Қазақстан Республикасында рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы (2009.10.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2010 жылғы 14 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-шаралар жоспарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 14 наурыздағы № 246 қаулысын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын. 2. Қоса беріліп отырған Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі - Жоспар) бекітілсін. 3. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары Жоспарда көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2008 жылғы 27 қарашадағы № 1100 қаулысымен Мақұлданған
Қазақстан Республикасында рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Астана, 2008 жыл
Мазмұны 3. Рұқсат беру жүйесі саласындағы қазіргі ахуалды талдау 3.1. Лицензиялау саласындағы талдау 3.2. Сертификаттау және аккредиттеу саласындағы талдау 4. Рұқсат беру жүйесін жетілдірудің әлемдік тәжірибесі 5. Тұжырымдаманы іске асырудың бағыттары мен тетіктері 5.1. Рұқсат беру құжаттарын түгендеу және қайта қарау 5.2. Рұқсат беру жүйесі саласындағы заңнаманы біріздендіру 5.3. Рұқсат беру құжаттарын беру рәсімін оңайлату 5.4. Реттеудің балама нысандарын енгізу 5.5. Сертификаттау және аккредиттеу саласындағы саясатты жетілдіру
Дамыған кәсіпкерлік сектор - бұл кез келген ел экономикасының негізі. Дамыған елдерде ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлес салмағы, 60-80%-ға дейін жетеді, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 30%-ды құрайды. Осыған байланысты қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайту нәтижесі ретінде бизнестің ұстанымын нығайту арнасымен жүруде. Қазақстанда экономиканың салаларын жедел жаңғырту үшін іргелі негіз қаланған, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003 - 2015 жылдарға арналған стратегиясы, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасы сияқты стратегиялық құжаттар және басқа да актілер қабылданды. Экономиканы жедел жаңғыртуға бағытталған жалпы жүйені қалыптастыру тұтастай алғанда аяқталды. Шағын жене орта бизнес саласында кәсіпкерлердің 90 %-дан астамы қамтылған, сондықтан экономикалық және әлеуметтік дамудың табыстылығы мемлекеттің бизнеске әкімшілік жүктемені азайту, рұқсат беру жүйесін одан әрі оңайлату жөніндегі жұмысты дәйекті әрі нық жүргізу қабілетіне түбегейлі байланысты. Бизнес қоғамдастықпен бірлесіп елдегі іскерлік ахуалды едәуір жақсартуға мүмкіндік беретін бизнес жүргізу үшін әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі кең ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге, көптеген елдерде сияқты Қазақстанда да даму деңгейіне қарамастан экономикалық қызметті шамадан тыс реттеу проблемасы бар. Кәсіпкерлер бизнесін құрғанда және жүргізген кезде ұстануға тиіс күрделі әрі айқын емес рәсімдер экономикалық өсуге едәуір кедергі келтіреді. Бұл рәсімдер өндірістің шығындарын және кәсіпкерлердің шығасыларын ұлғайтады, олардың нарыққа қол жеткізуін шектейді, бизнестік ортаның дамуын әлсіретеді және сыбайлас жемқорлыққа ықпал етеді. Әкімшілік кедергілер экономиканың көлеңкелі секторының пайда болу себептерінің бірі болып табылады. Қазақстанда экономикалық қызмет түрлерінің барлығы дерлік рұқсат беру жүйесі арқылы реттелуі проблемалық мәселе болып табылады. Рұқсат беру құжаттарына жеке кәсіпкерлік суъектісіне мынадай түрлердің бірінде: лицензия, рұқсат, аккредиттеу, сертификаттау, тіркеу туралы куәлік берілетін құжаттар жатады. Рұқсат - заңнамамен белгіленген белгілі бір операцияны бір немесе бірнеше рет орындау үшін тексеру уақытына заңды немесе жеке тұлғаның немесе объектінің негізінен техникалық сипаттағы талаптарға сәйкестігін растайтын уәкілетті орган берген құжат. Мемлекет басшысы өзінің 2008 жылғы 6 ақпандағы "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке "әкімшілік реформа аясында бизнеске түсетін әкімшілік салмақты батыл азайтуды, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды" тапсырды. Бәсекелі экономика жағдайында нарыққа әрбір қатысушының функциялары мен жауапкершілігі нақты белгіленуі тиіс. Заңдардың және қоғамның мүддесінің сақталуын қамтамасыз ете отырып бизнестің дамуы үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттің міндеті болып табылады. Тиісінше мемлекет тарапынан шетелдік табысты тәжірибеге негізделген әрі рұқсат беру жүйесін оңтайландыруға бағытталған жақсы ойластырылып, ұйымдастырылған саясат талап етіледі. Бұл міндетті шешу үшін рұқсат беру жүйесін оңтайландыру және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату жөніндегі бағыттар мен шараларды айқындауға жүйелі ұстаным талап етіледі. Сол арқылы рұқсат беру жүйесін жетілдірудің нақты стратегиясы айқындалады.
