|
|
|
Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы Қазақстан Республикасының 1997 ж. 19 мамырдағы N 111-I Заңы Осы редакция 2004 ж. 13 қаңтардағы N 523-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы Заң Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi, мемлекеттiк органдардың, меншiк нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың денсаулық сақтау жөнiнде азаматтардың Конституциялық құқығын iске асыруға қатысуын реттейдi. I тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: анатомиялық сый - органдар мен тканьдар беру; ақысыз медициналық көмектiң кепiлдi көлемi - Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына көрсетiлетiн және тiкелей республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын медициналық көмектiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағындағы бiрыңғай көлемi; ерiктi медициналық сақтандыру - азаматтарға медициналық көмектiң кепiлдi тегiн көлемiнен тыс қосымша қызмет көрсету бойынша оларды сақтандыру түрi; амбулаториялық-емханалық тарификатор - мамандандырылған амбулаториялық-емханалық көмек қызметiн көрсетуге арналған тарифтер тiзбесi; клиникалық-шығын топтары - емделуге арналған шығындар бойынша ұқсас аурулардың клиникалық бiртектес топтары; жан басына шаққандағы норматив - медициналық қызмет көрсетулердiң нақты көлемiн қамтамасыз ету үшiн бiр адамға есептелген жыл сайын қайта қаралатын шығындардың белгiленген нормасы; халықтық медицина (емшiлiк) - халық жинақтаған емшiлiк құралдар туралы тәжiрибелiк мәлiметтердiң, сондай-ақ емшiлiк және гигиеналық тәсiлдер мен дағдылардың жиынтығы және оларды денсаулық сақтау, аурулардың алдын алу мен емдеу үшiн iс жүзiнде қолдану; медициналық оңалту - денсаулықты iшiнара немесе толық қалпына келтiру; ЖИТС - жасанды иммунды тапшылық синдромы - адамның иммунды тапшылық вирусын жұқтыруына байланысты аса қауiптi жұқпалы ауру; трансплатация - тканьдар мен органдарды басқа орынға немесе басқа организмге ауыстырып салу, көндiктiру; жеке медициналық практикамен ________________________________ айналысатын заңды және жеке тұлғалар - халыққа профилактикалық, диагностикалық және емдiк көмек көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет түрi; эвтаназия - науқастың қандай да бiр әрекеттер немесе құралдар, соның iшiнде тiршiлiгiн сақтау жөнiндегi жасанды шараларды тоқтату арқылы өз өлiмiн тездету туралы өтiнiшiн қанағаттандыру. ЕСКЕРТУ. 1-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен. 2-бап. Осы заңмен реттелетiн мәселе Осы Заңмен реттелетiн мәселе Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық сақтау құқығын iске асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады. 3-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 4-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың принциптерi Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк саясаты: денсаулық сақтау саласында мемлекеттiк кепiлдiктердi қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын сақтау; мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары кепiлдi көлем шеңберiнде көрсететiн медициналық-санитариялық, медициналық-әлеуметтiк және дәрi-дәрмектiк көмектiң қолайлылығы, сабақтастығы мен тегiндiгi және оларды iске асырудағы жауапкершiлiк; денсаулығынан айрылған жағдайда азаматтардың әлеуметтiк қорғалуы; медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде медициналық көмек алудағы әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен теңдiк; денсаулық сақтауды халықтың қажеттерiне сәйкес дамыту және меншiк нысандарына қарамастан медицина ұйымдары үшiн тең жағдайлар жасау; медициналық-санитариялық және медициналық-әлеуметтiк шаралардың ғылыми негiздiлiгi мен профилактикалық нысаналылығы; ерiктi медициналық сақтандыру мен сан салалы медицинаны дамыту; орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс берушiлердiң, лауазымды адамдардың азаматтардың денсаулығын нығайту мен сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау жөнiндегi жауапкершiлiгi; медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға құқығы бар адамдардың азаматтардың денсаулығына келтiрiлген нұқсан үшiн жауапкершiлiгi; азаматтардың өзiнiң және айналасындағы адамдардың денсаулығын сақтау мен нығайту жөнiндегi жауапкершiлiгi принциптерi негiзiнде жүргiзiледi. ЕСКЕРТУ. 4-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен. 5-бап. Мемлекеттiк органдардың азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өкiлеттiктерi 1. Қазақстан Республикасының Үкiметi азаматтардың денсаулығын сақтау саласында: азаматтардың денсаулығын сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын және оны жүзеге асыру жөнiндегi шараларды, сондай-ақ денсаулық сақтауды дамыту стратегиясын әзiрлейдi; мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеп, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсынады және олардың орындалуы үшiн жауап бередi; денсаулық сақтау iсiн, фармацевтика және медицина өнеркәсiбiн дамытудың нысаналы кешендi бағдарламаларын бекiтедi және қаржыландырады; атқарушы органдардың, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық атқарушы органдардың азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi жөнiндегi қызметiне басшылық етедi; Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi орталық атқарушы органының ұсыныстары негiзiнде медициналық көмектiң кепiлдi тегiн көлемiн бекiтедi және баспасөзде жарияланады. 2. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттiк берiлген орталық атқарушы органы: халық денсаулығын сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын жүргiзедi; денсаулық сақтау бойынша мемлекеттiк, нысаналы және кешендi бағдарламаларды iске асыруды салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ ол жөнiнде қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады; денсаулық сақтау iсiн, фармацевтика және медицина өнеркәсiбiн дамыту жөнiндегi шараларды белгiлейдi; республикалық медициналық, оқу, ғылыми-зерттеу және санитариялық-эпидемиологиялық ұйымдардың қызметiне басшылық етедi; денсаулық сақтау ұйымдары мен халықты материалдық-техникалық, дәрi-дәрмек жағынан қамтамасыз етуге жәрдем бередi; жергiлiктi атқарушы органдар арқылы меншiк нысандарына қарамастан аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi және бақылауды жүзеге асырылады; халықтың денсаулық жағдайын талдайды; Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға тиiстi қызмет түрлерiне өз құзыретi шегiнде лицензия бередi; ведомстволық медициналық-санитариялық қызметтердiң жұмысын үйлестiрiп отырады. ЕСКЕРТУ. 5-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен. 6-бап. Медициналық қызметке ақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi орган Медициналық қызметке ақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi орган медициналық қызметке лицензиясы бар, меншiк нысандарына қарамастан, жеке және заңды тұлғаларға, медициналық көмектiң кепiлдi тегiн көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарын өтеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк мекеме болып табылады. Бұл шығынды өтеу мiндеттi болып табылады. ЕСКЕРТУ. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен. 7-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының азаматтар денсаулығын сақтау саласындағы өкiлеттiгi 1. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады: денсаулықты күшейту мен нығайтуға, халықтың саулығын қалпына келтiруге, аурулардың алдын алуға және санитариялық-эпидемиологиялық салауаттыққа жәрдемдесетiн халықтың тiршiлiгiне қажеттi жағдайлар кешенiн қамтамасыз ету; азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру; денсаулық сақтауға және аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған шығыстар бөлiгiнде жергiлiктi бюджеттердi жасау, бекiту және олардың атқарылуын қамтамасыз ету; денсаулық сақтау саласының ресурстармен, кадрлармен, қаржымен қамтамасыз етiлуiн, денсаулық сақтау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды жүзеге асыруға халықтың қатысуын ұйымдастыру; салааралық ынтымақтастықты дамыту, емделуi қиын науқастар үшiн арнаулы қорлар құру; мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының, медицина және фармацевтика өнеркәсiбiнiң қажеттi материалдық-техникалық базасын дамыту үшiн жағдайлар жасау; сан салалы медицинаны енгiзу және бұқаралық дене тәрбиесi-сауықтыру қозғалысын дамыту; халықты қауiпсiз, экологиялық жағынан таза, тиiмдi және сапалы дәрi-дәрмек құралдарымен қамтамасыз етуге бақылау жасау. 2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары азаматтардың денсаулығын сақтау саласында заңдарда белгiленген өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады. 8-бап. Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық бiрлестiктер Дәрiгерлер мен дәрi жасаушылардың, орта медициналық қызметкерлердiң, медициналық және фармацевтикалық өнiм өндiрушiлердiң кәсiптiк одақтары, ассоциациялары, Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай және Қызыл Крест қоғамы және басқа да қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң жарғыларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге қатысады. 9-бап. Жұмыс берушiлердiң азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау жөнiндегi жауапкершiлiгi Жұмыс берушiлер меншiк нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес; экологиялық қолайлылық, азаматтардың салауатты еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қамтамасыз ету; қоршаған және өндiрiстiк ортаның жай-күйi жайында мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарын хабардар ету; санитариялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi сақтау, өндiрiстiк үй-жайлар мен аумақтарды күтiп ұстау; өндiрiстiң зиянды факторлары жайында халықты хабардар ету; азаматтардың денсаулығына келтiрiлген нұқсан; Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауапты болады. II тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ 10-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесi 1. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне: азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың денсаулық сақтауды басқару органдары жатады. 2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне сондай-ақ мемлекет меншiгiндегi және мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң басқару органдарына бағынышты амбулаториялық-емхана, аурухана ұйымдары, медициналық-санитариялық бөлiмдер, ана мен баланы қорғау, медициналық жедел жәрдем, сот-медициналық сараптама ұйымдары, диспансерлер, оқу орындары, ғылыми-зерттеу, санитариялық-эпидемиологиялық, санаторий-курорттық, фармацевтикалық ұйымдар, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметтерi және өзге де ұйымдар жатады. 3. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне, азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлдi орталық атқарушы органын қоспағанда, Қазақстан Республикасының басқа да министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық атқарушы органдары мен ұйымдары құратын емдеу-профилактикалық және фармацевтика ұйымдары енедi. 4. Өздерiнiң ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары, жеке медициналық ұйымдар заңды тұлғалар болып табылады және өздерiнiң қызметiн осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырады. ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен. 11-бап. Жеке денсаулық сақтау практикасымен айналысатын заңды және жеке тұлғалар 1. Жеке денсаулық сақтау практикасымен айналысатын заңды және жеке тұлғаларға жеке меншiктегi емдеу-профилактикалық, санаторий-курорт, дәрiхана ұйымдары және медициналық техника ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық және фармацевтикалық практикамен айналысатын жеке адамдар жатады. 2. Жеке медициналық және фармацевтикалық практикамен айналысатын заңды және жеке тұлғалар өздерiнiң қызметiн осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырады. 12-бап. Мемлекеттiк және жеке денсаулық сақтау ұйымдары мен жеке медициналық практикамен айналысатын жеке адамдардың қызметiн лицензиялау 1. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары, жеке медициналық практикамен және халықтық медицинамен (емшiлiкпен) айналысатын жеке ұйымдар мен жеке адамдар өздерiнiң қызметiн таңдаған қызмет түрiне лицензиясы болғанда ғана жүзеге асырады. 2. Лицензия беру тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi. 13-бап. Халықтың экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылығы мен радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Халықтың экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық қолайлығы мен радиациялық қауiпсiздiгi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк уәкiлдi органдардың және жұмыс берушiлердiң кешендi шаралар жүргiзуi арқылы қамтамасыз етiледi. III тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АЗАМАТТАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҮЙЕСI 14-бап. Халыққа медициналық көмек ұйымдастыру 1. Азаматтарға ақысыз медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң қолайлығын және оны алуын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң негiзiн: фельдшерлiк-акушерлiк пункт (дәрiгерге дейiнгi көмек); дәрiгерлiк амбулатория, емхана және учаскелiк аурухана (дәрiгерлiк көмек); аудандық орталық аурухана, диспансерлер (бiлiктi дәрiгерлiк көмек); облыстық аурухана, қалалық аурухана, диспансерлер, жедел медициналық жәрдем ауруханалары мен станциялары, республикалық орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының клиникалары (мамандандырылған дәрiгерлiк көмек) құрайды. 2. Лицензиясы болған жағдайда заңды және жеке тұлғалардың медициналық ұйымдардың басқа да түрлерiн ашуына рұқсат етiледi. 15-бап. Халыққа медициналық көмек көрсету түрлерi 1. Халыққа медициналық жәрдем көрсету: алғашқы медициналық-санитариялық көмектi, мамандандырылған медициналық көмектi, медициналық-әлеуметтiк көмек пен оңалтуды қамтиды. 2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне кiретiн арнайы медициналық ұйымдар (жедел медициналық жәрдем станциялары мен бөлiмдерi) өмiрге қауiп төнген жағдайларда бақытсыз жағдайларда және ауыр сырқаттанған кезде ересектер мен балаларға тегiн жедел медициналық көмек көрсетедi. 3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек медициналық қызмет көрсетудiң әрбiр азамат үшiн негiзгi қолайлы және тегiн түрi болып табылады және ол неғұрлым кең таралған ауруларды, жарақаттарды, улануды және кiдiртуге болмайтын басқа да жай-күйлердi емдеудi, бала тууға жәрдемдесудi, санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шаралар жүргiзудi, аса елеулi аурулардың медициналық профилактикасын, санитариялық-гигиеналық бiлiм берудi, отбасын, ананы, әке мен баланы қорғау жөнiнде шаралар жүргiзудi, тұрғылықты жерi бойынша медициналық көмек көрсетуге байланысты басқа да шаралар жүргiзудi қамтиды. 4. Мамандандырылған медициналық көмектi азаматтарға диагностиканың, емдеудiң арнаулы әдiстерiн және күрделi медициналық технологияларды пайдалануды қажет ететiн аурулар кезiнде амбулаториялық-емханалық және стационарлық ұйымдар көрсетедi. 5. Медициналық-әлеуметтiк көмек медициналық-әлеуметтiк үлгiдегi ұйымдар желiсiн құру және дамыту, тұрғын үй-тұрмыстық жеңiлдiктер беру, жұмыс iстейтiндердi сауықтыру жөнiндегi медициналық ұсыныстарды жұмыс берушiлердiң орындалуын қамтамасыз ету, еңбек пен тамақтанудың ұтымды режимiн ұйымдастыру жөнiндегi шаралар жүйесiн қамтиды. 6. Туа бiткен және жүре пайда болған, асқынған және созылмалы аурулардың және алған жарақаттар салдарынан зардап шегушi азаматтарды медициналық, дене қуатын, психологиялық және әлеуметтiк жағынан оңалту тиiстi емдеу-профилактикалық және сауықтыру ұйымдарында көрсетiледi. 16-бап. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардан және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегетiн азаматтарға медициналық-әлеуметтiк жәрдем 1. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардан және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегетiн азаматтарға медициналық-әлеуметтiк жәрдем, диспансерлiк қадағалау тегiн және жеңiлдiктi жағдаймен жасалады. 2. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулар және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. 3. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардан және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегетiн азаматтарға медициналық-әлеуметтiк жәрдем жасау түрлерi мен көлемiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 17-бап. Айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн аурулардың арнаулы алдын алу шаралары 1. Денсаулық сақтау органдары мен ұйымдары, медицина қызметкерлерi айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн ауруларды (туберкулездi, психикалық және соз ауруларын, алапестi, ЖИТС-тi және карантиндiк инфекцияларды) анықтауды (соның iшiнде құпиялылығын сақтап анықтауды), сондай-ақ олардың арнаулы алдын алу шараларын жүзеге асырады. 2. Айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн аталған аурулардың арнаулы алдын алу шараларын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 18-бап. Туберкулезбен және диабетпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету 1. Туберкулезбен ауыратын адамдар мiндеттi түрде диспансерлiк бақылауға алынып, емделуге тиiс, олар туберкулезге қарсы дәрi-дәрмектермен және санаторий-курорттық еммен тегiн қамтамасыз етiледi, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңiлдiктердi пайдаланады. 2. Туберкулез микробактерияларын тарататын науқастар мiндеттi түрде ауруханаға жатқызылуға тиiс, олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етiледi. 3. Диабетпен ауыратын адамдар мiндеттi түрде диспансерлiк бақылауға алынып, тегiн еммен және дәрi-дәрмек құралдарымен жеңiлдiктi жағдайда қамтамасыз етiлуге тиiс. 19-бап. Соз ауруларымен және ЖИТС-пен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету 1. Соз ауруларына және ЖИТС-ке шалдыққан адамдарды дер кезiнде анықтап, емдеу үшiн денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының ұсынысымен жергiлiктi атқарушы органдар арнаулы орталықтар, лабораториялар, кабинеттер, соның iшiнде олардың құпия емдейтiндерiн, ауруханалар және диспансерлер ашады. Өз еркiмен емделуден жалтарған жағдайларда мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Тексерiлуге және емделуге келуден жалтаратын, сондай-ақ соз аурулары мен ЖИТС тарататын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 2. ЖИТС-пен ауыратын азаматтардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады. 20-бап. Психикалық аурулардан зардап шегушi адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету және оларды оңалту 1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсетудiң негiздерi мен тәртiбi және оларды оңалту арнаулы заңмен реттеледi. 2. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құқықтарға кепiлдiк берiледi. 3. Халықтың психикалық денсаулығын сақтау, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарды емдеу мен оңалту жөнiндегi заңдардың сақталуын бақылауды жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады. 21-бап. Маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету 1. Жергiлiктi атқарушы органдар маскүнемдiктiң, нашақорлық пен уытқұмарлықтың алдын алу және оларды емдеу жөнiндегi шаралар жүйесiн қамтамасыз етедi. Денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының ұсынуымен жергiлiктi атқарушы органдар жасырын емдеудi қоса алғанда, аталған аурулар санаттарын емдеу үшiн арнаулы кабинеттер, ауруханалар мен диспансерлер ұйымдастырады. 2. Маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын азаматтардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады, оларды оңалту қамтамасыз етiледi. 22-бап. Бостандығы шектеулi азаматтарға медициналық көмек көрсету 1. Сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан тыс жерде жазасын өтеп жатқан, уақытша ұстайтын изоляторларға, арнаулы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық-санитариялық көмек жалпы негiздерде көрсетiледi. 2. Тергеу изоляторларына орналастырылған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға ведомстволық медициналық қызметтер қызмет көрсетедi. 23-бап. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарға медициналық-санитариялық көмек көрсету 1. Жергiлiктi атқарушы органдар дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтар үшiн арнайы диспансерлер, кабинеттер, спорттық-сауықтыру кешендерi желiсiн ұйымдастырады. 2. Санитариялық қадағалау органдары дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн пайдаланылатын үй-жайлар мен аумақтардың жай-күйiн бақылауды жүзеге асырады. 24-бап. Қазақстан Республикасының әскери қызметшiлерiне, iшкi iстер органдарының, Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, iшкi әскерлерiнiң қызметкерлерiне медициналық көмек көрсету Қазақстан Республикасының әскери қызметшiлерiне, iшкi iстер органдарының, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, iшкi әскерлерiнiң қызметкерлерiне медициналық көмектi осы ведомстволардың медицина ұйымдары көрсетедi. Қызмет өткеру немесе тұрғылықты жерi бойынша медицина ұйымдары болмаған жағдайда немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған жағдайда медициналық көмек Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлдi орталық атқарушы органның аумақтық ұйымдарында медициналық көмектiң кепiлдi шеңберiнде тиiстi бюджеттердiң қаражаты есебiнен кедергiсiз және тегiн көрсетiледi. ЕСКЕРТУ. 24-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен. 25-бап. Хирургиялық араласу, қан құю және диагностиканың күрделi әдiстерiн қолдану тәртiбi 1. Хирургиялық операциялар, қан құю, диагностиканың күрделi әдiстерi ауру адамдардың келiсiмiмен, ал он алты жасқа толмаған науқастарға, психикасы бұзылған науқастарға - олардың ата-аналарының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының, жақын туыстарының келiсiмiмен қолданылады. 2. Дәрiгер медициналық араласу iсiне кiрiсiп кетiп, сол адамның өмiрi мен денсаулығына қатер төнуiне байланысты оны тоқтату немесе қайта оралу мүмкiн болмайтын жағдайлардан басқа кезде келiсiм керi қайтарылып алынуы мүмкiн. 3. Хирургиялық араласуды, қан құюды, диагностиканың күрделi әдiстерiн қолдануды кешiктiру ауру адамның өмiрiне қатер төндiретiн, ал аталған адамдардың келiсiмiн алу мүмкiн болмайтын жағдайларда шешiмдi дәрiгер немесе дәрiгерлiк комиссия қабылдайды. 26-бап. Клиникалық және медициналық-биологиялық эксперименттер жүргiзу, диагностиканың, емдеудiң жаңа әдiстерiн қолдану 1. Клиникалық және медициналық-биологиялық эксперименттер әдетте жануарларға, ал адамға - оның жазбаша келiсiмiмен немесе оның заңды өкiлiнiң қатысуымен жасалған келiсiм-шарт бойынша жүргiзiледi. 2. Сынақтан өтiп жатқан адамның талап етуi бойынша кез келген кезеңде және оның өмiрiне, денсаулығына қатер төнген жағдайда эксперимент тоқтатылады. Профилактикалық-емдеу ұйымдары профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң эксперимент жасау арқылы қуатталған әдiстерiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органының арнайы рұқсаты бойынша қолданады. 3. Клиникалық және медициналық-биологиялық эксперименттер жүргiзу, диагностика мен емдеудiң жаңа әдiстерiн қолдану тәртiбiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |