Қазақстан Республикасының (2012.26.12. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2015 жылғы 21 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының бастамасы бойынша құрылатын «Назарбаев Университетінің» (бұдан әрі - Университет), «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» (бұдан әрі - Зияткерлік мектептер) және «Назарбаев Қорының» (бұдан әрі - Қор) құқықтық мәртебесін және олардың құрылуы мен қызметінің айрықша құқықтық режімін айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) дербес білім беру ұйымы - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын, құқықтық мәртебесі және қызметінің айрықша құқықтық режімі осы Заңмен айқындалатын, мүшелігі болмайтын коммерциялық емес ұйым; 2) Зияткерлік мектептер ұйымдары - Зияткерлік мектептер құратын коммерциялық емес ұйымдар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Зияткерлік мектептерге тиесілі басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары; 3) Университет ұйымдары - Университет құратын коммерциялық емес ұйымдар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Университетке тиесілі басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары.
2-бап. Қазақстан Республикасының Университет, Зияткерлік мектептер және Қор туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының Университет, Зияткерлік мектептер туралы және Қор туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Білім беру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы Университетке, Зияткерлік мектептерге және Қорға осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылады. 3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор қызметінің қағидаттары Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді: 1) академиялық еркіндік қағидаты - Университеттің және Зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламаларын, білім беру қызметін жүзеге асырудың нысандары мен әдістерін, ғылыми зерттеулерді жүргізу бағыттарын әзірлеу мен таңдаудағы еркіндігі; 2) білімнің, ғылым мен өндірістің интеграциясы қағидаты - Университеттегі және Зияткерлік мектептердегі білім беру үдерісінің ғылыми және практикалық қызметтен ажырағысыздығы, ғылым және кәсіпкерлік ұйымдарымен стратегиялық әріптестікті қамтамасыз ету; 3) дербестік және өзін-өзі басқарушылық қағидаты - Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қаржы-экономикалық, әкімшілік басқарудағы, шешімдер қабылдаудағы оқшаулығы мен еркіндігі; 4) шешімдер қабылдаудың алқалық қағидаты - Университет, Зияткерлік мектептер және Қор қызметіне байланысты шешімдерді олардың қамқоршылық кеңестерінің, Жоғары қамқоршылық кеңестің қабылдауы; 5) әлеуметтік жауапкершілік пен ашықтық қағидаты - Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қоғамның әл-ауқатын жақсарту мақсатында әлеуметтік маңызы бар жобаларды әзірлеуі және оларға қатысуы, өз қызметінің барлық бағыттары бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етуі.
2-тарау. УНИВЕРСИТЕТТІҢ, ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖӘНЕ ҚОРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ
4-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың құқықтық мәртебесі 1. Университет орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызметті, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру, қазіргі заманғы білім беру, ғылыми инфрақұрылымды құру және өзінің жарғысына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында құрылатын дербес білім беру ұйымы болып табылады. Университет білім және ғылым саласындағы инновациялық бағдарламаларды әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізу мен іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады. 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2. Зияткерлік мектептер мынадай білім беру деңгейлері: 1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамтитын бастауыш мектеп; 2) негізгі мектеп; 3) жоғары мектеп; 4) орта білімнен кейінгі білім беру; 5) жоғары білім беру; 6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру; 7) қосымша білім беру бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру мақсатында құрылатын дербес білім беру ұйымы болып табылады. Зияткерлік мектептер өзінің жарғысына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыруға құқылы. Зияткерлік мектептер білім беру бағдарламалары мен технологияларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізуді және іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады. 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Университеттің және Зияткерлік мектептердің құрылтайшысы болып табылады. 4. Қор Университеттің және Зияткерлік мектептердің, сондай-ақ олардың ұйымдарының қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін ғана қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
5-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің мүлкі 1. Университеттің және Зияткерлік мектептердің мүлкі: 2012.16.02. № 557-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара) 1) құрылтайшының нысаналы салымдары; 2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша берілетін мемлекеттік мүлік; 3) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар; 5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды өткізуден, қызмет көрсетуден түскен түсiмдер (табыстар); 6) акциялар, облигациялар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (табыстар, сыйақылар (мүдде); 7) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен қалыптасады. Университеттің және Зияткерлік мектептердің осы тармаққа сәйкес қалыптастырылған мүлкі оларға меншік құқығымен тиесілі болады. Университет және Зияткерлік мектептер өз мүлкін өздерінің құрылу мақсаттарына қол жеткізу үшін ғана пайдаланады. 2. Университет және Зияткерлік мектептер, сондай-ақ олардың ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырма, мемлекеттік білім беру тапсырысын және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алуға құқылы. 3. Дербес білім беру ұйымдарының мүлкіне құрылтайшының мүліктік құқықтары болмайды. Құрылтайшы өзі құрған дербес білім беру ұйымдарының міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал олар құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
6-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың басқару органдары 1. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жоғары басқару органы болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жоғары қамқоршылық кеңестің тұңғыш төрағасы болып табылады. Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережені Жоғары қамқоршылық кеңестің тұңғыш төрағасы бекітеді. 2. Жоғары қамқоршылық кеңестің құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі, мүшелерінің өкілеттік мерзімдері, оның шешімдерді қабылдау тәртібі осы Заңда, сондай-ақ Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеде айқындалады. 3. Жоғары қамқоршылық кеңестің құзыретіне: 1) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ұзақ мерзімді даму стратегияларын бекіту; 2) мүлікке билік ету тәртібін бекіту; 3) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оларды жаңа редакцияда қабылдау; 4) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерін қалыптастыру, қамқоршылық кеңестердің мүшелерін тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату; 5) Университетті, Зияткерлік мектептерді және Қорды қайта ұйымдастыру, тарату туралы шешім қабылдау; 6) Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеге сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады. 4. Тұрақты жұмыс істейтін қамқоршылық кеңестер Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органдары болып табылады. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерінің құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі, мүшелерінің өкілеттік мерзімдері, олардың шешімдерді қабылдау тәртібі осы Заңда, сондай-ақ олардың жарғыларында айқындалады. 5. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерінің құзыретіне: 1) жылдық және орта мерзімді бюджеттерді бекіту; 2) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдарының сан жағынан құрамын айқындау, олардың басшылары мен мүшелерін немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамдарды сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату; 3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту; 4) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады. 6. Университеттің және Зияткерлік мектептердің қамқоршылық кеңестерінің құрамына құрылтайшының өкілдері, ғылыми және педагог қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және өзге де адамдар кіреді. Мемлекеттік қызметшілер Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың басқару органдарына тағайындалған жағдайда олар аталған заңды тұлғаларды басқаруға қатысады. 7. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты олардың атқарушы органдары жүзеге асырады. Атқарушы органдар алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдары Жоғары қамқоршылық кеңестің, Университеттің, Зияткерлік мектептердің, Қордың қамқоршылық кеңестерінің шешімдері негізінде және оларды орындау үшін жұмыс істейді және оларға есеп береді. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдарының құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі мен өкілеттік мерзімдері олардың жарғыларында айқындалады. 8. Университетте, Зияткерлік мектептерде және Қорда олардың жарғыларына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.
7-бап. Университетті, Зияткерлік мектептерді және Қорды қайта ұйымдастыру, тарату 1. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және олардың жарғыларына сәйкес қайта ұйымдастырылуға, таратылуға жатады. 2. Университет, Зияткерлік мектептер, Қор таратылған кезде кредит берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік олардың құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.
3-тарау. УНИВЕРСИТЕТ, ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ ҚОР ҚЫЗМЕТІНІҢ АЙРЫҚША ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖІМІ
8-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің білім беру қызметін лицензиялау, аттестаттау және аккредиттеу 1. Университет, Зияткерлік мектептер, олардың ұйымдары, сондай-ақ Университетте және (немесе) Зияткерлік мектептерде білім беру бағдарламаларын енгізетін және (немесе) іске асыратын шетелдік заңды тұлғалар білім беру қызметін лицензиясыз жүзеге асырады. 2. Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасында көзделген мемлекеттік аттестаттау Университетке және Зияткерлік мектептерге қатысты жүргізілмейді. 3. Университетті және Зияткерлік мектептерді аккредиттеуді тәуелсіз, оның ішінде шетелдік аккредиттеу ұйымдары жүзеге асырады.
9-бап. Университеттің білім беру қызметін жүзеге асыру ерекшеліктері 1. Университет білім беру қызметін өз бетінше әзірлеген білім беру бағдарламалары, сондай-ақ шетелдік әріптестерінің білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырады. 2. Білім беру қызметін ұйымдастыру, оқуға қабылдау, білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау тәртібін Университет өз жарғысына сәйкес өз бетінше айқындайды. Университетте білім алушылар мемлекеттік аралық бақылаудан босатылады. 3. Университет білім беру қызметтерін көрсету шартының нысанын өз бетінше бекітеді. 4. Университетте білім алушыларға мемлекеттік гранттар мен өзге де төлемдердің мөлшерін және оларды беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 5. Университет өзінде іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары бойынша оқу бітірген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы құжаттар береді. Білім туралы құжаттардың бірыңғай нысанын және оларды толтыру тәртібін Университеттің қамқоршылық кеңесі бекітеді. 6. Университет беретін тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы құжаттар өздерінің иелеріне білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың иелері үшін көзделген құқықтарды береді.
10-бап. Зияткерлік мектептердің білім беру қызметін жүзеге асыру ерекшеліктері 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1. Зияткерлік мектептер өз бетінше әзірлеген білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ шетелдік әріптестерінің білім беру бағдарламаларын іске асырады. Білім беру бағдарламалары осы Заңда белгіленген білім беру деңгейлері бойынша Зияткерлік мектептерде іске асырылады. 2. Білім беру қызметін ұйымдастыру, оқуға қабылдау, білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау тәртібін Зияткерлік мектептер өз бетінше айқындайды. Зияткерлік мектептерде білім алушылар мемлекеттік аралық бақылаудан босатылады. 3. Зияткерлік мектептерде білім алған адамдар ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады. 4. Зияткерлік мектептер өздерінде іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары бойынша оқу бітірген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиісті білім деңгейі туралы құжаттар береді, олар білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарға теңестіріледі. Білім туралы құжаттардың бірыңғай нысанын және оларды толтыру тәртібін Зияткерлік мектептердің қамқоршылық кеңесі бекітеді. 5. Зияткерлік мектептерді бітіргеннен кейін білім туралы құжат алған адамдарға білім беру саласындағы уәкілетті орган білім беру гранттарын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері туралы сертификаттар береді. Сертификаттардың балдары білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін шәкіл бойынша қорытынды бағаларды (балдарды) ауыстыру арқылы белгіленеді.
11-бап. Университеттің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруы 1. Университет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асырады, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен ғылыми зерттеулер жүргізеді. 2. Университет салалық ғылыми орталықтар құруға құқылы. 3. Университет және оның салалық ғылыми орталықтары Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасында көзделген олардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметін аккредиттеуден босатылады. 4. Университет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдануға (коммерцияландыруға) қатысуға құқылы. Университеттің және оның салалық ғылыми орталықтарының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдану (коммерцияландыру) нәтижесінде алынған табыстары тек қана оларды дамытуға жұмсалады.
12-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың шетелдік жұмыс күшін тарту ерекшеліктері 1. Университет, Зияткерлік мектептер, олардың ұйымдары, сондай-ақ Қор шетелдік қызмектерлерді басшы және жоғары білімді мамандар лауазымдарына тартуды шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсатты алмай-ақ жүзеге асырады. 2. Университетте немесе оның медициналық ұйымдарында медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған біліктілік санатын куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының аумағында санат берілмей-ақ қолданылатын маман сертификатына теңестіріледі.
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi. 2. Осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап алты ай ішінде құрылтайшы Университетті және Зияткерлік мектептерді, оның ішінде жарғылық капиталына мемлекет қатысатын тиісті заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру арқылы құру туралы шешім қабылдайды. 3. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларын қабылдағанға дейін аталған ұйымдар олардың құрылтайшылары бекіткен жарғылар негізінде жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қаңтардың 19-ы.
№ 394-IV ҚРЗ
|