2. Қазақстан Республикасында рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттері
Қазақстан Республикасындағы рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасының (бұдан әрі - Тұжырымдама) негізгі мақсаты бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және рұқсат беру жүйесін оңайлату болып табылады. Көрсетілген мақсатқа жету жекелеген реттелетін қызмет түрлеріне кәсіпкерлердің кеңінен қол жеткізуін, бизнес-ортаның жақсаруын қамтамасыз етеді. Тұжырымдама шеңберінде рұқсат беру құжаттарының тізбесін заңмен айқындау, рұқсат беру құжаттарының санын елеулі азайту, талаптарды және оларды беру рәсімдерін оңайлату жөнінде жұмыстар жүргізілетін болады. Тұжырымдаманың міндеттері: рұқсат беру құжаттарының барлық түрлеріне түгендеу жүргізу; рұқсат беру құжаттарын қайта қарау және оңайлату; орын алып отырған бизнестегі шығындарды жоюға бағытталған лицензиялау, сертификаттау және аккредиттеу саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты пысықтау; рұқсат беру рәсімдерін оңайлату және бұл рәсімдерді электрондық қызметтерге тікелей қол жеткізуді ұсыну жолымен халықаралық практикаға келтіру; жоғарыда аталған мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың қоғамдық кәсіпкерлік бірлестіктермен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету; кәсіпкерлік қызметті реттеудің ерікті сертификаттау және аккредиттеу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру, техникалық регламенттер арқылы реттеу сияқты балама нысандарын кеңінен пайдалану болып табылады.
3. Рұқсат беру жүйесі саласындағы қазіргі ахуалды талдау
3.1. Лицензиялау саласындағы талдау
Дүниежүзілік банк жариялаған жыл сайынғы «Бизнес жүргізу» (Doing Business Report) басылымының деректері бойынша 2009 жылы Қазақстан осы басылым қамтыған әлемнің 181 елінің арасында «бизнес жүргізу бостандығы» индексі бойынша 70 орында, «лицензиялау» саласындағы көрсеткіші бойынша 175 орында тұратын болады. Бұл ретте осы көрсеткіш тек құрылыс саласындағы рұқсат беруді ғана есепке алғанын айту керек. 2007 жылғы тамызда қолданысқа енгізілген жаңа редакциядағы «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) лицензиялау жүйесін оңтайландыруда белгілі бір прогресті қамтамасыз етті. Шетелдік сарапшылардың бағалауы бойынша Заңмен шамамен 240 мың кәсіпкерге лицензия беру қысқартылды, бұл қазақстандық бизнеске лицензиялық алымдардың жете түспеуінен мемлекеттік бюджеттің кірістерін азайтпастан шамамен 80,0 млн. АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік берді. Заңмен: лицензиялануға жататын қызмет түрлері мен ішкі түрлерінің егжей-тегжейлі тізбесі белгіленді. Бұрын қолданыста болған заң бойынша бұл тізбе заңға тәуелді актілер деңгейінде айқындалды және үнемі ұлғайып отырды; лицензияның аумақтық сала бойынша қолданылуы тоқтатылды: енді лицензия кейбір айрықша жағдайларды қоспағанда, елдің бүкіл аумағында қолданылады; лицензияланатын қызмет түрлері мен ішкі түрлерінің саны қысқарды; лицензияны беруді қадағалау органдарымен келісу рәсімі оңайлатылды, ол "жалғыз терезе" қағидаты бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Бұл үшін лицензиардың құзыретіне ақпараттық жүйелерді қолдана отырып электрондық қызмет көрсету кіреді; өтінім берушінің лицензиардан белгіленген мерзім өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыру құқығын автоматты түрде алуды көздейтін "үндемегені келіскені" қағидаты енгізілді. Бұл нормада кәсіпкердің біліктілік талаптарында белгіленген "өзін өзі сертификаттау" рәсімі бар, бұл халықаралық стандарттарға сай келеді. Қазақстанда лицензиялау жүйесін жетілдіру жүргізіліп отырған әкімшілік реформа шеңберінде жүзеге асырылуда, оның барысында 2004 - 2007 жылдар ішінде лицензияланатын қызмет түрлерінің саны үш есеге дерлік