|
|
|
Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларын бекіту туралы
Осы редакция 2016 жылғы 30 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Микроқаржы ұйымдары туралы» 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидалары бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және микрокредиттік ұйымдарға 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 378 қаулысымен бекітілген
Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидалары
Осы Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Микроқаржы ұйымдары туралы» 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және микроқаржы және микрокредиттік ұйымдардың (бұдан әрі - микроқаржы ұйымдары) берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу тәртібін белгілейді.
1. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғым пайдаланылады: сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі - микрокредит бойынша дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелетін, Қағидаларға сәйкес есептеп шығарылатын сыйақы мөлшерлемесі. 2. Микроқаржы ұйымдары микрокредит беру туралы шартта сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін көрсетеді. Микрокредит беру туралы шартта сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі компьютерлік техника қондырғысының көмегімен бір қосымшада цифрмен және жазумен көрсетіле отырып, сондай-ақ сыйақының басқа мөлшерлемелерімен қаріптері бірдей көлемдегі және ресімдеу стиліндегі (курсив, қарайтылған, түспен бояп көрсету, мөлшері) нысанда басып көрсетіледі. 3. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің есебі: 1) микрокредит беру туралы шарт жасалған күнге; 2) қарыз алушының ауызша немесе жазбаша талабы бойынша; 3) микрокредит беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда қарыз алушының ақшалай міндеттемелері сомасының (мөлшерінің) және (немесе) оны төлеу мерзімінің өзгеруіне әкеп соғатын, шартқа қосымша келісім жасау жолымен жүргізіледі. 4. Микрокредит беру туралы шарт талаптары қарыз алушының ақшалай міндеттемелері сомасының (мөлшерінің) және (немесе) оны төлеу мерзімінің өзгеруіне әкеп соғатындай өзгерген кезде сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің нақтыланған мәні микрокредит беру туралы шарт қолданыла бастаған мерзімнен бастап қарыз алушы микрокредит бойынша төлеген төлемдерді есептемегенде, талаптарды өзгерту басталған күнгі микрокредитті өтеудің қалған мерзіміне қарай есептеледі. Микрокредит беру туралы шарт талаптарының өзгеруіне байланысты төленуі тиіс комиссиялар болған кезде бұл комиссиялар сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің есебіне кіреді.
2. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу
5. Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі мынадай формула бойынша есептеледі:
(СЖС + ТЖС)/(БҚ/М) CЖТМ = ------------------------- x 12 x 100, М
мұндағы: СЖТМ - микрокредит бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі; СЖС - микрокредитті пайдаланудың бүкіл мерзіміндегі сыйақының жалпы сомасы; ТЖС - микроқаржы ұйымының микрокредитті пайдаланудың бүкіл мерзімінде микрокредиттің берілгені, қызмет көрсетілгені және өтелгені (қайтарылғаны) үшін комиссиялары мен өзге төлемдерінің жалпы сомасы; БҚ - микрокредитті пайдаланудың бүкіл мерзімінде микрокредит бойынша берешектің ай сайынғы қалдықтарының жалпы сомасы; М - микрокредитті өтеудің аймен көрсетілген мерзімі. 6. Егер сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу кезінде алынған санның мәні бір ондық белгіден көп болса, ол былайша ондық бөлшекке дейін дөңгелектенуі тиіс: 1) егер жүздік бөлшек 5-тен көп немесе тең болса, ондық бөлшек 1-ге ұлғайтылады, одан кейінгі барлық белгілер алып тасталады; 2) егер жүздік бөлшек 5-тен аз болса, ондық бөлшек өзгеріссіз қалады, одан кейінгі барлық белгілер алып тасталады. 7. Микрокредит бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу кезінде мыналар есепке алынады: 1) микрокредитті өтеудің бүкіл мерзімінде микрокредит бойынша сыйақы; 2) комиссиялар және өзге төлемдер - қарыз алушының мөлшерлері мен төлеу мерзімдері микрокредит беру туралы шарт жасау сәтінде белгілі болған, микрокредитті алумен, пайдаланумен және өтеумен (қайтарумен) байланысты, микроқаржы ұйымына микрокредит беру туралы шартқа сәйкес төленуі тиіс шығыстары, сондай-ақ: егер сақтандыру шарты бойынша сақтандыру оқиғасы басталған жағдайда микроқаржы ұйымы пайда алушы болса, қарыз алушының сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері; егер кепілді бағалау қажеттігі микрокредитті беру қағидаларында көзделсе, қарыз алушының кепілдікті (кепілгерлікті) алғаны үшін кепіл берушіге (кепілгерге), кепілге берілетін мүлікті бағалағаны үшін бағалаушыға төлеген төлемдері; микрокредитті алу және қызмет көрсету жөніндегі қызметтерді көрсетуші басқа ұйымдарға (делдалдарға) төлемдер. 8. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу кезінде мыналар есептелмейді: 1) тұрақсыздық (айыппұл, өсімпұл), оның ішінде қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт талаптарын сақтамағаны үшін; 2) микрокредит беру туралы шартта көзделген микрокредитке қызмет көрсету жөніндегі, көлемі және (немесе) төлеу мерзімдері шарт жасалған күні белгісіз болған және қарыз алушының шешіміне және (немесе) оны жүргізу нұсқасына (микрокредитті мерзімімен бұрын толық немесе ішінара өтеу) байланысты төлемдер. 9. Микрокредит беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар, оның ішінде қарыз алушының өтініші бойынша енгізілген жағдайда, Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы қолданыстағы және сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мәні көрсетілмеген шарт бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мәні микрокредит беру туралы шартқа қосымша келісімде Қағидалардың 4-тармағында көзделген жағдайларда, микрокредит беру туралы шарт талаптары өзгертіле бастаған күнге, қалған жағдайларда - микрокредит беру туралы шарт жасалған күнге көрсетіледі. 10. Қарыз алушының микроқаржы ұйымына төлеген төлемдері және микроқаржы ұйымының қарыз алушыға төлемдері сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу мақсатында олар нақты төленген күнге, болашақтағылары - төлемдер графигі бойынша есепке алынады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |