде қарайды. Кез келген мұндай ауытқулар мүмкіндігінше сандық мәнде беріледі және конкурстық өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде ескеріледі.
Параграф 6. Конкурстық өтінімдерді қарау рәсімі және конкурс жеңімпазын анықтау
43. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысу үшін қабылданған конкурстық өтінімдерді бағалайды және салыстырады әрі осы Ереженің 48-тармағының талаптарын ескере отырып, ең төменгі баға негізінде жеңіп шыққан конкурстық өтінімді анықтайды. 44. Конкурстық өтінімдерді қарау, бағалау және салыстыру кезінде: 1) конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді, оның мазмұнын өзгертпей қарауды, бағалауды және салыстыруды жеңілдету үшін конкурсқа қатысушылардан олардың конкурстық өтінімдеріне байланысты түсіндірмелер беруін сұрай алады; 2) конкурстық құжаттаманың және осы Ереженің талаптарына жауап бермейтін конкурстық өтінімді осы талаптарға сәйкес келтіру үшін ешқандай сұрауларға, ұсыныстарға немесе рұқсат беруге жол берілмейді. 45. Егер конкурстық құжаттамада неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе ғана, конкурстық комиссия конкурстық өтінімдер салынған конверттер ашылған күннен бастап он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде шешім қабылдау жолымен әрбір лот бойынша конкурстың қорытындыларын шығарады. 46. Конкурстық комиссия, егер: 1) осы конкурстық өтінімді ұсынған әлеуетті жеткізуші біліктілік талаптарына сай келмесе; 2) осы конкурстық өтінім осы Ереженің 42-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттаманың талаптарына жауап бермесе, конкурстық өтінімді қабылдамайды. 47. Конкурстық комиссия қайталама конкурс өткізілген жағдайда, егер оны осы Ереженің 53, 54-тармақтарына сәйкес бастапқы конкурстың қорытындылары бойынша сатып алуды ұйымдастырушымен шарт жасасудан бас тартқан тұлға берсе, конкурстық өтінімді қабылдамайды. 48. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын анықтаған кезде конкурсқа қатысушылар - қазақстандық өндірушілердің конкурстық өтінімінің бағасын ТЖҚ конкурстың және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда жиырма пайызға шартты түрде төмендетеді. 49. Конкурс қорытындысы бойынша тұтастай немесе жеке лот бойынша конкурстық комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды: 1) конкурстың жеңімпазын хабарлау туралы; 2) екеуден аз қатысушының конкурсқа қатысуына байланысты, сондай-ақ егер конкурсқа қатысушы үшін қабылданған конкурстық өтінімдерде ұсынылған барлық бағалар осы сатып алуға көзделген сомадан асатын болса конкурсты өткізілмеді деп тану туралы. 50. Конкурстың қорытындылары бойынша шешім осы Ереженің талаптарына сәйкес конкурстық комиссияның төрағасы, мүшелері мен хатшысы қол қоятын конкурстық комиссия отырысының хаттамасы түрінде рәсімделеді. 51. Конкурстың қорытындылары туралы хаттамада мыналар қамтылады: 1) сатып алынатын ТЖҚ-ның қысқаша сипаттамасы; 2) конкурсқа қатысушылардың атаулары мен орналасқан жерлері, сондай-ақ конкурс жеңімпазының атауы, орналасқан жері және жеңімпаз анықталған шарттар; 3) өткізілген конкурстың нәтижелері бойынша жеңімпазбен жасалған шарттың мерзімдері; 4) конкурстық өтінімдер берген конкурсқа қатысушылардың біліктілік деректері туралы ақпарат немесе осындай деректердің жоқтығы туралы ақпарат; 5) әрбір конкурстық өтінімнің бағасы және басқа да негізгі шарттарының қысқаша мазмұны; 6) конкурстық өтінімдерді бағалау мен салыстыру өлшемдерінің қысқаша мазмұны; 7) егер конкурс нәтижесінде барлық конкурстық өтінімдердің қабылданбағанына байланысты жеңімпаз анықталмаса, тиісті себептерді көрсету; 8) конкурстық құжаттамаға, оларға жауаптарға түсіндірме беру туралы сұраулардың қорытылып баяндалуы; 9) конкурс жеңімпазының ұсынысынан кейін ұсыныстары неғұрлым қолайлы болып табылатын конкурсқа қатысушылар туралы ақпарат; 10) конкурстық комиссияның шешімі бойынша басқа да маңызды ақпарат. 52. Конкурстың қорытындылары жөніндегі хаттаманың көшірмесі қол қойылған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қағаз және/немесе электрондық жеткізгіште жіберіледі. Жеңімпаз болып танылмаған конкурсқа қатысушыға конкурстық комиссия тиісті сұрау салу бойынша оның өтінімін қарау кезінде жеңімпаз болып танылмауы жөніндегі өлшемдерді қысқаша сипаттап конкурс нәтижелері туралы хабардар етеді. 53. Конкурстың қорытындылары бойынша хаттамаға сәйкес белгіленген мерзімде конкурстың жеңімпазымен конкурс жеңімпазының конкурстық өтінімінің шарттарына сәйкес жағдайларда шарт жасалады. 54. Егер конкурс жеңімпазы өткізілген конкурс нәтижелері бойынша конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес белгіленген мерзімдерде шарт жасасудан бас тартқан жағдайда, сатып алуды ұйымдастырушы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаздың ұсынысынан кейін ұсынысы сатып алуды ұйымдастырушы үшін неғұрлым қолайлы болып табылатын конкурсқа басқа қатысушымен шарт жасасуы мүмкін. 55. Егер конкурс өткізілген жоқ деп танылса, онда сатып алуды ұйымдастырушы қажет болған жағдайда, конкурстық құжаттаманың мазмұнын өзгерте және қайтадан конкурс өткізе немесе ТЖҚ-ны бір көзден сатып алу тәсілі мен жүзеге асыра алады. 56. Сатып алуды ұйымдастырушы, әлеуетті жеткізушілер және уәкілетті орган конкурстық құжаттамаға және конкурстық ұсыныстарға енгізілген коммерциялық және техникалық ақпараттың құпиялылығына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепілдік береді. |