қысқарды, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жекелеген қызмет түрлері бойынша лицензиялау функцияларын орталықсыздандыру жүзеге асырылды. Бұған дейін жүргізілген шараларға және қол жеткізген нәтижелерге қарамастан, бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттарын алуды талап ететін қызмет түрлерінің саны барынша жоғары қалпында қалып отыр. Сондай-ақ, Заңда көзделген лицензиялауды оңайлату рәсімі жүрмеді. Құқық қолдану практикасы Заңның жекелеген нормаларын нақтылауды және іске асыру тетіктерін әзірлеуді талап ететінін көрсетті. Талдау кәсіпкердің мемлекеттік органдармен және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларымен тікелей байланысын болдырмайтын «жалғыз терезе» қағидатының жұмыс істемейтінін көрсетті. Лицензиарларды қоршаған ортаны қорғау, ядролық, радиациялық, өнеркәсіптік, өртке қарсы қауіпсіздік мемлекеттік энергетикалық қадағалау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы органдармен үйлестіру деңгейінің жеткіліксіз болуына байланысты осы органдардың лицензия беру немесе бермеу туралы қорытындыны келісу кезінде келісілген өзара іс-қимыл жасау тетігі жоқ. Осы уақытқа дейін лицензиарлар «Лицензиялау туралы» Заңға көзделген ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып электрондық қызмет көрсетпей отыр, лицензиарлардың ведомстволық ақпараттық жүйелерінің қызметтерді электрондық түрде көрсетуге әзірлігі деңгейінің төмендігі байқалады, электрондық қызмет көрсету жөнінде мамандарды оқыту жүргізілмейді, электрондық лицензиялау жүйесі енгізілмеген, мемлекеттік органдардың лицензиялау саласындағы әкімшілік регламенттері жоқ, мүдделі органдарға, бизнес қоғамдастықтарға және кәсіпкерлерге лицензиялау мәселелері жөніндегі қажетті ақпаратқа рұқсаты жоқ. Осы факторлардың барлығы лицензия беру кезінде «жалғыз терезе» қағидатын енгізуге кедергі келтіреді, лицензиялау рәсімін күрделі етеді, лицензия беру мерзімін созады. Лицензия алу тәртібі өзінің бұрынғы негізінде қалған, лицензия алуға арналған өтінім беру лицензиялаудың мақсаттары мен қағидаттарына тікелей қатысы жоқ мәліметтерді қамтитын құжаттардың едәуір пакетінен тұрады. Лицензиялаудың қағидаттары мен рәсімдерін нақтылауды және тиісінше кейбір жалпыға кең таралған қызмет түрлерін лицензиялаудың орындылығын, талап етеді, шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің қызметі регламенттелмеген, заңды тұлғалардың филиалдарына лицензиялық бақылауды жүзеге асыру қиындатылған, лицензиар органдардың тізбесі, өтінім берушінің қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы қорытындының бірыңғай нысаны бекітілмеген. Лицензияланатын қызмет түрлері мен ішкі түрлерінің тізбесі дамыған елдермен ғана емес, ТМД елдерімен салыстырғанда да кең болып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда лицензияланатын қызмет түрлеріне 349 қызмет түрі мен ішкі түрі жатады. Солай бола тұрса да, Ресей Федерациясында 100-ге тарта, Қырғызстанда 36, Молдовада 50 қызмет түрі лизензияланады. Грузияда 86 қызмет түрі, Венгрияда 7, еуропа елдерінде орташа есеппен 10-12 қызмет түрі лицензияланады. Лицензиялаудан басқа, рұқсат беру жүйесінің элементтеріне аккредиттеу, сертификаттау, рұқсат беру, келісу жатқызылған. Рұқсат беру құжаттарын беру рәсімдері көп жағдайда қайталанады, әсіресе, лицензия беруге келісу және лицензиялаудан кейінгі бақылау барысында. Бүгінгі таңда, лицензиарлардың лицензияланатын қызмет түрлерін ұлғайту үрдісі, сондай-ақ түрлерді ішкі түрлерге бөлу (мысалы, түсті және қара металл сынықтары айналымы, улы заттар, фармацевтикалық қызмет, білім беру және басқа салада) жолымен жекелеген қызмет түрлері шеңберінде ішкі қызмет түрлерін жіктеу байқалып отыр, осының салдарынан тиісті заңға тәуелді актілер қайта бекітілуге жатқызылады. Осыған байланысты