|
|
|
Тұрғын үй қатынастары туралы 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94-1 Қазақстан Республикасының Заңы (07.06.99 ж. N 391-1; 16.11.99 ж. N 477-1; 10.07.01 ж. N 227-II; 21.03.02 ж. N 308-II; 03.06.03 ж. N 427-II; 05.07.04 ж. N 568-II; 09.07.04 ж. N 587-II ҚР Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды I Бөлiм (1 - 10 баптар) 1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 10 баптар) II Бөлім (11 - 30 баптар) 2-тарау. Тұрғын үйге жеке меншік құқығын алу (11 - 17 баптар) 3-тарау. Тұрғын үйге жеке меншік құқығының мазмұны (18 - 22 баптар) және оны жүзеге асыру шарттары 4-тарау. Жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын (23 - 27 баптар) ұйлерді жалдау 5-тарау. Тұрғын үйге жеке меншік құқығының (28 - 30 баптар) тоқтатылуы III Бөлім (31 - 66 баптар) 6-тарау. Кондоминиум (31 - 41 баптар) 7-тарау. Кондоминиум объектісін басқару (42 - 51 баптар) 8-тарау. Тұрғын үй жӘне тұрғын үй-құрылыс (52 - 66 баптар) кооперативтері IV Бөлiм (67 - 114 баптар) 9-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан (67 - 70 баптар) тұрғын үй беру 10-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан (71 - 79 баптар) тұрғын үй беру тәртібі 11-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйлерді (80 - 96 баптар) жалдаушылардың құқықтары мен міндеттері 12-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын (97 - бап) үйлерге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу 13-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй (98 - 101 баптар) берудің және оны пайдаланудың ерекшеліктері 14-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын (102 - 108 баптар) үйлерді пайдалану құқығын тоқтату және олардан шығару 15-тарау. Қызметтік тұрғын үйлерді және мемлекеттік (109 - 114 баптар) тұрғын үй қорының жатақханаларындағы тұрғын бөлмелерді пайдалану V Бөлiм (115 - 116 баптар) 16-тарау. Тұрғын үй беру жөніндегі шарттық (115 - 116 баптар) міндеттемелер VI Бөлiм (117 - 121 баптар) 17-тарау. Өтпелі ережелер (117 - 121 баптар) I Бөлiм 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдары 1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңы азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттiк органдардың қатысуымен: 1) тұрғын үйлерге меншiк құқығының және оларды пайдалану құқығының пайда болуы мен тоқтатылу негiздерiне; 2) тұрғын үйлердi пайдалану құқығының жүзеге асырылуына; 3) тұрғын үйлерге қойылатын талаптарға; 4) тұрғын үй қорларының сақталуы мен жөнделуiнiң қамтамасыз етiлуiне; 5) азаматтардың тұрғын үй саласындағы құқықтарының сақталуын және тұрғын үй қорының пайдаланылуын мемлекеттiк органдардың бақылауына байланысты қатынастарды реттейдi. 2. Қазақстан Республикасында тұрғын үй қатынастары осы Заңмен, Азаматтық кодекс нормаларымен және соларға сәйкес шығарылатын өзге де заңдармен реттеледi. 3. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға, тұрғын үй қорының дамытылуы мен ұлғайтылуына байланысты қатынастар осы Заңда белгiленген талаптарды ескере отырып, тиiстi заңдармен реттеледi. 4. Мейманханаларда, пансионаттарда, интернаттарда, қарттар үйлерiнде және осындай мақсаттағы басқа да үй-жайларда тұру заңдарымен реттеледi. ҚР 07.06.99 ж. N 391-I Заңымен 2-бап өзгертілді 2-бап. Негiзгi терминдер мен анықтамалар Осы Заңда қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды бiлдiредi: тұрғын үй қоры - Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық меншiк нысандарындағы тұрғын үйлер; тұрғын үй - тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгiленген техникалық, санитариялық және басқа да мiндеттi талаптарға сай келетiн жеке тұрғын үй (жеке-дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме); тұрғын үй (тұрғын жай) - негiзiнен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлардан және жалпы мүлiк болып табылатын өзге де бөлiктерден тұратын құрылыс; қызметтiк тұрғын үй - азаматтардың еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз мiндеттерiн орындауы кезеңiнде оларды қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимдегi тұрғын үй; қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға берiлетiн тұрғын үйлер; жатақхана - мерзiмдi еңбек шарты (келiсiм-шарт) бойынша жұмыс iстейтiн адамдардың, оқу кезеңiнде студенттер (курсанттар, аспиранттар) мен оқушылардың, сондай-ақ жатақхананың меншiк иесiмен немесе қожайынымен мерзiмдi еңбек шарты (келiсiм-шарты) бар басқа да адамдардың тұруы үшiн арнайы салынған немесе қайта жабдықталған тұрғын жай; үй-жай - тұрғын үйдегi (тұрғын жайдағы) жеке iшкi кеңiстiк. Үй-жай қабырғасының, еденiнiң және төбесiнiң (қабатаралық жабынның) iшкi бөлiнбеген бетi, егер заңдарда немесе меншiк иелерi арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, әрбiр үй-жайдың шекарасы болып табылады; тұрғын үй-жай (пәтер) - тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, тұрғын үйдiң тұрғын алаңын да, тұрғын емес алаңын да қамтитын жеке үй-жай; тұрғын емес үй-жай - тұрғын үйдiң (тұрғын жайдың) ортақ мүлiк болып табылатын бөлiгiн қоспағанда, тұрақты тұрудан өзге мақсаттарға пайдаланылатын жеке үй-жай (дүкен, кафе, шеберхана, кеңсе және сол сияқтылар); тұрғын алаң - тұрғын үйдегi (пәтердегi) тұрғын бөлмелердiң (жатын бөлменiң, мейманжайдың, балалар бөлмесiнiң, үйдегi кабинеттiң және сол сияқтылардың) шаршы метрмен есептелетін алаңының қосындысы; тұрғын үйдiң тұрғын емес алаңы - тұрғын үй-жайдағы iшкi қосалқы бөлмелердiң (ас үйдiң, ванна бөлмесiнiң, дәретхананың, кiреберiстiң, дәлiздiң, пәтер қоймасының және тағы басқаларының) шаршы метрмен есептелетiн алаңы; тұрғын үйдiң (пәтердiң) пайдалы алаңы - тұрғын үйдiң тұрғын алаңы мен тұрғын емес алаңының қосындысы; тұрғын үйдiң (тұрғын жайдың) жалпы алаңы - тұрғын үйдегi бүкiл тұрғын үй жайлардың пайдалы алаңы мен бүкiл тұрғын емес үй-жайлар алаңының, сондай-ақ тұрғын үйдiң ортақ мүлiк болып табылатын бөлiктерi алаңының қосындысы; ортақ мүлiк - тұрғын үйдiң бөлек меншiктегi үй-жайлардан басқа барлық бөлiктерi. Ортақ мүлiк құқығы заңдарда көзделген жер учаскесiне құқықты да қамтиды; шектеулi пайдаланылатын ортақ мүлiк - ортақ мүлiктiң жеке меншiк иесiнiң (меншiк иелерiнiң) пайдалануына белгiленген ретпен берiлетiн жекелеген бөлiктерi; жер учаскесi - тұрғын үйге заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген жер аумағы; кондоминиум - үй-жай жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттiң бөлек (жеке-дара) меншiгiнде болатын, ал ортақ мүлiк оларға ортақ үлестi меншiк құқығымен тиесiлi болатын жағдайда бiрыңғай мүлiктiк кешен ретiндегi (бұдан әрi - кондоминиум объектiсi) жылжымайтын мүлiкке меншiктiң ерекше нысаны; үй-жайлар иелерiнiң кооперативi - көп пәтерлi тұрғын үйдегi (үйлердегi) үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кондоминиум объектiсiн басқару мақсатындағы коммерциялық емес бiрлестiгi; бөлек (өзiндiк) меншiк - қозғалмайтын мүлiкке меншiктiң ерекше нысаны - кондоминиум құрылған тұрғын жай (тұрғын үй) құрамындағы үй-жайға азаматтардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттiң меншiгi; тұрғын үй кооперативi (тұрғын үй-құрылыс кооперативi) азаматтардың тұрғын үйдi сатып алу (салу) және пайдалану мақсатындағы коммерциялық емес бiрлестiгi, онда тұрғын үйдi меншiктену құқығы кооперативке тиесiлi болады, ал кооперативке мүше азаматтар өздерiне бекiтiлiп берiлген үй-жайларды иелену және пайдалану құқығына, ал жекелеген жағдайларда - белгiленген тәртiппен билiк ету құқығына ие болады және тұрғын үйдi күтiп ұстау шығынына қатысады; тұрғын үйдi жалдау (жалға беру) - жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн ақы төлеттiрiп тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға беру; тұрғын үйдi жалдау (жалға беру) шарты - (жалға берушi) тұрғын үйдi не оның бiр бөлiгiн жалдаушыға (жалға алушыға) тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану құқығын осы шартқа сәйкес бередi; жалға берушi - тұрғын үйдi жалдау шартындағы тұрғын үйдi меншiктенушi немесе меншiк иесi атынан iс-қимыл жасаушы болып табылатын тарап; жалдаушы (жалға алушы) - тұрғын үйдi жалдау шартындағы тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн тұрақты немесе уақытша пайдалануға алушы тарап; табысы аздар - мемлекеттiк тұрғын-үй қорынан тұрғын үй берудi сұрар алдындағы соңғы он екi айда отбасының әрбiр мүшесiне шаққандағы жиынтық айлық табысы заңдарда осы мақсаттар үшiн белгiленген ең төменгi күнкөрiс деңгейiне жетпейтiн адамдар; толық емес отбасы - балаларды (баланы) ата-ананың бiреуi, соның iшiнде ажырасқан, жесiр ата-ана тәрбиелейтiн отбасы; көп балалы отбасы - бiрге тұратын (соның iшiнде уақытша басқа жақта жүрген) кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары бар отбасы; әскери қызметшiлер - офицерлер, прапорщиктер, мичмандар және мерзiмнен тыс қызмет етушiлер, оның iшiнде жасы, ауыруы бойынша, сондай-ақ штаттың (санның) қысқартылуы бойынша запасқа (отставкаға) шығарылғандар; репатрианттар - Қазақстан Республикасында тұрақты тұру үшiн басқа мемлекеттерден тарихи отанына қайтып оралушы адамдар; тұрғын үйдi реквизициялау - төтенше оқиғалар жағдайында мемлекеттiк органдардың шешiмi бойынша меншiк иесiнен тұрғын үйдi заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен мәжбүр етiп алып, алынған тұрғын үйдiң құнын, не Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де өтем түрлерiн төлеу; тұрғын үйдi жекешелендiру - азаматтардың мемлекеттiк тұрғын үй қоры үйлерiндегi өздерi тұратын үй-жайларды меншiгiне сатып алуы, ол заңдарға сәйкес жүзеге асырылады; тұрғын үйдiң құны - тұрғын үйдiң мәмiле жасалған күнi белгiленетiн нарықтық құны; коммуналдық қызметтер - тұрғын үйде (тұрғын жайда) көрсетiлетін және сумен жабдықтауды, канализацияны, газбен, электрмен, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметiн көрсетудi қамтитын қызметтер; уақытша тұрғындар - жалдаушы (тұрғын үйдiң меншiк иесi, тұрғын үй кооперативiнiң мүшесi) тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн олардан ақы алмай, тұрғын үйде уақытша тұру құқығын берген азаматтар; тұрғын үйдi ұстауға жұмсалатын шығындар - тұрғын үйдi пайдалануға, оны ағымдағы және күрделi жөндеуден өткiзуге, сондай-ақ жер учаскесiн ұстауға қажет төлемдер қосындысы. 3-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры 1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры мыналарды қамтиды: 1) жеке тұрғын үй қоры - азаматтар мен заңды тұлғаларға меншiк құқығымен тиесiлi, мемлекеттiк емес меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйлер; 2) мемлекеттiк тұрғын үй қоры - меншiк құқығымен мемлекетке қарасты және жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағындағы (мемлекеттiк коммуналдық тұрғын үй қоры) не мемлекеттiк кәсiпорын қарамағындағы (мемлекеттiк кәсiпорынның тұрғын үй қоры) тұрғын үйлер. 2. Тұрғын үй қорына тұрғын үйлердегi тұрғын емес үй-жайлар кiрмейдi. 3. Жеке тұрғын үй қорының және мемлекеттiк кәсiпорындардың тұрғын үй қорының үйлерiндегi тұрғын үй-жайларды жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың немесе өзге де ұйымдардың мәжбүр етiп алуына, осы Заңда және басқа заң актiлерiнде көзделгендегiден басқа жағдайларда тыйым салынады. 4-бап. Тұрғын үйлердi пайдалану 1. Тұрғын үйдi (тұрғын үй-жайды) немесе оның бiр бөлiгiн тұрғын емес мақсатқа пайдалануға осы Заңда көзделген жағдайларда жол берiледi. 2. Тұрғын үйдi пайдалану оның бұзылуына немесе бүлiнуiне әкелiп соқпауға, басқа тұрғындардың тұру жағдайларын бұзбауға, қоршаған ортаға залал келтiрмеуге тиiс. 3. Тұрғын үйдегi тұрғын үй-жайлар мен тұрғын емес үй-жайларды қайта жабдықтау мен қайта жоспарлауды үй-жай иесiнiң келiсiмiмен және жобаның құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келуiне жауап беретiн заңды немесе жеке тұлға орындаған жоба болған жағдайда жүзеге асыруға болады. Жобаның мiндеттi талаптарға сәйкестiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнаулы уәкiлеттi орган немесе адам растайды. Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау жөнiнде нақты атқарылатын жұмыстардың жобаға сәйкестiгi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен меншiк иесi мен жұмысты атқарушы жауап бередi. Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғайтын жағдайда олардың алдын-ала жазбаша келiсiмi талап етiледi. 5-бап. Тұрғын үйдi бiрлесiп пайдалану Үй-жайлардың иелерi (азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет) тұрғын үйдi бiрлесiп пайдалану үшiн заңдарда тыйым салынбаған кез келген бiрлестiкке бiрiгуге құқылы. 6-бап. Тұрғын үй қорын басқару Тұрғын үй қорын басқаруды меншiк иесi тiкелей, не өзi құратын (тағайындайтын, сайлайтын) органдар арқылы, сондай-ақ сенiм бiлдiрiлген адамдар арқылы жүзеге асырады. 7-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын мемлекеттiк есепке алу Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын мемлекеттiк есепке алу, оның кiмге тиесiлi екенiне қарамастан, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен Қазақстан Республикасы үшiн бiрыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады. 8-бап. Тұрғын үй дауларын шешу 1. Тұрғын үйге құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сот шешедi. 2. Азаматтарды және заңды тұлғаларды олардың тұратын тұрғын үй-жайларынан тек осы Заңда белгiленген негiздемелер бойынша, сот тәртiбiмен ғана шығаруға болады. 9-бап. Шетелдiк заңды тұлғалардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың тұрғын үй қатынастарындағы құқықтары мен мiндеттерi 1. Қазақстан Республикасында шетелдiк заңды тұлғалар мен шетелдiктер, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен және азаматтарымен бiрдей құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттердi мойнына алады. 2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттердi мойнына алады. 10-бап. Халықаралық шарттар Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. II БӨЛIМ 2-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЖЕКЕ МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫН АЛУ 11-бап. Тұрғын үйдi сатып алу құқығы 1. Азамат немесе заңды тұлға, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы аумағының қай жерiнде тұратынына қарамастан, жеке меншiгiне заңды түрде тұрғын үй сатып ала алады. 2. Бiр азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiндегi тұрғын үйлердiң саны мен көлемiне шек қойылмайды. 3. Тұрғын үйге меншiк құқығын алуға немесе жүзеге асыруға байланысты қатынастар да Қазақстан Республикасының өзге заңдарымен реттеледi. 12-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы пайда болуының негiздерi Тұрғын үйге немесе оның бiр бөлiгiне меншiк құқығы мынадай негiздер бойынша: 1) үй (үйдiң бiр бөлiгiн) салу; 2) сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту, өмiр бойы күтiп ұстау шартымен, алып қою мәмiлелерi мен заңдарға қайшы келмейтiн басқа да азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу; 3) тұрғын үйдi мұраға немесе құқықтың әмбебап түрде ауысуы ретiмен алу; 4) жалға алушының мемлекеттiк тұрғын үй қорының үйiнде өзi тұратын тұрғын үйдi немесе тұрғын үй-жайды жекешелендiру (сатып алу немесе тегiн алу) жолымен меншiгiне алуы; 5) тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң тұрғын үй-жай үшiн пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi; 6) шарттық мiндеттеме, соның iшiнде азаматтың үй салуға өз қаражатымен немесе еңбегiмен қатысуы туралы шарт негiзiнде тұрғын үй-жайды меншiкке беру; 7) заңды тұлғалардың мемлекеттiк емес меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi сату не тегiн беру жолымен өз қызметкерiнiң немесе өзге азаматтың меншiгiне беруi; 8) мемлекеттiң немесе заңды тұлғаның мемлекеттiк меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi заңдарда белгiленген шарттармен өз қызметкерiнiң не өзге адамның меншiгiне беруi; 9) жеке меншiкте болған тұрғын үйдiң бұзылуы немесе күштеп алынуы салдарынан тұрғын үйден айырылудың өтемi ретiнде тұрғын үй беру; 10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған басқа да негiздер бойынша пайда болады. ҚР 07.06.99 ж. N 391-I Заңымен 13-бап өзгертілді; ҚР 03.06.03 ж. N 427-II Заңымен. 13-бап толықтырылды 13-бап. Жалға алушының мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұратын тұрғын үйiне меншiк құқығын жекешелендiру тәртiбiмен алуы 1. Осы Заңда көзделген реттерде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға алушы, кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен, тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген шарттармен және тәртiппен жекешелендiруге құқылы. Жалға алушының отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi. 2. Жекешелендiрiлген тұрғын үй жалға алушының және онымен тұрақты бiрге тұратын барлық отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде уақытша тұрмайтындарының, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмеген болса, бiрлескен ортақ меншiгiне көшедi. 3. Ортақ бiрлескен меншiктегi тұрғын үйдiң алып қойылуына барлық меншiк иелерiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi. Егер мәмiле тұрғын үйдiң меншiк иесi болып табылатын кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiне қатысты болса, қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмi талап етiледi. 4. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлер осы Заңның 101-бабының 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша жекешелендiрiлуi мүмкiн. 5. Мемлекеттік тұрғын үй қоры жатақханаларындағы бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайларды оларда тұрақты тұратын азаматтар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жекешелендіруі мүмкін. Бұл орайда жалпы пайдаланудағы тұрғын емес үй-жайлар және үйдің бөлек (жеке) меншіктегі емес және ортақ мүлік болып табылатын өзге бөліктері барлық меншік иелерінің ортақ меншігіне өтеді. Аталған тұрғын үй-жай берілген азамат қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы, егер қайтыс болған адамның бұған құқығы болған болса, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді. Мерзімді еңбек шарты (келісім-шарт) бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген жатын орындық үлгідегі, сондай-ақ бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайлар жекешелендіруге жатпайды. 6. Бiрнеше жалдаушы тұратын тұрғын үйдi (пәтердi) барлық жалдаушылардың және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен ғана жекешелендiруге болады. Бұл жағдайда тұрғын үй (пәтер) барлық жалдаушылардың ортақ үлестi меншiгiне көшедi. 14-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң пай жарнасының бүкiл сомасын төлеген мүшесi тұрғын үйдiң меншiк иесiне айналады. Мұндай тұрғын үйге меншiк құқығына жинақталған пайдың бiр бөлiгiне құқығы бар оның отбасы мүшелерi де ие болады. 15-бап. Жер учаскелерiнiң мемлекеттiк қажеттер үшiн алынуына (сатып алынуына) байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiкке тұрғын үй беру 1. Жер учаскелерiнiң мемлекеттiк қажеттер үшiн алынуына (сатып алынуына) байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiк иесiне оның тұрғын үйi бұзылғанға дейiн өз таңдауы бойынша меншiгiне жайлы тұрғын үй берiледi немесе тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтемақы төленедi. 2. Егер берiлетiн тұрғын үйдiң құны бұзылатын тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiнен алынбайды. 3. Егер бұзылатын тұрғын үйдiң құны берiлетiн тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiне өтеледi. 16-бап. Тұрғын үйге ортақ меншiк құқығы 1. Тұрғын үйдi бiрлесiп салған, азаматтық-құқықтық мәмiлелер жолымен немесе мұраға алған жағдайда және заңдарға қайшы келмейтiн басқа жағдайларда екi немесе одан көп азаматтар тұрғын үйге ортақ меншiк құқығына ие бола алады. 2. Бiрнеше адамның меншiгiндегi тұрғын үй оларға ортақ бiрлескен меншiк құқығымен: 1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi; 2) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде тиесiлi болады. 3. Ортақ меншiктегi тұрғын үйдiң меншiк иелерi арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне белгiленген тәртiппен бөлiнуi мүмкiн. 4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi неке және отбасы туралы заңдармен белгiленедi. 5. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi осы Заңмен белгiленедi. 17-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығын тiркеу Тұрғын үйге меншiк құқығы ол тiркеу органында тiркелген кезден бастап пайда болады. Тiркеу тиiстi тәртiппен ресiмделген, осы Заңның 12-бабында көзделген негiздер бойынша тұрғын үй алынғандығын растайтын құжаттар көрсетiлген жағдайда жүргiзiледi. 3-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЖЕКЕ МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ШАРТТАРЫ ҚР 03.06.03 ж. N 427-II Заңымен. 18-бап толықтырылды 18-бап. Тұрғын үй иесiнiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерi 1. Тұрғын үйдiң, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үйдiң иесi оны, сату шартын белгiлей отырып, өз қалауы бойынша еркiн сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға, басқа адамдарға мұраға қалдыруға, кепiлге беруге, осы бапта көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, заң актiлерiнде тыйым салынбаған өзге де жолмен оған билiк етуге құқылы. 1-1. Ипотекалық тұрғын үй қарызы қаражатының есебiнен толық нeмece iшiнара сатып алынған тұрғын үйдi сатып алу-сату шарты мемлекеттiк тiркелген кезден бастап меншiк иесiнiң ипотекалық тұрғын үй қарызы толық өтелгенге дейiн кредитордың келiсiмiнсiз осы тұрғын үйге билiк етуге құқығы жоқ. 2. Меншiк иесiнiң тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн тұрғын емес мақсатта пайдалануы оған мемлекеттiк органдардың рұқсатын қажет етпейдi. Бұл құқықты меншiк иесi құрылыс, санитариялық, өртке қарсы және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелердi сақтаған жағдайда ғана iске асырады. Егер құзыреттi органдар мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзу фактiлерiн не тұрғын үйдi пайдалану басқа азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн айтарлықтай бұзатын фактiлердi анықтаса, үй-жай иесi заңдарда көзделген жауаптылыққа тартылып, сонымен бiрге оған мұндай тәртiп бұзушылықтарды және олардың зардаптарын жою мiндетi жүктелуi мүмкiн.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |