|
|
|
Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы Қазақстан Республикасының 2002 ж. 17 қаңтардағы N 284-ІІ Заңы (22.10.04 ж. N 601-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Бұрынғы редакцияларды қара Осы Заң сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттiк басқарудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және халықаралық негiздерiн белгiлейдi және жүк, жолаушылар мен багаж тасымалдауға, теңiз көлiгiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны қорғауға байланысты қатынастарды реттейдi. 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) авариялық жарна - тасымалдаушыға жүк берген кезде жалпы авария жағдайындағы шығыстарды өтеу үшiн оның жалпыавариялық шығыстардағы үлесiн төлеудi қамтамасыз ету ретiнде алушы тасымалдаушыға енгiзуге мiндеттi болатын ақша сомасы; 2) порт айдыны - порттың гидротехникалық және басқа да құрылыстарының теңiз жағындағы ең алыс нүктесi арқылы өтетiн сызықпен шектелген немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес белгiленетiн Қазақстан Республикасының iшкi сулары; 3) бербоут-чартер - жолаушылар, багаж бен жүк тасымалдауға және сауда мақсатында теңiзде жүзудің өзге де мақсаттарына арнап жарақтандырылмаған және экипажбен жасақталмаған кеменi немесе бiрнеше кеменi жалдаушының иеленуiне және пайдалануына кемемен жалданушы келiсiлген ақы (жалдау ақысын) алып, белгiлi бiр мерзiмге беруге мiндеттенетiн шарт; 4) сүйреткiш кеме - басқа кемелердi және жүзбелi құрылыстарды сүйрету мен жиекке келтiруге арналған кеме; 5) кеменiң сыйымдылығы - порттардағы есеп айырысуға және флоттың статистикалық есебiн жүргiзуге қызмет ететiн, Қазақстан Республикасының кемелердi өлшеу жөнiндегi халықаралық шарттарына сәйкес белгiленетiн сыйымдылық; 6) жүк таситын кеме - жолаушылар тасымалдамайтын кеме (құрғақ жүк, құйылатын жүк таситын, көлiктiк рефрижератор, мұзжарғыш сүйреткiш, итермелегiш, құтқарушы, техникалық флот, кабельдi, арнаулы мақсаттағы және басқа да жолаушылар тасымалдамайтын кеме); 7) демерредж - контрсталиялық уақыт үшiн төленетiн ақы; 8) диспач - кеменi жалдаушыға кемеге жүк тиеудi сталиялық уақыт бiткенге дейiн аяқтағаны үшiн төленетiн сыйақы; 9) диспаша - жалпы авария бойынша залалдар мен шығыстарды есептеу және оларды жалпы теңiз кәсiпорнына қатысушы тараптар арасында бөлу; 10) диспашерлер - теңiз құқығы саласында бiлiмi мен тәжiрибесi бар, диспашаны анықтау жөнiнде есеп жасайтын тұлғалар; 11) инцидент - нәтижесiнде зиян келтiрген немесе сондай зиян келтiрудің елеулi және тiкелей қаупi төнген оқиға немесе шығу жағдайы белгiлi дәрежеде ұқсас бiрқатар оқиғалар; 12) кеме ипотекасы - мемлекеттiк тiркелуге жататын теңiз кемесiнің, iшкi суда жүзетiн кеменiң, "өзен-теңiзде" жүзетiн кеменің, сондай-ақ жасалып жатқан кеменің тиiстi тiзiлiмде тiркелген шарт негiзiнде туындайтын ипотекасы; 13) каюталық багаж - жолаушының белгiленген мөлшер мен көлем шегiнде өзiмен бiрге алып жүретiн, жинақы буып-түйiлген және каютаға немесе жалпы орындардағы сөрелерге еркiн орналастырылатын заттары; 14) коносамент - тасымалдаушы жөнелтушiге беретiн және жүктiң тасымалдауға қабылданғанын куәландыратын құжат; 15) контрсталиялық уақыт - кеме сталиялық уақыттан тыс жүк тиелiп тұратын уақыт кезеңi; 16) лоцман - кеменi арқанға байлайтын, зәкiрге қоятын және портта кемелердiң орнын ауыстыратын жерге қауiпсiз жеткiзу саласында белгiлi бiр бiлiмi мен дағдылары бар маман; 17) кемелердi лоцмандық алып өту - кемелердi лоцман жүзеге асыратын алып өту; 18) лоцмандық қызмет - лоцманның (лоцмандардың) қызметi; 19) теңiзде сүйрету - кеменi немесе өзге де жүзбелi объектiнi белгiлi бiр қашықтыққа сүйрету; 20) теңiз жүкқұжаты - жүктердi теңiз көлiгiмен тасымалдау кезінде ресiмделетiн тасымал құжаты; 21) теңiз талабы - кемелердi сауда мақсатында теңiзде жүзудi көздеп пайдалануға байланысты мәлiмделетiн талап (зиянның орнын толтыру, алымдар төлеу және өзгелер); 22) кемеге теңiздегi кепiл - осы Заң негiзiнде онда аталған мән-жайлар туған кезде пайда болатын кеме ипотекасы; 23) теңiз порты - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген жер учаскелерiнде орналасқан, кемелерге, жолаушыларға, багажға қызмет көрсетуге және жүктермен жасалатын операцияларды жүзеге асыруға, сондай-ақ теңіз көлiгі қызметiнiң өзге де мақсаттарына арналған құрылыстар кешенi; 24) теңiздегi қарсылық - кеме жүзiп бара жатқан немесе тұрған кезеңде орын алған оқиға туралы кеме капитанының дәлелдемелердi қамтамасыз ету мақсатында кеме иесiне мүлiктiк талаптар қоюға негiздеме бола алатын мәлiмдемесi; 25) мұнай құйылатын кеме - теңiз кемелерi үшiн тұтану температурасы Цельсия бойынша алпыс градус және одан да төмен, iшкi суларда жүзетiн кемелер үшiн Цельсия бойынша елу бес градус және одан да төмен, Рейд бойынша бу қысымы атмосфералық қысымнан төмен шикi мұнайды және мұнай өнiмдерiн құйып тасымалдауға арналған кеме; 26) жалпы кеме кәсiпорны - мүлiк (кеме, жалдау ақысы және жүк), жалпы авария бойынша шығындар соның есебiнен өтелуге тиiс; 27) дағдылы маршрут - теңiз практикасында жалпы қабылданған кеме жүретiн маршрут; 28) қауiптi жүк - өзiне тән қасиеттерiне қарай тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде техникалық құралдардың, қондырғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылысына, өртенуiне немесе зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың мерт болуына, жарақаттануына немесе ауыруына, қоршаған ортаға зиян келтiруге себеп болуы мүмкiн жүк; 29) теңiз терминалының операторы - теңiз портындағы терминалға меншiк немесе өзге де заңды негiздерде құқығы бар және тиеу-түсiру жұмыстары мен өзге де техникалық операцияларды жүзеге асырушы тұлға; 30) жөнелтушi - теңiз тасымалы шартына сәйкес жүк жөнелткен және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға; 31) жолаушы - тасымалдаушымен шарттық қатынастарда тұратын және билетте немесе оның жүру құқығын растайтын өзге де құжатта көрсетiлген, не тасымалдаушының келiсiмiмен теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша автокөлiк құралдарын, жануарларды және өзге де жүкті ілесе алып жүруді жүзеге асыратын тұлға; 32) жолаушылық куәлiк - жолаушылардың кемеге алуға жол берiлетiн ең көп саны туралы мәлiметтер бар кеме құжаты; 33) жолаушылар тасымалдайтын кеме - жолаушылар тасымалдауға арналған және он екіден астам жолаушы тасымалдайтын кеме; 34) тасымалдаушы - кемеге меншiк немесе өзге де заңды негiздерде құқығы бар, жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға; 35) жүзбелi бұрғылау қондырғысы - теңiз түбiндегi жерасты ресурстарын барлау және (немесе) өндiру жөнiндегi бұрғылау жұмыстарын орындауға арналған кеме (жүзбелi құрылыс); 36) алушы - жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша жүк алуға уәкiлеттi тұлға; 37) портта сүйрету - порт айдынында, соның iшiнде кеменi немесе өзге де жүзбелi объектiнi портқа кiргiзу не оны порттан шығару үшiн сүйрету және маневрлердi орындау; 38) тасымалдау ережелерi - жолаушыларды, багажды, жүктi тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде теңiз көлiгiнің қызметiн реттейтiн, көлiктегi уәкiлеттi орган бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлер; 39) есеп айырысу бiрлiгi - қарызға алудың арнайы құқығының Халықаралық валюта қоры белгiлейтiн бiрлiгi; 40) өткiзу коносаментi - тасымалдаушы жөнелтушiге беретiн және жүктiң тасымалдауға қабылданғанын куәландыратын құжат, онда тасымалдың бiр бөлiгiн басқа тасымалдаушының жүзеге асыруға тиiс екендiгi көзделедi; 22.10.04 ж. N 601-II ҚР Заңымен 1-баптың 41) тармақшасы өзгертілді 41) кеменің меншiк иесi - кемелер мен оларға құқықты мемлекеттiк тiркеу ережелерiне сәйкес кеменің меншiк иесi ретiнде тiркелген тұлға; 42) арнаулы персонал - экипаж мүшесi болып табылмайтын, кеменiң мақсатына байланысты бортта үнемi болатын адам (теңiздiң тiрi ресурстарын аулаумен және өңдеумен айналысатын, ғылыми, инженер-техник қызметкерлер, зертхана қызметкерлерi, жұмысшылар және басқалар); 43) теңiз жолдары навигациялық жағдайының құралдары - жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн маяктар, қалқымалар және басқа да навигациялық жабдықтар; 44) сталиялық уақыт - жалдау ақысына қосымша төлемсiз, кеме жүк тиеуде тұратын уақыт кезеңi; 45) суббербоут-чартер - кеменi жалдау шарты, ол бойынша кеменi жалдаушы жолаушыларды, багаж бен жүктi тасуға және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттарына арнап жарақтандырылмаған және экипажбен жасақталмаған кеменi немесе бiрнеше кеменi келiсiлген ақы (жалдау ақысын) алып, үшiншi тұлғаларға белгiлi бiр мерзiмге иелену және пайдалану үшiн беруге мiндеттенедi; 46) субтайм-чартер - кеменi жалдау шарты, ол бойынша кеменi жалдаушы жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдауға және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттарына арнап жарақталған және экипажбен жасақталған кеменi немесе бiрнеше кеменi сыйақы алып, үшiншi тұлғаларға белгiлi бiр мерзiмге беруге мiндеттенедi; 47) кеме - сауда мақсатында теңiзде жүзуге пайдаланылатын, су ығыстырмайтын кеме мен гидроұшақты қоса алғанда, өздiгiнен жүретiн немесе өздiгiнен жүрмейтiн жүзбелi құрылыс; 48) кеме иесi - кеменi меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде иеленетiн тұлға; 49) тайм-чартер - кемемен жалданушы келiсiлген ақыға (жалдау ақысы) кеменi жалдаушыға кеменi және кеме экипажы мүшелерiнiң көрсететiн қызметтерiн жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшiн белгiлi бiр мерзiмге пайдалануға беруге мiндеттенетiн уақытқа кеменi жалдау шарты; 50) сауда мақсатында теңiзде жүзу - жолаушыларды, багаж бен жүктi кемемен тасымалдау жөнiндегi қызмет, сондай-ақ өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн пайдаланылатын әскери және шекаралық кемелердi қоспағанда, кемелердi өзге де коммерциялық және коммерциялық емес (гидрографиялық, ғылыми, гидротехникалық, құтқарушылық және басқа) мақсаттарда пайдалануға байланысты қызмет; 51) уәкiлеттi орган - сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттiк саясатты, мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды iске асыруды, қызметтi үйлестiру мен реттеудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы; 52) нақты тасымалдаушы - жолаушыны, багаж бен жүктi немесе оның бiр бөлiгiн тасымалдауды нақты жүзеге асыратын тасымалдаушы; 53) жалдау ақысы - жүктi тасымалдағаны үшiн алынатын ақы, сондай-ақ бербоут-чартер мен тайм-чартер шарттары бойынша берiлетiн сыйақы; 54) кеменi жалдаушы - кеменi жалдау шартының жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау немесе сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшiн белгiлi бiр мерзiмге кеме немесе бiрнеше кеме берiлетiн тарабы; 55) кемемен жалданушы - кеменi жалдау шартының жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау немесе сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшiн белгiлi бiр мерзiмге кеме немесе бiрнеше кеме беретiн тарабы; 56) чартер - теңiз арқылы жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау шартының бiр түрi, бұл жағдайда жөнелтушiге бүкiл кеме, оның бiр бөлiгi немесе кеменiң белгiлi бiр жайы берiледi. 2-бап. Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдар 1. Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгенiнен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады. 3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы 1. Осы Заң: 1) теңiз кемелерiне - олардың Қазақстан Республикасының теңiз жолдарымен, өзендерiмен, көлдерiмен, су қоймаларымен және басқа да су жолдарымен жүзуi кезiнде; 2) iшкi суда жүзу кемелерiне, сондай-ақ "өзен-теңiзде" жүзетiн кемелерге - олардың Қазақстан Республикасының теңiз жолдарымен, өзендерiмен, көлдерiмен, су қоймаларымен және басқа су жолдарымен теңiз портына кiре отырып, жүктi, жолаушыларды және багажды тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде, құтқару операциялары кезiнде және теңiз кемесiмен соқтығысуы кезiнде қолданылады. 2. Осы Заң Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерi мен шекара қызметiнiң теңiз бөлiмдерi туын көтерiп жүзушi кемелерге қолданылмайды. 4-бап. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттiк басқару 1. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен уәкiлеттi орган жүзеге асырады. 2. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне: 1) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөнiндегi стратегиялық және тактикалық шараларды әзiрлеу; 2) сауда мақсатында теңiзде жүзудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеу; 3) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекетаралық және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру; 4) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік жолаушылар қатынасына тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау; 5) Қазақстан Республикасының аумағына багаж бен жүктi әкелуге, одан әкетуге, транзитке тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау; 6) теңiз порттарын салу үшiн оларды орналастыру тәртiбiн белгiлеу; 7) кемелердi, соның iшiнде жасалып жатқандарын және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн, сондай-ақ оларға меншiк құқығын куәландыратын құжаттардың нысанын белгiлеу; 8) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы қызметтi лицензиялау кезiнде бiлiктiлiк талаптарын бекiту; 9) кемелер экипаждарының мүшелерiн дипломдау тәртiбiн белгiлеу; 10) кемелермен тасымалдауға арналған қауiптi жүктердiң тiзбесiн бекiту; 11) нысанды киiм берiлетiн, теңiз көлiгiндегi мемлекеттiк бақылау қызметкерлерi лауазымдарының (кәсiптерiнiң) тiзбесiн, нысандар үлгiлерi мен айырым белгілерiн, нысанды киiм киiп жүру тәртiбiн және қамтамасыз ету нормаларын бекiту; 12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мәселелер жатады. 3. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласында уәкiлеттi органның құзыретiне: 1) өз құзыретi шегiнде сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекетаралық және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу мен халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерiн білдiру; 2) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласында туындайтын қатынастарды реттейтiн заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердің жобаларын әзiрлеу, сондай-ақ сауда мақсатында теңiзде жүзудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламалары мен тұжырымдамасын әзiрлеуге қатысу; 3) теңiз көлiгiнiң жұмыс iстеу тәртiбiн белгiлейтiн заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi жеке және заңды тұлғалардың сақтауын бақылауды қамтамасыз ету; 4) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы қызметтiң жекелеген түрлерiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес лицензиялау; 5) теңiз портының капитаны туралы ереженi бекiту; 6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын беру және кеменi шет мемлекеттiң туын көтеріп жүзуге уақытша ауыстыру туралы шешiм қабылдау; 7) кемелердiң мемлекеттiк тiркелуiн бақылауды жүзеге асыру; 8) кемелердiң сыныпталуын бақылауды жүзеге асыру; 9) кемелерге техникалық қадағалауды жүзеге асыру; 10) кемелердiң, порттардың, жағалаудағы объектiлердiң, суда жүзетiн гидроқұрылыстардың техникалық куәландырылуын өткiзудi қамтамасыз ету; 11) теңiз жолдарының, лоцмандық қызметтiң және өзге де теңiз қызметтерiнiң жай-күйiн бақылау; 12) теңiз көлiгiнiң нысанды киiм берiлетiн қызметкерлерi лауазымдарының (кәсiптерiнiң) тiзбесiн, нысандар үлгiлерi мен айырым белгiлерiн, нысанды киiм киіп жүру тәртiбiн және қамтамасыз ету нормаларын бекiту; 13) теңіз порттарын жобалауға, салуға және реконструкциялауға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен келiсiм беру; 14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мәселелер жатады. 4. Теңiз жолдарын навигациялық-гидрографиялық жағынан қамтамасыз етудi шекара қызметi теңiз бөлiмдерiнiң тиiстi қызметi жүзеге асырады. 5-бап. Каботаж Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының теңiз порттары арасындағы қатынаста тасымалдау мен сүйретiп жүзудi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзушi кемелер жүзеге асырады. 6-бап. Лицензиялау Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы жекелеген қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерi негiзiнде лицензиялануға тиiс. 7-бап. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы сақтандыру 1. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы ерiктi сақтандыруды жеке және заңды тұлғалар өздерiнiң ерiк бiлдiруiне қарай жүзеге асырады. Ерiктi сақтандырудың түрлерi, талаптары мен тәртiбi тараптардың келiсiмiмен белгіленедi. 2. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласында азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктің мiндеттi сақтандырылуға тиiстi түрлерiне: 1) жолаушының өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушы жауапкершiлiгiнiң тәуекелi; 2) өз қызметкерлерiнiң қызметтiк міндеттерiн орындауы кезiнде олардың өмiрiне, денсаулығына зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша жұмыс берушi жауапкершiлiгінің тәуекелi; 3) қауiптi жүктердi тасымалдау кезiндегi, сондай-ақ кемелерден аққан (екi мың және одан да көп тонна мұнай тасымалдау кезiнде) мұнаймен теңiздi ластаудан келтiрiлген залал үшiн тасымалдаушы жауапкершiлiгiнiң тәуекелi жатады. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мiндеттi сақтандыруды жүргiзудiң талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi. 8-бап. Сертификаттау 1. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы қызметке жататын өнiмдi, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мiндеттi сертификаттау Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 2. Шет мемлекет берген сертификат, сертификаттардың сәйкестiгiн өзара тану туралы үкiметаралық келiсiм жасалған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады. 2-тарау. Кеме 9-бап. Кемеге меншiк құқығы 1. Кемелер: 1) мемлекеттiң; 2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының; 3) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттердiң, шетелдiктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың меншiгінде болуы мүмкiн. 2. Кеменiң меншiк иесi кемеге қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекет iстеуге, соның iшiнде кеменi басқа тұлғалардың меншiгiне берiп, иелiктен айырылуға, меншiк иесi болып қала отырып, оларға кеменi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын беруге, кеме ипотекасын белгiлеуге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық салуға, өзге де түрде билiк етуге құқылы. 10-бап. Кеме атауы. Кеменi дараландыру тәртiбi 22.10.04 ж. N 601-II ҚР Заңымен 10-баптың 1-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара) 1. Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттiк тiркелуге тиiстi кеменiң өз атауы болуға тиiс. Меншiк иесi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен кеме атауын қояды және өзгертедi. 2. Кеме атауының өзгертiлгенi туралы меншiк иесi кеменiң тiркелген кепiлдерiн кепiлге ұстаушыларға дереу хабарлайды. 3. Кеменi дараландыру және белгi беру дабылын, сондай-ақ спутниктiк байланыстағы кеме станциясының сәйкестендiрiлген нөмiрiн беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi. 11-бап. Кеменiң ұлттығы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы 1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын пайдаланушы кеме Қазақстан Республикасының ұлттығында болады. 2. Қазақстан Республикасының ұлттығын иеленушi кеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзуге мiндеттi. 22.10.04 ж. N 601-II ҚР Заңымен 11-баптың 3-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара) 3. Кеме осы Заңның 16-бабының 1-тармағында аталған Қазақстан Республикасының кемелерi тiзiлiмдерiнiң бiрiнде мемлекеттік тiркелген кезден бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығына ие болады. 22.10.04 ж. N 601-II ҚР Заңымен 11-баптың 4-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара) 4. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде меншiкке иемденiп алынған кеме Қазақстан Республикасының консулдық қызметi мұндай құқықты куәландыратын және кеме Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттік тіркелгенге дейiн жарамды болатын, бiрақ бiр жылдан аспайтын уақыт қолданылатын уақытша куәлiк берген кезден бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын пайдаланады. 5. Шет мемлекеттiң кемелер тiзiлiмiнде тiркелген, уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен бербоут-чартер бойынша қазақстандық кеме жалдаушының пайдалануына берiлген кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы уақытша берiлуi мүмкiн. 6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын пайдаланбайтын кемеде осы тудың көтерiлгенi үшiн кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылықты мойнына алады. 12-бап. Кеменi шет мемлекет туын көтеруге уақытша көшiру Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында тiркелген кеме бербоут-чартер бойынша шетелдiк кеме жалдаушының иеленуiне немесе пайдалануына берiлген жағдайда мұндай кеме уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде тиiстi тiзiлiмге тiркелiп және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы тоқтатылып, шет мемлекеттің туын көтерiп жүзуге уақытша көшiрiлуi мүмкін. 13-бап. Кеменi сенiмгерлiк басқаруға беру 1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кеменiң меншiк иесi меншiк иесiнiң мүдделерiне сыйақы алу үшiн кеменi басқаруды сенiмгерлiк басқару шарты бойынша жүзеге асыру үшiн сенiмгер басқарушыға беруге құқылы. Шаруашылық жүргiзудегi немесе оралымды басқарудағы кеменi меншiк иесiнің немесе уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз сенiмгер басқаруға беруге болмайды. Кеменiң сенiмгерлiк басқаруға берiлуi оған меншiк құқығымен сенiмгерлiк басқарушыға ауысуына әкеп соқпайды. 22.10.04 ж. N 601-II ҚР Заңымен 13-баптың 2-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара) 2. Кеменiң сенiмгерлiк басқаруға берiлуi Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркелуге тиiс. 3. Кемелердi басқару және оларды пайдалану саласында құзыреттi тұлға сенiмгер басқарушы бола алады. 4. Кеменi сенiмгерлiк басқару шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiс. 14-бап. Кеме құжаттары 1. Кеменiң, тiзбесi мен жүргiзiлу тәртiбiн уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелермен белгiленетiн кеме құжаттары болуға тиiс. 2. Шетелде жүзуге шығатын кемелердiң, Қазақстан Республикасының суларында жүзуге арналған тиiстi ережелерде көзделген құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда белгiленген құжаттары болуға тиiс.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |