Аяқталмаған құрылыс объектісін және кейбір мемлекеттік кәсіпорындарды республикалық меншіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы
Осы редакция 2013 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екінші түріне беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 қаңтардағы № 81 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Алматы қаласы әкімінің: 1) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің «Қысқы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының теңгеріміндегі Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 128/2 мекен-жайын орналасқан «Халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені» аяқталмаған құрылыс объектісін; 2) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің «Орталық стадион» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын мүліктік кешен ретінде; 3) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Биік таудағы «Медеу» спорт кешені» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын мүліктік кешен ретінде республикалық меншіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы ұсынысы қабылдансын. 2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағында көрсетілген объектілерді қабылдау-беру жөніндегі қажетті ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асырсын. 3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін: 1) «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде: «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті» деген бөлімде: реттік нөмірлері 519-5, 519-6-жолдар алып тасталсын; 2) «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі № 329 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 145-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде: «Мемлекеттік кәсіпорындар» деген 2-бөлімде: реттік нөмірлері 15-1, 15-2-жолдар алып тасталсын. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|