28.11.2024
Сот істерін қарауға дейін ресімдеу және адамдардың сотқа келуін қамтамасыз ету
Сотта іс қарауға істі әзірлеудің әрбір іс бойынша міндетті міндеттері мыналар:
1) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау;
2) тараптардың құқықтық қатынастарын және басшылыққа алынуға тиісті заңды анықтау;
3) іске қатысатын адамдардың құрамы мен процестің басқа да қатысушылары туралы мәселені шешу;
4) әрбір тарап өз пайымдауларын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелерді анықтау.
Судья жауапкерге талап арыздың көшірмесін және талап қоюшының талаптарын негіздейтін оған қоса тіркелетін құжаттарды жібереді не тапсырады және өзі белгілеген мерзімде талап арызға пікір (қарсылық) білдіруді және өз пікірін (қарсылығын) негіздеуге дәлелдемелер беруді міндеттейді.
Жауапкердің пікірі мен дәлелдемелерді бермеуі істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі келтірмейді.
Судья істі дайын болды деп тани отырып, оны сот отырысында қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға және процестің басқа да қатысушыларына істі қараудың орны мен уақыты туралы хабарлайды.
Сотқа қатысушы адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады.
Іске қатысатын адамдар, куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар да тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат арқылы не хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып хабарландырылуы немесе шақырылуы мүмкін.
Хабарлаулар мен шақырулар хабарландырылған немесе шақырылған адамның сотқа уақтылы келуі және іске даярлануы үшін жеткілікті мерзімі болуы есептеле отырып жолдануға тиіс.
Хабарлау немесе шақыру хабарландырылатын немесе шақырылатын адамға тарап немесе іске қатысатын басқа да адам көрсеткен мекенжай, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша жіберіледі. Егер сотқа хабарланған мекенжай бойынша азамат іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орнына жіберілуі мүмкін. Ұйымға арналған хабарлау немесе шақыру оның орналасқан жеріне жіберіледі.
Егер тарап хабарлаудың оған түспегенін не кеш түскенін дәлелдемесе, тарапты тиісінше хабардар ету - тараптың көрсетілген мекенжай бойынша тұратын отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірі алған, тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберілген хабарлама, телефонограмма немесе жеделхат, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша не хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып, мәтіндік хабарламаның жеткізілгенін растайтын есеп.
Сот отырысының хатшысы осы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, келмеген адамдарға хабар берілген-берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екенін сотқа баяндайды.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Д.Б. Джумагалиева