«Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 929 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 26 қазандағы № 847 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 13 шілдедегі № 560 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 929 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 26 қазандағы
№ 847 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2013 жылғы «5» қыркүйектегі
№ 929 қаулысымен
бекітілген
Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және туу туралы куәліктерді ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін белгілейді.
2. Туу туралы куәлік – жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын, оның туу фактісінің мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжат.