Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 және 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 маусымдағы № 535 Қаулысы (2022.02.06. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2022 жылғы 2 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1) «Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысына: көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулық осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын; көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта: 3-тармақтың 4) тармақшасындағы «өтініштерін» деген сөзден кейін «;» белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын: «5) прокурорлық қадағалау актілерін»; 11, 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын: «11. Мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан келіп түсетін бақылаудағы құжаттар мен олардың жекелеген тармақтарын орындау туралы есептер Кеңсенің тиісті құрылымдық бөлімшелеріне жіберіледі. Бұл ретте есептердің төлнұсқалары - құжаттың тұтастай орындалуын бақылау бекітіліп берілген Кеңсенің құрылымдық бөлімшесіне, ал олардың көшірмелері Кеңсе Басшысы (оның міндетін атқарушы тұлға) бекіткен немесе оның тапсырмасымен бекітілген бекітіп беруге сәйкес бақылаудағы құжаттардың жекелеген тармақтарының орындалуына жауапты құрылымдық бөлімшелерге жіберіледі. Егер орталық немесе жергілікті атқарушы органдар бақылаудағы құжаттың орындалуы туралы есептерді белгіленген мерзімде немесе толық көлемде тапсырмаса, онда нақты құжаттың орындалуын бақылауды жүзеге асыратын Кеңсенің тиісті құрылымдық бөлімшесі мемлекеттік органдар үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін орындалу мерзімінің бұзылу себептері туралы Басшылыққа хабарлауға және осы бақылаудағы құжаттың одан әрі орындалуы жөнінде ұсыныс енгізуге тиіс. 12. Тұтастай алғанда, құжаттың немесе оның жекелеген тармақтарының бақылауы үшін жауапты Кеңседегі орындаушы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан есепті алғаннан кейін құжаттың, сондай-ақ құпия сипаттағы құжаттың әрбір бақылаудағы тармағы бойынша есептің орындалу уақтылылығы, толықтығы және сапасы мәніне талдау жүргізеді, оның нәтижелері бойынша нақты қорытындылар мен ұсыныстары бар анықтама дайындайды. Есептерге талдау жүргізу мерзімі олардың Кеңседе тіркелген күнінен бастап 5 күннен аспауы тиіс. Келіп түскен ақпараттың негізінде және талдау нәтижелеріне қарай орындаушы орындалу мерзімі аяқталғанға дейін үш күннен кешіктірмей Басшылыққа: 1) Президенттің кесімдері мен тапсырмалары бойынша - оларды бақылаудан алу туралы не орындау мерзімін ұзарту туралы, не құжаттарды Үкіметтің және/немесе Премьер-Министр Кеңсесінің жұмыс бабындағы бақылауына көшіру туралы Үкіметтің Басшылығы немесе Кеңсе Басшысы (ол болмаса - оның міндетін атқарушы адамның) атынан Президенттің Әкімшілігіне негізді хаттың белгіленген тәртіппен дайындалған жобасын; 2) үкіметтік шешімдер, хаттамалық шешімдер және Басшылықтың тапсырмалары бойынша - оларды бақылаудан алу, орындау мерзімін ұзарту немесе тиісті мемлекеттік органның жұмыс бабындағы бақылауына көшіру туралы ұсыныстармен бірге талдау нәтижелері бойынша анықтаманы ұсынады. Бақылаудан алу, орындау мерзімін ұзарту немесе жұмыс бабындағы бақылауға көшіру Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының не оның міндетін атқарушы тұлғаның қарауы бойынша бөлімнің анықтамасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте орындаушы мемлекеттік органдарды үкіметтік шешімдер мен Басшылықтың тапсырмаларының орындалу мерзімінің ұзартылғаны немесе мемлекеттік органдардың жұмыс бабындағы бақылауына көшірілгені туралы хабардар етеді; 3) Үкіметтің Басшылығы мен Премьер-Министр Кеңсесінің тапсырмалары бойынша жекелеген бақылаудағы тармақтарды орындау орталық атқарушы органдардың жұмыс бабындағы бақылауына көшірілуі мүмкін»; 14, 14-1, 15, 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын: «14. Премьер-Министрде, оның орынбасарларында, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысында өткен кеңестер хаттамаларының тармақтарын бақылауға қоюды Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары бойынша Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүзеге асырады. 