|
|
|
Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы Қазақстан Республикасының 2000 ж. 13 желтоқсандағы N 113-ІІ Заңы Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы Заң жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасында тұрып, тәрбиелену құқықтарын қанағаттандыру, сондай-ақ оларға имандылық-рухани, еңбек тәрбиесi мен бiлiм берудi жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында құрылатын отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарының және Жасөспiрiмдер үйлерiнiң құқықтық жағдайын айқындайды. 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар 1. Осы Заң жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдары мен Жасөспiрiмдер үйлерiнде бағып-күтiлуiне, тәрбиеленуiне, жалпы және кәсiптiк бiлiм берумен қамтамасыз етiлуiне байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi. 2. Осы Заңмен реттелмеген қатынастарға өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң нормалары қолданылады. 2-бап. Қазақстан Республикасының отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдары және Жасөспiрiмдер үйлерi туралы заңдары 1. Қазақстан Республикасының отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарында және Жасөспiрiмдер үйлерiнде тәрбиеленушi-балалардың бағып-күтiлуiн, тәрбиеленуiн, жалпы және кәсiптiк бiлiм берумен қамтамасыз етiлуiн реттейтiн заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады және халықаралық шартқа орай оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының Заңын шығару талап етiлетiн жағдайлардан басқа реттерде тiкелей қолданылады. 3-бап. Осы Заңның негiзгi принциптерi мен мiндеттерi 1. Осы Заң адамгершiлiк, әдiлеттiлiк, адамның еркiн дамуы, тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн басымдылықпен қорғау, балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi отбасы мүшелерiнiң өзара көмек және қолдау көрсету принциптерiне негiзделедi. 2. Осы Заң балалар үйлерiн кезең-кезеңiмен балалар ауылдарына айналдыруға және елде отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдары мен Жасөспiрiмдер үйлерiн құруға бағытталған, олардың қызметi мынадай мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етуге тиiс: 1) тәрбиеленушiлердiң бағып-күтiлуi, тәрбиеленуi, олардың жалпы және кәсiптiк бiлiм алуы үшiн, соның iшiнде олардың дене бiтiмi, психикалық, имандылық және рухани дамуына әсер ететiн жағдайлар жасау; 2) тәрбиеленушiлердiң медициналық-психологиялық оңалуын және әлеуметтiк бейiмделуiн қамтамасыз ету; 3) тәрбиеленушiлердiң денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, олардың психофизикалық жай-күйiн нығайту және профилактикалық шаралар жүргiзу; 4) тәрбиеленушiлерге еңбек ету дағдыларын сiңiру, еңбек рыногында талап етiлетiн кәсiптерге оқытып-үйрету; 5) тәрбиеленушiлерге болашақ кәсiбiн дұрыс таңдауға және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. 2-тарау. Балалар ауылы тәрбиеленушілерінің құқықтары 4-бап. Балалар ауылының тәрбиеленушi-балалары Балалар ауылының тәрбиеленушi-балалары (тәрбиеленушiлер): 1) жетiм балалар - ата-анасының екеуi де немесе жалғызiлiктi шешесi (әкесi) қайтыс болған 18 жасқа дейiнгi балалар; 2) ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар ата-аналарының ата-ана құқығы шектелуiне немесе ата-ана құқығынан айырылуына, ата-аналары хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына, олар қайтыс болған деп жариялануына, iс-әрекетке қабiлетсiз (iс-әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-аналарының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүруiне, ата-аналарының балаларын тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, соның iшiнде ата-аналардың тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен өз балаларын алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқорлығы болмауының өзге де жағдайларында жалғызiлiктi шешесiнiң (әкесiнiң) немесе ата-анасының екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейiнгi балалар. 