Импорттаушылардың (түпкі пайдаланушылардың) кепілдік міндеттемелерін ресімдеу және олардың орындалуын тексеру ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2013 жылғы 19 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Импорттаушылардың (түпкі пайдаланушылардың) кепілдік міндеттемелерін ресімдеу және олардың орындалуын тексеру ережесі бекітілсін. 2. «Қазақстан Республикасында экспорттық бақылауды жүзеге асырудың тәртібі мен Қазақстан Республикасына әкелінетін экспорттық бақылауға жататын өнімді пайдалану жөніндегі міндеттемелерді ресімдеу және олардың атқарылуын бақылаудың тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 14 желтоқсандағы № 1919 қаулысының 1-тармағы 2) тармақшасының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 55-56, 546-құжат) күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 12 наурыздағы № 244 қаулысымен бекітілген
Импорттаушылардың (түпкі пайдаланушылардың) кепілдік міндеттемелерін ресімдеу және олардың орындалуын тексеру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Импорттаушылардың (түпкі пайдаланушылардың) кепілдік міндеттемелерін ресімдеу және олардың орындалуын тексеру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді. 2. Кепілдік міндеттемені (түпкі пайдаланушының сертификатын) беруді экспорттық бақылау саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
2. Импорттаушылардың (түпкі пайдаланушылардың) кепілдік міндеттемелерін ресімдеу және олардың орындалуын тексеру тәртібі
3. Кепілдік міндеттеме (түпкі пайдаланушының сертификаты) импорттаушыға, егер экспорттаушы елдің заңнамасымен осындай құжаттың ұсынылуы көзделген жағдайда беріледі. 4. Кепілдік міндеттемені (түпкі пайдаланушының сертификатын) алу үшін импорттаушы мынадай құжаттарды ұсынады: 1) кепілдік міндеттемені (түпкі пайдаланушының сертификатын) алуға өтініш; 2) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес импорттаушының (түпкі пайдаланушының) кепілдік міндеттемесі; 3) экспорттаушымен тиісті мәміленің нотариалды куәландырылған көшірмесі және оларды салыстыру үшін түпнұсқа. Кепілдік міндеттемені (түпкі пайдаланушының сертификатын) алғаннан кейін келісім-шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізілген жағдайда, импорттаушы бұл туралы уәкілетті органға дереу хабарлайды. 5. Кепілдік міндеттеме (түпкі пайдаланушының сертификаты) келісім-шартқа енгізілген өнімнің мөлшері мен номенклатурасына тәуелсіз бір мәмілеге беріледі. 6. Кепілдік міндеттеме (түпкі пайдаланушының сертификаты) өтінішті тиісті құжаттармен бірге ұсынған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей беріледі. 7. Кепілдік міндеттеме (түпкі пайдаланушының сертификаты) осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша екі данада беріледі, оның бір данасы уәкілетті органда сақталады, екіншісі экспорттаушы елдің уәкілетті органына ұсыну үшін импорттаушыға беріледі. 8. Кеден органы жүк іс жүзінде жеткізілген күннен бастап 10 күн ішінде жеткізуді растау сертификатын уәкілетті органға жолдайды. 9. Импорттаушы (түпкі пайдаланушы) өзінің кепілдік міндеттемелерін орындамағаны және/немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3. Өнімнің түпкілікті пайдаланылуын тексеруді ұйымдастыру тәртібі
10. Тиеп жіберу алдындағы кезеңде және (немесе) өнімнің түпкілікті пайдаланылуын тексерулерді Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің мемлекеттік органдарымен бірлесіп, мына негіздер бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асырады және тағайындайды: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың (мәлімдеушілердің) Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасының талаптарын бұзуы туралы куәландыратын мәліметтерді алу; 2) сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың (мәлімдеушілердің) жаппай қырып-жою қаруын, жеткізу құралдарын және қару-жарақ пен әскери техниканың өзге де түрлерін таратпау жөніндегі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтамауы. 11. Тексерулер уәкілетті орган берген тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі. Тексеруді тағайындау туралы акт уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тексеру актілерін тіркейтін арнайы журналда тіркелуге тиіс. Тексеруді тағайындау туралы акт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі - құқықтық статистика жөніндегі орган) міндетті түрде тіркеледі. 12. Тексеруді жүргізудің басталуы тексеруші лауазымды адамның (адамдардың) қызметтік куәлігін міндетті түрде көрсете отырып, тексерілетін сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға (мәлімдеушіге) тексерудің тағайындалуы туралы актіні тапсырған кезден бастап есептеледі. Тексеруді тиеп жіберу алдындағы кезеңде және (немесе) өнімнің түпкілікті пайдаланылуын тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана жүргізеді. Тиеу алдындағы кезеңде және (немесе) өнімнің түпкілікті пайдаланылуын тексеруді тағайындау туралы бір актінің негізінде бір ғана тексеру жүргізілуі мүмкін. 13. Тексеруді жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған кездегі ерекше жағдайларда, сондай-ақ тексеру көлемінің едәуір болуына байланысты уәкілетті органның басшысы (не оны алмастыратын адам) тексеру жүргізу мерзімін ұзартуы мүмкін, бірақ ол отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Тексеру мерзімін ұзартқан жағдайда уәкілетті орган құқықтық статистика жөніндегі органда тіркей отырып, міндетті түрде тексерудің ұзартылғаны туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексерудің тағайындалғаны туралы алдыңғы актінің тіркелген нөмірі мен күні және оның ұзартылу себебі көрсетіледі. 14. Тексеруді тағайындау туралы акт сыртқы экономикалық қызметтің бір қатысушысына (мәлімдеушіге) ресімделеді. 15. Тексеру аяқталғаннан кейін оны жүзеге асырған уәкілетті органның лауазымды адамы Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасының сақталуы мәніне тексеру нәтижелері туралы екі данада акт жасайды. 16. Сыртқы экономикалық қызметтің тексерілетін қатысушысына (мәлімдеушіге) тексеру нәтижелері туралы актінің тапсырылған күні тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі. Тексеру нәтижелері туралы акт тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей тапсырылады.
Ережеге 1-қосымша
Импорттаушының (түпкі пайдаланушының) кепілдік міндеттемесі
Ережеге 2-қосымша
Қазақстан Республикасының кепілдік міндеттемесі (түпкі пайдаланушының сертификаты)
|