14-1. Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауларын, Үкімет Бағдарламасын, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкімет мәжілістерінің хаттамаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын бекіту туралы Үкімет қаулыларының орындалуын бақылауды тұтастай алғанда Макроэкономикалық талдау және бағдарламалық мониторинг бөлімі жүзеге асырады. 15. Басшылықтың аймақтар әкімдеріне берген тапсырмаларының орындалуын бақылауды Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі жүзеге асырады. 16. Құпия құжаттардың орындалу мерзімдерін бақылау Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің құпия іс жүргізуінде жүзеге асырылады.»; 17, 17-1, 20-3-тармақтар алынып тасталсын; көрсетілген қаулымен бекітілген Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және олардың орындалуын бақылау тәртібі туралы нұсқаулық осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын; 2) ҚР Үкіметінің 2022.02.06. № 355 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара) 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
3-қосымша. ҚР Үкіметінің 2022.02.06. № 355 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)
4-қосымша. ҚР Үкіметінің 2022.02.06. № 355 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)
Үкіметінің 2008 жылғы 4 маусымдағы № 535 қаулысына 1-қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі НҰСҚАУЛЫҚ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі туралы ережеге сәйкес өзіне жүктелген функцияларды орындау процесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде (бұдан әрі - Кеңсе) құжаттармен жұмыс істеу тәртібін белгілейді. 2. Осы Нұсқаулықта белгіленген құжаттармен жұмыс істеу ережесі мен тәртібі Кеңсенің барлық қызметкерлеріне қолданылады. 3. Осы Нұсқаулық құпия емес сипаттағы және «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттарды дайындау, ресімдеу, олардың өту тәртібін белгілейді. Таралуы шектелген қызметтік ақпаратты дайындау, таныстыру және олардың өтуі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 51 қпү қаулысымен бекітілген Мемлекеттік органдардың қызметтік ақпаратпен жұмыс істеу ережесіне сәйкес жүзеге асырылады. Осы Нұсқаулықтың ережелері жеткізгіш түріне қарамастан, электрондық цифрлық қолтаңбаны тексерудің оң нәтижесін белгіленген тәртіппен анықтау туралы растамасы бар электрондық құжаттарды қоса алғанда, құжаттармен жұмыс істеуді ұйымдастыруға қолданылады. 4. Осы Нұсқаулықпен: 1) Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және олардың орындалуын бақылау тәртібі туралы нұсқаулықта белгіленетін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу, сондай-ақ азаматтарды қабылдау; 2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта белгіленген құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру; 3) жекелеген арнайы нұсқаулықтарда белгіленетін арнайы байланыс түрлерін пайдалана отырып, құпия іс жүргізу мен құпия хат жазысуды жүргізу тәртібі реттелмейді. 5. Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінде іс жүргізу, құжаттардың есебі, сақталуы, уақтылы өтуі және орындалуы үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі. 6. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі Кеңсенің жаңа қызметкерлерін осы Нұсқаулықпен және Кеңсенің қызметін регламенттейтін басқа құжаттармен таныстырады. ________________ * Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300, 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 358 қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен бірге.
