| ||||||||||||||||||||
|
|
|
Пенитенциарлық жүйедегі халықаралық стандарттарды Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына енгізу
Абенов А.Т. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Каражанов М.Д. құқық бойынша философия докторы (PhD), Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, Alikhan Bokeikhan University қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының доценті
Қылмыстық атқару кодексі (бұдан әрі - ҚАК) 2014 жылғы 5 шілдеде қабылданып, 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Қабылданғалы бері ҚАК-на 220-дан астам толықтырулар жасалып, 177 бабтан 92 бапқа өзгертулер мен толықтырулар енгізілді (жалпы бөлікте - 21 бап, ерекше бөлікте - 71 бап). Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары құндылығының басымдылығын жариялап, мұны Конституцияда бекітті [1]. Алайда кешегі кеңестік дәуірдің мұрасы, әсіресе репрессиялық ГУЛАГ жүйесі жазаларды орындау саласында терең із қалдырды. 1996 жылы Қазақстан 100 мың адамға шаққандағы қамалғандар саны бойынша әлемде АҚШ пен Ресейді ғана артта қалдырып, үшінші орынға шықты. Жағдай 2012 жылы елімізде құқықтық, экономикалық және құрылымдық реформалар жүргізілген кезде өзгере бастады. Солардың арқасында Қазақстан түрме тұрғындарының рейтингінде позициясын айтарлықтай жақсартып, 85-орынға ие болды. Төменде ТМД елдеріндегі сотталғандар санының салыстырмалы кестесі берілген.
Кестеден көріп отырғанымыздай, соңғы 25 жылда ТМД-ның бірқатар елдерінде 100 мың адамға шаққандағы тұтқындар саны азайған. Бұл процестің ықтимал факторларының қатарына пробацияның дамуы, қылмыстық саясаттың өзгеруі және қылмыстық-атқару жүйесіне халықаралық стандарттарды енгізу жатады. Қазақстанда заңнамаға халықаралық стандарттар, оның ішінде қоғамдық бақылау комиссияларының (ҚБК) институттары, ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) және толық пробация циклі енгізілді. Сотталғандарды бейнебақылау, тексеру қондырғылары және байланыс бөгегіштері арқылы қадағалау тәртібі жетілдірілді. Электрондық өтініштерге арналған терминалдар сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде қолданылуда, бұл сотталғандардың шағымдарын объективті және бейтарап қарау құқықтарын айтарлықтай кеңейтті. 2014 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық-атқару кодексіне сотталғандардың мінез-құлқын бағалау стандарттары енгізілді, бұл заңға бағынатын мінез-құлық үшін ынталандыру болып табылады. Халықаралық стандарттарға сәйкес бір сотталғанға тұрғын үй алаңының нормалары ұлғайтылып, камералық жағдайда жазасын өтеу ерекшеліктері айқындалды. 2019 және 2021 жылдары сотталғандардың өтініштерді электронды түрде беру құқығын қамтамасыз ететін, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өтініштерді бақылауды алып тастайтын, изоляторларда ұстау мерзімін қысқартқан және сотталғандарға медициналық көмек көрсетуді Денсаулық сақтау министрлігіне беретін заңдар қабылданды. БҰҰ-ның ең төменгі стандарттарына (Н. Манделла ережелері) сәйкес сотталғандар қоғамның басқа мүшелеріне қолжетімді медициналық көмекті алуы тиіс. Бұл талаптар ұлттық заңнамаға енгізіліп жүзеге асырылды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 143-бабына сәйкес ұстап алынған, күзетпен қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, ұстап алынған, күзетпен қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес және көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар [5]. Медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 01.07.2022 жылдан бастап ҚАЖ мекемелеріндегі медициналық көмек жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі денсаулық сақтау жүйесіне кезең-кезеңімен көшірілді (Мемлекет басшысының 19.07.2021 жылғы № 622 Жарлығы). 2024 жылы Бас прокуратура мен аумақтық прокурорлар арасындағы үйлестіру нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі медициналық көмекті жақсарту бойынша жұмысты бастады. Медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек сатып алуға әкімдіктер 1,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Мекемелердің 30 медициналық бөлімшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, Батыс Қазақстан облысының № 27 мекемесінде медициналық пункт құрылысы басталды, Ақмола және Қарағанды облыстарында құрылыс салу жұмыстары 2025 жылға жоспарланған. Сондай-ақ сотталғандардың 100 пайызы медициналық тексеруден өтіп, жыл сайынғы тексеруден өтеді. Төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету мақсатында орындарда сотталғандарға тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық пункттердің жұмысы қайта жанданды. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарды енгізу мақсатында 1998 жылы Қазақстан 1984 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға қосылды [6]. 2008 жылы Қазақстан осы Конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Осы хаттаманы қабылдау ҰАТ құрылуына негіз болды. ҰАМ қағидасы превентивтік мониторингке негізделген: түрмедегі тексерулер неғұрлым жиі және ашық болса, ықтимал бұзушылықтарды анықтау және болашақта олардың алдын алу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Уәкіл институты жанынан колонияларға, тергеу изоляторларына және арнайы тергеу изоляторларына тұрақты түрде баруды жүзеге асыратын жаңа бағыттар жұмыс істей бастады. Бұл құқық қорғау органдарына деген сенімнің артуына септігін тигізіп қана қоймай, бұрын ұзақ уақыт қараусыз қалуы мүмкін сотталғандардың арыз-шағымдарына жедел жауап беруге мүмкіндік берді. Халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында қылмыстық іс жүргізу саласында реформалар жүргізіліп, халықаралық актілердің негізгі талаптарын жүзеге асыру шаралары қабылданды. 2002 жылы азаптау қылмысы Қылмыстық кодекстің жеке бабына (Қылмыстық кодекстің 347-1-бабында көзделген 15-тарауда - Сот төрелігіне және жазаларды орындау тәртібіне қарсы қылмыстар, ал 2011 жылдан бастап - Адамның конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар деген 3-тарауында жатқызылды) бөлектенді. 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 146-бабының (азаптау) санкциялары 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру (өлімге әкелген жағдайда) қатайтылып, сол арқылы азаптау ауыр қылмыс санатына жатқызылды. Рақымшылық актісіне немесе ескіру мерзіміне байланысты (ҚК-нің 71, 78-баптары), сондай-ақ шынайы өкінуіне (ҚК-нің 65-бабы) және тараптардың татуласуына (ҚК 68-бабы) байланысты азаптаулар үшін қылмыстық жауаптылықтан босатуға тыйым салу енгізілді. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті «азаптау сияқты келеңсіз құбылысты түп-тамырымен жою» міндетін қойды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық азаптау істерін тек прокурорлар тергейді. Стамбул хаттамасы негізінде қажетті нұсқаулар әзірленді. Азаптауды болдырмау және алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның жасалу себептері мен жағдайларын жою басты назарда болып отыр. Осы мақсатта нормативтік-құқықтық база қабылданды (бірлескен бұйрықтар, нұсқаулар мен ережелер қабылданды), бірқатар нормативтік құқықтық актілерге өзгертулер енгізілді (Қылмыстық процестік кодекс, уәкілетті органдардың бұйрықтары). Енгізілген үздіксіз бейнебақылау жүйесі нақты нәтиже берді. Нормативтік-құқықтық реттеу үшін Бейнебақылаумен жұмыс істеу ережесі бекітіліп, жағдайды онлайн бақылау үшін осы жүйеге прокурорлар бір мезгілде қосылды. Құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында азаптауды жоюдың қосымша тетіктері әзірленіп өз нәтижелерін көрсетуде (сауалнама жүргізу, бірлескен рейдтертер өткізу). Демек, жүргізілген превентивтік іс-шаралар нәтижесінде елде азаптау саны азайды (2024 жылы ҚАЖ қызметкерлеріне қатысты 6 азаптау дерегі ғана тіркелді (2023 жылдың осы кезеңінде 26 іс тіркелген). Сонымен, халықаралық стандарттардың енгізілуі барысында қылмыстық-атқару жүйесінде адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейіп, азаптау фактілері мен сотталғандар саны айтарлықтай азайды.
Пайдаланылған қайнар көздерінің тізімі
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды //Қол жеткізу режимі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K950001000_ (14.07.2025) 2. Краткие данные о мировых тюрьмах. Азия // Режим доступа: https://www.prisonstudies.org/map/asia (14.07.2025) 3. Рейтинг стран мира по количеству заключённых — сравнительный анализ статистических данных о числе заключённых лиц на душу населения в странах мира, который выпускается Институтом исследований политики в области преступности и правосудия (Institute forCrime&Justice Policy Research) // Режим доступа: https://gtmarket.ru/ratings/prison-population-ranking (14.07.2025) 4. Рейтинг стран мира по количеству заключённых на 2024 год// Режим доступа: https://gtmarket.ru/ratings/prison-population-ranking (14.07.2025) 5. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ Кодексі. //Қол жеткізу режимі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K2000000360 (14.07.2025) 6. «Қазақстан Республикасының Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы № 247 Заңы //Қол жеткізу режимі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z980000247_ (14.07.2025)
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |