Тұрғын үй меншік иесінің иелігінен оның еркінен тыс шығып кеткенде және ол бұл фактыны дәлелдегенде ғана меншік иесі мүлікті талап етіп қайтарып алуға құқылы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының 2010 жылғы 28 маусымдағы № 4гп-87-10 Қаулысынан үзінді
С. 2005 жылғы 23 желтоқсанда берілген сенімхатты, үй құрылысы мен жер учаскесін сатып алу-сату туралы шарттарды, оларды мемлекеттік тіркеуден өткізуді, жер учаскесіне меншік құқығы туралы актіны жарамсыз деп тану туралы азаматтар: Т., К., Г.-ға, нотариустар: Б., Е., Р.-ға, Алматы қаласы әділет департаментіне, «Алматы қаласы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМК-ға қарсы сотқа талап арыз берген.
Г. өзін адал сатып алушы деп тану туралы қарсы талап арыз берген.
Алматы қаласы № 2 Әуезов аудандық сотының шешімімен С.-ның талаптары ішінара қанағаттандырылып, 2005 жылғы 23 желтоқсанда Т.-ға берілген сенімхат, осы сенімхат негізінде жасалған даулы үйді сатып алу-сату туралы шарт пен оны мемлекеттік тіркеуден өткізу, К. мен Г.-ның арасында 2006 жылғы 28 сәуірде жасалған үйді сатып алу-сату туралы шарт пен оны мемлекеттік тіркеуден өткізу, жер учаскесіне меншік құқығы туралы акт жарамсыз деп танылған. Қалған бөлігінде талапты қанағаттандырудан бас тартылған.
Г.-ның өзін адал сатып алушы деп тану туралы талабы қанағаттандырылған.
Алматы қалалық соты азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен сот шешімі К. мен Г.-ның арасында 2006 жылғы 28 сәуірде жасалған үйді сатып алу-сату туралы шарт пен оны мемлекеттік тіркеуден өткізу, жер учаскесіне меншік құқығы туралы акт жарамсыз деп тану бөлігінде бұзылып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Қалған бөлігінде сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Прокурордың сот актілеріне келтірген наразылығы негізінде Жоғарғы Соттың қадағалау сот алқасы азаматтық істі ашық сот отырысында қарап, төмендегідей тұжырым жасады.
Алматы қаласы Қалқаман шағын ауданында орналасқан даулы үйге меншік құқығы мүлікті сыйға тарту шартының негізінде С.-ға көшкен.