2. Кіріс хат-хабарын қабылдау және тіркеу
7. Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінің органдарымен, ұйымдарымен және азаматтарымен хат жазысу мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде жүргізіледі, өзге шетелдік хат-хабармен басқа да шет тілдерінде жүргізілуі мүмкін. 8. Кеңсеге келіп түсетін барлық хат-хабарды сағат 9.00-ден 15.30-ға дейін Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің әрбір келіп түскен құжатқа кіріс (шығыс, ішкі) құжаттарды тіркеуге арналған тіркеу-бақылау карточкасын (1-қосымша) жүргізетін қызметтік хат-хабар секторы (бұдан әрі - қызметтік хат-хабар секторы) қабылдайды және тіркейді. 9. Кеңсеге сенбі күндері келіп түсетін құжаттарды қабылдауды сағат 11.00-ге дейін қызметтік хат-хабар секторының кезекші қызметкерлері жүзеге асырады, сондай-ақ оларды кейіннен қызметтік хат-хабар секторына тіркеуге міндетті түрде беру арқылы Премьер-Министрдің қабылдау бөлмесінің жауапты кезекшісі де жүзеге асыра алады. Жекелеген нұсқаулықтарда белгіленген тәртіппен электр және электрондық байланыс құралдарының көмегімен хабарларды (ақпаратты) жеделхаттар, телетайпограмдар, факсограмдар, телефонограммалар мен почталық файл (электрондық) хабарларын беру жүзеге асырылады. Факсограммалардың қағаздағы түпнұсқалары ұқсас хат-хабар жіберу үшін осы Нұсқаулықта көзделген тәртіппен адресаттарға дереу жеткізіледі. Кеңсеге келіп түсетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары (Премьер-Министрдің оларды шұғыл енгізуді көздейтін тапсырмаларын орындау үшін әзірленген Премьер-Министрдің өкімдерін; заң жобаларын; Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының жобаларын және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда) сәрсенбі күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін қабылданады. 10. Осы Нұсқаулықтың 9-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, Кеңсе қызметкерлеріне қызметтік хат-хабар секторында тіркелмеген құжаттарды қабылдауға және олармен жұмыс істеуге тыйым салынады. 11. Конверттерді ашардың алдында олардың арналуы мен ресімделуінің дұрыстығы, орамының бүтіндігі (мөрлер болған кезде) тексеріледі. Конверттерді ашқан кезде мекен-жайдың жөнелтуші атауымен, пакетте көрсетілген салу нөмірлерінің құжаттарға қойылған нөмірлермен сәйкестігі салыстырылады, құжаттардың және оларға қосымшалардың жинақтылығы тексеріледі. Құжаттар жеткіліксіз болған, пакеттер бүлінген, конверттердің нөмірлері құжаттардың нөмірлерімен сәйкес келмеген жағдайда үш данада акт жасалады (2-қосымша), бұл ретте актінің бір данасы қызметтік хат-хабар секторында қалады, екіншісі құжатпен бірге арналуы бойынша беріледі, ал үшіншісі жөнелтушіге жолданады. Дұрыс арналмаған және ресімделмеген, қате салынған құжаттар арналуы бойынша қайта жөнелтіледі немесе жөнелтушіге қайтарылады. Құжаттар салынған конверттер құжаттарды жөнелтушінің мекен-жайын, олардың жөнелтілген және алынған күнін тек сол арқылы ғана анықтау мүмкін болатын жағдайларда сақталады. «Жеке өзіне» деген белгісі бар конверттерді қоспағанда, барлық конверттер қызметтік хат-хабар секторында ашуға жатады. 12. Тиісті мемлекеттік органның белгіленген үлгідегі бланкісінде басылған немесе толтырылған деректемелері бар (электрондық цифрлық қолтаңбаны тексерудің оң нәтижесін белгіленген тәртіппен анықтау туралы растамасы бар) электрондық құжаттың оған сәйкес келетін шаблонын пайдаланып жасалған, бірінші басшы (ол болмаған кезде бірінші басшының міндетін атқару ресми түрде жүктелген тұлға не Үкіметке, Үкіметтің және Кеңсенің Басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы ресми түрде өкілеттік берген тұлға) қол қойған құжаттардың* бірінші даналары Кеңседе тікелей қабылдауға жатады. Бұл ретте құжатта күні, шығыс нөмірі, құжаттың қысқаша тақырыбы, сауалға жауап қайтару немесе атқару туралы есеп (ақпарат) беру кезінде Кеңсенің