Осы редакция 2016 жылғы 27 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 cәуірдегі
№ 294 бұйрығына 5-қосымша
«Медициналық қызметке лицензия беру»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты
1. Жалпы ережелер
1. «Медициналық қызметке лицензия беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) әзірледі.
3. Мемлекеттік қызметті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Өтініштерді қабылдау және көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижесін беру:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі;
2) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - ХҚО);
3) www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері:
1) көрсетілетін қызметті берушіге, ХҚО-ға құжаттар пакетін тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ порталға жүгінген кезде:
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру кезінде - 15 (он бес) жұмыс күні;
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу кезінде - 3 (үш) жұмыс күні;
қағаз нысанда берілген лицензия және (немесе) лицензияға қосымша жоғалған немесе бүлінген жағдайда оның телнұсқасын беру кезінде - 2 (екі) жұмыс күні;
Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.