|
|
|
Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы (2012.15.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2012 жылғы 19 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 13-бабының 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидалары бекітілсін. 2. «Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 281 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 28, 216-құжат) күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 623 қаулысымен бекітілген
Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидалары
Осы Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібін анықтайды. Қағидалар мемлекеттік сатып алуды конкурс тәсілімен жүзеге асырудың ерекше және арнайы тәртіптеріне, сондай-ақ Заңда көзделген қорғаныс қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібіне сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі - Оператор) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылатын, акцияларының (қатысу үлестерінің) жалғыз меншік иесі мемлекет немесе ұлттық холдинг болып табылатын, электрондық мемлекеттік сатып алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыруды жүзеге асыратын заңды тұлға; 2) мемлекеттік сатып алу веб-порталы (бұдан әрі - веб-портал) - электрондық мемлекеттік сатып алудың электрондық қызметтеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын мемлекеттік ақпараттық жүйе; 3) мемлекеттік сатып алу веб-порталында тіркелу (бұдан әрі - тіркелу) - мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектісінің, оның лауазымды адамдары мен мүдделі тұлғалардың веб-порталда қатысуға қол жеткізу; 4) веб-порталға қатысушы - (бұдан әрі - Қатысушы) - тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, веб-порталда тіркеуден өткен әлеуетті өнім беруші; 5) веб-порталды пайдаланушы (бұдан әрі - Пайдаланушы) - веб-порталда тіркеуден өткен Қатысушының лауазымды адамы немесе өкілі; 6) веб-порталға қатысу - мемлекеттік сатып алу саласында электрондық қызметтер алу үшін қатысушының атынан пайдаланушының мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалануы; 7) жеке кабинет - пайдаланушының веб-порталдағы автоматтандырылған жұмыс орны; 8) электрондық құжат - өзіндегі ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат; 9) шартты жеңілдік - конкурстық құжаттамада айтылған өлшемдердің негізінде конкурстық комиссия ұсынатын әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысын шартты азайтудың пайыздық мәні; 10) қағаз құжаттың электрондық көшірмесі - түпнұсқа қағаз құжаттың ақпаратын толық шығаратын, веб-порталда уәкілетті өкілдің электрондық цифрлық қолтаңбасы бар электрондық цифрлық нысандағы электрондық құжат; 11) веб-порталдағы уәкілетті өкіл - веб-порталға қатысушының пайдаланушысы, оған веб-порталға қатысушының бірінші басшысының тиісті шешімімен веб-порталдағы барлық іс-қимылдарды орындауға, оның ішінде қағаз құжаттардың электрондық көшірмелерін растауға құқықтар берілген; 12) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі. 2. Конкурс, баға ұсыныстарын сұрату, аукцион және бір көзден алу тәсілдерімен электрондық мемлекеттік сатып алу осы Қағидаларда анықталған тәртіппен жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілеріне және басқа да мүдделі тұлғаларға көрсетілетін электрондық қызметтер веб-порталды пайдалана отырып, уәкілетті орган анықтаған тәртіппен өтеусіз негізде жүзеге асырылады. 3. Электрондық мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу рәсімдерін орындау үшін тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы бір тұлға болып әрекет еткен жағдайды қоспағанда, тапсырыс беруші Заңның 7-бабына сәйкес электрондық мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны (бұдан әрі - ұйымдастырушы) анықтайды. 4. Тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы веб-порталда өздерінің уәкілетті өкілдері болып табылатын лауазымды адамдарды анықтайды. Егер тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы бір тұлға болып әрекет еткен жағдайда тапсырыс берушінің және ұйымдастырушының веб-порталдағы уәкілетті өкілі болып табылатын бір лауазымды адамды анықтауға жол беріледі.
2. Конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібі
Конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді электрондық мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу
5. Конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді электрондық мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу (бұдан әрі - электрондық конкурс) веб-порталда мынадай дәйекті іс-шараларды орындауды көздейді: 1) тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы бір тұлға болатын жағдайларды қоспағанда, тапсырыс берушінің ұйымдастырушыны, тапсырыс берушінің уәкілетті өкілін анықтауы; 2) тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы бір тұлға болатын жағдайды қоспағанда, тапсырыс берушінің веб-порталдың көмегімен веб-порталдың қатысушысы болып табылатын ұйымдастырушыға шақыру жіберуі; 3) конкурстық құжаттаманы қалыптастыру, сондай-ақ қажет болған кезде сараптау комиссиясының құрамын (сарапшыны) қалыптастыру және бекіту; 4) тапсырыс берушінің конкурстық құжаттаманы бекітуі; 5) веб-порталды пайдаланушылардың арасынан конкурстық комиссияның құрамын қалыптастыру және конкурстық комиссияның хатшысын анықтау; 6) ұйымдастырушының веб-порталда электрондық конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялауы; 7) веб-порталға қатысушы - әлеуетті өнім берушілердің веб-порталда оны алу фактісін автоматты түрде тіркей отырып конкурстық құжаттаманы алуы; 8) ұйымдастырушының веб-порталдың көмегімен осы Қағидалардың 22 және 23-тармақтарында көзделген жағдайларда конкурстық құжаттаманы алған әлеуетті өнім берушілерге оның ережелерін түсіндіруі; 9) веб-порталда электрондық құжат нысанында берілетін электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдерді автоматты түрде тіркеу; 10) өтінімдерді ашу және тиісті ашу хаттамасын веб-порталда жариялау; 11) біліктілік талаптарына, конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді анықтау үшін электрондық конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді және шартты жеңілдіктер мөлшерін конкурстық комиссиясын қарауы; 12) конкурстық комиссияның электрондық конкурсқа қатысуға жіберілген әлеуетті өнім берушілер тізбесін айқындауы және веб-порталда жіберу туралы тиісті хаттаманы жариялауы; 13) электрондық конкурсқа қатысуға жіберілген әлеуетті өнім берушілер ұсынған конкурстық баға ұсыныстарын электрондық құжаттар нысанында веб-порталда автоматты түрде тіркеу; 14) электрондық конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын автоматты түрде ашу, бағалау, салыстыру және жеңімпазды анықтау, қорытындылар хаттамасын веб-порталда жариялау; 15) ұйымдастырушы жүргізген электрондық конкурс қорытындысы бойынша тапсырыс беруші мен электрондық конкурстың жеңімпазы арасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу. 6. Біртекті болып табылмайтын тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі электрондық конкурсты ұйымдастыру кезінде ұйымдастырушы мұндай тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді конкурстық құжаттамада олардың біртекті түрлері бойынша лоттарға бөле отырып, аталған тәсілмен бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыра және өткізе алады. Біртекті тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі электрондық конкурсты жүзеге асырған кезде ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада біртекті тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді жеткізіп беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөледі. Біртекті тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің бірнеше түрлерін мемлекеттік сатып алу жөніндегі электрондық конкурсты жүзеге асырған кезде ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді олардың біртекті түрлері және (немесе) жеткізіп беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөледі.
Веб-порталда конкурстық құжаттаманы қалыптастыру және бекіту
7. Ұйымдастырушы электрондық конкурсты өткізу шарттары мен тәртібін айқындау үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес веб-порталда қазақ және орыс тілдерінде конкурстық құжаттаманың электрондық нысанын қалыптастырады және тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы бір тұлға болатын жағдайларды қоспағанда, оны тапсырыс берушімен келіседі. 8. Ұйымдастырушы қалыптастырған конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушінің бірінші басшысы не жауапты хатшысы немесе Қазақстан Республикасының Президенті анықтайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге лауазымды адам не оның міндетін атқаратын адам бекітеді. Бірыңғай ұйымдастырушы қалыптастырған конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушілердің бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті анықтайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге лауазымды адамдар не олардың міндетін атқаратын адамдар бекітеді.
Конкурстық комиссияның құрамын, сарапшыны (сараптау комиссиясын) бекіту
9. Электрондық конкурс өткізу рәсімдерін орындау үшін ұйымдастырушы әрбір электрондық конкурсқа жеке конкурстық комиссия құрады және конкурстық комиссияның хатшысын анықтайды. Конкурстық комиссия құру және конкурстық комиссия хатшысын анықтау туралы шешімге ұйымдастырушының бірінші басшысы не жауапты хатшысы немесе Қазақстан Республикасының Президенті анықтайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге лауазымды адам не оның міндетін атқаратын адам қол қояды. Егер тапсырыс берушінің өзі тікелей немесе мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауға жауапты өзінің құрылымдық бөлімшесі атынан ұйымдастырушы болып әрекет еткен жағдайда конкурстық комиссия құру және конкурстық комиссия хатшысын анықтау туралы шешімге ұйымдастырушының бірінші басшысы не жауапты хатшысы немесе Қазақстан Республикасының Президенті анықтайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге лауазымды адам не оның міндетін атқаратын адам қол қояды. Жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда ұйымдастырушы конкурстық комиссияның құрамына тиісті қызмет саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша оның веб-порталда тіркелген қызметкерлерінің қатарынан оның өкілдерін енгізе алады. Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық ерекшелігін әзірлеу үшін ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде сараптау комиссиясын құрады (сарапшыны тартады). 10. Конкурстық комиссияның мүшелері конкурстық комиссияның төрағасы, төрағасының орынбасары және басқа да мүшелері болып табылады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды. Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауы және кемінде үш адам болуы тиіс. Конкурстық комиссияның төрағасы болып ұйымдастырушының бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымды адам анықталуы тиіс. Егер тапсырыс берушінің өзі тікелей ұйымдастырушы болып әрекет еткен жағдайда тапсырыс берушінің бірінші басшысының орынбасарының төмен емес лауазымды адам конкурстық комиссияның төрағасы болып айқындалуы тиіс. Егер ұйымдастырушы ретінде тапсырыс беруші өзінің мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу рәсімдерін орындауға жауапты құрылымдық бөлімшесінің атынан әрекет етсе, тапсырыс берушінің осы құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес лауазымды адамы конкурстық комиссияның төрағасы болып анықталуы тиіс. 11. Конкурстық комиссияның төрағасы: 1) конкурстық комиссияның қызметіне басшылық етеді; 2) осы Қағидаларда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 12. Конкурстық комиссия оны құру туралы шешім күшіне енген күннен бастап әрекет етеді және тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан күннен бастап өз қызметін тоқтатады. 13. Конкурстық комиссияның шешімі веб-порталды пайдалана отырып дауыс беру арқылы қабылданады және конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда конкурстық комиссияның төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда осы конкурстық комиссияның кез келген мүшесінің ерекше пікір айтуға құқығы бар, ол қағаз құжаттың электрондық көшірмесі нысанында веб-порталда жарияланады. Конкурстық комиссияның тиісті хаттамаларында конкурстық комиссияның қандай да бір мүшесінің қолы болмаған жағдайда хатшы қолдың болмау себебін қамтитын құжатты веб-порталда жариялайды. 14. Конкурстық комиссияның ұйымдастыру қызметін конкурстық комиссияның хатшысы қамтамасыз етеді. Конкурстық комиссия хатшысы конкурстық комиссияның мүшесі болып табылмайды және конкурстық комиссия шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ. Конкурстық комиссияның хатшысы ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшесінің лауазымды адамдарының арасынан анықталады. Конкурстық комиссияның хатшысы: 1) веб-порталда конкурстық құжаттаманы қалыптастырады; 2) веб-порталда электрондық конкурс өткізілетіні туралы хабарландыруды, электрондық конкурсқа қатысу өтінімдерін ашу хаттамасын, электрондық конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттаманы, сондай-ақ болған кезде басқа да құжаттарды веб-порталда жариялайды; 3) веб-порталда сарапшының (сараптау комиссиясының) қорытындысын жариялайды; 4) осы Қағидаларда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 15. Ұйымдастырушыда әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін тиісті бейіндегі мамандар болмаған жағдайда ұйымдастырушы тараптардың уағдаластығы бойынша мемлекеттік қызметшілерді өтеусіз негізде, ал басқа сарапшыларды ақылы негізге де, өтеусіз негізде де сарапшылар ретінде тартады. Қызметінің бейіні мемлекеттік сатып алу мәніне сәйкес келуі қандай да бір тұлғаны сарапшы ретінде тарту үшін міндетті шарт болып табылады. Ақылы негізде сарапшыны таңдауды ұйымдастырушы Заңға сәйкес жүзеге асырады. 16. Бірнеше сарапшыларды тартқан жағдайда ұйымдастырушы тартылған сарапшылардың арасынан сараптау комиссиясын құрады және олардың арасында сараптау комиссиясының басшысын анықтайды. Сарапшылар (сараптау комиссиясы) әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сараптау қорытындысын береді және конкурстық комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ. Егер сарапшылардың (сараптау комиссиясының) қорытындысы конкурстық құжаттамада көзделген талаптар шегінде жасалған болса ғана, оны конкурстық комиссия міндетті түрде ескереді. Сараптау қорытындысына сарапшылар (сараптау комиссиясының мүшелері) қол қояды және конкурстық комиссия хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қағаз құжаттың электрондық көшірмесі нысанында веб-порталда электрондық конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттамаға қоса береді. Сарапшы сараптау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда, мұндай сарапшы өзінің ерекше пікірін білдіреді, ол сараптау комиссиясының қорытындысына қоса беріледі және оның ажырамас бөлігі болып табылады. 17. Электрондық конкурс өткізу басталғанға дейін конкурстық комиссияның мүшелері, конкурстық комиссияның хатшысы, сондай-ақ сарапшы (сараптау комиссиясы) бекітілген конкурстық құжаттамамен және оған қосымшалармен танысады.