нөміріне сілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Бұл ретте Кеңсе күні оларды Кеңсеге өткізген күніне сәйкес келетін құжаттарды (басқа қалалардан почтамен келіп түскен хат-хабардан басқа) ғана қабылдайды. Бұдан басқа, құжаттың соңғы парағының сол жақ төменгі бұрышына бірінші басшының (бірінші басшының міндетін атқару ресми түрде жүктелген тұлға не Үкіметке, Үкіметтің және Кеңсенің Басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы ресми түрде өкілеттік берген тұлға) қолынан кейін не құжаттың бірінші парағының артқы жағына орындаушының тегі және аты-жөні, оның телефонының нөмірі көрсетілуі тиіс (мысалы: С.А. Асанов, тел. 152469). Құжат қосымшаларына құжатқа қол қойған адам алдын ала қол қоюы тиіс. Кеңсеге енгізілетін Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын, заң жобаларын және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына Үкімет қорытындыларының жобаларын Үкіметтің Регламентіне сәйкес жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы (бірінші басшының міндетін атқару ресми түрде жүктелген тұлға не Үкіметтің және Кеңсенің Басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы ресми түрде өкілеттік берген тұлға) әр парағына алдын ала қол қоюға тиіс. Факсимилесі, бояуы және өзге де былғанышы бар, қандай да бір бүлінген, оның ішінде тескішпен тігілген, нобайқағазға және мемлекеттік органдар бланкілерінің көшірмелеріне шығарылған құжаттар Кеңсеге қабылдауға жатпайды. Кеңсеге жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін құжаттарды қабылдау Кеңсе Басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның нұсқауы бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін. 13. Кіріс хат-хабарын тіркеуді құжаттың бірінші парағының оң жақ төменгі бұрышына негізгі құжаттың тіркеу нөмірі, тіркелген күні, парақтарының саны және қосымшалар парақтарының саны көрсетілетін тіркеу мөртаңбасын қою жолымен қызметтік хат-хабар секторы жүзеге асырады, қосымшаларға «№___-ге» деген мөртаңба қойылады. Шет тілдеріндегі хат-хабар тіркелген кезде мөртаңба түпнұсқаға және аударма мәтінге («Аударма» деген белгімен) қойылады. Үкімет қаулыларының немесе Премьер-Министр өкімдерінің жобалары келіп түскен кезде тіркеу мөртаңбасы ілеспе хатқа қойылады. Бұрын тіркелген кіріс құжаттарына келіп түскен құжаттарға негізгі құжаттың тіркеу нөмірі беріледі. ___________________ * Құжаттар Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттарды басқару және құжаттама комитеті төрағасының 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 33 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарында құжаттау мен құжаттаманы басқарудың үлгі ережесіне сәйкес ресімделуі тиіс.
3. Кіріс хат-хабарын қарау және олардың өтуі
14. Қызметтік хат-хабар секторы почтаны тіркеу сатысында сұрыптайды және алдын ала зерделегеннен кейін оны Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісіне баяндайды. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі зерделеу нәтижелері бойынша мыналарды: 1) өтініш жасаушылардың немесе өзге де мемлекеттік органдардың айрықша құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың өтініштерін; 2) өздері дайындаған нормативтік құқықтық актілердің және өзге құжаттардың жобаларын мүдделі мемлекеттік органдардың немесе орталық атқарушы органдар жұмыс органдары болып табылатын ведомствоаралық комиссиялардың қарауы туралы тапсырма беру өтінішімен әзірлеуші мемлекеттік органдардың өтініштерін; 3) Үкіметтің немесе Премьер-Министрдің шешімдерін, оның ішінде республикалық бюджеттен және Үкіметтің резервінен қаражат бөлу туралы шешімдер қабылдауды талап ететін, бірақ өтініштерде көтеріліп отырған мәселелер құзыретіне жататын орталық атқарушы органдарда пысықталмаған мемлекеттік органдардың, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің немесе жекелеген заңды тұлғалардың өтініштерін; 4) белгіленген есептілікте берілуі көзделмеген ақпаратты; 5) Үкіметтің бақылауында жоқ және олар бойынша Үкіметті және/немесе Премьер-Министрдің Кеңсесін хабардар ету қажеттілігі туралы нақты тапсырмалар берілмеген тапсырмаларды орындау жөніндегі ақпаратты; 6) салықтарды төлеу мерзімін ұзарту туралы өтінішті; 7) жабылған конверттердегі құжаттарды (құпия, кадр мәселелері бойынша және басқа қаладан келген, сондай-ақ соттар жіберген хат-хабарды қоспағанда); 8) Қазақстан Республикасының Үкіметі Регламентінің талаптарын және осы Нұсқаулықты бұзып дайындалған құжаттарды қамтитын құжаттарды қабылдамауы немесе қарамастан қайтаруы мүмкін. 15. Құпия хат-хабар тек Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің құпия іс жүргізу және ақпаратты қорғау секторында (бұдан әрі - құпия іс жүргізу және ақпаратты қорғау секторы) ғана өңделеді. 16. Құжаттардың одан әрі өтуінде түсініксіздік пайда болған жағдайларда, ол Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісіне, ал қажет болған жағдайда Кеңсе Басшысына немесе оның орынбасарларына мәлімделеді. 17. Үкіметтің қарауын талап етпейтін әрі орталық және жергілікті атқарушы, өзге де мемлекеттік органдар шеше алатын заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін Үкіметтің Регламентіне және Кеңсе туралы ережеге сәйкес Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі (ол болмаған кезде - меңгерушінің орынбасары) тиісті министрліктерге, агенттіктерге, әкімдерге және өзге де мемлекеттік органдарға жібереді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, өзге де мемлекеттік органдардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің тиісті жылға арналған республикалық бюджетте көзделмеген қосымша қаржыландыру не жеке салықтық, кедендік және басқа да жеңілдіктер беру жөніндегі өтініштері, егер ол Үкімет Регламентінде белгіленген тәртіппен келісілмеген болса, тіркеусіз қайтарылады. Осы Нұсқаулыққа 3-қосымшада көрсетілген құжаттар тіркеуге жатпайды. 18. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен келіп түсетін кіріс хат-хабарын өңдеу және тіркеу кезінде құжатқа танысу парағын (4-қосымша) тіркей отырып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының аппараттарында, ұйымдарында және мекемелерінде Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің құжаттарымен жұмыс істеу ережесін қосымша басшылыққа алу қажет. 19. Үкіметке келіп түсетін хат-хабар, әдетте, мынадай тұрғыда бөлінеді: 1) Премьер-Министрдің қарауына: Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы; Парламент палаталары төрағаларының, Мемлекеттік хатшының, Президент Әкімшілігі Басшысының, Жоғарғы Сот Төрағасының, Премьер-Министрдің жеке өзіне жолдаған хаттары; Бас прокуратураның хаттары; мемлекеттер басшылары мен үкіметтер басшыларының хаттары; Премьер-Министрдің тапсырмаларын орындау жөніндегі қызметтік жазбалар мен басқа да хат-хабар; министрліктердің, ведомстволардың, республикалық бюджет есебінен ұсталатын басқа да орталық мекемелер басшыларының, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің іссапарға шығуға рұқсат алуға және оларға ақша қаражатын бөлуге байланысты өтініштері; Премьер-Министрдің, Премьер-Министр орынбасарларының және Кеңсе Басшысының арасында міндеттер бөлісуге сәйкес өзге де хат-хабар беріледі; 2) Премьер-Министрдің орынбасарларының қарауына тікелей оларға жолданған хат-хабар, сондай-ақ Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Кеңсе Басшысының арасында міндеттерді бөлуге сәйкес олар жетекшілік ететін мәселелер бойынша хат-хабар беріледі; 3) Кеңсе Басшысына: Президенттің, Үкіметтің, Премьер-Министрдің және оның орынбасарларының актілері мен тапсырмаларын орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің уақтылы және сапалы орындауын бақылау мәселелері жөніндегі материалдар, сондай-ақ Үкімет мәжілістерінің хаттамалары; Үкіметке және Премьер-Министрге депутаттық сауалдар; Конституциялық Кеңестің өтініштері; Үкіметтің мәжілістерін, кеңестер, республикалық деңгейде басқа да іс-шаралар өткізуге байланысты құжаттар; СІМ-нің халықаралық шарттарды жасасу және іске асыру, мемлекеттер, үкіметтер басшыларының, халықаралық ұйымдардың, ірі шетелдік фирмалардың басшыларын қабылдау, Премьер-Министрдің таяу және алыс шетелдерге сапарлары мәселелері жөніндегі материалдары; Премьер-Министр бекіткен Ақпараттық материалдарды Премьер-Министрге ұсыну кестесіне сәйкес ақпараттық-анықтамалық материалдар; кадр мәселелері жөніндегі құжаттар және тікелей соның атына жіберілген хат-хабар; Премьер-Министрдің Кеңсесінде қарау талап ететін Президент актілерінің жобалары, заң жобалары және Үкіметке өзге де өтініштер; Үкіметтің Регламентіне, Премьер-Министрдің Кеңсесі туралы ережеге және Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Кеңсе Басшысының арасында міндеттерді бөлуге сәйкес басқа да құжаттар жіберіледі. 20. Хат-хабарды (құжаттарды) тіркегеннен кейін қызметтік хат-хабар секторының қызметкері электрондық құжат айналымы жүйесінің дерекқорында сақталған есептік деректері бар тіркеу-бақылау карточкасының екі данасын қағазға басып шығарады (1-қосымша) және осы карточкаларды олармен бірге қызметтік хат-хабар секторының почтаның жеткізілуіне жауапты қызметкеріне берілетін тіркелген кіріс құжатына қоса тіркейді. 21. Қызметтік хат-хабар секторының почтаның жеткізілуіне жауапты қызметкері өзіне келіп түскен құжаттарды (хат-хабарды) оның шұғылдығын ескере отырып, белгілеуге сәйкес сұрыптайды, одан кейін: 1) құжаттарды (хат-хабарды) Премьер-Министрге, Премьер-Министрдің орынбасарларына, Кеңсе Басшысына, оның Хатшылықтың жұмысына жетекшілік ететін орынбасарына баяндау үшін өзі жеткізеді және оларды тіркеу-бақылау карточкасының қызметтік хат-хабар секторына қайтарылатын екінші данасына алынған күні мен уақытын көрсете отырып, тиісті қабылдау бөлмелерінің қызметкерлеріне қол қойдырып тапсырады. Бұл ретте жай хат-хабар Кеңсе Басшысы белгілеген кесте бойынша, ал шұғылы дереу жеткізіледі; 2) Кеңсе Басшысы орынбасарларының және Кеңсенің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қабылдау бөлмелеріне жіберілетін құжаттарды (хат-хабарды) қызметтік хат-хабар секторының арнайы стеллажының мекен-жай жәшігіне қояды, одан Кеңсенің көрсетілген қабылдау бөлмелерінің қызметкерлері Кеңсе Басшысы белгілеген кесте бойынша бір күн ішінде тіркеу-бақылау карточкасының қызметтік хат-хабар секторында қалатын екінші данасына қолын қойып, келіп түскен хат-хабарды алуды жүргізеді. Бұл ретте почтаның жеткізілуіне жауапты қызметкер телефон арқылы шұғыл хат-хабардың (құжаттардың) түскені туралы тиісті қабылдау бөлмелерінің қызметкерлеріне дереу хабарлайды, олар шұғыл хат-хабарды кестеден тыс дереу алуды жүзеге асыруға тиіс; 3) келіп түскен құжаттарды электрондық құжат айналымы жүйесін пайдалана отырып, оларды электрондық құжаттар форматында беру үшін белгілеуге (таратқыш есебіне) сәйкес басқа бірлесіп орындаушы құрылымдық бөлімшелерге бір мезгілде жібереді. Бұл ретте Премьер-Министрге, оның орынбасарларына және Кеңсе Басшысына құжаттар қағаз жеткізгіштермен жіберіледі. Адресаттарға хат-хабарды (құжаттарды) жеткізгеннен кейін почтаның жеткізілуіне жауапты қызметкер тіркеу-бақылау карточкаларының екінші даналарын тіркеуге жауапты қызметкерге қайтарады, ол картотекаға оларды орналастырады. 22. Премьер-Министрдің қарауына жолданатын құжаттар Премьер-Министрдің Хатшылығы (бұдан әрі - Хатшылық) қабылдау бөлмесінің қызметкеріне беріледі. Хатшылық тікелей Премьер-Министр, оның орынбасарлары немесе Кеңсе Басшысы бергендерді қоспағанда, тіркеуден өтпеген хат-хабарды қабылдамайды. Бұл ретте Премьер-Министр, оның орынбасарлары, сондай-ақ Кеңсе Басшысы тікелей қабылдаған хат-хабар дереу қызметтік хат-хабар секторына тіркеуге беруі тиіс. |