Осы редакция 2007 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 сәуірдегі № 313 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің
1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - Ішкі істер министрлігі) құзыреті шегінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында арнайы атқару және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады. Комитеттің негізгі міндеттері мыналар болып табылады: жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру жөніндегі функцияларды қамтамасыз ету; жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйлестіру жөніндегі функцияларды қамтамасыз ету. 2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің кесімдеріне, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзінің атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық органдарында шоттары болуы мүмкін. Комитеттің өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түсуге құқығы бар. Егер Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, оның мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар. 4. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бұйрықтар нысанында нормативтік құқықтық кесімдер шығарады. 5. Комитеттің құрылымын және штат санының лимитін Ішкі істер министрінің ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 6. Комитеттің заңды мекен-жайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Ш. Айманов көшесі, 22. 7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті" мемлекеттік мекемесі. 8. Осы Ереже Комитеттің құрылтайшылық құжаты болып табылады. 9. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Комитеттің негізгі функциялары мен құқықтары
10. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мыналарды жүзеге асырады: 1) мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін функциялар: жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды ұйымдастырады; алдын алу іс-шараларын жүргізу және халыққа жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережелері мен талаптарын оқыту тәртібін әзірлейді; жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзірлемелерді ұйымдастыруға қатысады; олардың базасында дайындалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, жеңіл, жүк автомобильдерін және автобустарды, мотоциклдерді, мотороллерлерді, сондай-ақ автомобильдермен құрамда қозғалуға арналған тіркемелерді (бұдан әрі - автомотокөлік құралдары және олардың тіркемелері), оның ішінде басқа мемлекеттерде тіркелген және Қазақстан Республикасының аумағына екі айдан астам мерзімге әкелінгендерді мемлекеттік тіркеу және есепке алу тәртібін әзірлейді; автомотокөлік құралдары мен олардың тіркемелерін мемлекеттік техникалық байқаудан өткізудің тәртібін әзірлейді; автомотокөлік құралдары мен олардың тіркемелерін, оның ішінде сенімхаттар мен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттар бойынша пайдаланатын адамдарды тіркеу және есепке алу тәртібін әзірлейді; көлік құралдары жүргізушілерін даярлау және емтихандар қабылдау, оларды басқару құқығына куәліктер беру тәртібін әзірлейді; тиісті санаттардағы көлік құралдарының жүргізушілерін даярлаудың үлгі бағдарламаларын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізеді; жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолын кесу жөніндегі шараларды әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізеді; көлік құралдарына ілесіп жүруді жүзеге асыруды ұйымдастырады; жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында лицензиялауға байланысты қызметті жүзеге асырады; автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, темір жол өткелдерін, қалалық электр көлігінің желілерін, сондай-ақ жаңа автомотокөлік техникасының үлгілерін пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысады; жол қозғалысын реттеуді, жол қозғалысы саласында құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтауды және олардың жолын кесуді ұйымдастырады; Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелеріне практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді, жұмыстың оң тәжірибесін жинақтайды және таратады; мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгілерінің, көлік құралдары мен тіркемелерді тіркеу туралы куәліктердің, жүргізуші куәліктерінің және көлік құралдары мен жүргізушілерге жол қозғалысына қатысуға рұқсат беру үшін қажетті басқа да арнайы өнімнің үлгілерін әзірлейді; жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бағдарламаларды іске асырады; жол полициясының құзыретіне жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді ұйымдастырады; жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына қатысты мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды; жол қозғалысы қауіпсіздігіне, көшелер мен жолдарды салуға және қайта жаңартуға, сондай-ақ көлік құралдарының құрастырмаларына және жүргізушілерді даярлаудың оқу бағдарламаларына қатысты ережелердің, нормативтер мен стандарттардың жобаларын мүдделі мемлекеттік органдармен келіседі, автомотокөлік құралдарына және олардың тіркемелеріне, сондай-ақ жүргізушілерге жол қозғалысына қатысуға рұқсат етумен байланысты жұмысты жүргізеді; 2) мемлекеттік саясатты іске асыруды бақылау жөніндегі функциялар: Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі функцияларды іске асыруды қамтамасыз етеді; мемлекеттік техникалық байқауды жүргізудің, көлік құралдарын пайдаланатын, оның ішінде сенімхат бойынша пайдаланатын адамдарды тіркеу мен есепке алудың, емтихандар қабылдаудың және көлік құралдарын басқару және троллейбустар мен трамвайларды басқару құқығына куәліктер берудің ұйымдастырылуын бақылайды; көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушылардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі заңнамасында белгіленген көлік құралдары иелері мен жолаушылар тасымалдаушылардың міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттемелерді орындауын мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады; жол қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін мемлекеттік қадағалау мен бақылауды ұйымдастырады және орындауға міндетті нұсқамалар береді. 11. Өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үшін Комитеттің заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша нормативтік құқықтық кесімдер шығаруға; 2) жол полициясы қызметінің мәселелері бойынша нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу, жетілдіру және іске асыру жөнінде ұсыныстар енгізуге; 3) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалар мен азаматтардан ақпарат сұратуға және алуға; 4) кеңестер, семинарлар, конференциялар, оның ішінде халықаралықтарды ұйымдастыруға және өткізуге; 5) Комитет жанынан жұмыс топтарын құруға, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін ғалымдар мен мамандарды, оның ішінде шетелдіктерді тартуға; 6) жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар өткізетін отырыстар мен кеңестерге қатысуға құқығы бар.
12. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады. Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен қалыптасады және негізгі қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады. 13. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады. 14. Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ. Комитетке заңнамалық кесімдерде белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
15. Комитетті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады. Комитет төрағасының заңнамада белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады. Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 16. Төраға Комитеттің қызметін ұйымдастырады және басшылық жасайды, әрі Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауаптылықта болады, сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының құрылымдық бөлімшелерін жедел басқаруды жүзеге асырады. 17. Осы мақсаттарда Комитет төрағасы: 1) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарында және халықаралық қатынастарда Комитетті білдіреді; 2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктері мен міндеттерін белгілейді; 3) заңнамаға және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітетін лауазымдар номенклатурасына сәйкес Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, еңбек шарттарын жасасады, өзгертеді және бұзады, аумақтық ішкі істер органдарының жол полициясы бөлімшелерінің басшылығын қызметке тағайындауға және босатуға келісім береді; 4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді; 5) белгіленген тәртіппен Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету мәселелерін шешеді және тәртіптік жазаға тартады; 6) өз құзыреті шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық ішкі істер органдары орындауға міндетті бұйрықтар шығарады; 7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері арасында тәрбие жұмысын, олардың тәртіпті, заңдылықты және құпиялылық режимін сақтауын ұйымдастырады; 8) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен өтініштерді қарайды, олар бойынша шешімдер қабылдайды, тәртіп пен заңдылықты бұзу фактілері бойынша қызметтік тергеулер жүргізеді; 9) белгіленген тәртіппен Комитеттің қызметкерлерін Қазақстан Республикасының шегінде қызметтік іссапарларға жібереді; 10) Комитеттің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
18. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Үкіметінің 2006 жылғы 21 сәуірдегі № 313 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы IIМ Жол полициясы комитетінің Құрылымы
1. Басшылық 2. Әкімшілік басқарма 3. Үйлестіру және құқықтық жұмыс басқармасы 4. Жол-патрульдік қызмет басқармасы 5. Мемлекеттік автомобиль инспекциясы басқармасы
|