Электрондық конкурс өткізу туралы хабарлама
18. Ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекітілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бірақ әлеуетті өнім берушілер электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдер беретін соңғы күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей, ал электрондық конкурсты қайтадан жүзеге асырған жағдайда ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекітілген күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей, бірақ электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдер берудің соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізілетін электрондық конкурс туралы хабарландыруды, сондай-ақ бекітілген конкурстық құжаттаманы веб-порталда жариялайды.
Әлеуетті өнім берушілерге конкурстық құжаттаманы беру
19. Электрондық конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап барлық ниет білдірушілерге конкурстық құжаттаманы веб-порталдан тегін алу мүмкіндігі беріледі. 20. Веб-порталға қатысушы әлеуетті өнім берушілерге конкурстық құжаттаманы беру веб-порталда автоматты түрде тіркеледі. 21. Веб-порталда электрондық конкурс өткізу туралы хабарлау сәтіне дейін конкурстық құжаттаманы беруге жол берілмейді.
Конкурстық құжаттама ережелерін түсіндіру
22. Веб-портал қатысушысы - әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде веб-порталды пайдалана отырып, бірақ электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдер берудің соңғы мерзімі өткенге дейінгі күнтізбелік үш күннен кешіктірмей конкурстық құжаттама ережелерін түсіндіру туралы ұйымдастырушыға сұрау салу жібереді. Ұйымдастырушы сұрауды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде конкурстық құжаттаманы алған веб-портал қатысушысы болып табылатын әлеуетті өнім берушілерді автоматты түрде хабардар ете отырып, конкурстық құжаттама ережелерін түсіндіру мәтінін веб-порталда жариялайды. 23. Ұйымдастырушы қажет болған кезде электрондық конкурсқа қатысуға өтінім берудің соңғы күні өткенге дейінгі күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жеке бастамасы бойынша немесе веб-портал қатысушысы - әлеуетті өнім берушілердің сауалына жауап ретінде конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді. Конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген тәртіппен бекітіледі. Ұйымдастырушы конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап конкурстық құжаттаманы алған веб-порталға қатысушы - әлеуетті өнім берушілерді автоматты түрде хабардар ете отырып, енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды көрсете отырып, веб-порталда нақтыланған конкурстық құжаттаманы жариялайды. Мұндай жағдайда, электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдер берудің соңғы мерзімі кемінде он күнтізбелік күнге ұзартылады.
Электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдердің мазмұны және оларды беру
24. Электрондық конкурсқа қатысуға өтінім электрондық құжат нысанында беріледі және электрондық конкурсқа қатысуға үміткер әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада көзделген талаптар мен шарттарға сәйкес тауарды жеткізуді (жұмысты орындауды, қызмет көрсетуді) жүзеге асыруға келісім беру нысаны болып табылады. 25. Электрондық конкурсқа қатысуға үміткер әлеуетті өнім берушінің ұйымдастырушыға беретін электрондық конкурсқа қатысуға өтінімі конкурстық құжаттаманың электрондық нысанында санамаланған құжаттарды қамтуы тиіс. 26. Әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттаманың электрондық нысанына сәйкес талап етілетін, веб-порталды пайдалана отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге және (немесе) мемлекеттік дерекқорға өтініш беру арқылы алынатын жекелеген құжаттарды беруіне жол беріледі. 27. Электрондық конкурсқа қатысуға өтінімді әлеуетті өнім беруші ұйымдастырушыға оларды электрондық құжат нысанында берудің соңғы мерзімі өткенге дейін береді. 28. Электрондық конкурсқа қатысуға берілген өтінім электрондық конкурсқа қатысуға өтінім берген өнім берушінің тиісті хабарламасын веб-порталмен автоматты түрде жіберу сәтінде қабылданған болып есептеледі. 29. Әлеуетті өнім беруші электрондық конкурсқа қатысуға бір ғана өтінім беруге құқылы. 30. Әлеуетті өнім берушінің электрондық конкурсқа қатысуға берген өтінімі мынадай жағдайларда веб-порталдан автоматты түрде жойылады: 1) әлеуетті өнім беруші бұдан бұрын осы электрондық конкурсқа қатысуға өтінім берген болса; 2) электрондық конкурсқа қатысуға берілген өтінім осы электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі аяқталғаннан кейін түскен болса; 3) Заңның 6-бабының 1-тармағының 3), 3-1), 3-2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда веб-порталдың автоматты түрде бас тартуына жатады. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі электрондық конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші ұсынатын конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен бастап кемінде күнтізбелік отыз бес күн болуы тиіс. 31. Әлеуетті өнім берушілер берген электрондық конкурсқа қатысу өтінімдері веб-порталда автоматты түрде тіркеледі. 32. Әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде өзі енгізген электрондық конкурсқа қатысу өтінімін қамтамасыз етуді қайтаруға құқықтарын жоғалтпастан, электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта өзінің электрондық конкурсқа қатысуға өтінімін өзгертеді немесе кері қайтарып алады. 33. Электрондық конкурсқа қатысуға өтінімдер берудің соңғы мерзімі аяқталғаннан кейін оған өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
Электрондық конкурсқа қатысуға арналған өтінімдi қамтамасыз ету
34. Электрондық конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім беруші Заңның 23-бабына сәйкес енгізеді. Электрондық конкурста бірнеше лот бойынша қатысу жағдайында әлеуетті өнім беруші электрондық конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді әрбір лот бойынша жеке-жеке ұсынады. 35. Әлеуетті өнім беруші электрондық конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді банк кепілдігі түрінде енгізген жағдайда, оның түпнұсқасы ұйымдастырушыға электрондық конкурсқа қатысуға өтінім ұсынудың соңғы мерзіміне дейін конкурстық құжаттаманың электрондық нысанының 6-қосымшасына сәйкес беріледі. 36. Егер әлеуетті өнім беруші ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелер болып табылатын ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдендірілген ақшалай жарна түрінде электрондық конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізген жағдайда, ол кепілдендірілген ақшалай жарнаны растайтын төлем құжатының электрондық көшірмесі түрінде беріледі. 37. Әлеуетті өнім беруші электрондық конкурсқа қатысуды қамтамасыз етуді енгізген жағдайда осы Қағидалардың 35-тармағына сәйкес ұйымдастырушы электрондық конкурсқа қатысуға осындай қамтамасыз етуді алған фактіні банктік кепілдіктерді тіркеу журналына тіркейді. Ұйымдастырушы банктік кепілдіктерді тіркеу журналында мынадай мәліметтерді көрсетеді: 1) тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алудың атауы мен өткізілетін мерзімі; 2) ұйымдастырушының толық атауы; 3) әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің тегі, аты-жөні; 4) банктік кепілдікті тіркеу күні мен уақыты. Банктік кепілдіктерді тіркеу журналы тігіледі, беттері нөмірленеді және конкурстық комиссияның хатшысы әрбір бетіне бұрыштама қояды. Банктік кепілдіктерді тіркеу журналының соңғы беті ұйымдастырушының мөрімен бекітіледі. Бір қаржы жылы ішінде тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді электрондық конкурс тәсілімен барлық мемлекеттік сатып алу бойынша банктік кепілдіктерді тіркеудің бірыңғай журналын өткізуге рұқсат беріледі.
Тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді электрондық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүргізу
Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ашу
38. Электрондық конкурсқа қатысу өтінімдерді ашуды хатшы веб-портал арқылы жүргізеді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |