Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қөрғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2012 жылғы 7 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етедi: 1. Қоса беріліп отырған Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру ережесі бекітілсін. 2. «Жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жерді осы аумақтардың резервіне қалдыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 8 қыркүйектегі № 910 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 36, 369-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін: тақырыбындағы және 1-тармақтағы «және жерді осы аумақтардың резервіне қалдыру» деген сөздер алынып тасталсын; кіріспесіндегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі Заңына және» деген сөздер алынып тасталсын; көрсетілген қаулымен бекітілген Жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жерді осы аумақтардың резервіне қалдыру ережесінде: тақырыбындағы «және жерді осы аумақтардың резервіне қалдыру» деген сөздер алынып тасталсын; 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15-тармақтар алынып тасталсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 29 қыркүйектегі № 943 қаулысымен бекітілген
Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру тәртібін айқындайды. 2. Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін және экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларына және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту бойынша бекітілген табиғи-ғылыми негіздемелерге сәйкес жүзеге асырылады. Жер учаскелерін резервте қалдыру туралы шешімдерді облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
2. Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерін резервте қалдыру тәртібi
3. Құзыретіне жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мәселелері кіретін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін және экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларына және республикалық не жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға немесе кеңейтуге арналып бекітілген табиғи-ғылыми негіздемелерге сәйкес облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін резервте қалдыру туралы ұсыныстар (өтініштер) дайындайды. 4. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы көрсетілген ұсыныстарды (өтініштерді) қарау және қажетті материалдарды дайындау үшін құрамында облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органның, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық органдардың, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер қатынастары жөніндегі органның, жер учаскелерінің мүдделі меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін табиғи түрде зерттейтін басқа да мүдделі органдардың өкілдері бар комиссия құрады. 5. Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін зерттеудің нәтижелері жер учаскелерінің жоспарын (схемасын) қоса бере отырып, комиссия мүшелері және жер учаскелерінің меншік иелері және жерді пайдаланушылар немесе олардың өкілдері қол қоятын актімен ресімделеді. Актіде республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін резервте қалдырылатын жер учаскелерінің орналасқан жері, олардың алаңы, сапалық жағдайы, қорғау мен пайдаланудың ұсынылатын режимдері, онда ғимараттар мен құрылыстардың бар-жоғы және олардың бағалау құны, жер учаскелерінің меншік иелері мен жерді пайдаланушыларға оларды шаруашылықта пайдалану режимін шектеуге байланысты залалдарды өтеуге арналған мемлекеттік бюджеттің ықтимал шығыстарын алдын ала бағалау туралы мәліметтер көрініс табады. 6. Комиссияның актісі негізінде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органның республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жер учаскелерін резервте қалдыру туралы шешімі қабылданады, онымен резервте қалдырылатын жер учаскелерінің шекаралары анықталады, олардың орналасу схемасы мен экспликациясы беріледі, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтауды қамтамасыз ететін оларды пайдалану құқығына шектеулер (ауыртпалықтар) белгіленеді. 7. Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін жерлерді резервте қалдыру жөніндегі жерге орналастыру жұмыстары құру немесе кеңейту жоспарланып отырған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санатына қарай республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүргізіледі. 8. Жергілікті жерлерде республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту үшін резервте қалдырылған жер учаскелерінің шекараларын белгілеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жер қатынастары жөніндегі облыстық органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
|