біліктілік талаптарының тұрақтылығы қамтамасыз етілмей отыр. Лицензиялау туралы заңнаманың жетілмегендігі өз кезегінде саны 70 актіден асатын заңға тәуелді қабылданған актілердің сапасына және санына, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өздері және оларға ведомстволық бағынысты құрылымдар бастамашы болатын ведомстволық нормативтік актілер санының көп болуына әсер етеді. Нормативтік құқықтық актілерді талдау көп дәрежеде лицензиялау және жекелеген қызмет түрлеріне қойылатын біліктілік талаптарының ережесі жетілдірілуі және оңтайландырылуы тиіс екендігін көрсетті. Лицензиялау және біліктілік талаптарының ережесі лицензиялаудың мақсаттары мен қағидаттарына тікелей қатысы жоқ артық нормаларды алып тастау мақсатында қайта қаралуы, ал бұйрықтар, нұсқаулықтар лицензиялар беруді және кейіннен лицензиялық қызметті қамтамасыз ететін қосымша рұқсат беру жүйесін құратындықтан ведомстволық актілер жойылуы тиіс. Рұқсат беру жүйесін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде көптеген бланкеттік нормалар байқалады. Лицензиялау және біліктілік талаптары ережесінің көптеген нормалары «Лицензиялау туралы» Заңды да және салалық заңдарды да қайталайды, олардың кейбірі олардың әлеуметтік-экономикалық ортаға әсер етуін бағалаудың жеткілікті негіздемесінсіз қабылданады. Лицензиялаудан кейінгі бақылау тетігі жеткілікті түрде пысықталмаған. Рұқсат беру құжаттарын алу үшін кәсіпкерлік субъектісіне де объектісіне де қойылатын нақтыланбаған біліктілік талаптары белгіленген. Мұндай жағдай сыбайлас жемқорлықтың дамуына және мемлекеттік органдардың лаузымды тұлғаларының өз дегендеріне жағдай жасайды. Қолданыстағы лицензиялық - рұқсат беру жүйесі әрбір жеке операцияға және қызмет түріне дерлік рұқсат алуды қажет еткен кеңестік жүйенің жалғасындай сипатталады. Нарықтық реформаларды белсенді жүргізу жөніндегі ел басшылығының күш-жігеріне қарамастан рұқсат беру жүйесі бүкіл экономиканың дамуына тежеу болып табылады. Терең әрі тез өзгеріп отыратын экономикалық және әлеуметтік жағдайда лицензиялау саласындағы заңнамалық базада кемшіліктердің болуы әкімшілік кедергі жасай отырып, бизнестің дамуына бөгет болады. Заңнамалық базаның жетілмегендігі, шамадан тыс лицензиялау, лицензиялау жүйесінің анық, айқын болмауы, лицензиар органдардың тарапынан реттеу тиімділігінің төмендігімен қатар әкімшілік кедергілер бизнестің кейбір қызмет түрлеріне қол жеткізуін қиындатады, шағын және орта бизнес субъектілері санының және тиісінше бюджетке түсетін салықтық түсімдердің өсуін тежейді. Осылайша, лицензиялау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін пысықтауды талап ететін бірқатар мәселелер бар. 1. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру, лицензиялау қағидаттарын нақтылау, "жалғыз терезе" қағидаты бойынша жұмыс тетігін әзірлеу, лицензияланатын қызмет түрлерін оңтайландыру, рұқсат беру құжаттарының тізбесін заңмен анықтау, біліктілік талаптарының тұрақтылығын қамтамасыз ету. 2. Рұқсат беру құжаттарын елеулі түрде қысқарту (екі еседен артық). 3. Лицензия беру кезінде мүдделі мемлекеттік органдардың келісілген өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету және тетігін енгізу. 4. Рұқсат беру жүйесі саласындағы электрондық қызметтерді енгізу, нақты уақыт режимінде рұқсат беру құжаттарын электронды түрде алу жүйесін енгізу. 5. Рұқсат беру құжаттарының электрондық тізілімін жасау. Бұл мәселелерді шешу үшін лицензиялау саласындағы нормативтік құқықтық актілердегі қайталанатын нормаларды жою, сондай-ақ лицензияланатын қызмет түрлерінің санын одан әрі оңтайландыру, рұқсат беру рәсімін оңайлату жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Лицензиялау жүйесін халықаралық практикаға жақындатып проблемалардың едәуір бөлігін шешуге болады.