5-бап. Тәрбиеленушiнiң балалар ауылы отбасында тұру және тәрбиелену құқығы 1. Әрбiр тәрбиеленушi өзi он сегiз жасқа толғанға дейiн балалар ауылы отбасында тұруға және тәрбиеленуге құқылы. 2. Тәрбиеленушiнiң: 1) өзiнiң адамдық қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне; 2) тәрбиешi-ана тарапынан қамқорлық көруiне және онымен бiрге тұруға; 3) тәрбиешi-ана және балалар ауылы әкiмшiлiгi тарапынан қиянат жасалуынан қорғалуға құқығы бар. 6-бап. Тәрбиеленушiнiң өз пiкiрiн бiлдiру құқығы 1. Тәрбиеленушi отбасында өзiнiң мүдделерiне қатысты кез келген мәселенi шешу кезiнде өз пiкiрiн бiлдiруге құқылы. 2. Тәрбиеленушi өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты кез келген сот iсiн немесе әкiмшiлiк iстi қарау барысында сөзiн тыңдатуға құқылы. Жасы онға толған тәрбиеленушi пiкiрiнiң, бұл оның мүдделерiне қайшы келетiн реттердi қоспағанда, ескерiлуi мiндеттi. Тәрбиеленушiнiң пiкiрi: 1) тәрбиешi-ана бiлiм беру мекемесiн және оқыту нысанын таңдаған кезде; 2) тәрбиешi-ана отбасылық тәрбие мен бiлiм беруге қатысты мәселелердi шешкен кезде; 3) сот баланы тәрбиешi-анадан өз ата-анасына қайтару туралы олардың талаптарын қараған кезде; 4) сот баланың ата-анасының ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда; 5) сот баланың ата-анасының ата-ана құқықтарын шектеудiң күшiн жою туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ескерiледi. 7-бап. Тәрбиеленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға құқығы 1. Балалар ауылының тәрбиеленушiсiнiң өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға құқығы бар. Тәрбиеленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды балалар ауылының әкiмшiлiгi, қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор және сот жүзеге асырады. 2. Балалар ауылы тәрбиеленушiсiнiң балалар ауылының әкiмшiлiгi, сондай-ақ тәрбиешi-ана тарапынан қиянат жасалуынан қорғалуға құқығы бар. Тәрбиеленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған, соның iшiнде балалар ауылының әкiмшiлiгi, сондай-ақ тәрбиешi-ана оны бағып-күту, тәрбиелеу, жалпы және кәсiптiк бiлiм алу жағдайларын қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған немесе дұрыс орындамаған не олар өз құқықтарын асыра пайдаланған жағдайда, бала өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қорғаншы және қамқоршы органға, ал он төрт жасқа толғаннан кейiн - сотқа өз бетiнше өтiнiш жасауға құқылы. 3. Баланың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төнгенi туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы мәлiм болған ұйымдардың лауазымды адамдары және өзге де азаматтар бұл жөнiнде баланың нақты орналасқан жерiндегi қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтердi алған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган балалар ауылы тәрбиеленушiсiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi. 8-бап. Тәрбиеленушiнiң тұрғын үйге құқығы 1. Тәрбиеленушi балалар ауылында болған бүкiл кезеңде мемлекеттiк тұрғын үй қоры үйлерiндегi тұрғын үйдi жекешелендiрген жалдаушының отбасындағы басқа мүшелерiмен бiрге ортақ бiрлескен меншiкке құқығын сақтайды. Ортақ бiрлескен меншiктегi, соның iшiнде балалар ауылы тәрбиеленушiсiнiң ортақ бiрлескен меншiгiндегi жекешелендiрiлген тұрғын үйдi иелiктен айыруға тек барлық меншiк иелерiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi. Тәрбиеленушiнiң атынан мұндай тұрғын үй-жайды иелiктен айыру жөнiндегi мәмiленi жасауға келiсiмдi қорғаншы және қамқоршы орган бередi. 2. Ата-аналарынан, туыстарынан немесе басқа адамдардан өзiне мұрагерлiк немесе сыйға тарту тәртiбiмен және басқа да заңды негiзде ауысқан жекешелендiрiлген тұрғын үйге меншiк құқығы бар тәрбиеленушi балалар ауылында болған барлық кезеңде оған құқығын сақтайды. 3. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй тәрбиеленушiге ол балалар ауылында болған барлық уақыт iшiнде сақталады. 4. Тұрғын үйi жоқ тәрбиеленушi балалар ауылында болуы аяқталғаннан кейiн, Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы. 9-бап. Тәрбиеленушiнiң мүлiкке құқығы Тәрбиеленушiнiң: 1) өзi сыйға тарту, мұрагерлiк тәртiбiмен және басқа заңды негiзде алған мүлiкке; 2) банк салымынан проценттер түрiнде алынған табыстарға; 3) өзiне тиесiлi тұрғын үйдi жалға беруден алынған табыстарға; 4) шығармашылық, кәсiптiк, еңбек және өзге де қызметтен түскен табыстарға меншiк құқығы сақталады. 10-бап. Тәрбиеленушiнiң әлеуметтiк төлемдерге құқығы 1. Тәрбиеленушiнiң ата-аналарынан алынатын өзiне тиесiлi алиментке, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жәрдемақылар мен басқа да төлемдерге құқығы бар. 2. Балалар ауылында тұратын тәрбиеленушiнi бағып-күтуге ата-аналарынан өндiрiп алынатын қаражат, оған тағайындалған жәрдемақылар мен басқа да төлемдер банктердегi жеке шотқа тәрбиеленушiнiң атына аударылуға тиiс. 3-тарау. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы (балалар ауылы) 11-бап. Балалар ауылындағы отбасы 1. Балалар ауылындағы отбасы - балаларды тәрбиелеудiң жаңа нысанынан туындайтын, отбасылық қатынастарды нығайтуға және еңбек дағдыларын сiңiруге, оқыту мен тәрбиелеуге жәрдемдесуге бағытталған жеке мүлiктiк емес құқықтармен және мiндеттермен байланысты адамдар тобы. 2. Балалар ауылында балаларды бағып-күтудi және тәрбиелеудi бiлiм беру мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен конкурстық iрiктеуден өткен тәрбиешi-ана отбасында жүзеге асырады. 3. Балалар ауылындағы отбасы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. 12-бап. Балалар ауылының құқықтық мәртебесi 1. Балалар ауылы - коммерциялық емес ұйым түрiнде құрылған, өзiнiң қызметiн уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлға. Мемлекет Қазақстан Республикасының Yкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдар арқылы балалар ауылының құрылтайшысы бола алады. 2. Балалар ауылының оқшауланған аумағы болады, оның ең аз көлемiн, онда орналасқан пәтер үлгiсiндегi тұрғын үй-жайларды, әкiмшiлiк үйлер мен отбасыларының тұруына арналған ғимараттарды, сондай-ақ үй іргесiндегi және қосалқы (үй) шаруашылықты қоса, Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi. 3. Балалар ауылы, әрқайсысында жасы он сегiзге дейiнгi жетiден он тәрбиеленушi балаға дейiн тұратын және тәрбиеленетiн бiрнеше отбасынан, сондай-ақ белгiлi бiр кезеңде жасы 23-ке дейiнгi балалар үйлерiнiң түлектерi мен балалар ауылының тәрбиеленушiлерi тұруға арналған Жасөспiрiмдер үйлерiнен тұрады. 4. Балалар ауылы, әдетте, шағын және орташа қалаларда, селолық елдi мекендер мен iрi қалалар маңындағы аймақтарда орналасады. 13-бап. Балалар ауылының қызметiн басқару 1. Балалар ауылының қызметiн басқаруды уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша балалар ауылының құрылтайшысы тағайындайтын әкiмшiлiк Балалар ауылы туралы ережеге (Жарғыға) сәйкес жүзеге асырады. 2. Балалар ауылы әкiмшiлiгiнiң негiзгi қызметiне: 1) балалар ауылының жұмыс iстеуiне қалыпты жағдай жасау және Жасөспiрiмдер үйлерiнiң материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету; 2) оқу-тәрбие процесiне басшылық жасау; 3) балалар ауылының инфрақұрылымын жетiлдiру; 4) балалар ауылына келiп түскен қаражатты материалдық қамтамасыз ету нормаларына сәйкес тәрбиешi-аналардың арасында бөлу; 5) тәрбиешi-аналардың, Жасөспiрiмдер үйлерi директорларының ай сайынғы қаржы есептерiн қабылдау және талдау жатады. 3. Балалар ауылының әкiмшiлiгi туралы ереженi бiлiм беру мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтедi. 14-бап. Тәрбиешi-анаға қойылатын талаптар 1. 30 жасқа толған, тиiстi бiлiмi бар, некеге тұрмаған және өзiнiң туған не асырап алған балалары (қыздары) жоқ Қазақстан Республикасының азаматшасы: 1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған адамдарды; 2) сот ата-ана құқығынан айырған немесе сот арқылы ата-ана құқығы шектелген адамдарды; 3) өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi дұрыс орындамағаны үшiн қорғаншы (қамқоршы) мiндеттерiнен шеттетiлгендердi; 4) бұрынғы бала асырап алушыларды, егер өздерiнiң кiнәсiнен олардың бала асырап алушылығы жағдайын сот жойған болса; 5) соттылығы бар адамдарды; 6) денсаулық жағдайына қарай бала тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, тәрбиешi-ана бола алады. Адамның тәрбиелеуге бала қабылдап алуға болмайтын аурулары тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi. 2. Уәкiлеттi орган тәрбиешi-аналардың бiлiктiлiк санаттарын әзiрлейдi және белгiлейдi. 3. Тәрбиеленушi-балалардың мүдделерiн неғұрлым толығырақ қамтамасыз ету үшiн қорғаншы және қамқоршы органдарда балалар ауылының тәрбиешi-аналарына кандидаттар арасынан резервтегi тәрбиешi-аналар болуы мүмкiн. 15-бап. Балаларды балалар ауылы отбасына iрiктеу 1. Балаларды балалар ауылы отбасына iрiктеудi балалар ауылы әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен, қорғаншы және қамқоршы органдардың жолдамасы негiзiнде тәрбиешi-ана жүзеге асырады. 2. Балаларды балалар ауылы отбасына iрiктеген кезде қорғаншы және қамқоршы органдар оған мұрагерлiк, сыйға тарту тәртiбiмен немесе басқа да заңды негiздер бойынша берiлген мүлiктiң бар екендiгiн анықтауға және балалардың мүлiкке құқығын қорғаудың және осы мүліктi сақтаудың тиiстi шараларын қолдануға мiндеттi (заң бойынша балаларға мұрагерлiкке өтуге тиiс мүлiктi анықтау, сақтау және басқару; мүлiктi заңсыз иеленген адамнан оны талап ету; борышқорлардан ақшаны өндiрiп алу және басқалары). 3. Егер балалар ауылына берiлген балалардың басқа жерде тұрған мүлкi болса, онда бұл мүлiктi қорғауды мүлiк тұрған жердегi Қорғаншы және Қамқоршы орган жүзеге асырады және қажет болған жағдайда олар мүлiкке қорғаншы тағайындауы мүмкiн. 4. Балалардың мүлiктi басқаруға қажеттi ақшаларынан басқа, ақшалай сомалары мен бағалы қағаздары (егер осылай ету талап етiлсе) банкке салынады және есепшоттың бар екендiгi туралы құжаттар тәрбиешi-анаға берiлiп, балалар ауылының әкiмшiлiгiнде сақталады. 16-бап. Балаларды балалар ауылы отбасына берудiң тәртiбi 1. Балаларды отбасында бағып-күту, тәрбиелеу, жалпы және кәсiптiк бiлiм берумен қамтамасыз ету тәрбиешi-ана мен қорғаншы және қамқоршы орган арасында жасалған балаларды беру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады. Балаларды балалар ауылы отбасына беру туралы үлгi шартты бiлiм беру мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтедi. 2. Балаларды отбасына берген кезде қорғаншы және қамқоршы орган олардың мүдделерiн басшылыққа алады. Балаларды отбасына беру олардың пiкiрi және тәрбиешi-аналардың тiлегi ескерiле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған балалар, балалар ауылы отбасына, олардың келiсiмiмен берiлуi мүмкiн. Балалар ауылы отбасына берген кезде балалардың мүддесiне орай олардың этникалық шығу тегi, белгiлi бiр дiндi және мәдениеттi ұстанатындығы, ана тiлi, тәрбие мен бiлiм беруде сабақтастықты қамтамасыз етудiң мүмкiндiктерi ескерiлуге тиiс. 3. Бiрге туған ұл-қыздар, медициналық не басқа да себептермен бiрге тәрбиеленуге болмайтын жағдайларды қоспағанда, бiр отбасына берiлуге тиiс. 4. Балалар ауылына берiлетiн әрбiр балаға арнап қорғаншы және қамқоршы органдар тәрбиешi-аналарға мынадай құжаттар тапсырады: 1) тууы туралы куәлiк; 2) денсаулығы туралы анықтама және баланың сырқаты тарихынан үзiндi көшiрме; 3) анасының денсаулығы және оның босану жағдайы туралы анықтама (бала перзентханадан, босану бөлiмшесiнен берiлген жағдайда); 4) бiлiмi туралы құжат (мектеп жасындағы балалар үшін); 5) ата-аналары туралы құжаттар (қайтыс болғандығы туралы куәлiктiң көшiрмесi, соттың үкiмi немесе шешiмi, ата-аналарының сырқаты, оларға iздестiру туралы анықтама және ата-аналарының жоқтығын немесе олардың өз балаларын тәрбиелеуi мүмкiн еместiгiн растайтын басқа да құжаттар); 6) ағасы, iнiсi, апасы, сiңлiсi, қарындасы бар екендiгi және олардың тұрғылықты жерi туралы анықтама; 7) балаға тиесiлi мүлiктiң тiзiмдемесi және оның сақталуы үшiн жауапты адамдар туралы мәлiметтер; 8) бұрыннан тұрып келген тұрғын үй алаңын кәмелетке толмағандарға бекiтiп беру туралы құжаттар; 9) алимент өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi, сондай-ақ жәрдемақыға, зейнетақыға және басқа да әлеуметтiк төлемдерге құқығын растайтын құжаттар; 10) банк мекемесiнде баланың атына ашылған шоттың бар екендiгi туралы құжат; 11) өзге де құжаттар. 17-бап. Балалар ауылының отбасына балаларды беру туралы шарт 1. Балаларды беру туралы шартта олардың бағып-күтiлу, тәрбиелену және бiлiм алу жағдайлары, тәрбиешi-ананың құқықтары мен мiндеттерi, қорғаншы және қамқоршы органның тәрбиешi-аналарға қатысты мiндеттерi, сондай-ақ мұндай шарттың күшiн жоюдың негiздемесi мен салдарлары көзделуге тиiс. Балалар тәрбиешi-аналардың тәрбиесiне он сегiз жасқа толғанға дейiнгi мерзiмге берiледi. 2. Балалар ауылының отбасына балаларды беру туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзу: 1) дәлелдi себептер болған жағдайда (сырқаттануына, отбасы жағдайының өзгеруiне байланысты және өз мiндеттерiн орындауға мүмкiндiгi болмайтын басқа да жағдайларда), тәрбиешi-аналардың бастамашылығы бойынша; 2) тәрбиешi-ана өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарса, өз құқықтарын асыра пайдаланса, балаларға қатыгездiкпен қараса, оның iшiнде оларға күш көрсетсе немесе психикалық қысым жасаса және балаларды бағып-күту, тәрбиелеу және оларға бiлiм беру үшiн басқа да қолайсыз жағдайлар туындаған кездерде, қорғаншы және қамқоршы органдардың бастамашылығы бойынша; 3) балаларды ата-аналарына қайтарғанда немесе ұл баланы (қыз баланы) асырап алған жағдайда; 4) балаларды отбасына беру туралы шарттың талаптары бұзылған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн. 3. Тәрбиешi-аналардың бастамашылығы бойынша балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы шарт мерзiмiнен бұрын бұзылған жағдайда осындай шартты қорғаншы және қамқоршы орган резервтегi тәрбиешi-аналардың бiрiмен немесе бiлiм беру мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен конкурстық iрiктеуден өткен адаммен жасайды. 18-бап. Тәрбиешi-ананың балаларды тәрбиелеу және оларға бiлiм беру жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi 1. Тәрбиешi-ана балалардың пiкiрi мен қорғаншы және қамқоршы органның ұсыныстарын ескере отырып, балаларды тәрбиелеу әдiстерiн өз бетiнше айқындауға құқылы. Тәрбиешi-ана балалардың пiкiрiн ескере отырып, бiлiм беру мекемелерi мен оқыту нысандарын таңдауға құқылы және балалардың орта бiлiм алуына жағдай жасауға мiндеттi. 2. Тәрбиешi-ана өзiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде балалардың дене бiтiмiне және психикалық саулығына, олардың имандылық рухында дамуына залал келтiрмеуге тиiс. Тәрбиелеу әдiстерi балаларға енжар қараушылықты, қатыгездiктi, дөрекiлiктi, олардың адамдық абыройын кемсiтудi, ар-ұжданы мен намысын қорлауды болдырмауға тиiс. 3. Тәрбиешi-ана балаларды тәрбиелеуге, олардың денсаулығы, дене бiтiмiнiң, психикасының, имандылық және рухани жағынан дамуы жөнiнде қамқорлық жасауға мiндеттi. Тәрбиешi-ана отбасында имандылық-рухани және үйiшiлiк ахуал жасау жөнiндегi өзiне жүктелген мiндеттердi адал атқаруға тиiс. 4. Тәрбиешi-ана өзiне берiлген баланың құжаттарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi. 5. Өз мiндетiн тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен мүдделерiне залал келтiре отырып атқарған тәрбиешi-ана Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауапкершiлiктi ата-аналармен бiрдей көтередi. 19-бап. Тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi әкiмшiлiктiң құқықтары мен мiндеттерi 1. Балалар ауылының әкiмшiлiгi, тәрбиеленушi-балалардың кез келген жеке және заңды тұлғалармен қарым-қатынастарында, оның iшiнде соттарда, бұған арнайы өкiлеттiктерi болмаса да, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға әрекет ететiн заңды өкiлi болып табылады. 2. Егер қорғаншы және қамқоршы орган әкiмшiлiк пен балалардың мүдделерi арасында қайшылықтар бар екенiн анықтаса, әкiмшiлiк балалардың мүдделерiн қорғауға құқылы емес. Олардың арасында келiспеушiлiктер болған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган басқа өкiл тағайындауға тиiс. 3. Балалар ауылының әкiмшiлiгi тәрбиеленушiлердiң денсаулық жағдайы туралы, оны тәрбиелеу жөнiндегi, сондай-ақ тәрбиеленушiнiң мүлкiн басқару жөнiндегi жұмысы туралы қорғаншы және қамқоршы органға кем дегенде жылына бiр рет есеп берiп отыруға тиiс. 20-бап. Әкiмшiлiктiң тәрбиеленушiнiң мүлкiн басқару жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi 1. Әкiмшiлiктiң тәрбиеленушiнiң мүлкiн иелiктен айыру жөнiнде мәмiле жасауына (тәрбиеленушiнiң мүлкiн сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, оны кепiлге беру, заң бойынша және өсиет бойынша тәрбиеленушiге тиiстi мұрагерлiк құқықтан бас тартуға әкеп соғатын мәмiле, оның мүлкiн бөлу немесе одан үлес бөлiп беру), сондай-ақ мүлiктiң кемуiне әкеп соғатын кез келген басқа да мәмiлелерге, қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмiмен тәрбиеленушiнiң мүлкiн жалдауға (жалға) беру жөнiндегi әкiмшiлiк жасаған мәмiлелердi қоспағанда, жол берiлмейдi. 2. Мүлiктi жалдауға (жалға) беруден түскен кiрiстi әкiмшiлiк тәрбиеленушiнiң банктегi жеке шотына аударып отырады. Мәмiлелерден түскен кiрiстi әкiмшiлiк тек тәрбиеленушiнiң мүддесiне ғана, қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмiмен, жұмсай алады. 3. Тәрбиеленушiнi ата-анасына қайтарған жағдайда немесе оны балалар ауылынан шығарғаннан кейiн тәрбиеленушiнiң мүлкi мен құжаттары нотариус куәландырған тiзiмдеме бойынша ата-аналарына немесе тәрбиеленушiнiң өзiне берiледi. 21-бап. Тәрбиеленушi-балалардың ата-аналарымен және басқа да жақын туыстарымен байланыстары 1. Әкiмшiлiк тәрбиеленушiлердiң ата-аналарының құқықтары қалпына келтiрiлген, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған және баланың мүдделерiне қайшы келмейтiн басқа да жағдайларда олардың ата-аналарымен байланыс жасауына және табысуына кедергi жасамауға тиiс. 2. Әкiмшiлiк, сондай-ақ тәрбиеленушiнiң басқа да жақын туыстарымен (ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерiмен және апа-сiңлiлерiмен, аталарымен, әжелерiмен) байланыс жасап тұруына, мұндай араласу баланың мүдделерiне сай келмейтiн жағдайларды қоспағанда, кедергi жасамауға тиiс. 3. Тәрбиеленушiлермен ата-аналарының және басқа да жақын туыстарының байланыс жасауына әкiмшiлiктiң келiсiмiмен рұқсат етiледi. 4. Тәрбиеленушiлердiң бұрынғы отбасына қайта оралуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 4-тарау. Жасөспірімдер үйі (әлеуметтік бейімделу орталығы) 22-бап. Жасөспiрiмдер үйi 1. Балалар ауылының (балалар үйiнiң) балансында болатын жатақхана немесе пәтер үлгiсiндегi тұрғын үй Жасөспiрiмдер үйi болып табылады. Жасөспiрiмдер үйi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен Балалар үйiнiң жанынан да құрылуы мүмкiн. 2. Жасөспiрiмдер үйiнiң қызметiн балалар ауылының (балалар үйiнiң) әкiмшiлiгi Жасөспiрiмдер үйiнiң директорымен бiрлесе отырып, уәкiлеттi бiлiм беру органы бекiткен Жасөспiрiмдер үйi туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады. 23-бап. Жасөспiрiмдер үйiнiң мақсаттары мен мiндеттерi 1. Жасөспiрiмдер үйiнiң негiзгi мақсаты - балалар ауылдарының тәрбиеленушiлерiне және балалар үйлерiнiң түлектерiне (әлеуметтiк бейiмделуден өтетiн адамдарға) олардың өз тiлектерiне сай қоғамға, оның iшiнде еңбек рыногына бiте қайнасуына көмектесу.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |