|
|
|
Республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2002 ж. 29 мамырдағы № 592 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды "Бюджет жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 сәуірдегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы "10" қыркүйектегi № 1169 қаулысымен бекітілген Республикалық және жергілікті бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу ережесi 1-бөлiм. Жалпы ережелер 1-тарау. Негiзгі ережелер 1. Осы Ереже алдағы қаржы жылына арналған республикалық және жергілiктi бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу тәртібін және алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң болжамдарын анықтайды. 2. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын ескере отырып, тиiстi кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi бекiтетiн Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспары, жергiлiктi өкiлдi органдар бекiтетiн аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламалары алдағы қаржы жылына арналған республикалық және жергілiктi бюджеттердiң жобаларын және алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткiштерiн әзiрлеу үшiн негiз болып табылады. 3. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу процесi өзiне үш негiзгi кезеңдi қамтиды: 1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу үшiн негiзгi көрсеткiштер мен басымдықтарды анықтау; 2) жергiлiкті бюджеттердiң болжамды көрсеткiштерiн және бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн әзiрлеу және келiсу; 3) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң жобаларын мақұлдау. 4. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: бюджеттік даму бағдарламасы - Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық және институционалдық дамуына бағытталған бюджеттік бағдарлама; ағымдағы бюджеттік бағдарлама - заңнамалық кесiмдерге сәйкес мемлекеттік басқару функцияларын орындауға бағытталған, тұрақты сипаты бар немесе бiр жолғы iс-шаралардың өткiзiлуiн көздейтiн бюджеттік бағдарлама. 2-бөлiм. Республикалық бюджеттi әзiрлеу 2-тарау. Республикалық бюджеттiң жобасын әзiрлеу үшiн негізгі көрсеткiштер мен басымдықтарды анықтау 5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрi - Қаржы министрлігі) ағымдағы жылдың 1 наурызына дейiнгi мерзiмде Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарына, өзге де мемлекеттік органдарына, Ұлттық Банкiне (бұдан әрi - Ұлттық Банк), ұлттық компанияларға алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджет түсiмдерiнiң көлемiн болжамдау (тоқсандар бойынша бөле отырып шикiзат ресурстарын өндiру, сыртқы, iшкi рынокқа және ТМД елдерiне шикiзат тауарларын сату көлемi бойынша көрсеткiштердi, шикiзат тауарларын сатудың болжамды орташа бағасын және оларға сәйкес мемлекеттік бюджетке түсетiн түсiмдердi қоса алғанда), мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты алдағы он жылдық кезеңге арналған бағалау мен болжау үшiн қажеттi көрсеткiштердiң тiзбесiн жiбередi. 6. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, өзге де мемлекеттік органдар, Ұлттық Банк, ұлттық компаниялар ағымдағы жылдың 1 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде Қаржы министрлігі жiберген көрсеткiштердiң тiзбесi бойынша болжамды деректердi (бұдан әрi - мемлекеттік бюджеттi болжамдауға арналған деректер) Қаржы министрлігіне ұсынады. 7. Орталық атқарушы органдар, өзге де мемлекеттік органдар ағымдағы жылдың 1 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде Қаржы министрлігіне: 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi индикативтiк жоспарының (бұдан әрi - Индикативтiк жоспар), республикалық Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасының (бұдан әрi - республикалық МИБ), мемлекеттік және салалық бағдарламалардың негiзiнде әзiрленген алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың басым бағыттарының тiзбесi бойынша; 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша алдағы қаржы жылында секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тiзбесi бойынша ұсыныстарды табыс етедi. Қаржы министрлігі енгiзiлген ұсыныстарды олардың Индикативтiк жоспарда, республикалық МИБ-та тұжырымдалған республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму өлшемдерi мен бағыттарына, мемлекеттік және салалық бағдарламаларға сәйкестiгi тұрғысында қарайды және олар бойынша қорытындыларды дайындайды. 8. Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың 15 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде Индикативтiк жоспардың макроэкономикалық көрсеткiштерi, қарыз капиталы рыноктарындағы өзгерiстердiң болжамдарын ескере отырып, жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борыш көлемi мен құрылымының серпiнiн есептеу және мемлекеттік бюджеттi болжамдауға арналған деректер негiзiнде: осы Ереженiң 9-тармағына сәйкес жасалған алдағы үш жылдық кезеңге арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетiнің болжамды көрсеткiштерiн; алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың басым бағыттарының тiзбесiн; алдағы қаржы жылында секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тiзбесiн әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Президентi құратын Бюджет комиссиясының (бұдан әрi - республикалық Бюджет комиссиясы) қарауына ұсынады. Республикалық Бюджет комиссиясы ағымдағы жылдың 20 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде осы тармақта көрсетiлген көрсеткiштердi және тiзбелердi анықтайды. 9. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткiштерi мынадай құрылым бойынша жасалады: 1) түсiмдер: кiрiстер (салықтық және салыққа жатпайтын түсiмдер, капиталмен жасалатын операциялардан алынатын кiрiстер); алынған ресми трансферттер (гранттар); бұрын мемлекеттік бюджеттен берiлген несиелер бойынша негiзгi борышты өтеу; 2) шығыстар және несиелендiру; 3) мемлекеттік бюджеттiң тапшылығы (профицитi); 4) мемлекеттік бюджеттiң тапшылығын қаржыландыру (профицитiн пайдалану). 10. Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың 15 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде тиiстi орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша жасалған шикiзат секторы ұйымдарының тiзбесiн республикалық Бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi. Республикалық Бюджет комиссиясы 20 сәуiрге дейiнгi мерзiмде олардан түсетiн түсiмдердiң болжамды көлемдерiн анықтау және оны кейiннен Қаржы министрлігінiң Қазақстан Республикасы Yкіметінiң қарауына енгізуi үшiн шикiзат секторы ұйымдарының тiзбесiн қарайды. 11. Осы Ереженiң 8-тармағында көрсетiлген деректердi, Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленген республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң арасындағы кiрiстердi бөлу нормативтерiн, қарыз алудың қаржы шекаралары мен болжанып отырған үкiметтiк заемдардың тiзбесiн ескере отырып, жасалған республикалық бюджеттiң тапшылығын қаржыландырудың болжамды есептеулерiн ескере отырып, Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың 25 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттiң мынадай болжамды көрсеткiштерiн: ішкі сыныптар бөлiнiсiнде республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердi, оның ішінде облыстық бюджеттерден және Астана мен Алматы қалаларының бюджеттерiнен республикалық бюджетке бюджеттік алуларды; республикалық бюджеттiң тапшылығын (профицитiн); тиiстi қаржы жылының аяғындағы үкiметтiк борыш лимитiн; Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiн беру лимитін; республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берiлетiн субвенцияларды; республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi бөлiнiсiнде ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша республикалық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң бөлiнетiн лимитiн; ағымдағы жылы iске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша республикалық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң жиынтық лимитiн республикалық Бюджет комиссиясының қарауына ұсынады. Республикалық Бюджет комиссиясы көрсетiлген көрсеткiштердi ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешiктiрмей анықтайды. 12. Республикалық Бюджет комиссиясы анықтаған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша республикалық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң бөлiнетiн лимиттерiн үш жұмыс күнi iшiнде Қаржы министрлігі республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне жеткiзедi. 13. Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі (бұдан әрi - Экономика және сауда министрлігі) ағымдағы жылдың 5 мамырына дейiн: инвестициялық жобалар бойынша республикалық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң жиынтық лимитi шегiнде ағымдағы жылы iске асырылатын жобаларды ескере отырып, республикалық МИБ-тiң құрамына енгiзiлгендердiң қатарынан инвестициялық жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландырудың тiзбесi мен көлемдерi жөніндегі ұсыныстарды; алдағы қаржы жылы өздерiн қаржыландыруды жалғастыру жоспарланып отырған инвестициялық жобаларды iске асыру мониторингiнiң нәтижелерiн республикалық Бюджет комиссиясына ұсынады. Республикалық Бюджет комиссиясы Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың 10 мамырына дейiн республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне жеткiзетiн алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тiзбесi мен көлемдерiн анықтайды. 3-тарау. Жергілiктi бюджеттердiң болжамды көрсеткiштерiн және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн әзiрлеу және келiсу 14. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдары ағымдағы жылдың 1 мамырына дейiнгi мерзiмде алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыстар, Астана және Алматы қалалары бюджетiнiң (бұдан әрi - облыс бюджетi) мынадай болжамды көрсеткiштерiн: Бiрыңғай бюджеттік жiктеме кiрiстерiнiң жiктемесi бойынша облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне түсетiн түсiмдердi; тиiстi қаржы жылының аяғында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдары борышының лимиттерiн; облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілiктi атқарушы органдарының борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстардың көлемiн Қаржы министрлігінiң келiсуiне ұсынады. Жергiлiктi бюджеттердiң болжамды көрсеткiштерiн негiздеу үшiн облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi қажеттi есептеулер ұсынады. 15. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшілерi Индикативтiк жоспардың, республикалық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың басым бағыттарының негiзiнде республикалық Бюджет комиссиясы анықтаған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығыстар мен несиелендiрудiң бөлiнетiн лимиттерi, инвестициялық жобалардың тiзбесi мен көлемдерi шегiнде Қаржы министрлігі белгiлеген нысан бойынша алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтiнiмдерді жасайды және ағымдағы жылдың 20 мамырына дейiнгi мерзiмде Қаржы министрлігіне ұсынады. 16. Республикалық бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi тек қана бiр бюджеттік өтiнiм жасайды. Бюджеттік өтiнiм: бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) тiзбесiн және олар бойынша сомаларды; әрбiр бюджеттік бағдарламаға түсiндiрме жазбаны; бюджеттік өтiнiмге енгiзiлген әрбiр бюджеттік бағдарлама (кiшi бағдарлама) паспортының жобасын; бюджеттік өтiнiмге енгiзiлген әрбiр бюджеттік бағдарлама (кiшi бағдарлама) бойынша шығыстардың есептеулерiн қамтуы тиiс. 17. Қаржы министрлігі: облыстардың, Астана және Алматы қалалары бюджеттерiнiң болжамды көрсеткiштерiн; бюджеттік өтiнiмдердi олардың республикалық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың басым бағыттарына, жеткiзiлген ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығыстар мен несиелендiрудiң бөлiнетiн лимиттерiне, инвестициялық жобалардың тiзбесi мен көлемдерiне, бюджеттік өтiнiмдердi жасауға белгiленген талаптарға сәйкестiгi, есептеулердiң дұрыстығы мен негiзділiгi тұрғысында қарайды. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік өтiнiмдерi Қаржы министрлігiнiң қорытындыларын қоса бере отырып, республикалық Бюджет комиссиясының қарауына жiберiледi. 18. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкiмшiлiгi мақсаттарын Қазақстан Республикасының Президентi анықтайтын, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алынатын мақсатты трансферттердi енгізу жөніндегі ұсыныстарды республикалық Бюджет комиссиясына енгiзедi. 19. Республикалық Бюджет комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкiмшiлiгi енгiзген ұсыныстарды және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн қарайды және ағымдағы жылдың 15 шiлдесiне дейiнгi мерзiмде олар бойынша шешiм қабылдайды. 20. Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың 20 шiлдесiне дейiнгi мерзiмде осы Ереженiң 19-тармағында көрсетiлген республикалық Бюджет комиссиясының шешiмдерiн ескере отырып, алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттiң мынадай болжамды көрсеткiштерiн: ерекшелiктер бөлiнiсiнде республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң көлемiн, оның iшiнде облыстық бюджеттерден және Астана мен Алматы қалаларының бюджеттерiнен республикалық бюджетке бюджеттік алуларды; ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға және бюджеттік даму бағдарламаларына бөле отырып, бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) деңгейiнде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi бойынша республикалық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң көлемiн, оның iшiнде республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берiлетiн субвенцияларды; республикалық бюджет тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерiн; тиiстi қаржы жылының аяғындағы үкiметтiк борыш лимитiн; Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiн беру лимитiн; облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарының тиiстi қаржы жылының аяғындағы борыш лимитiн республикалық Бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi. 4-тарау. Республикалық бюджеттiң жобасын мақұлдау 21. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттiң болжамды көрсеткiштерiн ағымдағы жылдың 25 шiлдесiне дейiн республикалық Бюджет комиссиясы анықтайды. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары бюджеттерiнiң болжамды көрсеткiштерi бойынша келiспеушiлiктердi ағымдағы жылдың 25 шiлдесiне дейiн республикалық Бюджет комиссиясы қарайды және оларды реттеу жөнiнде шешiм қабылдайды. 22. Қаржы министрлігі республикалық Бюджет комиссиясы анықтаған алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттiң болжамды көрсеткiштерi негiзiнде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкi нұсқасын жасайды және оны ағымдағы жылдың 27 шiлдесiне дейiнгi мерзiмде республикалық Бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкi нұсқасын республикалық Бюджет комиссиясы ағымдағы жылдың 1 тамызына анықтауы тиiс. 23. Қаржы министрлігі алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкi нұсқасы негiзiнде тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын жасайды және оны ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Yкіметінiң қарауына енгiзедi. Заң жобасымен бiр уақытта Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджетiнiң болжамды көрсеткiштерiн Қазақстан Республикасының Yкіметіне бекітуге енгiзедi. 24. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдағаннан кейiн Қаржы министрлiгі осы Ереженiң 14-тармағында көрсетiлген келісілген болжамды көрсеткiштердi облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiне жеткiзедi. 3-бөлiм. Жергiлiкті бюджеттердi әзiрлеу 1-бөлiмше. Облыстық бюджеттi және Астана мен Алматы қалаларының бюджеттерiн әзiрлеу 5-тарау. Жергiлiктi бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу үшiн негiзгі көрсеткiштер мен басымдықтарды анықтау 25. Облыс, Астана, Алматы қаласы әкімінiң шешiмiмен жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң қаржысын басқаруға әкiм уәкiлеттiк берген атқарушы орган анықталады. 26. Облыстық бюджеттен, Астана, Алматы қаласының бюджетiнен қаржыландырылатын, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң қаржысын басқаруға әкiм уәкiлеттiк берген атқарушы орган (бұдан әрi - облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы) Индикативтiк жоспардың және облыстың, Астана, Алматы қаласының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi кезеңге арналған Индикативтiк жоспарының (бұдан әрi - облыстың Индикативтiк жоспары), аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларының, республикалық МИБ-тiң және жергiлiктi Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасының (жергiлiктi МИБ-тiң) негiзiнде облыс бюджетiнiң алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткiштерiн әзiрлейдi және ағымдағы жылдың 1 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде оларды облыстың, Астана, Алматы қаласының әкiмияты құратын Бюджет комиссиясының (бұдан әрi - облыстың Бюджет комиссиясы) қарауына ұсынады. 27. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыс бюджетiнің болжамды көрсеткiштерi мынадай құрылым бойынша жасалады: 1) түсiмдер: кiрiстер (салықтық және салыққа жатпайтын түсiмдер, капиталмен жасалатын операциялардан алынатын кiрiстер); алынған ресми трансферттер (гранттар); бұрын облыстың бюджетiнен берiлген несиелер бойынша негiзгi борышты өтеу; 2) шығыстар мен несиелендiру; 3) облыс бюджетiнiң тапшылығы (профицитi); 4) облыс бюджетiнiң тапшылығын қаржыландыру (профицитiн пайдалану). 28. Облыс бюджетiнiң болжамды көрсеткiштерiнiң негiзiнде облыстың Бюджет комиссиясы ағымдағы жылдың 15 сәуiріне дейiнгi мерзiмде Қаржы министрлiгінің келiсуiне ұсыну үшiн алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыс бюджетiнiң мынадай болжамды көрсеткiштерiн: Бiрыңғай бюджеттік жiктеменiң кiрiстер жiктемесi бойынша облыс бюджетiне түсетiн түсiмдердiң көлемiн; тиiстi қаржы жылының аяғындағы облыстың жергiлiктi атқарушы органы борышының лимитiн; облыстың жергiлiктi атқарушы органының борышын өтеуге және қызмет көрсетуге арналған шығыстардың көлемiн анықтайды. 29. Облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiнен қаржыландырылатын жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi (бұдан әрi - облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi) ағымдағы жылдың 1 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органына: 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша облыстың Индикативтiк жоспарының, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларының, жергiлiкті МИБ-тiң негiзiнде әзiрленген алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыстық бюджеттiң, Астана және Алматы қалалары бюджетiнің (бұдан әрi - облыстық бюджет) қаражатын жұмсаудың басым бағыттарының тiзбесi бойынша; 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша алдағы қаржы жылы секвестрлеуге жатпайтын жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тiзбесi бойынша өздерiнiң ұсыныстарын табыс етедi. Облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы енгiзiлген ұсыныстарды олардың облыстың Индикативтiк жоспарында, жергiлiктi МИБ-та, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларында тұжырымдалған аумақтың әлеуметтiк-экономикалық даму өлшемдерi мен бағыттарына сәйкестiгi тұрғысында қарайды және олар бойынша қорытындылар дайындайды. 30. 29-тармақта көрсетiлген тiзбелердi қорытындымен бiрге ағымдағы жылдың 10 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы облыстың Бюджет комиссиясының қарауына енгізедi. Облыстың Бюджет комиссиясы ағымдағы жылдың 15 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде көрсетiлген тiзбелер бойынша ұсыныстарды әзiрлейдi. 31. Облыстың Бюджет комиссиясы анықтаған облыс бюджетiнiң болжамды көрсеткiштерiн және алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыстық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың басым бағыттарының тiзбелерiн және алдағы қаржы жылы секвестрлеуге жатпайтын жергiлiктi бюджеттік бағдарламаларды ескере отырып, облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы ағымдағы жылдың 25 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыстық бюджеттiң мынадай болжамды көрсеткiштерiн: облыстық бюджетке түсетiн түсiмдердi, оның iшiнде аудандық (қалалық) бюджеттерден облыстық бюджеттерге алуларды; облыстық бюджеттiң тапшылығын (профицитiн); облыстық бюджеттерден аудандық (қалалық) бюджеттерге берiлетiн субвенцияларды; облыстық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бөлiнiсiнде ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша облыстық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң бөлiнетiн лимитiн; ағымдағы жылы iске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша облыстық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң жиынтық лимитiн облыстың Бюджет комиссиясының қарауына ұсынады. Облыстың Бюджет комиссиясы осы көрсеткiштердi ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешiктiрмей анықтайды. 32. Облыстың Бюджет комиссиясы анықтаған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша облыстық бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң бөлiнетiн лимитiн облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне үш жұмыс күнi ішінде хабарлайды. 33. Облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы ағымдағы жылдың 5 мамырына дейiн: ағымдағы жылы iске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша жергiлiктi бюджеттiң шығыстары мен несиелендiруiнiң жиынтық лимитi шегiнде жергiлiктi МИБ-тiң құрамына енгізiлгендердiң қатарынан инвестициялық жобалардың тiзбесi мен жергiлiктi бюджеттiң қаражатынан қаржыландыру көлемдерi жөніндегі ұсыныстарды; алдағы қаржы жылы оларды қаржыландыруды жалғастыру жоспарланып отырған инвестициялық жобаларды iске асыру мониторингiнiң нәтижелерiн республикалық Бюджет комиссиясына ұсынады. Облыстың Бюджет комиссиясы ағымдағы жылы iске асырылатын жобаларды ескере отырып, алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тiзбесi мен жергiлiктi бюджеттен қаржыландыру көлемдерiн анықтайды, оны облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы ағымдағы жылдың 10 мамырына дейiнгi мерзiмде облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне жеткізедi. 34. Қаржы министрлігімен келісілген облыстардың, Астана және Алматы қалалары бюджеттерiнiң болжамды көрсеткiштерiн Қазақстан Республикасының Yкіметі тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын мақұлдағаннан кейiн облыстардың жергiлiктi уәкiлеттi органдары аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарына жеткiзедi. 6-тарау. Аудандар (қалалар) бюджеттерiнiң болжамды көрсеткiштерiн және облыстық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн әзiрлеу және келiсу 35. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары ағымдағы жылдың 1 мамырына дейiнгi мерзiмде Бiрыңғай бюджеттік жiктеме кiрiстерiнiң жiктемесi бойынша алдағы үш жылдық кезеңге арналған аудандардың (қалалардың) бюджеттерiне түсетiн түсiмдердiң болжамын облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органының келiсуiне ұсынады. Аудандардың (қалалардың) бюджеттерiне түсетiн түсiмдердiң болжамын негiздеу үшiн аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары қажеттi есептеулер ұсынады. 36. Облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi облыстың Индикативтiк жоспарының, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларының, облыстық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың басым бағыттарының негiзiнде, облыстың Бюджет комиссиясы анықтаған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығыстар мен несиелендiрудiң бөлiнетiн лимиттерi, инвестициялық жобалардың тiзбесi мен көлемдерi шегiнде Қаржы министрлігі белгiлеген нысан бойынша алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтiнiмдердi жасайды және ағымдағы жылдың 1 маусымына дейiнгi мерзiмде облыстың атқарушы органына ұсынады. 37. Облыстық бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi бiр ғана бюджеттік өтiнiм жасайды. Бюджеттік өтiнiм осы Ереженiң 16-тармағында көрсетiлген деректердi қамтуы тиiс. 38. Облыстың жергiлiктi уәкiлеттi органы: аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары ұсынған аудандардың (қалалардың) бюджеттерiне түсетiн түсiмдердiң болжамын; бюджеттік өтiнiмдердi олардың облыстың Индикативтiк жоспарына, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларына, облыстық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың басым бағыттарына, ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша жеткiзiлген шығыстар мен несиелендiрудiң бөлiнетiн лимиттерiне, инвестициялық жобалардың тiзбесi мен көлемдерiне, бюджеттік өтiнiмдердi жасауға қойылатын белгiленген талаптарға сәйкестiгi, есептеулердiң дұрыстығы мен негiздiлiгi тұрғысында қарайды және оларды қорытындымен бiрге облыстың Бюджет комиссиясының қарауына жiбередi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |