Заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеудің және келісудің кейбір мәселелері туралы (2009.30.10. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2013 жылғы 11 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңы 14-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеу және келісу ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы № 773 қаулысымен бекітілген
Заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеу және келісу ережесi
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 2007.28.10. № 999 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеу және келісу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, жалпыға міндетті маңызы бар, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты орталық мемлекеттік органдардың, Орталық сайлау комиссиясының нормативтік құқықтық кесімдерінің, сондай-ақ мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларының және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерінің (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) жобаларын ресімдеудің және келісудің тәртібін айқындайды.
2. Нормативтік құқықтық кесімдерді ресімдеу
2. Нормативтік құқықтық кесімдерде мынадай деректемелер болуға тиіс: 1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы; 2) нормативтік құқықтық кесімнің нысанына сілтеме: орталық органның бұйрығы, қаулысы, мәслихат шешімі, әкімдіктің қаулысы, әкімнің шешімі; 3) нормативтік құқықтық кесімнің реттеу мәнін көрсететін тақырыбы; 4) нормативтік құқықтық кесімнің қабылданған жері мен күні; 5) нормативтік құқықтық кесімнің тіркеу нөмірі; 6) мемлекеттік органның бірінші басшысының не оның міндеттерін атқаратын адамның қолы; 7) Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық кесімдерде нормативтік құқықтық кесімнің тіркелген күні мен нөміріне сілтеме; 8) елтаңбалық мөр. 3. Қосымшаларды қоса алғанда нормативтік құқықтық кесімнің негізгі де, туынды да түрлерінің әрбір беті, тыныс белгілерінсіз парақтың үстіңгі жағының ортасынан нөмірленуге тиіс. Нормативтік құқықтық кесімнің негізгі және туынды түрі нормативтік құқықтық кесімнің негізгі де, туынды түрінің де бірінші парағынан басталатындай жеке нөмірленуге тиіс. Бұл ретте, нормативтік құқықтық кесімнің негізгі түрінің бірінші беті нөмірленбейді. 4. Нормативтік құқықтық кесімдердің негізгі құрылымдық элементі «тармақ» деген сөзбен атаусыз, өзіне құқық нормасын қамтитын тармақ болып табылады. Тармақтар маңыздылығы бойынша қисынды кезектілікпен, сондай-ақ мәселені шешу кезеңдерінің хронологиясын ескере отырып орналастырылады. 5. Көлемі қомақты нормативтік құқықтық кесімдердің мазмұны жағынан жақын тармақтары тарауларға біріктірілуі мүмкін. Мазмұны жағынан жақын бірнеше тарау бөлімдерге, ал бөлімдер өз кезегінде нормативтік құқықтық кесімнің бөліктеріне біріктірілуі мүмкін. Көлемі жағынан ауқымды тарауларды кесімнің параграфтарына бөлуге болады, ал үлкен бөлімдер осыған ұқсас кіші бөлімдерге бөлінуі мүмкін. 6. Нормативтік құқықтық кесімдердің тармақтары тармақшаларға бөлінуі мүмкін. Тармақтар мен тармақшалардың ішінде абзацтармен бөлінетін бөліктер болуы мүмкін. Бас әріптен басталатын бөліктің бірінші абзацынан басқа, мағыналық тұтастықты білдіретін, бірінші жолда азат жолмен бөлінетін және кіші әріптен басталатын мәтіннің бөлігі абзац болып саналады. Абзацтар (бөліктің бірінші және соңғы абзацтарынан басқа) нүктелі үтірмен аяқталады. Нормативтік құқықтық кесімдердің мәтіндерінде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгілеуге жол берілмейді. 7. Нормативтік құқықтық кесімдердің әрбір тармақшасы, тармағы, сондай-ақ параграфтары, тараулары, кіші бөлімдері, бөлімдері мен бөліктері араб сандарымен нөмірленеді. Бір тармақтан тұратын нормативтік құқықтық кесімде тармақты нөмірлеу жүргізілмейді. 8. Тармақтарды, тарауларды және бөлімдерді нөмірлеу бүкіл нормативтік құқықтық кесім үшін өн бойына болып табылады. Тармақшаларды нөмірлеу әрбір тармақ үшін дербес болып табылады. Нормативтік құқықтық кесімнің әрбір тарауындағы параграфтардың нөмірленуі мен әрбір бөліміндегі кіші бөлімдердің нөмірленуі өн бойына емес, дербес болып табылады. 9. Тармақтарда тармақшалардың нөмірлері жақшамен мынадай түрде бөлінеді: 1), 2), 3) және одан әрі. 10. Нормативтік құқықтық кесімнің тақырыбы қысқа болуға және қабылданатын нормативтік құқықтық кесімнің реттеу мәнін көрсетуге тиіс. ҚР Үкіметінің 2009.30.10. № 1719 Қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 11. Нормативтік құқықтық кесімнің тақырыбында сөздерді тасымалдауға жол берілмейді. Нормативтік құқықтық кесімнің негізгі түріндегі тақырып нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу туралы мөртабан үшінші оң жағынан кемінде 7,5 сантиметр орын қалдыра отырып, парақтың жоғары бөлігінің сол жағында орналасуға тиіс. Нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу туралы мөртабан нормативтік құқықтық кесімнің туынды түрінің бірінші бетінің сол жақ үстіңгі бұрышына қойылады. 12. Бұрын қабылданған кесімге өзгерістер мен толықтыруларды енгізу көзделетін нормативтік құқықтық кесімнің тақырыбында кесімнің нысанына, қабылданған күніне, нөміріне, соңғысының атауына сілтеме (көрсетілген кезектілікпен) қамтылуға тиіс. 13. Нормативтік құқықтық кесімді қабылдау мақсаты мен себептерін, оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндіру талап етілген жағдайда құқық нормаларын баяндаудың алдында кіріспе бөлігі (кіріспе) болады. Нормативтік ережелер нормативтік құқықтық кесімнің кіріспе бөлігіне (кіріспеге) енгізілмейді. Нормативтік құқықтық кесімнің кіріспе бөлігінде (кіріспеде) іске асыру үшін осы кесім қабылданатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдеріне сілтеме келтірілуі мүмкін. 14. Пайдалануға қолайлы болу мақсатында нормативтік құқықтық кесімнің әрбір тарауында, бөлімі мен бөлігінде, тарауларының параграфтарында және бөлімдерінің кіші бөлімдерінде өз тақырыптары болуы мүмкін. Параграфтардың, тараулардың, кіші бөлімдердің, бөлімдер мен бөліктердің тақырыптары алдыңғы мәтіннен екі, ал кейінгі мәтіннен бір жоларалық интервалдармен бөлінеді. Бұл ретте, нормативтік құқықтық кесімдердің жобалары, әдетте, мынадай параметрлерді ескере отырып ресімделеді (6.0 және одан жоғары нұсқасындағы «WORD for WINDOWS» мәтін редакторын қолдана отырып): сол жақ шет сызығы - 2,5 см, оң жақ шет сызығы - 1,5 см, колонтитулдар - 2,5 см; қаріп - «Times New Roman» мөлшері № 14 (қосымшаларда кіші мөлшерлі, бірақ № 10-нан кіші емес қаріп қолданылуы мүмкін); жоларалық интервал - бір жол; абзацтық азат жол (бірінші жолдың азат жолы) - 1,25 см. 15. Нормативтік құқықтық кесімдердің мәтіндері нақты құрылуға және түзетусіз және бояусыз бірыңғай қаріппен басылуға тиіс. 16. Нормативтік құқықтық кесімнің мәтіні әдеби тілдің және заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады. Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттерді, метафораларды қолдануға, сөздерді қысқартуға жол берілмейді. Тармақтың мәтіні басқа тармақтарда қайталап жазылмайды. 17. Нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ мәлімдемелік сипаттағы ережені қамтылмауға тиіс. 18. Нормативтік құқықтық кесімдердегі тапсырмалар оны шығаратын органға бағынысты мемлекеттік органдарға не қажет болған жағдайда олардың басшыларына жолдануға тиіс. Оған (олардың басшыларына) бағынысты емес өзге де мемлекеттік органдарға қатысты нормативтік құқықтық кесімдердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда және олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Мұндай жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деп көрсетіледі. 19. Нормативтік құқықтық кесімнің мәтініндегі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және барлық мәтін бойынша бірдей баяндалады. Нормативтік құқықтық кесім мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын ажыратып, мәтіннің қарапайым және ықшам жазылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі. 20. Нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде ерекшеленген әріптермен жазылатын тақырыпты, параграфтардың, тараулардың, кіші бөлімдердің, бөлімдердің, бөліктердің атауларын, «БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ», «БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)», «ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)», «БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)», (»ШЕШЕМІН (МІЗ)», «ҚАУЛЫ ЕТЕДІ (МІЗ)») деген сөздерді, қол қоятын адамның лауазымын, аты-жөні мен тегін қоспағанда, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және сызуға жол берілмейді. «БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)», «ШЕШЕМІН (МІЗ)», «ҚАУЛЫ ЕТЕДІ (МІЗ)» деген сөздер бас әріптермен жазылады және оны тасымалдауға жол берілмейді. 21. Қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық кесімде жоғары деңгейдегі кесімдердің баптарына (тармақтарына) сілтемелер келтірілуі, сондай-ақ осындай кесімдерге сілтеме жасала отырып, жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық кесімдердің нормаларынан жекелеген ережелер жазылуы мүмкін. Нормативтік құқықтық кесімнің тармақтары мен тармақшаларындағы оның басқа тармақтары мен тармақшаларына сілтемелерге құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауды болдырмау қажет болған жағдайда ғана жол беріледі. 22. Абзацтарға, жолдарға және сөйлемдерге сілтеме жасаған кезде олардың нөмірленуі реттік сандармен (жазумен) көрсетіледі, бұл ретте абзацқа сілтеме "абзац" деген сөзді көрсете отырып жүргізіледі. 23. Нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде тармаққа, тармақшаға сілтеме олардың реттік нөмірін көрсету арқылы келтіріледі (оларды көрсету үшін сын есімдерді қолдануға жол берілмейді). 24. Егер нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде нормативтік құқықтық кесімге сілтеме болған жағдайда оның нысаны, қабылданған күні, тіркеу нөмірі, атауы көрсетіледі. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық кесімге сілтеме жасалған кезде Нормативтік құқықтық кесімдердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі (көрсетілген кезектілікпен) қосымша көрсетіледі. Заңнамалық кесімдерге сілтеме жасалған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, нөмірді көрсету талап етілмейді. 25. Егер нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде дәл сол нормативтік құқықтық кесімге бірнеше сілтеме келтірілсе, кесімнің толық атауы оған кейіннен сілтемемен бір рет көрсетіледі. 26. Егер нормативтік құқықтық кесімде қосымшаға сілтеме жасалса, онда нормативтік құқықтық кесімге бір қосымша болған жағдайларды қоспағанда, осы қосымшаның нөмірі көрсетіледі. Бұл ретте, қосымшаға сілтеме қосымшаның өз атауына сәйкес келуге тиіс. 27. Нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде күнін белгілеген кезде айдың атауы жазумен көрсетіледі, ал жылы толық көрсетіледі, мысалы: "1980 жылғы 5 сәуір". 28. Нормативтік құқықтық кесімнің нормаларына ескертулерге мәтінде тиісті нұсқауларды көрсету норманың мәніне нұқсан келтірмей жазу мүмкін болмаған ерекше жағдайларда жол беріледі. 29. Нормативтік құқықтық кесімнің парағының теріс жағына қандай да бір жазуларға немесе қол қоюға жол берілмейді. 30. Бірнеше мемлекеттік орган қабылдайтын нормативтік құқықтық кесімдер ресми бланкілер пайдаланылмастан бірлескен кесімдер түрінде ресімделеді. Бұл кесімдер осы Ереженің 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Екі және одан да көп мемлекеттік орган әзірлеген бірлескен кесімді ресімдеу кезінде осы органдардың ресми атаулары әліпбилік тәртіппен орналастырылады. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бірінші парақтың үстіңгі бөлігінің ортасында орналасуға тиіс. Қабылданған жері мен күні, сондай-ақ тіркеу нөмірі мемлекеттік органның әрбір ресми атауының астына орналастырылуға тиіс. Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының, не олардың міндеттерін атқаратын адамдардың қолдары осы тармақтың үшінші абзацында көрсетілген талаптар ескеріле отырып, негізгі нормативтік құқықтық кесім мәтінінің соңына орналастырылады және елтаңбалық мөрмен куәландырылады. Нормативтік құқықтық кесімді екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаған жағдайда шешімдері қаулылар түрінде ресімделсе, онда кесімнің нысаны «БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ» деп көрсетіледі. Нормативтік құқықтық кесімдерді екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаған жағдайда шешімдері бұйрықтар (шешімдер) түрінде ресімделсе, онда кесімнің нысаны: «БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)» деп көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық кесімді біреуінің шешімі қаулы ретінде, ал екіншісінің шешімі бұйрық (шешім) ретінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаса, онда кесімнің нысаны: «ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)» деп көрсетіледі.
3. Нормативтік құқықтық кесімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу және күші жойылды ден тану туралы нормативтік құқықтық кесімдерді ресімдеу
31. Бір нормативтік құқықтық кесімге енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. ҚР Үкіметінің 2009.30.10. № 1719 Қаулысымен 32-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 32. Бұрын қабылданған кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді, сондай-ақ олардың күші жойылды деп тануды көздейтін нормативтік құқықтық кесімдерді дайындаған кезде осы шешімнің атауынан, бекітілген күнінен, нөмірінен кейін сол нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі, ресми жарияланған күні мен басылымның атауы жақшада көрсетіледі. Ресми жарияланған күнін, баспаның атауы мен нөмірін көрсетуге қатысты талаптар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты және ресми жариялануға тиіс нормативтік құқықтық кесімдерге қолданылады. 33. Үштен көп нормативтік құқықтық кесімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде жеке қосымшалармен ресімделетін тізбелер жасалады. 34. Нормативтік құқықтық кесімнің немесе оның құрылымдық бөлігінің мәтініндегі мазмұнына осындай мәтіндегі мазмұнының жартысынан асатын көлемде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде, оның жаңа редакциясы қабылданады. 35. Қолданыстағы нормативтік құқықтық кесімге құрылымдық қосымша бөліктерді қосу кезінде олар кесімнің сол құрылымдық бөлігінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен қосылады, мысалы: 8-1) тармақша, 2-1-тармақ, 4-1-тарау және одан әрі. Егер тармақшаларының нөмірлері соңы, ал нормативтік құқықтық кесім тармақтары мен тарауларының нөмірлері тұйықтаушы нөмірлер болып табылса, онда қосымша қосылатын құрылымдық бөліктерге келесі реттегі нөмірлер беріледі. ҚР Үкіметінің 2009.30.10. № 1719 Қаулысымен 35-1-тармақпен толықтырылды 35-1. Нормативтік құқықтық кесімнің қосымшасы жаңа редакцияда жазылған не жаңа қосымшамен толықтырылған кезде, олар негізгі кесімге өзгеріс пен толықтыру енгізілетін нормативтік құқықтық кесімге жеке қосымшалармен ресімделеді. 36. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кесімдердің тізбесіндегі, сондай-ақ күші жойылды деп танылатын кесімдердің тізбесіндегі барлық кесімдер оларды шығару (қабылдау) күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады. 37. Нормативтік құқықтық кесімді қолданыстағының (-лардың) орнына қабылдаған кезде соңғысы (-лары) сол кесіммен (толық немесе бір бөлігі) жойылуға жатады. Нормативтік құқықтық кесімнің күші жойылды деп танылған кезде бір мезгілде нормативтік құқықтық кесімдердің барлығының не осы кесімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген олардың бөліктерінің күші жойылды деп танылады. Әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын, бірақ одан өтпеген нормативтік құқықтық кесім күші жойылды деп таныла алмайды. Қажет болған жағдайда мұндай нормативтік құқықтық кесімдер жойылуы мүмкін. 38. Қолданыстағы нормативтік құқықтық кесімнің құрылымдық бөліктерінің күші жойылды деп танылған кезде, мұндай бөліктер қолданыстағы кесімнен алынып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады және бұдан әрі пайдаланылмайды. Сақталған нөмірге кесімнің (немесе оның бөлігінің) күші жойылды деп тану туралы кесімге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөліктердің нөмірленуі өзгермейді. 39. Егер жойылуға бұрын қабылданған үштен астам нормативтік құқықтық кесімдер қойылса, жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады. 40. Егер нормативтік құқықтық кесімнің заңдық күші толық жойылмаса, ол күші жойылды деп тануға арналған тізбеге қайта қабылданған кесімге қайшы келетін немесе соңғысымен сіңірілген бөлігінде ғана қосылады. Егер көлемі жағынан ауқымды нормативтік құқықтық кесімде тармақтарының қомақты бөлігінің күші жойылуға тиіс болса, онда өзінің күші сақталатын тармақтар туралы ескертпемен барлық кесім тізбеге қосылады. 41. Тізбеге дербес тармақтар түрінде жаңа нормативтік құқықтық кесімге қайшы келетін немесе олармен сіңірілген барлық кесімдер енгізіледі. 42. Нормативтік құқықтық кесімдерге қолданылу мерзімі біткен уақытша сипаттағы нормалармен қатар тұрақты қолданылатын нормалар қамтылған және барлық осы нормалар күші жойылды деп танылуға жататын жағдайда, тізбеге бүкіл мәтін енгізіледі. 43. Егер нормативтік құқықтық кесімнің тармағыда күші жойылды деп танылуға тиіс қосымшаға сілтеме қамтылса, онда тізбеге осы тармақ қана кіреді (жойылуға қойылады), ал қосымша жеке ескертілмейді. Егер нормативтік құқықтық кесімнің тармағында қосымшаны бекітумен қатар мағынасы сақталатын басқа да мәселелерге қатысты нормалар қамтылса, ал қосымша толық күші жойылды деп танылуға жатса, онда осы тармақ тізбеге қосымшаға қатысты бөлігінде кіреді, ал қосымша жеке ескертілмейді.
4. Нормативтік құқықтық кесімдерге қосымшаларды ресімдеу
44. Нормативтік құқықтық кесімнің құрылымына қосымшалар кіруі мүмкін. Егер нормативтік құқықтық кесімде қосымшаға сілтемелер болса, онда нормативтік құқықтық кесімде бір қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, кесім мәтініндегі қосымшаға ескерту тәртібінде берілген қосымшалардың нөмірлері көрсетіледі. 45. Нормативтік құқықтық кесімге кескіндерді, кестелерді, схемаларды, карталарды, тізбелерді және басқаларын қосу қажет болған жағдайда, соңғылары жекелеген қосымшалармен ресімделеді. 46. Туынды нормативтік құқықтық кесімнің не қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында сол арқылы ол қабылданған негізгі нормативтік құқықтық кесімнің нысанына, бекітілу күніне, тіркеу нөміріне нұсқау қамтылуға тиіс. Егер нормативтік құқықтық кесімге бірнеше қосымша болған жағдайда әрбір қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі, сондай-ақ тиісті кесімнің нысаны, бекітілу күні, тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер негізгі нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде мынадай сілтеме келтірілсе: 1, 2,... -қосымшаға не (1, 2,... -қосымша) сәйкес, онда қосымшаның жоғарғы оң бұрышында:
2000 жылғы __________ № ____ нормативтік құқықтық кесімге 1, 2... -қосымша деп жазылады. (қоса беріліп отырған)... ереже,... нұсқаулық бекітілсін, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында:
2000 жылғы __________ № ____ нормативтік құқықтық кесіммен бекітілген деп жазылады. Егер негізгі кесіммен бекітілетін туынды кесімдерге қосымшалар болса, онда соңғысының жоғарғы оң жақ бұрышында: Туынды нормативтік құқықтық кесімге 1, 2,... -қосымша деп көрсетіледі.
5. Нормативтік құқықтық кесімдерді келісу
47. Нормативтік құқықтық кесімді мүдделі мемлекеттік органдармен келісу олардың құзыретіне қарай жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтік құқықтық кесімді келісудегі мүдделілік қаралатын мәселелердің мәніне негізделе отырып, белгіленеді. 48. Келісуге нормативтік құқықтық кесімнің туынды түрі де, ол бекітілген негізгі нормативтік құқықтық кесім де ұсынылады. 49. Келісуге нормативтік құқықтық кесім мемлекеттік органның бірінші басшысының не оның орынбасарының қолы қойылған ілеспе хатпен жіберіледі. 50. Келісуге нормативтік құқықтық кесімді алу кезінде мемлекеттік органдар басқа мемлекеттік органдармен оны келісуді талап етуге және үстірт немесе өзге негізсіз себептер бойынша нормативтік құқықтық кесімді келісуден бас тартуға тиіс емес. 51. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында нормативтік құқықтық кесімді міндетті түрде келісу көзделсе, сондай-ақ онда басқа мемлекеттік органдарға қатысты ережелер, нормалар мен тапсырмалар қамтылса, мұндай нормативтік құқықтық кесімнің жобасы тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала келісуге жіберілуге тиіс. Бұл ретте, нормативтік құқықтық кесімнің жобасы келісуге барлық мүдделі мемлекеттік органдарға бір мезгілде, бір ілеспе хатпен, тиісті мүдделі мемлекеттік органдардың тізімін қоса бере отырып, «Мемлекеттік органдарға (тізім бойынша)» деген адресат көрсетіле отырып жіберіледі. 52. Нормативтік құқықтық кесімнің жобасы келісуге жіберілген мемлекеттік органдар жобаны әзірлеген органға оны алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде жоба бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын жазбаша нысанда дайындауға және жіберуге не оның болмағандығы туралы хабарлауға тиіс. Нормативтік құқықтық кесімнің жобасына ескертулер болған кезде, қажет болған жағдайда оны әзірлеген орган пысықтайды. Нормативтік құқықтық кесімнің жобасын әзірлеген орган келісуші мемлекеттік органдардың ескертулерімен келіспеген жағдайда, біріншісі мұндай ескертудің әрқайсысы бойынша келіспеудің жазбаша негіздемесін қоса тіркеп, нормативтік құқықтық кесімді қол қоюға жібереді. Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін жобаны әзірлеуші мүдделі мемлекеттік органдардың барлық ұсыныстарын жобаның соңғы нұсқасына жинақтайды (ескертулерді жояды). Бұл ретте, әзірлеуші соңғы нұсқаны дайындау процесінде мемлекеттік органдардың өзі келісетін ескертулерін міндетті түрде және толық көлемде жояды. 53. Нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік органдарда келісу мерзімі 7 жұмыс күнінен аспауға тиіс және осы мемлекеттік органға нормативтік құқықтық кесімнің келіп түскен күнінен бастап есептеледі. ҚР Үкіметінің 2009.30.10. № 1719 Қаулысымен 54-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 54. Нормативтік құқықтық кесімнің барлық парақтарына оны келісуге жіберген мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы (не оның міндетін атқарушы адам) қол қояды. 55. Нормативтік құқықтық кесімді қарау қорытындылары бойынша келісуші орган әзірлеушіге бірінші басшы не оның міндетін атқарушы тұлға қол қойған жауаптардың мынадай нұсқаларының бірін ұсынады: нормативтік құқықтық кесім ескертулерсіз келісілді (нормативтік құқықтық кесімдегі бұрыштама); нормативтік құқықтық кесімді келісуден бас тартылды (дәлелденген бас тарту қоса тіркеледі). Егер кесім бойынша ескертулер болған жағдайда олар жойылғаннан кейін кесім келісілуі мүмкін, бұл ескертулер бірінші басшы не оның міндетін атқарушы тұлға қол қоятын хатта жазылады және мұнда міндетті түрде орын алған ескертулерді жою жөнінде ұсыныстар қамтылуға тиіс. |