3.2. Сертификаттау және аккредиттеу саласындағы талдау
Қазіргі уақытта республикада 1000-нан астам өнім түрі міндетті сертификаттауға жатады, бұл ТМД елдеріндегі (Ресей Федерациясында - 5000, Қырғызстанда - 3800) ұқсас тізбеден әлдеқайда төменірек. Міндетті сертификаттау - стандарттың немесе адамдардың өмірі, денсаулығы, азаматтардың мүлкі мен қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де нормативтік құжаттың міндетті талаптарына сәйкестігіне міндетті сертификатталуы тиіс тауарлардың тізбесіне енгізілген тауарлардың сертификатталуы. Қазақстанда 2000 жылдан бастап сертификаттау рәсімдері бәсекелестік ортаға берілді. Қазіргі уақытта сәйкестікті растау бойынша 200 орган, 500 сынақ зертханасы және 400 метрологиялық қызмет жұмыс істейді. Міндетті сертификатталуы тиіс өнімдердің тізбесі «Қазақстан Республикасында өнімдердің сәйкестігін міндетті растау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 сәуірдегі № 367 қаулысымен бекітілген. Қазақстан Республикасының аумағында айналымға шығарылатын өнімдер де және республикадан тыс шығарылатын және ел аумағына әкелінетін өнімдер де міндетті сертификатталуға жатады. Қазіргі уақытта қызметтердің барлық түрін сертификаттау алып тасталды. Бұдан басқа, техникалық регламенттердің қабылдануымен жоғарыда көрсетілген тізбе қысқартылатын болады. Техникалық стандарттарды әзірлеудің 2007 - 2009 жылдарға арналған жоспарымен 117-ге тарта техникалық регламентті әзірлеу жоспарлануда. Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеудің негізгі мақсаты субъектілердің, зертханалардың тиісті стандарттарға сәйкестігін растау жөніндегі органдардың техникалық құзыреттілігін бағалау болып табылады. Халықаралық практикада аккредиттеу субъектінің құжаттарын зерттеу, оның құжаттарында көрсетілген ақпараттардың нақты жағдайға сәйкестігін, тұрғылықты жерін анықтау және кейіннен аккредиттеуден кейінгі бақылау болып табылады. Аталғандар «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі Заңында көрініс тапты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 27 тамыздағы № 773 қаулысымен «Аккредиттеу жөніндегі ұлттық орталық» ЖШС аккредиттеу органы болып анықталды. Қазақстан 2008 жылы бизнес жүргізу үшін қолайлы болатын нормативтік құқықтық базаны жетілдіруде біршама алға ілгеріледі. Алайда, бизнес жүргізу үшін жағдай жасау бойынша еліміздің төменгі рейтингі рұқсат беру жүйесін жетілдіру стратегиясын әзірлеуді және жүзеге асыруды талап етеді. Бұл жерде реттеу саясатын ғана емес, сонымен бірге сол саясатты әзірлеу мен жүргізу үшін қолданылатын әдістерді ескеру қажет.
4. Рұқсат беру жүйесін жетілдірудің әлемдік тәжірибесі
Кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік құқықтық база рұқсат беру құжаттарын беруді қоса алғанда реттеудің заңнамалық айқындалған нақты нысандары негізінде құрылады. Қызметті рұқсат беру құжатын беру арқылы мемлекеттік реттеу, егер кәсіпкерлік субъектісінің қызметі немесе іс-әрекеті адамдардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға барынша жоғары дәлелді қауіп келтірумен тікелей байланысты болған жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Еуропалық Одақ (ЕО) елдерінде лицензиялау саласында арнайы заңнама жоқ. Лицензиялық қатынастар әр түрлі елдерде әр түрлі салалық заңдармен реттеледі, сондай-ақ лицензиялауға жататын салалар мен қызмет түрлерін айқындауда да айырмашылықтар бар. Алайда, бүгінгі таңда ЕО деңгейінде мүше елдер реттелетін қызмет түрлерін қысқартуға бағытталған жете реттеу туралы директива қабылданды. Заңды тұлғалар үшін адамдардың денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауға қатысты біліктілік талаптары заңнамамен бекітілген. Әдетте, дамыған елдерде рұқсат беру құжаттарын беру рәсімдерінің екі түрі қолданылады: оңайлатылған және стандартты. Әлемнің көптеген елдерінде қызметтің тек 5-10 түрі ғана лицензияланады, негізінен, халықтың қаражатын тарту, денсаулық сақтау, фармацевтикалық және химия индустриясы, (қауіпті материалдар өндірісі және оларды өткізу), құрылыс сияқты қызмет салалары. Рұқсат беру жүйесін реформалау бойынша әлемдік жетекші тәжірибеде мыналар негізгі үрдістер болып табылады: рұқсат беру құжаттарының санын қысқарту, олардың тізбесін заңдармен бекіту; рұқсат беру құжаттарын беру рәсіміне қойылатын талаптарды нақты регламенттеу; біліктілік талаптарын дәл анықтау; тәуелсіз сарапшылардың біліктілік талаптарына сәйкестікті бағалауды жүзеге асыруы; рұқсат беру құжаттарының қолданылу мерзімі мен түрлерін дәл айқындау; ақпараттық технологияларды қолдану жолымен рұқсат беру құжаттарын алу рәсімдерін оңайлату; рұқсат беру құжаттарын электронды беру, оның ішінде "он-лайн" режиміне тегін қол жеткізу арқылы берілген құжаттардың электрондық есебін жүргізу; рұқсат беру құжатын тек сот арқылы кері қайтарып алу. Лицензиялау жүйесін реформалаудың оң нәтижелері ретінде мыналарды атап көрсетуге болады. Нидерландыда лицензиялау рәсімдерін қысқарту мемлекет қаражатын елеулі түрде үнемдеуді қамтамасыз етті. Нидерландының Қаржы министрлігі іске асырған әміршілдік рәсімдерді қысқарту жөніндегі бағдарлама жыл сайын 2,0 млрд. АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік берді. 2007 жылға қарай қаржы үнемдеу 4,5 млрд. АҚШ долларына дейін жетті және бес жыл бұрын лицензиялау жүйесін жетілдіруге бағытталған қаражаттың ширек бөлігін құрады. Бұдан басқа, Нидерландыда артық лицензиялауды бірте-бірте жою реттеу функцияларын бизнес қауымдастықтарға берумен бірге жүрді, реформаларды мониторингілеу жүзеге асырылды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде, лицензиялау рәсімдерін оңайлату электронды лицензиялауды енгізу жолымен жүзеге асырылды (рұқсат беру құжаттарының бірыңғай нысанын белгілеу, оларды алуға арналған өтініштерді электронды түрде беру, рұқсат беру құжаттарының электронды тізілімі), сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын "он-лайн" режимінде (Ұлыбритания, Бельгия, Италия, Мексика, Жаңа Зеландия) беру. Мексикада лицензиялардың электронды тізілімін жасау кезінде рұқсат беру құжаттарын түгендеу барысында санитарлық қызметке берілген лицензиялардың 80 %-дан астамы жойылды. Индияда рұқсат беру жүйесін түбегейлі реформалаудың нәтижесінде лицензияланатын салалардың 52-ден 5-ке дейін елеулі түрде қысқартылуы болды, ЖІӨ көлемі бір жылда 3,5 %-дан 6-7 %-ға дейін өсті. Оңтүстік Корея мемлекеттік реттеуді қысқартудың әлемдегі жарқын үлгілерінің бірі болып табылады. Өткен жүзжылдықтың 90-жылдары Оңтүстік Кореяда өнеркәсіп өнімінің көлемі төмендей бастады, ел экономикасы кәсіпкерлік қызметті шамадан тыс мемлекеттік реттеу салдарынан бәсекеге қабілеттілігін жоғалтты. Ел президентінің тапсырмасы бойынша әрбір ведомство өз қызметінің саласында, оның ішінде, рұқсат беру құжаттарын беру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерге түгендеу жүргізді. Түгендеу жүргізгеннен кейін президент әрбір ведомствоға 1998 жылы жасалған сол түгендеу нәтижесінде анықталған 11125 кәсіпкерлік қызметті реттеген нормативтік құқықтық актілердің (өз қалаулары бойынша) кем дегенде 50 %-ын қысқартуға тапсырма берді. Қалған 50 % бойынша әрбір ведомство нормативті құқықтық актіні күшінде қалдырудың қажеттілігін дәлелдеуге міндетті болды. Бүгінгі таңда Оңтүстік Корея әлемде 11-ші экономикалы ел болып табылады. |